in

Үйлену тойына дайындалған: Алматыда ер адам болашақ жарының ағасына пышақ салған

Алматы қаласының Бостандық ауданында үйлену тойына дайындық кезінде болған отбасылық жанжалдың соңы пышақ жарақатымен аяқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Оқиға сауда орталықтарының бірінің автотұрағында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам мен болашақ жарының туған ағасы арасында жанжал туындаған. Салдарынан күдікті қарсыласына пышақпен дене жарақатын салған.

Полиция қызметкерлері күдіктіні оқиға орнынан көп ұзамай ұстады. Оның автокөлігін тінту барысында қылмыс құралы ретінде қолданылды деген пышақ табылып, тәркіленді. Айғақты заттар қылмыстық іс материалдарына тіркелді.

Жарақат алған азамат ауруханаға жеткізілді. Қазір оның жағдайы дәрігерлердің бақылауында.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тергеу аясында қажетті сот сараптамалары тағайындалып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жанжалға қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға тергеу қорытындысы бойынша беріледі.