Бағдарлама аясында оқу үдерісі өзгеріп, стартаптық экожүйе қалыптасуда. Сонымен қатар халықаралық серіктестік пен цифрлық инфрақұрылым да кеңейе түскен.
– Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мемлекет басшысына жасанды интеллект бойынша AI-Sana бағдарламасын ұсынған еді. Бұл бастаманың басты мақсаты қандай?
– Бұл бастама елдің ғылыми-технологиялық дамуына жаңа серпін бере отырып, білікті кадрларды даярлау және жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған. AI-Sana – бұл студенттер арасында жасанды интеллект дағдыларын жан-жақты дамытудың бірегей бағдарламасы десек те қателеспейміз. Ол 100 мың қатысушыны қамти отырып, ұлттық экономиканың әлеуетін ашуға және технологиялық кәсіпкерлікті қолдаудың алғышарттарын жасайды. Сондай-ақ Қазақстанның технологиялық және экономикалық өсуінің драйвері бола алатын DeepTech-стартаптарды құруға ерекше назар аударылды. Бағдарлама халықаралық сарапшылардың қатысуымен әзірленгенін айта кеткен жөн. Бұл серіктестер бағдарламаға жаһандық тәжірибе мен жергілікті қажеттіліктерді біріктіруге мүмкіндік беретін озық білім мен ең жақсы тәжірибеге қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
AI-Sana білім беру, зерттеу және қолданбалы тәсілдерді біріктіруді қамтиды. Атап айтқанда: ЖИ саласындағы іргелі білім мен дағдыларды қалыптастыру; экономиканың негізгі салаларына ЖИ енгізу үшін мамандар даярлау; жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары базасында DeepTech-стартаптарды құруға ықпал ететін тұрақты экожүйені құру. Бағдарлама жоғары оқу орындарына дәстүрлі білім беру форматынан ғылыми-зерттеу форматына көшуге мүмкіндік бере отырып, оқыту мен зерттеу тәсілдерін түрлендіруге бағытталған.
AI-Sana стартапы ұлт идеологиясын қалыптастырудың негізгі драйверлерінің бірі болады. Бағдарлама болашақтың ғылымды қажет ететін экономикасын қалыптастыру үшін платформалық экожүйені құра отырып, адами капиталды дамытуға, жоғары технологиялық шешімдерді енгізуге және технологиялық кәсіпкерлікті қолдауға ықпал етеді.
Еліміздің бұл бағдарламаны қолға алғаны қуантады. Себебі жасанды интеллект – жаһандық бәсекелестіктің маңызды факторы. Басты мақсаты – жасанды интеллекттің ел экономикасына, білім жүйесіне, еңбек нарығына ықпалын арттыру. Түпкі мақсаты – мамандар мен стартаптарды жан-жақты оқыту, оларға салалық шешімдер мен жасанды интеллектті отандық экономикаға енгізу үшін қолайлы жағдай жасау, сонымен қатар жасанды интеллект негіздерін меңгерген студенттер санын арттыру ғана емес, оларды осы білімді қолдана алатын маманға айналдыру. Мұндай мамандар кез келген компанияға өте қажет. Өйткені жасанды интеллектпен жұмыс істеу – бағдарламашылардың ғана ісі емес, ол басқа да мамандар үшін пайдалы құралға айналып отыр.
– Бағдарламаның AI-Sana деген атауы нені білдіреді?
– AI-Sana деген жасанды интелекті мен қазақтың сана деген сөзінен алынған. ЖИ-дің білімі бар, бірақ сезімі жоқ. Бұрын шығармашылық пен эмоциялық интеллектті қажет ететін мамандықтарға технологиядан төнетін қауіп жоқ деп келді. Алайда жасанды интеллекттің қарқынды дамуы бұл пікірді жоққа шығаруа. Мысал ретінде айтайын, Қытайдағы бір компанияда 700 графикалық дизайнер жұмыс істеген. Бірақ кейінгі екі жылда жасанды интеллекттің сурет салуды үйренуі нәтижесінде олардың саны 30 адамға дейін қысқарды. Бірақ қалған 30 дизайнердің өзі сурет салумен айналыспайды. Қазір олар Prompt Engineer, яғни алгоритмдерге дұрыс тапсырма беретін мамандар ретінде қызмет етуде. Бұл – еңбек нарығының түбегейлі өзгергенінің дәлелі. Ендігі жерде бір ғана алгоритм жүздеген адамның жұмысын атқара алады. Сондықтан Ai-Sana бағдарламасының әзірленуі тегін емес. Оның мақсаты – еліміздегі мамандарды осындай технологиялық өзгерістерге бейімдеу.
– Бағдарлама университеттерге қандай өзгерістер енгізді?
