Омар Хайямның есімі – даналықпен, поэтикалық шеберлікпен және терең философиялық оймен байланыстырылып келе жатқанына мың жылға жуықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оның рубаяттары – қысқа болғанымен, мағынасы терең, бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпаған ғажайып туындылар. Сырт көзге қарапайым көрінетін бұл төрттағандар – тұтас бір ғаламның мәнін ішіне сыйғызғандай әсер қалдырады. Көпшілік оны өмір ләззатын жырлаған ақын ретінде қабылдайды, бірақ та шығыс поэзиясы тұспалдауға, астарлы ойға бай. О. Хайям өз шындығын адам баласы оны теріс мақсатта қолданбасын деп, астарлап жеткізген. Оның барлық өлеңдерінің өзегінде әлемнің сырын ұғуға, мәңгілікке жақындауға деген шынайы талпыныс жатыр.
Жастық пен оның бояуы
Ақын үшін жастық – жай ғана өмірдің бір кезеңі емес, күш пен шабытқа толы жанның ерекше күйі. Ол жастықты көктемнің гүлденген шағымен салыстырып, адамды әр сәттен ләззат алуға шақырады. Дегенмен оның өлеңдерінде аздаған мұң бар. Ендеше ол қандай мұң? Ол мұң – гүлдену дәуірі мәңгі емес екенін сезіну.
Уақыт туралы
Омар Хайям үшін жастықтан даналыққа өту – өмірдің табиғи әрі мағыналы жолы. Қиындықтар адамға қарапайым қуаныштың қадірін ұғындырады: «Өмірдің соққысын көрген адам биіктерге жетеді». Тек сынақтан өткен жан ғана өмірдің әр сәтінің шын сұлулығын түсінеді.
Кемелдік пен даналық
Ақын қарттықты сөну немесе әлсіреу кезеңі емес, өмірдің мәнін терең ұғыну мен ішкі үйлесімге жету уақыты деп қабылдайды. Ол: «Өлімге жақындаған сайын, әр күнім тіршіліктің шуағына толы», – дейді. Дененің қартаюы рухтың әлсіреуін білдірмейді, керісінше, жанның нұрлануы мен өмірді терең түсінуге жол ашады.
Жан туралы
Омар Хайямның басты ойы – адамның ішкі әлемі мен рухани тазалығы. Ол былай дейді:
«Қара нан жеген қорқынышты емес,
Қара ниетті болу қорқынышты…»
Яғни, сыртқы жоқшылықтан гөрі рухани азғындық әлдеқайда қауіпті. Адамның өмірі тек жаны таза болғанда ғана мағыналы.
Бүгінгі күнмен үндестік
Мәңгі жастық пен сыртқы сұлулыққа табынған бүгінгі қоғамда Хайямның философиясы – таза ауаның лебі іспетті. Ол мына нәрселерді ескертеді: өмірдің құндылығы – әжімсіз бетте емес, ойдың тереңдігі мен жүректің тазалығында. Ақынның басты сабағы – өмірді саналы сүру, әр кезеңнің өз сұлулығын сезіну және болмыстың заңдылығын түсініп, даналықпен өмір сүру.
Оның мына жолдары осыны айқын дәлелдейді:
Жамандық қылма – өзіңе қайта оралады,
Құдыққа түкірме – сол суды түбі қайта ішерсің.
Өзіңнен төменді қорламас бұрын ойлан,
Бір күні сол адамға да күнің түсер.
Достарыңды сатпа – оларды ауыстыра алмайсың,
Жақыныңды жоғалтпа – ондай адам таба алмассың.
Өзіңе өтірік айтпа – алданарсың,
Өз өтірігіңмен өзіңді жоғалтарсың.
О. Хайямның нағыз даналығы – өмірдің өткінші күйінен мән іздеу, ізгілік пен зұлымдықтың шекарасын ажырата білу және рухтың жастығын қай уақытта да сақтай алуында.