in

Өмір. Өнер. Өнеге

Өткен ғасырда телевизия, сайт, YouTube арналар мен әлеу­меттік желі сияқты қуатты жар­на­ма құралдары жоқ кезеңде де, тұла бойы таланттан жаралғандай жандар бәрібір бүкіл елге таным­ал болатын. Олардың ел алдын­дағы абырой-беделі қазіргідей Instagram-да қанша жазылушысы (оның басым көбі жазылған адамы­ның тұлғалық болмысына емес, әдемі көйлегі мен көлігіне, саяхатына қызығушылар екені де түсінікті) бар екенімен есеп­телмейтін. Ата-ана ұл-қызына сол тұлғаның өмірін үлгі-өнеге етіп тәрбиелеуі, мектепте сол тұл­ғаның елге сіңірген еңбегі жас ұрпаққа танытылуы, тұлға­ның өзінің де өмірлік ұстаным­дары арқылы қоғамда оған деген құрмет пайда болатын. Тобыл-Торғай өңіріндегі сондай тұлға­ның біреуі және бірегейі – халық ақыны Әсия Беркенова.

Мен де ол кісінің есімін мек­тепте жүргенде естідім. Әдебиет сабағында мұғаліміміз Райса Ғалеева «Қыз бен жігіт айтысы» тақырыбын өткенде Біржан-Сара, Күдері-Ұлбике, Жамбыл-Айкүміс айтыстарын мысалға келтірген. Бәрін білуге тырысып, сұрақ қойып, мұғалімдерге маза бермейтін оқушы едім. Бұл жолы да тыныш отырмай: «Біздің жақ­та ондай ақын қыздар бар ма?» деп қалдым. Райса апай «Қостан­айда Әсия Беркенова деген жас ақын бар» деген-ді. Сол күннен көзіме ол кісінің аты жазылған ақ­парат түссе оқып, радиодан айтыс берілсе, даусын тыңдап, заманауи тілмен айтқанда, кә­дім­гідей «фанаты» болдым. 

Әсияның 1950 жылы Қос­танай облысы Әулиекөл ауданы­ның Сұлукөл ауылында дүние­ге келгенін, нағашы атасы мен әже­сі­нің бауырында өскенін оқып білдім. Атасы 14 перзенттен қалған жалғыз қызынан көрген қызғалдағына кішкентай кезінен домбыра үйретіпті. Анасының да әдемі қоңыр даусы болған, ауыл­дың қуанышты жиын-тойында өнерпаздармен бірге  халық ән­дері­нің түр-түрін құйқылжыта орындайды екен. Ана өнегесімен Әсия да кішкентайынан өнерге бейім болып, бірде сырнайымен, бірде домбырасымен сүйемелдеп, ән  айтып өскен.  

Атасы кейде өзі, кейде қатар­ластарын шақырып, «Арынғазы», «Қосалқа», «Келіншек» сияқты толып жатқан күйлерді тартып, ән айтып, Әсияға  батырлар жырын оқытқаны өзіміздің бала кезімізді еске салды. Иә, біз де солай, май­шамның жарығымен үлкендерге жыр оқып өсіп едік. Ақынның өлеңге құштарлығы, кейін айтыс­тарда мүдірмейтіні, әр сөзін мән­ер­леп, нақышына келтіріп айтуы сол кезден бастау алғанын көр­сетеді. 

Ақын бір сұхбатында «Мені өлең немесе қара сөз оқуға үйрет­кен мектептегі мұғалімдер емес, үйдегі ата-әжем еді. Ол кісілер өздері ұнатқан жыр үзінділерін оқытып, оны түзетіп, дауыс ырға­ғын келтіртіп қайта оқытып от­ыру­шы еді…» дейді. Яғни, бұл – ата-аналарға баланың тілін да­мы­ту, кітап оқуға құмарлығын ояту, талғамы мен бағытын қалып­тастыру отбасынан басталатыны туралы құлаққағыс. Қазіргі бала­лардың ана тіліне шорқақ бол­мауы, ұлттық құндылықтарды қа­дір тұтуы әке-шешенің міндеті екенін ешкімді көзге шұқымай, өз өмірін мысалға келтіре отырып айтып отыр. 

