in

Құрылғыдағы бала қауіпсіздігі

Ата-аналарға қауіпсіздік үшін баланы бақылауға кө­мек­тесетін бірқатар құрылғы бар. Ондай гаджеттер бала­ның орналасқан жерін бақы­лауға, қоңырау шалуға, SOS дабылын беруге, кейде ден­саулығын қадағалауға да мүм­кіндік береді.

Жаһандық цифрландыру дәуірінде барлық салаға инновациялық шешімдер, оның ішінде отандық нарыққа белсенді түрде еніп жатыр. Солардың бірі – балаларға қамқорлық жасау биометриялық сервисі AlaqanMektep. Бүгінде бағдарламаның 100 мыңнан аса қолданушысы бар. Өйткені бұл ата-аналар үшін өте тиімді, баласының мектепке кірген, шыққан уақытын қашық­тан бақылап, тіпті түскі тамақ ішкеніне дейін хабардар бола алады. Баланың мұндай әрекеттері ата-ана сматфонына хабарлама күйінде жіберіледі. Бұл жүйенің артық­шылығы балалардың жеке бас деректері сақталады. Оқушылар тек алақан тамыр­ларын сканерлеу арқылы мектепке кіріп-шыға алады. Мұндай әдіс балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, мектептердің заманауи технология талаптарына сай жұ­мыс істеуіне мүмкіндік береді. Одан бөлек, оқушының ас мәзірінен, қандай тамақ же­генін де көре алады. 

Қазіргі заманның қарқыны мен ақ­па­раттық ағынында ата-аналар үшін бала­сының амандығына көз жеткізу бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Бүгінде технологияның дамуы арқасында бұл мәселені жеңілдететін түрлі ақылды құрылғылар пайда болды. Мәселен, AirTag – таблетка пішіндес шағын құрылғы, Apple компаниясының өнімі. Оны кілтке іліп қоюға немесе баланың аяқ­киімінің ұлтарағына орналастыруға болады. Бұл құрылғы арқылы балаңыздың қай жерде жүргенін үнемі бақылап отыруға мүмкіндік бар. Сондай-ақ осындай функциялары бар қолжетімді қытайлық баламалары да сатылады. Геолокация деректері қасындағы iPhone арқылы алынады. Бұл құрылғы өздігінен интернетке қосылмайды. Бірақ жақын маңдағы iPhone немесе басқа Apple құрылғысы арқылы Find My (Табу) желісіне қосыла алады. AirTag-тың қосымша мүмкіндіктері де бар. Ол жоғалған затты табуға көмектеседі, мұндайда құрылғыдан сигнал шығады. Ал GPS-трекердің жұмысы  SIM-карта арқылы жүзеге асады: яғни, трекер үздіксіз байланыста болып, нақты геолокацияны сіздің смартфонға немесе арнайы қосымшаға жіберіп отырады. Қазіргі таңда балалардың интернет пен гаджеттерге еркін қол жеткізуі ата-аналар үшін жаңа жауапкершілік жүктеп отыр. Сол себепті көптеген компания ата-аналарға баласының цифрлық кеңістіктегі белсен­ділігін бақылауға мүмкіндік беретін арнайы қосымшалар әзірлейді. Мұндай бағдар­ламалар балаларды қашықтан бақылап қана қоймай, интернеттегі әрекетін қадағалауға, экран алдында өткізетін уақытын шектеуге және қажетсіз контенттен қорғауға бағыт­талған. Мәселен, Google Family Link қосым­шасы арқылы баланың экран алдында өткізген уақытын бақылап, жаңа қосымша­ларды орнатуға рұқсат беру немесе тыйым салу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар оның орналасқан жерін картадан көруге де бола­ды. Ал Find My (Apple) және Find My Device (Android) қызметтері арқылы баланың нақты орналасқан жерін бақылауға, қажет болған жағдайда құрылғыны қашықтан бұғаттауға мүмкіндік беріледі. Бұл – жоғал­тып алу немесе күдікті жағдай орын алған кезде ата-аналарға үлкен көмек. 

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің де өмірінің ажырамас бөлігіне айналып үлгергені қашан. Алайда онлайн кеңістікте кибербуллинг, алаяқтық және зиянды кон­тент сияқты қауіптер де аз емес. Осындай түрлі қауіптің алдын алуға көмектесетін қосымша бар. Мәселен, Insight – Telegram мессенджерінде жұмыс істейтін арнайы бот. Оның басты мақсаты – баланың интернет­тегі белсенділігін бақылап, түрлі онлайн қауіптердің алдын алу. Insight баланың қандай чаттар мен арналарға қосылғанын, қандай тақырыптарға қызығушылық танытып жүргенін талдап, күмәнді немесе қауіпті топтарға кіру әрекетін дер кезінде анықтай алады. Сондай-ақ бот алаяқтардың ықпал ету белгілерін, зиянды контентті және кибербуллинг қаупін тануға көмек­теседі. Бұл – баланың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді құралдарының бірі.

С.БЕГІМБАЙ