Жақында елімізде жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізудің ұлттық моделі бекітілді. Осы орайда біз Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының директоры Нәзипа Аюбаевамен сұхбаттасқан едік.
– Алдымен білім беру саласында жасанды интеллектіні қолданудың бірыңғай ұлттық стандарты туралы айтып берсеңіз…
– 2025 жылғы 23 қаңтардағы №12 бұйрықпен бастауыш және негізгі орта білімнің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына (ГОСО) өзгерістер енгізілді. Яғни, алғаш рет білім беру саласында жасанды интеллектіні қолданудың бірыңғай ұлттық стандарттары бекітіліп, оған этика, құқықтық реттеу, дербес деректерді қорғау және академиялық адалдық мәселелері қамтылды. Соған сәйкес жасанды интеллект элементтері білім беру мазмұнын жүйелі өзгертетін болады.
Жаңа стандарт негізінде «Цифрлық сауаттылық» және 5–11-сыныптарға арналған «Информатика» пәндерінің мазмұнына ЖИ тақырыптары қосылды. Бастауыш буында «Цифрлық сауаттылық» пәні арқылы алгоритмдер және қарапайым деректермен жұмыс істеу түсініктері берілуде. Мұнда сабақ дидактикалық материалдар (суреттерді сұрыптау, ойындар) арқылы түсіндіріледі. Негізгі орта буында «Информатика» пәнінде деректерді өңдеу, ЖИ элементтері, киберқауіпсіздік және этика оқытылады. Ал жоғары буында – жобалық жұмыстар, деректерді талдау және ЖИ негізіндегі модельдеу қамтылды. Бұл чат-бот құрастыру, деректерді визуализациялау, этикалық жағдайларды талдауды қарастырады. Осылайша, оқу материалдары жас ерекшеліктеріне сәйкес дайындалуда.
– Жасанды интеллект білім беру жүйесіне қандай жаңалық әкеледі деп күтілуде?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында білім беру жүйесіне жасанды интеллект игіліктерін енгізу міндетін жүктеді. Ел экономикасын дамытудың басты тетіктерінің бірі – ғылым мен білім саласына жасанды интеллект шешімдерін енгізу десек, орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні қолдану оқушылардың жаңа технологияны меңгеруімен, оны қолдана білудегі сауаттылықпен ерекшеленеді. Сондай-ақ білім беру процесінде әр оқушының деңгейі, қабілет-қарымы мен қызығушылығына қарай дербес тапсырмалар дайындауға ЖИ тапсырмас құрал болып саналады. Сонымен қатар ЖИ сыныптағы әр оқушының пәндік, метапәндік және функционалдық сауаттылық мақсаттары мен құзыреттерін терең меңгеруіне арналған оқу материалдары мен тапсырмаларды дайындауға, әр баланы деңгейіне қарай бейімдеуге көмектеседі.
– Qazaq Digital Mektebi атты шағын жинақты мектеп үлгісі деген не? Бұл бағыт 2025-2029 жылдарға арналған білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу туралы тұжырымдамада қалай сипатталған?
– Qazaq Digital Mektebi – қашықтан оқыту мен жасанды интеллект технологиясына негізделген жоба. Жобаның мақсаты – ЖИ мен цифрлық шешімдер көмегімен шалғайдағы ауыл оқушыларына сапалы білім беру. Аталған бастаманың артықшылығы бастауыш мектептен бастап-ақ оқушылардың ЖИ сауаттылығын қалыптастырады, мұғалімдердің цифрлық және ЖИ құзыретін арттырады, әдістемелік материалдар мен онлайн ресурстар баршамызға қолжетімді болады. Ең басты артықшылығы – Qazaq Digital Mektebi ауыл мен қала арасындағы білім теңдігін қамтамасыз етеді деген ойдамыз. Ауыл мектептеріндегі оқушыларға да заманауи құралдарды пайдалануына мүмкіндік туады. Бұл – сапалы білімге қолжетімділікті арттыратын қадам десек болады.
– Оқушыларға арналған Day of AI онлайн-курсы туралы айтып беріңізші. Бұл жоба қазір қалай жұмыс істеп жатыр және онлайн-курсқа кімдер қосыла алады? Оның тиімділігі қандай?
– Қазір орта білім беру ұйымдарына Day of AI сияқты ашық әдістемелік кешендер қолданылып, дайын сценарийлер, тапсырмалар және жобалар ұсынылып жүр. Мұнда оқу материалдары үнемі жаңартылып отырады. Бұл халықаралық ашық кешені қазақ және орыс тілдеріне бейімделіп, мектептерде қолданысқа енгізуге арналған. Жоба оқушылардың деректерді талдау, гипотеза құру, шешім қабылдау дағдыларын дамытуға бағытталған.
Сондай-ақ мұғалімдерге сабақ сценарийлері мен жобалық тапсырмалар ұсынады және оны кез келген мектеп, әрбір ұстаз еркін қолдана алады. Ұстаздардың уақытын үнемдеуге септігін тигізеді. Мұғалімнің күнделікті жұмысын едәуір жеңілдетеді. Сабақ дайындау, кері байланыс тапсырмаларын тексеру, тест құрастыру, статистика шығару, оқушылардың үлгерімін талдау секілді күнделікті міндеттерін ЖИ көмегімен автоматты түрде орындайды. Нәтижесінде, мұғалім оқушылармен шығармашылық жұмысқа көбірек уақыт бөлетін болады.
– Ұстаздардың жасанды интеллект технологиясын меңгеру дағдысын қалыптастыру бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Мұнда арнайы бірыңғай стандарт қарастырыла ма?
– ЖИ технологияларын меңгеру – мұғалімнің кәсіби құзыреттілігінің бөлігі. 2025 жылы 200 мыңнан астам педагог арнайы курстан өтіп, оның 140 мыңға жуығы куәлік алды. Мұғалімдер үшін арнайы біліктілікті арттыру курстары және әдістемелік қолдау жұмыстары жолға қойылды.
Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы ЮНЕСКО-мен бірлесіп, халықаралық тәжірибе негізінде әзірленген бағдарламаны қазақстандық педагогтерге бейімдеді. Бағдарлама жасанды интеллектіні педагогтің орнын алмастырушы емес, кәсіби қызметін жеңілдететін сенімді құрал ретінде қолдануға бағытталған. Ол мұғалімге шығармашылыққа көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді. Бағдарламаға еліміздің кез келген өңіріндегі педагог reg.orleu.edu.kz сайты арқылы тіркеліп, LMS платформасында өзіне ыңғайлы уақытта тегін онлайн қатыса алады. Оқыту үшдеңгейлі модель бойынша ұйымдастырылды. Базалық ЖИ-сауаттылық, пәнге кіріктіру, жобалық-зерттеу жұмыстары қамтылды. Курс барысында мұғалімдер ЖИ құралдарын тиімді әрі этикалық тұрғыда дұрыс қолдануды, промпт жазуды, сабақ жоспарлауды, тестілер мен оқу материалдарын әзірлеуді меңгерді. Ұлттық орталықтың USTAZ платформасында ЖИ бойынша онлайн курстар ашылды. Соңғы бір жарым айдың ішінде 262 мыңнан астам мұғалім жасанды интеллектіні білім беру процесінде тиімді пайдалану бойынша курстан өтіп, оның 193 мыңға жуығы куәлік алды.
Сонымен қатар Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы әдістемелік нұсқаулықтар мен ұсынымдар әзірлеп, ұстаздарға қолжетімді етті.
– ЖИ қолдану бойынша этикалық және академиялық адалдық ережелері дегеніміз не?
– Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ЖИ қолдану бойынша этикалық стандарттар мен академиялық адалдық ережелерін дайындады. Бұл құжаттар «Жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесінде қолданудың этикалық стандарттары» және «Орта білім беру ұйымдарында академиялық адалдықты қамтамасыз ету ережелері» деп аталады. Академия ұжымы ЖИ-ді этикалық қолдану жөніндегі нұсқаулықты да әзірледі. Бұл – техникалық нұсқаулық емес, мұғалім қызметіне пайдалы құндылықтар жинақталған құжат. Мұнда мұғалімдер мен оқушыларға ЖИ құралдарын жауапты пайдалану, авторлық құқықты сақтау, плагиаттан аулақ болу, дербес деректердің құпиялығын қорғау жолдары айқындалған. Біз ұсынып отырған ЖИ қолданудағы адалдық мәселесінде «Мұғалім – оқушыға ЖИ-ді сауатты пайдалануды үйрететін жетекші тұлға» деген қағидат сақталады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