Бұл – адамзат баласы өмір сүріп келе жатқан сонау әлмисақтан бергі өз мәні мен маңызын жоймағаны ақиқат. Өкінішке қарай, елімізде сыбайлас жемқорлық мәселесі әлі де өзекті болып тұр. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықпен күрес күн тәртібінен түспейтін өткір мәселе екені сөзсіз. Мемлекеттік қазынаға қол салғандардың, заңды белден басқан лауазым иелерінің әрекеті елдің экономикалық қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Дегенмен әділеттілік салтанат құрмай қоймайды, бүгінде жемқорлардың бірі ұсталып, бірі жауапқа тартылып жатыр. Бұл – қылмыстың жазасыз қалмайтынының жарқын көрінісі.
Сыбайлас жемқорлық бүгінде тамырын тереңге жайған аса қауіпті әрі жүйелі дертке айналды десек қателеспейміз. Оның салдары тек мемлекеттік аппаратта емес, қарапайым халықтың да күнделікті тіршілігіне елеулі кері әсерін тигізіп келеді. Бұл індетпен күрестің басты шарты – қоғамның санасын өзгерту арқылы ғана қол жеткізу мүмкін болмақ. Заңның солқылдақ тұстарын жетілдіру, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және әр азаматтың жауапкершілігін арттыру – жең ұшынан жалғасқан қылмысты ауыздықтаудағы күрестің негізі екені рас. Бүгінде ел ішінде әділдік жолында үнсіз қалмай, заңбұзушылықты дер кезінде хабарлап, қоғамдық тәртіптің сақталуына үлес қосып жүрген азаматтардың саны артып келе жатқанын атап өткен жөн.
Құқық қорғау органдары – әділдіктің қорғаны
Ақмола облысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірлік департаменті жемқорлықпен күреске азаматтарды кеңінен тартуға күш салып келеді. Құқық қорғау құрылымдары азаматтық ұстанымның маңызын ерекше атап өтуде. Бұл ретте кез келген құқықбұзушылық туралы уақытылы хабар беру әркімнің азаматтық борышы екенін атап өткен жөн.
Мәселен, Ақмола облысындағы бір аудандағы білім бөлімінің басшысына қатысты заңсыз әрекеттер туралы хабар берген Қатима Ахметованың әрекеті – батыл азаматтық қадамның үлгісі. Бұл ақпарат негізінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 680-бабымен әкімшілік хаттама толтырылып, сот шешімімен лауазымды тұлға қызметінен босатылды. Мұндай нақты мысал қоғамда әділдік орнатуға әр азаматтың үлес қоса алатынын айқын көрсетеді.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру – бұл мемлекетті қорғау ғана емес, әр азаматтың өз болашағына деген қамқорлығы, – дейді Қатима Ахметова. Оның бұл сөзі қоғамдағы әділет, заң және адамгершілік ұғымдарына деген сенімді барынша айғақтай түседі.
«Әділ қоғам» – сана мен заң үйлесімі
Бүгінде іске асып жатқан «Әділ қоғам» жобасы мемлекет пен халық арасындағы сенімді нығайтудың жаңа бағытына айналып келеді. Жобаның негізгі мақсаты азаматтарды заңға құрметпен қарауға, ашықтық пен әділеттілікті өмір салтына айналдыруға үндеу болып отыр. Жоба аясында өткізілетін мәдени-ағартушылық шаралар қоғам арасында құқықтық сауаттылықты арттырып, азаматтық белсенділікке тың серпін беріп келе жатқанын атап өткен жөн.
Сонымен қатар облыс аумағында кең көлемде ұйымдастырылған «Заң және тәртіп» апталығы аясында жұртшылыққа мемлекет меншігіне қайтарылған, сыбайлас жемқорлықтың салдарынан тәркіленген активтер негізінде салынған әлеуметтік нысандар да кеңінен таныстырылуда.
– Бұл өз кезегінде өңірдің әлеуметтік және экономикалық дамуына да өзінің оң ықпалын тигізіп жатқаны рас. Мұндай іс-шаралар қоғамдық бақылаудың артуына, мемлекеттік органдарға деген сенімнің нығаюына тың серпін бермек, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті өкілдері.
Осылайша, қу құлқынның қамымен кезінде жемқорлар иемденген активтер енді ел игілігіне қызмет ететін болды. Ақмола өңірінде мемлекетке қайтарылған активтердің қатарында әкімшілік ғимараттар, жер телімдері, элиталық көліктер, сондай-ақ тұрғын үйлер мен білім беру мекемелері бар.
Атап айтқанда, Ақкөл ауданының Кіші Барап ауылында орналасқан Өтемісов атындағы оқушылар сарайы ұрланған қаражаттың халық игілігіне айналғанының жарқын мысалы бола алады. Қазір бұл орталықта арт-шеберханалар, «Өрлеу» коуоркинг-аймағы, спорт алаңдары мен балаларға арналған демалыс аймақтары табысты жұмыс істеуге мүмкіндік алған.
ҰҚК – жемқорлықпен күрестегі сенімді серік
Сыбайлас жемқорлықпен күресте Ұлттық қауіпсіздік комитетінің де үлесі айрықша десек қателеспейміз. Жақында ғана Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кіріс департаментінің басқарма басшысы пара алды деген күдікпен ұсталған еді.
– Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес, тергеу мүддесіне орай өзге ақпарат жария етілмейді, – дейді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми өкілі Қайырлы Ахмет.
Сыбайлас жемқорлықпен тиімді күрес үшін қоғаммен тығыз байланыс орнату ауадай қажет екені ақиқат. Осы орайда агенттіктің Ақмола облысы бойынша департаменті әрбір азаматты кез келген құқықбұзушылықты дереу арада хабарлауға шақырады. Ол үшін тәулік бойы жұмыс істейтін 1424 Call-орталығы, +7 777 000 1424 WhatsApp чат-боты, сондай-ақ Instagram мен Telegram желілеріндегі ресми парақшалар қолжетімді. Бұл арналар тек шағымдарды қабылдап қана қоймай, халықпен ашық диалог құрудың нақты үлгісін көрсетіп отыр.
P.S
«Әділ қоғам» – бұл жай ғана жоба емес, бұл – мемлекет пен халық арасындағы сенімді диалог алаңы. Ақмола өңірінде қолға алынған бастамалар бұл жобаның нақты нәтижелерге бағытталғанын көрсетеді. Адалдық, әділеттілік және заң үстемдігі – өркениетті қоғамның іргетасы. Сондықтан да әрқайсымыздың азаматтық ұстанымымыз, ерік-жігеріміз бен жауапкершілігіміз ел болашағын айқындайтын басты құндылық екенін ұмытпасақ дейміз.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы