Гала-концерт бағдарламасында бүкілресейлік және халықаралық байқаулардың лауреаты Софья Онопченконың, башқұрттың Ay Yola фолк-тобының, «Саха (Якутия) Республикасының мәдениет саласының үздігі» құрметті атағының иегері Олена Уутайдың концерттік нөмірлері болды, сонымен қатар өзге де әлемдік деңгейдегі өнерпаздардың хореографиялық, аспаптық және вокалдық-аспаптық нөмірі көрермен назаарына ұсынылды. Қалмақтың халық музыкасы мен буряттың халық әндері де осы кеште шырқалды. Іс-шарада Мәскеу мемлекеттік академиялық «Гжель» би театры, Дағыстанның еңбек сіңірген академиялық «Лезгинка» би ансамблі және Қалмақия мемлекеттік «Ойраты» би театры өнер көрсетті.
Қазақстандағы Ресей Федерациясының мәдениет күндерінің бағдарламасы – көршілес екі елдің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған мазмұнды да маңызды іс-шараның бірі.
– Бұл мәдениет күндері – екі ел арасындағы рухани байланысты одан әрі нығайтатын маңызды алаң. Бүгінгі концерт – мәдени достық пен жылдар бойы сақталған дәстүрдің әдемі көрінісі десек болады. Ресейлік әріптестерімізге алғысымыз зор, – дейді «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының директоры Александр Совостьянов.
Бағдарлама аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Мәдени дәстүрлерді біріктіру және заманауи шығармашылық тәжірибелер: Қазақстан мен Ресейдің мәдени ынтымақтастығы» атты дөңгелек үстел өтіп, жиында жаңа бірлескен жобалар да талқыланды.
Бұл орайда Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынаста мәдени ынтымақтастықтың айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, тараптар бірлескен көрмелер ұйымдастырып, кинофестивальдер өткізіп, өнер ұжымдарының гастрольдерін жолға қойып келеді, сонымен қатар мәдени-гуманитарлық саладағы өзара іс-қимылдың жаңа тетіктерін бірлесе іздестіріп отыр.
– Кездесулеріміздің дәстүрлі сипат алып келе жатқаны өте маңызды. Осыдан бір жыл бұрын да осындай дөңгелек үстелде бас қосып, ынтымақтастықтың келешегін талқылаған едік. Бүгінде мәдениет саласының іс жүзіндегі барлық бағыты бойынша нақты нәтижелер туралы нық сеніммен айтуға толық негіз бар. Бұл музей және архив ісінен бастап, театрлар мен концерттік ұйымдар арасындағы байланыстарға дейінгі кең ауқымды қамтиды. Мұның бәрі осындай диалогтың нақты нәтиже беретінін әрі мәдени-гуманитарлық байланыстарымызды мазмұндық тұрғыдан байытып, кеңейтуге жол ашатынын көрсетеді. Бүгінгі кездесу де өзара ұстанымдарды тағы бір пысықтап, жаңа бастамалар ұсынуға және бірлескен іс-шаралар аясын кеңейтуге мүмкіндік береді, – деді Аида Балаева.
Бұдан бөлек, елордада Қазақстандағы Ресей киносының фестивалі басталды. Фестиваль көрсетілімдері 26 сәуірге дейін жалғаспақ. Бағдарламаның ең басты оқиғасы Ресей өнерпаздарының гала-концерті болғаны анық.
– Бүгінгі концерттік бағдарлама арқылы адамзаттың достыққа деген шынайы көзқарасын жеткізгіміз келді. Ұлттық бағыттағы өнер ұжымдары бар өнерін көрсетіп, көрерменге ерекше ықылас сыйлады. Ежелден көрші қос елдің достығын әуезді ән, мың бұралған би арқылы жеткізуге тырысты, – деді Мәскеу Мемлекеттік академиялық «Гжель» би театрының директоры Марина Куклина.
Осыдан алты ай бұрын Ресейде Қазақстанның мәдениет күндері жоғары деңгейде өткен. Бағдарлама аясында көрермендер Ә.Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінің қорынан жасақталған «Қазақстан өнерінің жауһарлары» көрмесімен танысып, Қазақстан киносы күндеріне қатысып, сонымен қатар «Парасат майданы» спектаклін тамашалап үлгерді. Мемлекет басшыларының қатысуымен өткен айтулы іс-шара айрықша әсер қалдырған еді. Бұл екі ел арасындағы мәдени әріптестіктің нақты көрінісі бола білді. Ал Астанада басталған мәдени күндер – сол достықтың жаңа белесі іспетті.
Айсұлу СЪЕЗХАН