– Университеттер ЖИ-ді дамытуда айтарлықтай жетістікке жетіп отыр, жастардың жаңа технологияларға деген қызығушылығы өте жоғары. AІ-Sana бағдарламасының басты мақсаты – жасанды интеллектті тереңдетіп оқыту ғана емес, өмірде қолдануды үйрету. Студенттер бірнеше кезеңнен тұратын оқу үдерісінен өтеді. Алдымен олар алгоритмдер мен машиналық оқыту негіздерін игереді. Одан кейін өздерінің жеке жобаларын әзірлеп, оны тәжірибеде сынайды. Соңғы кезеңде стартаптарын инвесторларға таныстырады. Біз жасанды интеллект арқылы студенттердің кәсіпкерлік қабілеттерін дамытқымыз келеді. Студенттер белгілі бір саланың маманы болуымен қатар, сол салада алгоритмдердің көмегімен өнімділікті арттыруды үйренеді. Қазір студент, магистрант, докторанттардың диплом қорғау тақырыбының дені осы жасанды интелектіге байланысты болып отыр.
– Университетте DeepTech-стартаптарды қолдау қалай жүзеге асады?
– Инфрақұрылымсыз жасанды интеллектті дамыту мүмкін емес. Сол себепті үш ұлттық университетте суперкомпьютерлер орнату жұмысы жүргізілді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер іске қосылды. Сәтбаев университетінде Huawei компаниясымен бірлесіп, нейрожелілерді оқытуға арналған заманауи сервер орнатылды.
Біздің Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде де жаңарту жұмысы жүріп, суперкомпьютер Ақкөл қаласындағы оқу базасына қойылды. Бұларды үш университет ғана емес, Ai-Sana бағдарламасына қатысатын барлық студент бірдей пайдалана алады. Профессорлар мен студенттер өз жобаларын осы ортақ инфрақұрылымда жүзеге асырады. Бағдарламаның түпкі мақсаты – жасанды интеллект негіздерін меңгерген студенттер санының артуы ғана емес, оларды осы білімді қолдана алатын маманға айналдыру.
Негізгі мотивация – студенттеріміз әзірлейтін және пайда әкелетін халықаралық деңгейдегі стартап алу ғана емес, басты мақсат – факультеттеріміз бен ғылыми-зерттеу институттарымыздың негізінде DeepTech стартаптарын құруға көмектесетін университет ішінде тұрақты экожүйені жақсартуды жалғастыру. Бұл мақсат AI-Sana бағдарламасының міндеттерімен толық сәйкес келеді.
– AI-Sana аясында шетелдік университеттермен қандай байланыстар орнады?
– Біздің университет бұл бағытта АҚШ, Қытай, Үндістан елдерімен тығыз байланыс орнатқан. Мәселен, Лу Бань шеберханасы Еуразия ұлттық университетінде Тяньцзинь кәсіптік институтымен бірлесе отырып салынады. Бұл туралы Қытайда өткен «Дүниежүзілік кәсіптік-техникалық білім беруді дамыту» конференциясы аясында Еуразия ұлттық университеті мен Тяньцзинь кәсіптік институтының ректорлары келісімге қол қойды.
Лу Бань шеберханасы – қазақстандық және қытайлық кәсіпорындардың ынтымақтастығына, кәсіптік білім беру саласындағы халықаралық алмасуға, Қазақстанның дамуы үшін техникалық таланттарды дамытуға, қазақстандық жастардың жұмысқа орналасу және мансаптық өсу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ететін инновациялық білім беру алаңы болмақ. Шеберхана қызметінде жасанды интеллект технологиялары да қолданылатын болады. ЕҰУ-дағы Лу Бань шеберханасы биылғы жылдың қыркүйегінде ашылады деп жоспарлануда.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен жүзеге асқан бағдарлама еліміздің цифрлық болашағына қалай әсер етуде?
– 2025 жылғы 28 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметке елдегі ЖИ дамуын жеделдетіп, оны мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға енгізуді тапсырды. Бұл жобалардың сәтті жүзеге асуы заманауи цифрлық инфрақұрылымның қолжетімділігі мен кеңінен қолданылуына тікелей байланысты.
Президенттің «Әрбір қазақстандық жасанды интеллекттің артықшылықтарын, оның не үшін қажет екенін және онымен қалай дұрыс жұмыс жасау керектігін түсінуі керек» деп, цифрлық сауаттылықты дамытудың маңыздылығына тоқтала келіп, жаңа технологиялық жағдайда жұмыс істеуге дайын болуды тапсырды.
AI-Sana қазірдің өзінде студенттерді, мұғалімдерді және кәсіпкерлерді инновациялық даму және елдің цифрлық трансформациясы идеясы төңірегінде біріктіріп, Қазақстанның технологиялық болашағының тірек нүктесіне айналуда.
Бұл бағдарлама студенттер мен оқытушылардың ой-өрісін өзгертуге, университеттердің білім беруден ғылыми-зерттеу бағытына көшуін жеңілдетуге арналған. AI-Sana – болашақ дамудың стратегиялық құралына, инновациялар мен кәсіпкерліктің трамплиніне, сондай-ақ студенттік кезден бастап стартап – ұлтты қалыптастырудың идеологиялық негізіне айналады.
AI-Sana бағдарламасы университетімізді жетекші зерттеу университетіне айналдырудың стратегиялық мақсаттарына сәйкес келеді. Біз білім берудегі дәстүрлі академиялық көзқарастан салалардың нақты қажеттіліктеріне бағытталған ғылыми және қолданбалы үлгіге көшуге ұмтыламыз.
