Сондай-ақ экономикаға серпін береді: құрылыс ел экономикасы өсімінің басты бір драйвері! Әйткенмен, мұнда үлескерлер проблемасының ушығуына ұрынбау маңызды. Өмірге жолдама алған жаңа заң – осының қамы.
Игілік үшін де тыйым қажет
Ел Парламенті депутаттар бастамашы болған «Кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу, автомобиль жолдары және мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау жөніндегі қызметтерді көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды түпкілікті қабылдады.
Сенат оны 12 маусымдағы отырысында бірден екі оқылымда шұғыл қарап, мақұлдады. Бірақ заңнамалық түзетулердің біраз жаңалығы болғандықтан, нарық, жауапты мемлекеттік құрылымдар, бұқара мен бизнес дайындалып үлгеруі үшін «өтпелі кезең» белгіленді. Яғни, заң оған Президент қол қойып, ресми жарияланған соң күнтізбелік 60 күннен кейін қолданысқа енгізіледі.
– Мақұлданған заң үлестік құрылыс саласында мемлекеттік реттеуді күшейтеді. Негізгі мақсат – тұрғын үйге қатысты жасалатын келісімдердің ашықтығы мен қауіпсіздігін арттыру. Үлескерлердің құқықтарын қосымша қорғауды қамтамасыз ететін түзетулер топтамасы енгізілді. Жалпы, заң үлескерлерді сенімсіз құрылыс компанияларынан қорғауға, басқа да өзекті мәселелерді шешуге оң септігін тигізеді деп сенеміз, – деді Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Үлескерлерді жаңаша қорғау және нарықты ретке келтіру үшін заң келесі жаңашылдықтарды енгізеді: біріншіден, үлескерлік қатысу туралы келісімдерді тек қағаз күйінде ғана емес, электронды нысанда да бекітуге рұқсат етеді. Қос құжаттың заңдық күші бірдей болады. Бұл, мысалы, өзге өңірде тұратын қазақстандықтарға, тіпті шетелдіктерге келмей-ақ, қашықтан айталық, Астанадан пәтер сатып алуына жол ашады. Бұл ретте бір пәтерді бірнеше адамға сату сияқты сорақылық қайталанбауы үшін әрбір келісімшарт бірыңғай ақпараттық жүйеде – «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың бірыңғай ақпараттық жүйесінде» (Қазреестр) міндетті түрде тіркелуге тиіс болады. Екіншіден, әрбір үлескерлік қатысу келісімшартында компанияның үлескерлердің ақшасын тарту үшін алған рұқсатының нөмірі мен датасы міндетті түрде көрсетілуге тиіс. Көрсетілмесе, ондай келісім жарамсыз болуы мүмкін. Үшіншіден, құрылысқа рұқсаты жоқ немесе Бірыңғай оператордан кепілдік алынбаған тұрғын үй кешендеріндегі баспананы сатып алуға ипотекалық заемдар беруге және төлемдер қабылдауына қатаң тыйым салынады. Төртіншіден, рұқсат құжаттарынсыз салынып жатқан және үлескер тартуға рұқсаты жоқ үйлерде тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды сатып алуға байланысты алдын ала шарттар жасасуға тыйым салынады. Сондай-ақ қазірде кең танымал алдын ала шарттар, инвестициялау, брондау, цессия және тағы басқа шарттар жасасуға тыйым салынады. Бұл қарапайым қазақстандықтарды пәтерді «котлован» кезеңінде арзандау сатып алу мүмкіндігінен айырмақ. Бесіншіден, әкімдіктің рұқсаты немесе біріңғай оператордың кепілдігі болмаған жағдайда құрылысы жүріп жатқан тұрғын үй кешенін тіпті жарнамалауға тыйым салынады. Алтыншыдан, заңсыз табылған, қылмыстық және лас қаражаттарды заңдастыруға тосқауыл қою үшін бұдан былай үлескерлік қатысу келісімшарттары бойынша бүкіл ақша операциясы тек қана қолма-қолсыз нысанда жүргізілуге тиіс болады. Қазіргідей сөмке толы шытырлаған ақшамен келіп, оны құрылыс компаниясының кассасына енгізе салуға тыйым салынады. Жетіншіден, келер жылдан бастап, салушыларға көп пәтерлі үйдің іске қосылу мерзімін 5 айдан артық ұзартуға рұқсат етілмейді. Қазіргі кезде 9 айға дейін ары ысыруға жол беріледі. Заң талаптары шағын қабатты құрылысқа, соның ішінде жеке үйлерге де таралады.
Есептілік артып, бақылау күшейеді
Сонымен бірге, қалпымен олигополия жайлаған, алыптар үстемдік еткен салада бәсекелестікті арттыру үшін тұрғын үй салғысы келетін компаниялардың «жұмыс өтіліне» қойылатын ең төменгі талаптар 5 жылғы тәжірибеден 3 жылға дейін азайтылды. Бұдан басқа, салынып жатқан тұрғын үй нарығында үлескерлердің ақшасын тартудың заңдылығына жергілікті әкімдіктің де мониторинг жүргізуі көзделген.
Мұның сыртында, азаматтарды ақпараттандыруды арттыру үшін жаңа мекеме – «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ базасындағы Үлескерлерді қолдау орталығы құрылады. Ол келушілерге мысалы, қандай да бір құрылыс компаниясының қаншалықты адал екенін тексеріп, кеңес-консультация беруге тиіс.
Еліміздің құрылыс саласы халықты баспанамен қамтамасыз етуде, жұмыс орындарын ашуда, іскерлік ортаны қалыптастырып, бизнес-белсенділікке зор ықпал етеді. Мұнда тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу тетігі айрықша әлеуметтік маңызға ие. Ол мыңдаған қазақстандыққа тұрғын үй мұқтаждығын өтеуге мүмкіндік беріп, тиімділігін дәлелдеді. Алайда қазіргі сын-қатерлерді, салушылардың жосықсыз тәжірибесін, реттеудің жеткіліксіздігін ескеріп, депутаттар тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы заңнамалық базаны жетілдіруге бағытталған заңды әзірлеген еді.
– Бұл заң аясында енді құрылыс компаниялары 3 бағыт бойынша, яғни әкімдіктерге, екінші деңгейлі банктер арқылы рұқсат алуда және «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ арқылы жергілікті билікке есеп беруге міндеттеледі. Мысалы, Астанада 20 тұрғын үй қатар салынып жатса, ондағы құрылыстың барысы анық көрініп тұрады. Бұл жерде тек қаржылық жағы емес, жобалық-сметалық құжаттамада қандай да бір ауытқу болса, ол да жария болады. Мысалы, 200 пәтерлік тұрғын үйдің 100 пәтері сатылып кетсе, бірақ оның құрылысы жүрмей, төртінші, бесінші қабатқа келгенде тоқтап қалса, оны «Қазреестр» арқылы әкімдіктегілер көріп-біліп отырады және үлескерлердің шулауын күтпей, дер кезінде шара қолданады, – деді Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Самат Мұсабаев.
Жалпы, «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңының қабылданғанына 19 жылдан асты. Осы жылдары оған 35 рет өзгеріс енгізіліпті. Алайда алаяқ түгіл, ірі құрылыс холдингтері де құрылысты заңсыз жүргізудің, яғни заңнаманы айналып өтіп азаматтармен алдын ала шарттар жасасудың түрлі әдіс-айласын меңгеріп алды. Бір жағынан, болашақ үлескер құрылыс компаниясымен емес, әлдебір агенттікпен, бөгде фирмамен алдын ала шарт, брондау, инвестициялау және тағы басқа келісімге отырады.
Екінші жағынан, «бөтен» фирма құрылыс компаниясының кеңсесінде жұмыс істейді, клиентте бір сұрақ пайда болса, дереу салушының менеджерімен не заңгерімен ақылдасуға жүгіреді. Ендеше мыңа заң күшіне енген соң да жосықсыз компаниялар тағы бір түрде шарт жасасудың жаңа схемаларын таппайтынына Үкімет кепілдік бере ме?
Алданған үлескерге кім араша?
