in

Әдебиетшілер қауымы Мұхтар Мағауинді жау көрді – мәдениеттанушы

Aikyn.kz тілшісі мәдениеттанушы Зира Наурызбаевадан жұбайы Таласбек Әсемқұлов жайлы сұхбат алды. Сол сұхбатта Мұхтар Мағауин жайлы да сөз қозғалды.

Журналист: Аға әдеби ортада «ағала­ры­нан» көп теперіш көрген сияқты. «Алғашқы кітабын жарыққа шы­ғару мұң болды» дейсіз. Жалпы сын­шы, кинодраматург, күй зерт­теушісі, ғалым адам. Бірақ – жал­ғыз. Жан дүниесін түсінетін, өзін қабылдайтын орта таппады ма?

Зира Наурызбаева: Бір кездері әдебиетшілер қауымы Мұхтар Мағауин ағамыз­ды жау көрді. Ал Таласбек оны «ұстазым» деп білген. Сол үшін Мағауинге қолы жетпегендер сту­дент, жас Таласбектің жолын кесті. Таласбек Мағауинді қор­ғай­мын деп мақала жазған, сыншы боламын деп емес. Біраз уақыт әдеби ортадан шеттетілді, қуылды. Кейін Таласбек оның бәрінен шаршап, Мағауиннің емес, Асқар Сүлейменовтің шә­кіртімін дейтіні сондықтан. «Кемеңгердің өмірінен бір үзік сыр» атты көлемді мақала жазды. Ал «Мағауин – менің ұстазым емес» дегені – жай ғана реніштен айтылған сөз. 

Таласбектің мақалаларының жинағы алтыншы томға шықты. Ол жерде Дидар Амантайды қорғап жазғаны бар. Қазіргі тіл­мен айтқанда, әдеби ортада Ди­дарға буллинг жасалды. Жас та­лантты жазушыны табалағанына шыдап тұра алмады.

Ол қаламды ғана емес, күй­шілікті де жанына серік етті. Құрманғазыны жазды, Абылай ханның кеңесшісі болған Бай­жігіт деген күйшіні зерттеді, Тәттімбетті насихаттады. Сосын қазақтың рушылдығы да Талас­бектің тағдырына әсер етті. Өйт­кені Таласбек Байжігітті айтып, күйін шертеді. Ол – керей. Ке­рей­лер ренжиді. Неге? Таласбек – найман. Бірақ Мағауин жазған­дай, керейлерден Байжігіттің күйлерін шертетін домбырашы болмады.

Таласбек ұзақ уақыт бойы Қытайдан, Моңғолиядан Бай­жі­гіттің күйлерін сақтаған адамдар келеді, қосылады деп үміттеніп жүрді. Шынымен, 70-ші жылдары сондай адамдар болды. Олар Та­ласбекке таспаларды жібереді екен. Таласбек «Ықылас» музе­йінде істегенде Байжігіттің күй­лерін жазып алып, шекарадан асы­рып, елге жібергендер болып­ты. Бірақ оның бәрі Таласбектің қолына жетпеген. Кейбіреулер оны жолдан алып қалады екен. 90-жылдары шекара ашылғанда ол жақта ондай күйді шертетін адам қалмағанына көзі жетті. 

Әдеби ортада бәрінен теперіш көрді деп айта алмаймын. Асқар Сүлейменов, Зейнолла Серік­қа­лиев сияқты ағалары қадірін білді ғой. Зейнолла ағамыз кезінде «Талтүс» романын жаздыртуға себепкер болды. Таласбек өмі­рінің соңында «Рымғали Нұр­ғалиев ағамыз мені шәкірттікке шақырғанында баруым керек еді. Шәкірттеріне жағдай жасап берді, дер кезінде пәтер алатын едім», – деп өкінгені де бар. 

Сұхбатты толық мына сілтемеден оқи аласыз