Барлық университеттер жоғары қызығушылық танытып, бағдарламаға белсенді түрде қатысуда. Әрбір ЖОО-да студенттердің саны әртүрлі болатынын ескеру маңызды, бұл сәйкесінше қатысу көрсеткіштеріне әсер етеді.
ЕҰУ AI-Sana бағдарламасын іске асыру бойынша елордалық төрт жоғары оқу орнының үйлестірушісі және кураторы. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Астана қаласының жоғары оқу орындарының жасанды интеллект (ЖИ) саласындағы құзыреттіліктерін дамытуға бағытталған AI-Sana инновациялық бағдарламасын іске асыру аясындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылауға арналған онлайн-кездесу болып өтті.
Кездесу барысында цифрландырудың барлық мүдделі тараптар үшін ЖИ саласындағы сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз етудегі рөліне ерекше назар аударылды. Кездесудің негізгі мақсаты – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Астанадағы AI-Sana бағдарламасы үшін жеткеші университет ретіндегі рөлін айқындау. Нәтижесінде, ЕҰУ қаланың төрт жоғары оқу орнының үйлестірушісі және кураторы болып тағайындалды, оларға әдістемелік қолдау көрсетуге, үздік тәжірибесімен бөлісуге және бағдарламаның тиімді іске асырылуын қамтамасыз етуге жауапты. Бұл университеттердің қатарына: Turan-Astana University, Esil University, А.Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық университеті және Астана медицина университеті кіреді.
AI-Sana бағдарламасы аясындағы ынтымақтастық Астанадағы ЖИ саласындағы білім беру сапасын айтарлықтай арттыруға, Қазақстанның цифрлық экономикасын дамытуға елеулі үлес қосуға, сондай-ақ қаланың жоғары оқу орындары арасындағы байланыстарды нығайтуға мүмкіндік беретініне сенімдіміз. AI-Sana бағдарламасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Нөлдік кезеңде барлық студенттерге қолжетімді жасанды интеллект бойынша негізгі онлайн тренинг өткізілсе, одан кейін іріктеу басталып, 100 мыңға жуық қатысушы тереңдетілген оқуға көшті. Осыдан кейін іріктеуден өткен перспективалы жобалар мен идеялар кейіннен MVP кезеңіне әзірленеді. Соңғы кезең стартаптарды қолдауды және олардың нарыққа шығуын қамтиды.
– Huawei, Coursera және Astana Hub ұйымдарымен серіктестік қандай деңгейде жүзеге асып жатыр?
– Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Huawei, Coursera және Astana Hub ұйымдарымен тығыз байланыста. Бір ғана мысал, университет доценттері Coursera платформасында көптеген курстарды аяқтап, онлайн оқытуда ерекше нәтижелерге қол жеткізді. Салтанатты шарада олардың жетістіктері Coursera бас директоры Джефф Маджионкальданың сертификаттары, сондай-ақ естелік сыйлықтармен марапатталды.
«Қаржы» кафедрасының доценті Гауһар Қодашева 60 курсты аяқтап, белсенділік пен кәсібиліктің жоғары деңгейін көрсетсе, «Құрылыс» кафедрасының доценті Денис Цыгулев 31 курстан өтіп, оны платформа сарапшылары өте жоғары бағалады.
Бұл жетістіктер оқытушылар мен студенттердің кәсіби құзыреттілігін дамытуға бағытталған ENU Faculty Training бірегей жобасының бір бөлігі болды. Бастама аясында ЕҰУ өз қызметкерлері мен студенттеріне Coursera білім беру ресурстарына университет қаражаты есебінен қол жеткізуге мүмкіндік берді.
ЕҰУ – Coursera компаниясымен оқытушылар мен студенттерді қамтитын бірлескен жобаны жүзеге асырған Қазақстандағы алғашқы жоғары оқу орны. Бұл тәсіл қатысушыларға кәсіби өсу, өзін-өзі жүзеге асыру және өзекті құзыреттерді меңгеру үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.
Қазақстандағы Coursera (BMG UpSkill) өкілдерінің айтуынша, ЕҰУ оқытушыларының платформадағы белсенділігі 200%-ға артқан. Университет студенттері де өз білімдерін кеңейту және жаңа дағдыларды алу үшін ресурстарды белсенді пайдаланады.
Заманауи талаптар біліктілікті үздіксіз арттыруды және оқытуға деген икемділікті талап етеді. ENU Faculty Training жобасының жетістіктері цифрландыру және жаһандық білім беру ресурстарына қол жеткізу Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында ЕҰУ көшбасшылық ұстанымын нығайта отырып, кәсіби және даму үшін шексіз мүмкіндіктер ашатынын дәлелдейді.
Қорыта айтқанда, цифрландыру, ғылымды жаңғырту және жасанды интеллект саласындағы бастамалар Қазақстандағы жоғары білім мен ғылым жүйесіне жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл инновациялар елдің цифрлық болашағын қалыптастырудағы маңызды қадамдар болмақ.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан
Мейір ЖАСЫН