in

NEET-тің бәрі ниетсіз емес

Ресми статистикада NEET санатындағы жастардың үлесі төмендегенімен, олардың жалпы саны әлі де жүздеген мың адамды құрайды. Өткен аптада Құрылтай отырысында депутат, «Әділет» партиясы фракциясы­ның мүшесі Дидарбек Ділдәбек осы түйткілді көтеріп, жастармен жұмыс істейтін құрылымдардың қызметін қайта қарау қажеттігін айтты. 

NEET – ағылшын тіліндегі Not in Education, Employment or Training ұғымының қысқартылған нұсқа­сы. Бұл санатқа білім алмайтын, ең­бек етпейтін және кәсіби даяр­лық­тан өтпейтін жастар жатады. Ұлттық статистика бюросының мә­ліметіне сәйкес, Қазақстанда 15 пен 34 жас аралығындағы сондай жастардың үлесі 5,8 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш бір қара­ған­да аса жоғары көрінбеуі мүм­кін. Алайда оның артында жүз­де­ген мың жас азаматтың тағдыры тұр. Ресми есеп бойынша 2020 жы­лы 7,1 пайыз болса, 2019 жылы 7,4 пайызды құраған. 2023-2024 жыл­дары да 7,1 пайыз деңгейінде қа­лыптасты. Дегенмен жыл сайын жа­ғымсыз статистика азайып келе жат­қаны байқалады. 2026 жылдың екін­ші тоқсанында NEET сана­тын­дағы жастардың саны 312 098 адам­ға жеткен. Былтырғы сәйкес ке­зеңмен салыстырғанда бұл көр­сет­кіш шамамен 50 мың адамға азай­ған.

Қазақстанда бүгінде шамамен 6 ми­ллион жас азамат тұрады. Бұл – ел халқының үштен біріне жуық көрсеткіш. «Жастар» ғы­лы­ми-зерттеу орталығы жүргізген әлеу­меттік зерттеудің нәтиже­ле­ріне қарасақ, олардың болашаққа деген көзқарасында оң үрдіс бар. Зерттеуге сәйкес, жастардың 82,7 пайы­зы елдің болашағына сенім­мен әрі оптимизммен қарайды. Ал 77 пайызы алған немесе алып жат­­қ­ан білімінің сапасына қана­ғат­­танса, 76,5 пайызы қазіргі өмі­рі­не көңілі толатынын айтқан. Ал 62,9 пайызы білім беру жүйесінде жа­санды интеллект технологияла­рын меңгеруді маңызды деп санайды. Бұл көрсеткіштер жастар­дың басым бөлігінде болашаққа деген үміт пен даму ұмтылысы бар еке­нін аңғартады. Әйтсе де жалпы жастардың көңіл күйі мен NEET санатындағы азаматтардың нақ­ты жағдайы бірдей болмауы мүм­кін. Өйткені әлеуметтік зерт­теулердегі ортақ көрсеткіштер бел­гілі бір топтардың мәселесін то­лық ашып бере алмайды. 

Қазіргі жастар еңбек жағдайына қарайды

Соған қарамастан, NEET санаты бәрібір өзекті та­қы­рып болып тұр. Демек, оған се­беп болатын фак­торларды қа­рас­тыру қажет. Қазақстандық қо­ғамдық даму институты Отба­сы­лық және гендерлік саясатты зерт­теу орталығының директоры Эль­мира Отардың айтуынша, оны бір ғана себеппен немесе жастар­дың жеке таңдауымен түсіндіру жеткіліксіз. 

Біріншіден, білім беру жүйе­сі­нен еңбек нарығына өту кезеңінде бел­гілі бір алшақтық бар. Жас ма­­­манның дипломы болғанымен, ең­б­ек тәжірибесі жеткіліксіз, ал жұмыс берушілер көбіне тәжі­ри­бесі бар кадрды іздейді. Соның сал­дарынан оқуын аяқтаған жас бірден тұрақты жұмысқа орналаса алмай, белгілі бір уақытқа еңбек нарығынан тыс қалуы мүмкін. Екін­шіден, алынған мамандық пен еңбек нарығындағы нақты сұра­ныстың сәйкес келмеуі әсер етеді. Бұған жалақы деңгейі, еңбек жағ­дайы, жұмыс орнының тұрақ­ты­лығы, тұрғын үй және көлік шы­ғындары сияқты факторлар да қо­сылады. Кей жағдайда жұмыс фор­малды түрде болғанымен, оның шарттары жас адамның не­гізгі қажеттіліктерін өтемейді. Со­нымен бірге отбасының әлеу­мет­тік-экономикалық жағдайы, тұр­ғылықты жері, бала күтімі мен үй шаруасындағы міндеттер, әсі­ре­се жас әйелдер үшін маңызды рөл атқарады. Ауылдық жерлерде жұ­мыс орындарының шектеулі­лігі, кәсіби даярлыққа қолжетім­ді­ліктің төмендігі, инфрақұры­лым­­дық мәселелер де NEET тәуе­­келін күшейтеді. Сондықтан NEET мәртебесін жастардың бел­сенділігінің төмендігі ретінде ғана емес, олардың білімнен еңбекке, бір әлеуметтік мәртебеден екінші­сі­не өту барысында кездесетін құ­рылымдық кедергілердің нәти­же­сі ретінде қарастырған дұрыс.