Сондай-ақ өзі ұстаз болған­дықтан, ата-ана мен мектептің байланысына үлкен мән береді. Әсіресе, қоғамда ұстазға деген құрметтің орнығуы туралы сөзі баласының болашағын ойлайтын ата-ана көкейіне қона кетеді. «Мен айтысқа барып жүргенімде «Баласы атқа шапса, анасы үйде тақымын қысады»  деген сияқты, шәкірті сайысқа түскенде ұстаз­дары бірден-бір тілеулестері бола­тынына көз жеткіздім. Олар маған көп үміт артты. Мен өмірде айтыс ақыны болмасам да, ұстаздарым­ның үмітін ақтау үшін бәрібір тұл­ға боларым анық еді. Бала кез­ден өте белсенді болуыма, азамат­тық ұстанымымның қалыптасуына әсер еткен – ұстаздарым» дейді ақын.  Бұл да – өнеге.

Халқымыз адамның асқан қабілетін сипаттағанда оның қан­мен берілетінін қадап айтып отыра­ды. Ел жақта, екі жұрттың ортасында бұлғақтап, екі тараптың да мейіріміне шомылып өскен Әсияның есімі ауызға алынғанда да, жұрты оның тегін атап көрсетіп отыратынын байқадым. Ақынның өзі де: «Менің әкем Әйіп ақын­жанды кісі болған екен. Замандас­тары оның хатты ылғи өлеңмен жазғанын айтады. Ал атамыз ел ішінде «өлеңші Хакімжан» атан­ған, домбырамен ән айтатын, еш­кімге сөзін жібермейтін ділмар кісі болыпты. Менің жас кезімде үлкен кісілер «Сенің сөз саптауың атаң Хакімжанға ұқсаған» дейтіні есімде», – деп еске алады.

Біздің бала күнімізде айтыс ақындары қазіргі тілмен айтсақ, «жұлдыз» болатын. Тіпті, олар  теле­дидардан ғана көруге болатын, былайғы жұрттың арасында жүр­мейтін жандардай көрінетін. Кей­ін оларды сахнадан көріп, мәз бол­дық. Ұқсауға тырыстық. Жақ­сы қашанда көпке ортақ қой. Әсіресе, басқа өңірде жүргенде бір топырақта туып-өсіп, сол жаққа тән  өнер мен мәдениетті тұтас ел­ге паш етіп жүрген адамды өзім­сініп, туысыңдай, жақыныңдай көреді екенсің. Студент кезімізде Алматыға айтысқа келген Әсия Беркенова, Қонысбай Әбіл, Жадыра Құтжановалармен бірге ел көшіп келгендей мәз болатын­быз. Ол кездерде уақыты шектеусіз айтыстарды да жұртшылық тап­жылмай отырып, тамашалайтын. Сол ғажап күндерде небір дүлдүл ақындармен бірге жерлестерімді көріп, сұлу сөзді құмарта тыңдап, еліме деген сағынышымды баса­тынмын. Қасымдағыларға «Менің төркінім» деп мақтанам. Сол сезім­ім жүрегімде мәңгілікке орнықты.

Әсия Әйіпқызының еңбек жолы мектепте басталған: әуелі Наурызым ауданындағы Өлеңді орта мектебінде ұзақ жыл орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Оқу ісінің меңгерушісі болды. Еліміз­дің Білім беру ісінің үздігі атанды. 

Қостанайға көшіп келгенде, алдымен Ыбырай Алтынсарин атын­дағы дарынды балаларға ар­налған мектеп-интернатта ақын­дар мектебін ашты. Содан кейін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы университетте «Өнер» студиясын ашып, өнер кеңістігінде қаншама бұлақтың көзін ашып, жас дарын­дардың тұсауын кескен. Бүгінде елге танымал тележурналистер: «Абай» телеарнасындағы Гаухар Төлекбаева, «Атамекен-бизнес» арнасындағы Дархан Абдуахит, 24kz арнасындағы Жансая Қожах­мет, «Астана» арнасының Қос­танай­дағы меншікті тілшісі Заңғар Санай, Парламент Мәжілісінің экс-депутаты Әлия Сапарова, Абай атындағы опера және балет театрының белді орындаушысы Азамат Малышов, басқа да қыз-жігіттер осы студиядан қанат­танған.

 Мектептің тынымсыз жұмысы мен ауылдың қоңырқай тіршілі­гіне алданып, біраз жыл өлеңнен қол үзіп қалған жас ұстаздың жүрек түкпірінде бұғып жатқан ақындық өнердің қайта оянуына себеп болған 1980 жылы Алматыда өткен республикалық аламан айт­ыс екен. Ал 1984 жылы Алматыда өткен Кенен Әзірбаевтың 100 жыл­дығына арналған республика­лық айтыста-ақ Әсия бірінші орынды жеңіп алады. 

Олар айтысқа келгенде біз кітаптан ғана білетін ХІХ ғасыр­дағы ұлттық өнердің үлгісін дамыт­ты. Әсия, Қонысбай, Әсел­хан, Шолпандар Манап Көкенов­ке, Көкен Шәкеевке қарап айтыс­тың көшіне ілессе, кейінгілер бұ­лардың жолын жалғап, ілгеріле­те түсті. Серік Құсанбаев, Аман­жол Әлтаев, Айбек Қалиевтер, Бекарыс Шойбековтер шығып, ұтқыр ой, оралымды сөз саптауы­мен халықты жалт қаратты. 

Ол кездегі айтыстарда ұлттық, қоғамдық мәселелер көп көтерілді. Жер-су атауларына, ұлттық салт-сана, тілге қатысты жалтақтамай, батыра айтылған сөздер талайдың намыс отын жақты деп ойлаймын. Мысалы, Әсия ақынның қамшы­мен осып жібергендей: 

Ұлтпыз-ау туған сірә азапты ала,

Өзгеге жүру үшін мазақтала.

Өз тілін білмейтұғын орыс бар ма,

Қазақша білмейтін тек қазақ қана! – деген сөзі кейін талай жиындарда, мақалаларда қайта­лан­ғанын естіп, көрдік.

Жалпы, барша айтыс ақыны­ның төл өнер тарихында орны бар, соның ішінде қазақ қыздарынан шыққан ақындардың еңбегін ұшан-теңіз деуге болады. Өйткені олардың домбыра ұстап, айтысқа шығуының өзі небір тар жол, тай­ғақ кешу сияқты, біразы тарихтан белгілі. Мысалы, «Жиенқұлға кел­генде үні шықпайтын» Сара мен айтысқаны үшін күйеуінің жуан жұдырығынан қаза болған Ұлби­кенің тағдыры. Бір сұхбатында осы мәселе туралы Әсия: «Сахнаға жетуіңе, әрине, үйдегі жолдасың­ның, жүрегіңнің иесінің кеңдігі өте үлкен рөл атқарады. Кейбір заман­дас қыздардың, бір-екі айтыстан кейін шықпай қалған кез­дері болды. Олардың өнері сар­қылып қалғандықтан емес, үйін­дегі кикілжіңнен шыға алмады. Және адамның жеке басын алып жүру жауапкершілігі деген тағы бар», – дейді.

Яғни, Жаратушы берген өнерді ақын қыздың ортасы, қосағы түсіне, қабылдай білуіне көп нәрсе байланысты. Бұл ретте Әсия апа­мыздың бағы бар: өмірлік жары Табылды  сенімді серігі де, қолдау­шысы да, қамқоршысы да болды. Ағамыздың алған жарының тұлға ретінде дамуына қолдау көрсететін  түсінігі мол азамат болуынан қазақ өнері ұтты – айтыс  өнерінде ай­шық­ты із қалдырған ақын сахнада 45 жылға жуық домбырасын күмбірлетіп, сөз құдіретін паш етіп келеді.

 Әсия Беркенова – достықта да жолы болған жан. Қазақта аражігі ажырамайтын достарды сипат­тайтын тамаша теңеу бар: «егіз қозыдай» дейді. Мен ХХ ғасырдағы айтыс өнерін заңғар биікке көтер­іп, ХХІ ғасырдағы айтыстың өсіп-өркендеуі үшін саналы ғұмырын арнаған саңлақ апа­ларымыз Әсия Беркенова мен Әселхан Қалы­бекова­ның достығы туралы ғажай­ып әңгіме естідім. Екеуі бір жылда, бір күнде дүниеге келген екен. Бірі оңтүстікте, бірі солтүс­тікте тұрса да мерейлі меже­ге жет­кен 50, 60 жасын екі елге кезек барып, бірге тойлауды әдетке ай­нал­дырыпты. Осыдан 10 жыл бұрын сол дәстүр­мен Қостанайда өнерсүйер қауым қос ақынға айрықша құрмет көр­сетіп, ғаламат іс-шара өткізгенін естіп, тамсан­ған­быз. Атауы да керемет – «Айдын жырдың қос аққуы». 

Сол іс-шараны ұйымдастыру­шылардың бірі Ерлан Қалмақов: «Әселхан апамыз екеуіне арнап қабына есімдері жазылған дом­быра жасатыпты. Соның өз аты жазылғанын Әсия апамызға сый­лап, досының есімі жазылғанын өзіне қалдырған. Ал Әсия апай ар­найы бірдей шапан тіккізіп, екеуі соны киіп жүретін»деген-ді. Ғажап емес пе?!

Әселхан ақын дүниеден озған­да бүкіл ел күңіренді, ал егіз қозы­ның сыңары бастан кешкен қай­ғыны айтпай-ақ қояйық.

Олар айтысқа бір мезгілде келген-ді. Бір мезгілде – 1990 жылы Әсия Беркенова, Әселхан Қалыбекова, Қонысбай Әбіл үшеуі «Қазақстанның Халық ақыны» атанды. Бұл жерде Әсияның Қос­танай өңірінде Омар Шипиннен кейін «Халық ақыны» атағын ал­ған екінші ақын екенін айта кетуі­міз керек. Биік марапат шексіз қуанышқа бөлеп қана қойған жоқ, шабыт отын үрледі, биіктерге ұмтылдырды. Сөйтіп, Ә.Беркенова талай мәрте республикалық айт­ыс­тардың жеңімпазы болды. 

Әсіресе, Абылай ханның 280 жылдығы, әнші Мұхиттың 150 жылдығы, Қажымұқан палуанның 120 жылдығы, Шақшақұлы Жәні­бек батырдың 300 жылдығы той­ларында оның айтыстағы дара таланты жарқырай көрінді. Моң­ғолия, Қытай, Өзбекстан, Қара­қалпақстан, Ресей және Қазақстан ақындарының арасында өткен халықаралық айтыстардың жүлде­гері атанды. Қазір оның есімі ел­дегі жырсүйер қауымға ғана емес, елімізден тыс жерде тұратын қа­зақ­тарға да танымал.

Әсия Беркенованың өмірі өңірдің, елдің айтыс өнерімен бір­ге өрілген. Ол 1980 жылдардан бас­тап айтысқа қатысып, 45 жылға жуық уақыт бойы өмірін осы киелі өнерге арнап келеді: туған өлкенің намысын қорғап, сөз сайысына шықты, көптеген республикалық және халықаралық айтыстың 

жең­і­м­пазы атанды, жас айтыскер ақын­дарды дайындап, төл өнері­міздің дамуына зор үлес қосты. Осын­дай ерен еңбегі үшін ел сүй­іс­пеншілігіне бөленді. Қазақ­стан­­ның Халық ақыны, Ағарту ісінің үздігі, Қазақстанның мәден­иет саласының үздігі, Қостанай об­лысы­­ның құрметті азаматы атанды. Кеудесіне «Құрмет» ор­ден­ін тақты.

Ілеспе аударма жасап жүрген соң жиындарда «Болашақта жүзде­ген  мамандық жоғалады», «Бәр­ін жасанды интеллект ал­мас­тырады» деген болжамдарды естіп қаламыз. Өз басым бұл  қорқытып, үркіту емес, білім беру, кадрларды дайын­дау бағыт­ын өзгерту керегіне назар аудар­ту екенін түсінемін. Негіз бар. Бұ­рын Google-аудармашыға сүйе­не­тіндер, қазір мәтіндерін  GPT-ге салып, жұтындырып қояды. Бірақ ол мәтіндердің «жаны» жоқ екенін біз сияқты «кәрі қас­қырлар» біліп қоямыз.   

Осы орайда мен жасанды интеллект ауыстыра алмайтын бір сала бар екенін айтқым кел­еді, ол – айтыс. Қазақтың әлем мойындаған өнері. Оның 2015 жылы ЮНЕСКО-ның адамзат­тың материалдық емес мәдени мұрасының көрнекі тізіміне ен­гізілуі де – айтыстың бірегейлі­гінің дәлелі.  Айтыс  өнеріне де­ген адалдығын ту қып көтерген ақындарымызбен бірге «Тобыл-Торғай өңірінің ақберен ақыны» атанған Әсия Беркенованың да төл өнеріміздің жанданып, хал­ық­­пен қауышуына, әлем сахна­ларында жарқырап көрінуіне орасан зор үлес қосқаны даусыз.  

Бүгін де ол ақындар сапында: өңірдегі ізінен ерген ақындардың өсуіне зер салып, «Бұларды тағы­нан таймай, арнасында жүрген ақындар деп есептеймін. Айбек ініміз сабырлы, салиқалы қал­пымен елдің ықыласына бөленді. Өзінің қарымы да, көзқарасы да қалыптасқан. Батырлан Сағын­таев баламыз да әдебиеттегі мис­сиясын жақсы жалғастырып келе жатыр. Бір сөзбен айтқанда, кейінгі буынның беталысы жап-жақсы» деп арқаларынан қағады. Жас буын ақындарды айтысқа дайындайды.

Мысалы, өңір айтыскер­лері­нің Қазақстан  Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп  жария етуіне орай қос­қан ерекше үнін айтайық. Биыл 2 наурыз күні, Қостанай қа­ла­сында  Түркістан және Қос­танай  облыстары ақындарының «Адал еңбек – ер дәулеті» атты республикалық командалық айт­ысы өтті. Киелі Түркістан мен қасиетті Тобыл-Торғай өңір­інің қазіргі таңдағы ең мықты өнерпаздары жиналған сол сай­ыс­та айтыс өнерінің әз анасына айналған Әсия Беркенова апа­мыз да өз командасын баптап, үкілеп топқа қосты. 

«Қостанайда кімің бар?» десе, «Әсия апам бар» деп мақ­тана жауап беретін жалғыз мен емес екенімді білемін. Күнде қас­ында жүрмесе де, сырттай Әсия апайға рухани тұрғыда арқа сүйейтін, болмысының өзі бойға қуат беріп, жүрекке сенім құятын жандар елде өте көп. Олар талай жасқа жол нұсқаған, көмек көр­сеткен, ақыл айтқан, өнер, өмір айдынында қамқоршы болған Әсия Беркенова апайымыздың бар болуын, айтыстың ғана емес, өмірдің сахнасында ұзақ жыл жарқырап жүруін тілейтіні хақ.

Камал ӘЛПЕЙІСОВА,

жазушы, аудармашы,

филология ғылымдарының

кандидаты