in

Creative Aimaq жобасы аясында Солтүстік Қазақстан облысының креаторлары 4,9 млн теңгенің өнімін сатты

Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында республикалық Creative Aimaq жобасы аясында Солтүстік Қазақстан облысының «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» атты көрме-жәрмеңкесі өтті. Экспозицияны ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева аралап көрді.

Қатысушыларды құттықтаған Аида Балаева Creative Aimaq жобасының басты мақсаты өңірлік креаторларды ілгерілету, олардың өнімдері мен қызметтерін нарыққа шығаруға қолдау көрсету екенін атап өтті.

Көрме-жәрмеңкеде Солтүстік Қазақстан облысының креаторлары өңірдің тарихи-мәдени мұрасын, аймақтық брендтерін, заманауи технологиялық әзірлемелерін және инклюзивті жобаларын таныстырды. Атап айтқанда, қонақтарға Ботай мәдениетіне арналған интерактивті экспозиция, халық шеберлерінің бұйымдары, авторлық керамика, ұлттық нақыштағы дизайнерлік киім топтамалары мен кәдесый өнімдері ұсынылды.

Сондай-ақ іс-шарада «Цифрлық киіз үй» аймағы таныстырылып, онда жасанды интеллект, робототехника, GameDev, VR/AR, 3D-басып шығару және өзге де цифрлық технологиялар саласындағы жобалар көрсетілді.

Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысының авторлары түсірген деректі, анимациялық және қысқаметражды фильмдер көрермен назарына ұсынылды.

Көрме-жәрмеңке аясында дизайнерлер Айжан Колчина мен Сабина Вольскаяның балаларға және ересектерге арналған этникалық киім топтамаларының көрсетілімі өтті. Креаторлар Париждегі жоғары сән апталығы аясында ұйымдастырылатын әлемге танымал Oriental Fashion Show жобасына қатысқан. Ал Сабина Вольская халықаралық байланыстарды дамытуға қосқан үлесі үшін ЮНЕСКО-ның халықаралық наградасымен марапатталған.

Сонымен бірге келушілер қолөнер шеберлерінің мастер-кластарына қатысып, көрмеге қойылған өнімдерді сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Екі күннің қорытындысы бойынша жалпы сомасы 4,9 млн теңгеге креативті индустрия өнімдері сатылды.

Creative Aimaq жобасын ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры жүзеге асырып келеді. Жоба отандық брендтерді қолдауға, өңірлердегі креативті индустрияларды дамытуға және Қазақстан аймақтарының мәдени әлеуетін кеңінен танытуға бағытталған.

Бұған дейін аталған алаңда Ақмола және Павлодар облыстарының креативті жобалары ұсынылған болатын. Жыл соңына дейін Creative Aimaq жобасына Қазақстанның барлық өңірі қатысады.