– Өңірлер арасындағы айыр­ма­шылық едәуір. Мысалы, 2025 жыл­дың басындағы ресми деректерде NEET үлесі кейбір өңірлерде 10 пайыз шамасына жетсе, бір­қа­тар облыстарда 3-4 пайыз дең­гейін­де болған. Бұл айырмашылық өңірдің экономикалық құры­лы­мы­мен, жастарға арналған жұмыс орын­дарының сапасымен, урбанизация деңгейімен және әлеу­мет­тік инфрақұрылымның да­муы­мен байланысты. Сондықтан өңір­лік саясатта бірдей шара қол­данудан гөрі, әр өңірдегі NEET жас­тардың нақты құрылы­мын анық­тау маңызды, – дейді ол.

Оның сөзінше, кейде жоғары бі­лім алған жастардың да NEET са­натына қосылып жатқанын ести­міз. Белгілі бір деңгейде бұл бі­лім беру жүйесі мен еңбек на­ры­ғы арасындағы институционал­дық алшақтықтың белгісі деп ай­туға болады. Бұл жағдай дип­лом­ның өздігінен еңбек нарығына та­бысты интеграцияны қамтама­сыз етпейтінін көрсетеді. Жұмыс берушілер де жас маманнан бір­не­ше жылдық тәжірибе сұрайды, бірақ сол тәжірибені қалыптас­ты­ра­тын бастапқы жұмыс орындары жеткіліксіз болуы мүмкін. Жас­тар­дың да еңбекке қатысты ынтасы өзгеріп келеді. Жұмыс орны­ның болуына емес, еңбекақыға, кәсіби дамуға, жұмыс уақытына, еңбек ортасына, мансаптық өсу мүмкіндігіне қарайды. 

Маманның айтуынша, соң­ғы жылдары NEET үле­­сі­нің төмендеуі мемлекеттік шара­лар­дың белгілі бір нәтижесі бар еке­нін көрсетеді. Қазақстанда «Жас­тар практикасы», «Алғашқы жұ­мыс орны», қоғамдық және әлеу­меттік жұмыс орындары, кә­сіп­тік оқыту және қайта даярлау сияқ­ты бірқатар құралдар іске асы­­­рылып келеді. Олардың қа­жет­­тілігі сөзсіз.

– Дегенмен бағдарламалардың тиім­ділігін тек қамтылған жастар­дың санымен бағалау жеткіліксіз деп ойлаймын. Мысалы, бағдар­ла­маға мыңдаған жас қатысуы мүм­кін, бірақ олардың қаншасы алты айдан немесе бір жылдан кейін тұрақты жұмыс орнында қал­ды? Қаншасының табысы өсті? Қаншасы қайтадан NEET санатына оралды? Осындай көр­сет­кіштер өте маңызды. Яғни мем­­­лекеттік саясатта сандық индикаторлармен қатар жастардың кейінгі еңбек траекториясын бағалау қажет. Бізге «қанша адам бағ­дарламаға қатысты?» деген сұ­рақпен қатар «бағдарлама адам­ның әлеуметтік және кәсіби жағ­дайын қаншалықты тұрақты өз­герт­ті?» деген сұраққа жауап керек, – дейді әлеуметтанушы.

Психолог Балабек Кеніш­тайұлы­ның айтуынша, жас­­тардың сүлесоқ, ынтасыз күй­ге түсуі бірнеше фактордың т­о­ғы­сын­­да пайда болатын жағдай. Оның бірі, лайықты жалақы тө­лей­тін орын­дар жеткіліксіз. Екін­ші­ден, пси­хологиялық фактор бар – үздік­сіз бәсекеге түсу, әлеуметтік же­лілердегі «табысты» бейнелермен салыстыру нәтижесінде жас­тар­да талпыныс орнына түңілу пай­да болады. Үшіншіден, отба­сы­лық және аймақтық орта: ауыл­дық жерлерде немесе шағын қа­ла­ларда мүмкіндіктің өзі шектеулі болғандықтан, «күш салсам да нә­тиже бермейді» деген сенім­сіз­дік қалыптасады. Төртіншіден, бі­лім беру жүйесінің өзі көбіне теориялық дайындыққа негіздел­ген, ал нарық практикалық дағ­ды­ны талап етеді, осы алшақтық жас­тарда сәтсіздік сезімін тудыра­ды.

