Ақмола облысы Целиноград ауданының Нұресіл ауылында өсімдік және мал шаруашылығы саласындағы Қазақстандағы ең ірі салалық іс-шаралардың бірі – «Қазақстандық Jańa Dala / Green Day ’2026 Дала күні» мамандандырылған көрме-демонстрациясы өтеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бірінші күннің іскерлік бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, егінді сақтандыру және агроазық-түлік брендтерін дамыту мәселелеріне арналған «Қосылған құн: егістіктен тұтынушыға дейінгі жол» атты аграрлық форум ұйымдастырылады.
«Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» және оның еншілес ұйымдары ғылымдағы соңғы жетістіктерін, ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттарын, сондай-ақ өнімді қайта өңдеу саласындағы әзірлемелерін таныстырады.
Көрме алқаптарында тракторлар, егіс кешендері, бүріккіштер және топырақ өңдеуге арналған жабдықтар сияқты заманауи ауыл шаруашылығы техникасы дала жағдайында іс жүзінде көрсетіледі. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы дрондарының жұмысы таныстырылады.
Мал шаруашылығы бағдарламасы аясында Ангус, Әулиекөл, Герефорд, Қазақтың ақбас сиыры, Қалмақ және Обрак тұқымдарының асыл тұқымды малдары арасында байқаулар мен тұқымдық мал көрсетілімдері өтеді. Олардың қорытындысы бойынша асыл тұқымды бұқашықтарды сатуға арналған ашық аукцион өткізіледі.
Жеке бағыт ретінде ірі қара малды қолдан ұрықтандыру саласының мамандары арасында «Үздік қолдан ұрықтандыру технигі» кәсіби байқауы ұйымдастырылады.
Екінші күні Орталық Азиядағы органикалық өндірісті дамыту мәселелеріне арналған «ORGANIC CENTRAL ASIA 2026» форумы, сондай-ақ FASEP жобасы аясында тұрақты ауыл шаруашылығы саласындағы Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастыққа арналған конференция өтеді.
Сонымен қатар қонақтар үшін «Апи-домик» таныстырылатын омарташылық көрмесі ұйымдастырылады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.