– Ондай қарау тірліктерге тосқауыл қою үшін біз депутаттардың үлескерлердің ақшасын заңсыз тарту бойынша шарт жасасуға жол бермеуді қарастыратын Азаматтық кодекске ұсынылған түзетулерін толық қолдадық. Сол арқылы құрылыс компаниялары үлескерлердің ақшасын заңсыз тарта алмайды және тиісті шарттарды тек заңды түрде қабылдауға мәжбүр болады! Сондай-ақ барлық шарт әкімдіктерде және Qazreestr.kz электронды порталында тіркелуге тиіс. Бұл бір пәтерді екі-үш адамға қатар сатудың алдын алады. Бұл заң жаңа проблемалы объектілердің пайда болуына және үлескерлердің алдануына жол бермейді, – деп сендірді Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов.
Әзірге «үй аламыз» деп бар жиған-тергенін баспанаға салып алданған үлескерлердің саны азаймай тұр. Басқасын айтпағанда, елорданың өзінде пәтерлерді заңсыз сатқан, құрылысы аяқталмай орта жолда тұралап қалған 51 проблемалық объект бар екен. «Қазақстан Тұрғын үй компаниясының» мәліметі бойынша, Қазақстанда рұқсатсыз үлескер тартқан тұрғын үй нысандарының саны – 263. Тек 1 034 тұрғын үй кешенінің үлескер тартуға рұқсат құжаттары толық. Заңсызы сүріледі.
Сонда алданған үлескерлер не істейді? Әкімдіктің, Парламенттің, прокуратураның және басқа инстансалардың табалдырығын тоздырады, ұлардай шулап, көшеге шығады, журналистерді шақырады. Мына заң үлескерлер баратын жаңа «мекенжай» белгілейді, бұл – Үлескерлерді қолдау орталығы. Алайда оның нақты немен айналысатыны, құзыры, жұмыс өрісі толыққанды белгісіз. «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы Алтай Күздібаевтың айтуынша, орталық өз жұмысын онлайн жүргізеді.
– Үлескерлерді қолдау онлайн орталығының негізгі міндеті – біріншіден, үлестік заңнама шеңберінде тұрғын үй сатып алуға байланысты барлық мәселеде азаматтарға кеңес беру. Екіншіден, азаматтардың үлескер қаражатын заңсыз тартатын құрылыс компанияларынан тұрғын үй сатып алуының алдын алу. Біздің мақсат – үлескер құқығы мен құрылыс салушы міндеттемелерінің бұзылу тәуекелін барынша азайту. Бұл үшін жасанды интеллектті қолданысқа енгіземіз. Үлескерлерді қолдау онлайн орталығы былтыр іске қосылды. Жалпы, біз үлескерлерді әртүрлі онлайн сервис арқылы қолдауды жоспарлап отырмыз, – деді Алтай Шоқанұлы.
Соңғы жылдары Қазақстанда белсенді урбанизация үдерісі үдеді. Қала тұрғындарының саны өсіп жатыр, отбасылар төл тұрғын үй кеңістігін кеңейтуге аса зәру. БҰҰ ұсынымы бойынша халықты тұрғын үймен қамту стандарты әрбір адамға 30 шаршы метрден келуге тиіс. Қазақстан бұл көрсеткіштен әлі алыс. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, елімізде орташа көрсеткіш 24,5 шаршы метрді құраған. 5 жылда баспанамен қамту небәрі 2,3 метрге өсті. Мұндай қарқынмен Қазақстан жайлырақ тұрғын үйдің халықаралық стандарттарына тек 2040 жылға қарай қол жеткізе алуы мүмкін.
Бүгінде кей өңірде баспанамен жабдықтау жағдайы орташа республикалық деңгейден де төмен: мысалы, Жамбыл (18,8 ш.м), Жетісу (19,9 ш.м) және Абай (20,4 ш.м) облыстары аутсайдер қатарында. Егер жаңа заң аймақтық құрылыс компанияларының пайда болып, дамуына жол ашса, бұл өңірлерде құрылыстың гүлденуіне серпін берілуі мүмкін. Онда өңірлер де ең ірі мегаполистеріміздің деңгейіне тартылып, белесін бағындырмақ. Бүгінде Астанада әр тұрғынға шаққанда 32,3, ал Алматыда – 30,6 шаршы метрден келеді. Яғни, қос бас қаламызда БҰҰ стандарты орындалды.
Елдос СЕНБАЙ