– Білім деңгейі мен тұрғылық­ты жерінен гөрі отбасының әлеу­мет­тік-экономикалық жағдайы – бәлкім, ең күшті фактор. Табысы төмен отбасынан шыққан жастың жұмыс іздеуге жұмсайтын уақыты мен ресурсы (көлік, интернет, тіп­­ті сәйкес киім) шектеулі болады әрі көбіне отбасын асырау үшін ерте, төмен ақылы жұмысқа тұру­ға немесе керісінше, ешбір нә­ти­жесіз жұмыс іздеуден бас тар­ту­ға мәж­бүр болады, – дейді маман.

Оның сөзінше, тұрғылықты жері де әсер етпей қоймайды. Мә­се­лен, Алматы облысында былтыр 25 мыңдай жас жұмысқа тұрып, NEET санатындағы жастар саны 26 186 адамға дейін төмендеген. Бұл мақсатты аймақтық жұмыспен қамту шаралары нәтиже беретінін көр­сетеді, керісінше, мұндай бағ­дар­ламасы жоқ өңірлерде көрсет­кіш жоғары қалуы мүмкін. 

Сондай-ақ жоғары білімді жас­тардың NEET санатына түсуі – еңбек нарығы мен білім жүйесі арасындағы алшақтықтың бел­гісі екенін ол да қостайды. Өйт­кені жоғары оқу орындары гу­ма­нитарлық, экономикалық бағыт­тар бойынша дайындайтын мамандар саны нарықтың нақты сұра­нысынан асып түседі, ал тех­ни­калық, инженерлік маман­дар­ға сұраныс жабылмай қалады.

Депутат ұсынысы қандай?

Депутат Дидарбек Ділдәбектің айтуынша, бүгінде жастарды әлеу­­меттендіру мәселесімен 235 жас­тар ресурстық орталығы айна­лы­сады. Бірақ олардың мүмкін­дік­тері көбіне қалалық белсенді жастардың арасында ғана қалып отыр. Ауылдағы жастар мемле­кет­тік бағдарламалар, білім алу мүм­кін­діктері, бос жұмыс орындары не­месе кәсіп бастауға арналған грант­тар туралы қажетті ақпарат­ты уақытында ала алмауы мүмкін. Оның үстіне, жастар инфрақұры­лы­мының қызметі көбіне жалпылама сипатқа ие. Құлықсыз топ­тар­ды анықтау үшін тек кеңседе отырып өтініш күту аздық етеді. Жас­тар шоғырланған ірі базарлар, те­міржол вокзалдары, қала маңын­дағы жұмысшы кенттері мен ауыл­дық елді мекендер түсін­діру және кеңес беру жұмыстары жүргізілетін орындарға айналуы мүмкін. Бұл жерлерде көшпелі кеңес беру пункт­терін ұйымдас­тыру арқылы жастарға қажетті ақпаратты тікелей жеткізуге болады.

Депутат көтерген тағы бір м­ә­селе – жастармен жұмыс істейтін ма­мандардың ақпараттық жүйе­лер­ді пайдалану мүмкіндігі. Оның айтуынша, жас мамандар Smart Data Ukimet немесе «Отбасының цифр­лық картасы» секілді мемле­кеттік базалармен жұмыс істеуде қиындықтарға тап болады.  Осы бағытта құзырлы министрліктерге Smart Data Ukimet жүйесіне автоматты алгоритм енгізуді ұсынды. Оның ұсынысы бойынша 15-35 жас аралығындағы азамат оқуын тоқтатқан немесе зейнетақы жар­на­сы түспеген жағдайда, оған eGov Mobile арқылы атаулы SMS-ха­барлама жіберілуі керек. Соны­мен бірге жастар ресурстық орта­лық­тарының қызметкерлерін ма­­­те­риалдық ынталандыру мәсе­ле­сін де көтерді. Оның пікірінше, ауылдық және аудандық деңгей­дегі орталықтарда жұмыс істейтін мамандардың жалақысы мен ең­бек жағдайына көңіл бөлу қажет. Сондай-ақ депутат жергілікті бюд­жеттен имидждік форумдар мен акция­лар­ға жұмсалатын шы­ғындарға мо­раторий енгізуді ұсын­ды. Үнем­делген қаражатты ауыл­дық жә­не аудандық деңгей­де­гі жастар ре­сурстық орталық­та­ры инспек­торларының жала­қы­сын көтеруге бағыттау қажет.

Нұржан БЕКБОЛАТ