in

Әйелдер қанаты: «AMANAT» партиясы психологиялық қызметтің даму барысына баса назар аударады

Мәжіліс қабырғасында «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасы қаралуда. Осы орайда, Тараз қаласында «AMANAT» партиясы жанындағы Әйелдер қанаты мен Жамбыл облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Психология NEXT: жасанды интеллект дәуіріндегі адам психикасы» атты өңірлік психологтар конгресі өтті.

Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетова, «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов, жоғары оқу орындарының ғалымдары мен профессор-оқытушылар құрамы, педагог-психологтар, әлеуметтік педагогтар, денсаулық сақтау және құқық қорғау саласының мамандары қатысты.

Айта кеткен жөн, бұған дейін «AMANAT» партиясының Хатшысы Шолпан Каринова «Психологиялық қызметті құру және оның жұмысын дамыту» мәселесі туралы тың бастама көтеріп, нәтижесінде елімізде кәсіби психологиялық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам жасалды. Бұл ретте, Мәжіліс қабырғасында қаралып жатқан «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасы ел азаматтары мен кәсіби психологтардың мүддесін қорғауға, саланы дамытуға сенімді серпін беретіні анық.

Осылайша, Тараз қаласында өткен конгресс жұмысы аясында «Балалар мен жастар психологиясы: жаңа сын-қатерлер», «Отбасы психологиясы және қоғам тұрақтылығы», «Эмоционалды саулық – ұлттық даму алғышарты» тақырыптарында панельдік сессиялар ұйымдастырылды. Онда балалар мен жастардың психологиялық жағдайы, отбасы институтын нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, эмоционалдық интеллектіні дамыту және әлеуметтік желілердің адам психикасына әсері секілді өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.

Пленарлық отырыста психологиялық денсаулықтың қоғам тұрақтылығындағы рөлі, психологиялық қызметтің даму перспективалары, стресс-менеджмент, ұлттық психологияның ерекшеліктері, жастар арасындағы аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу және әйелдердің эмоционалдық иммунитетін қалыптастыру мәселелері бойынша баяндамалар жасалды.

Жиында сөз сөйлеген «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов партия жанындағы Әйелдер қанатының негізгі басым бағыттарының бірі психологиялық қызмет институтын дамыту екенін атап өтті.

«Психологиялық денсаулық мәселесі отбасы институтын нығайту, ана мен баланы қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, жастарға қолдау көрсету және қоғамдық келісімді сақтау ісімен тікелей байланысты. Осы бағытта Әйелдер қанаты жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Тараз қаласында ұйымдастырылған «OPEN DAY» ашық есік күні аясында тәжірибелі психологтар тұрғындарға тегін кеңес берді. Сонымен қатар тұрғындардың психологиялық және құқықтық сауатын арттыру мақсатында тұрақты түрде профилактикалық кездесулер өткізіліп келеді», – деді ол.

Конгреске арнайы қатысқан Шығыс Еуропа елдері бойынша Дүниежүзілік психиатриялық қауымдастықтың өкілі Николай Негай қоғамда психологиялық көмек көрсету қызметін заман талабына сай жетілдірудің маңызына тоқталды.

«Бүгінде адам психологиясы өзгеруде. Сондықтан психологиялық көмек көрсету тәсілдері де заманауи болуға тиіс. Технологиялардың дамуы маңызды болғанымен, олар адам факторын алмастыра алмайды. Біз технологиямен қатар өзіміз де дамып, қоғам сұранысына бейімделуіміз қажет», – деді Николай Негай.

Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық ғылыми-практикалық психикалық денсаулық орталығының психологиялық зертхана меңгерушісі Жұлдызай Алиева психологиялық қызметтің даму бағыттары, жастар арасындағы аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу және ұлттық психологияның тәрбиелік маңызы жөнінде баяндама жасады.

Конгресс қорытындысында панельдік сессияларда көтерілген ұсыныстар негізінде арнайы резолюция қабылданды. Құжатта психолог мамандардың мәртебесін арттыру, білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметті күшейту, балалар мен жастардың психологиялық денсаулығын қорғау, отбасы институтын нығайту және қоғамдағы эмоционалдық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы нақты ұсыныстар қамтылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған бастамаларды жүзеге асыру мақсатында алдағы уақытта тиісті мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыс барысы лайықты жалғасын табады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM   арнасынан табасыз.