Алматыда «Әділет» партиясының қалалық филиалы жанынан Өңірлік экологиялық кеңес құру ұсынылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жаңа кеңес қаланың экологиялық мәселелерін шешу үшін сарапшылардың, қоғам өкілдері мен бизнес өкілдерінің күш-жігерін біріктіруді көздейді. Бұл бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында талқыланды.
Кездесуге «Әділет» партиясының, Қазақстан Халық Кеңесінің, Алматы қалалық Қоғамдық кеңесінің, экология саласының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Жиында болашақ кеңестің негізгі міндеттері талқыланды. Атап айтқанда, қаланың экологиялық мәселелерін зерттеу, оларды шешу жолдарын ұсыну және нақты жобаларды жүзеге асыруға жәрдемдесу мәселелері қаралды.
– Экологиялық мәселелерді бір реттік іс-шаралармен шешу мүмкін емес. Бұл бағытта тұрақты әрі жүйелі жұмыс қажет. Сондықтан Өңірлік экологиялық кеңес құру сарапшылардың, қоғам өкілдері мен мемлекеттік органдардың күш-жігерін біріктіруге мүмкіндік береді. Біз мәселелерді талқылаумен ғана шектелмей, нақты шешімдер ұсынып, олардың орындалуын бақылауымыз керек, – деді «Әділет» партиясы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров.
Кездесу барысында EcoNetwork экологиялық жобасы да таныстырылды. Жобаның негізін қалаушы Евгений Мухамеджанов қалдықтарды бөлек жинау және сұрыптаудың жаңа тәсілдері, қажетті инфрақұрылымды дамыту және цифрлық технологияларды пайдалану туралы айтып берді. Жоба аясында тұрғындардың экологиялық сауатын арттыру, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау мәселелерін шешуге қала тұрғындарын, кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйымдарды тарту көзделген.