in

Әлеуеті үлкен өнеркәсіп

Алматы, Қостанай, Қарағанды, Атырау облыстарында машина жасау мен металлургия саласында ірі кәсіпорындар ашылды. Биыл Алматыда Қазақстандағы ең ірі автокөлік өндірісі іске қосылды. БҚО-да да ірі кәсіпорындар бар. Солардың бірі – Орал трансформатор зауыты.  Зауыттың жалпы аумағы – 32 969 м³, ол жерде  238 адам жұмыс істейді. 

«Орал трансформатор зауыты» ЖШС Alageum Electric қазақстандық компа­ния­лар тобына кіреді. Бұл компания  – Қа­­­зақ­станның электротехника саласындағы же­тек­ші кәсіпорындарының бірі. Зауыт қа­зір жылына 12 мың трансформатор өң­діреді. Ол дегенің –  айына 1000 транс­фор­ма­тор жасап шығарады деген сөз. Кәсіп­орын 6-10 кВ бастап, қуаттылығы 2500 кВА-ға дейінгі аралықтағы транс­фор­ма­тор­лар және панельдік радиаторларды шы­ғарады. Дайын өнім негізінен Ресей на­рығына жөнелтіледі. Одан бөлек, Әзер­байжан, Армения, Грузия және басқа ел­дерге де экспортталады. Зауыт еуропалық өн­дірушілердің заманауи жабдықтарымен то­лық жабдықталған. Өнімнің барлығы ха­лықаралық стандарттарға сәйкес сер­тификатталған. Бұл зауыт дайындап шы­ғаратын трансформаторлар мен радиа­тор­лар­дың  сапасын, қауіпсіздігі мен эко­ло­гия­лық тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Орал трансформатор зауыты Karachaganak, ExxonMobil, KazTransOil, PetroKazakhstan, KazStroiService, KEGOC, KazAtomProm, Chevron, Самұрық-Энерго және «Қаз­Мұнай­Газ» секілді ірі компаниялармен серік­тес. Зауыт осы кезге дейін бірнеше мәр­те жоғары сапалы қызметі үшін награ­да­лар алған. Атап айтсақ, 2019 жылы Қа­зақ­стан Республикасы Президентінің «Ал­тын сапа» сыйлығы, 2023 жылы Еңбек жә­не халықты әлеуметтік қорғау министр­лі­гінің «Парыз» сыйлығын алған. Орал тран­сформатор зауыты – БҚО эко­но­ми­ка­сына айтарлықтай үлес қосып отырған бір­ден-бір кәсіпорын. Ол жерде 238 адам ең­бек етіп, нәпақа тауып отыр.

– Біздің зауыттағы барлық құрал шет­елден әкелінген. Оларды Италиядан, Швей­цариядан алдырамыз. Біз аймақтағы ең ірі жұмыс беруші саналамыз. Себебі біз­де 300-ге жуық адам еңбек етеді. Зауыт­тың негізгі күші – жұмысшылар. Қара­пайым электриктен бастап, цех жетекшісі дең­гейіне дейін өсіп жатқан мамандарымыз бар. Зауытта негізінен жастар жұмыс іс­тей­ді. Біздің зауытты Үкімет те қолдап отыр. Субсидия аламыз, – дейді Орал транс­фор­матор зауытының сату бөлімінің басшысы Нұрберген Каримов.

Зауытта бірнеше цех бар. Әр цех өз мін­­­­­де­тін атқарады. Транформатордың әр бөл­шегін жинап, құрастыру, кейін дайын өнім­ді техникалық тексерістен өткізу, қой­маға жөнелту одан әрі тапсырыс беруші тар­тапқа жеткізуге дейінгі аралықта зауыт­тағы қара­пайым жұмысшылардың еңбегі өлшеусіз. 

Сондай жандардың бірі – Дмитрий Ма­ли­ков. Оның  жұмысы қауіп пен қатерге толы. Себебі ол дайын транс­форма­тор­лар­ды тексеретін бөлімде жұмыс істейді. Бұл жер­де транс­фор­ма­тор­дың сапасы тек­се­рі­леді. Апатты жағдайға транс­форматордың қа­лай бейімделетіні анық­талады.

– Мен осы құрылғылардың көмегімен дайын өнімді тексеремін. Бірінші кезекте са­­паға қараймыз. Трансформатордың апат­­ты жағдайларға қалай төтеп бере ала­ты­­нын, қуаттылығын, қауіпсіздігін жерде тек­­серістен өткіземіз. Иә, кейде ақауы бар өнім анықталады. Құрастыру кезінде не­месе жинау кезінде қате кетуі мүмкін. Бірақ ол өте сирек болады. Ондай кезде кері қай­тара­мыз. Біз тапсырыс берушілерге тек 100 са­палы өнімді жібереміз, – дейді тех­ни­ка­лық тексеру бөлімінің маманы Дмит­рий Ма­ликов. 

Жалпы, Қазақстан бойынша Ақтау трансформатор зауыты, Петропавл, Кентау трансформатор зауыттары,  Алматы электр ме­ханикалық зауыты осы Оралдағы Орал трансформатор зауытымен әріптестік бай­ланыста қызмет етеді. Барлық қалада  фи­лиалдары бар.

– Alageum Electric қазақстандық ком­паниялар тобына 14 ірі зауыт кіреді. Бар­лық қаладағы зауыттардың алдына қойған мақ­саты бар. Орал трансформатор зау­ы­ты­ның мақсаты – экспортты жабу. Біздің өнім­дердің 95 пайызы шетелге кетеді. Ал Кен­таудағы зауыт оңтүстік өңірлердің қа­жетін жабады. Петропавлдағы зауыт сол­түстік өңірлер мен Рсейдің көршілес қа­ла­ларын қамтиды. ҚР бойынша ішкі нарық­ты жабуға да Орал трансформатор зауыты жұмылдырылады. Біз тапсырыстар қабыл­дап, оны орындаймыз. Бірақ ішкі нарық тек 5 пайызды  құрайды, – деп атап өтті Орал трансформатор зауыты сату бөлімінің бас­шысы Нұрберген Каримов.

Орал трансформатор зауытының да қоз­ғаушы күші – қарапайым еңбек адам­дары. Зауытқа кірсеңіз, бас көтермей жұ­мыс істеп жатқан қарапайым жұмысш­ы­лар­ды көресіз. Орал трансформатор зауы­тын­да қарапайым инженер-техниктер мен  элек­триктер жұмыс істейді. Олар осы жер­ден нәпақа тауып отбасын асырайды. Тіп­ті, осы зауыттың ішінде жүріп жұбын тауып, отбасын құрғандар да бар. 

– Зауыт жанынан 400 орындық жатақ­ха­на салдық. Қазір ол жерде осы зауыттың қыз­меткерлері отбасыларымен тұрып жа­тыр. Жастарды зауыт қаражатына оқыта­мыз. Егер жас мамандар магистратура оқи­­­­мыз десе, оқу ақысын төлейді. Әрине, кейін ол жас осы зауытта  жұмыс істеуге мін­­детті болады. Біз өзіміздің кадрлардың білік­тілігін арттырудан қашпаймыз. Зауыт же­текшілігі жұмыс істеп жүріп дүниеге ба­­ла әкелген әйелдерге де қаржылай қол­дау береді. Біз былтыр өзіміздің зауыттың қызметкерлеріне арнап «Омега» тұрғын үй ке­шенінен 5-6 пәтер сатып алғанбыз. Бірақ облыстағы су тасқыны кезінде судан зар­дап шеккен отбасыларға сол пәтерлерді сый­ға тартып жібердік. Елде қандай жағ­дай болса да, біз елмен біргеміз. Себебі біз­дің зауыт – осы облыстың бір бөлшегі, – дейді Орал трансформатор зауытының сату бөлімінің басшысы Нұрберген Каримов.

Бұдан бөлек,  төленетін мерекелік сыйа­қылар бар. Жалпы, зауыттағы еңбек адам­дарының орташа жалақысы 400 мың тең­гені құрайды деп көрсетілген зауыттың рес­ми хабарламасында. 

Сонымен қатар 2016 жылдан бері зауыт өңір­дегі жоғары оқу орындары мен кол­ледждермен, соның ішінде Жәңгір хан атын­дағы БҚАТУ және БҚИТУ-мен тығыз әріп­тестік байланыс орнатқан. Кәсіпорын ұжы­мы экологиялық бастамаларға да бел­сен­ді қатысады, зауыт аумағында 500-ден астам  ағаш көшеттері отырғызылған.  

– Орал трансформатор зауыты – отан­дық инженерлік шешімдердің, техно­ло­гия­лық инновациялар мен әлеуметтік жауапкершіліктің өзара үйлесімін көрсе­тетін стратегиялық маңызды кәсіпорын. Зауыт­тың қызметі Қазақстанның энер­ге­ти­­калық қауіпсіздігін нығайтуға, өңірдің өнер­­кәсіптік әлеуетін дамытуға және қа­зақстандық машина жасау өнімдерін ха­лы­қ­аралық деңгейде ілгерілетуге елеулі үлес қосады, – дейді Орал трансформатор зауы­­тының  сату бөлімінің басшысы Нұр­бер­ген Каримов.

Орал трансформатор зауыты соңғы бес жылда 10 млрд теңгеден астам салық тө­ле­ген. Облыстағы 300-ге жуық адамды жұ­мыс­пен қамтып отырған ең ірі кәсіп­орын­дардың  бірі. Зауыт алдағы жылдары өнім кө­лемін арттыруды көздеп отыр.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы