in

Құрылыс кодексі: қысыр сөзден қарқынды қимылға

Себебі бір жер учаскесінде 3-4 үй орналасады: ауыл, тіпті қала тұрғындары отау құрған баласына бақшаға арналған он сотық жерінде үй салып береді. Алайда бұл құрылысқа сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары мекемесінен рұқсат алмайды. Соның салдарынан бір жер теліміндегі үш үйдің тек біреуінің құжаты бар болып шығады. Мемлекет енді бұл тәжірибемен күресуге кіріспек.

Кемшіліктерді кодекс жоя ма?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты биылғы Жол­дауында құрылыс саласына жеке тоқталды. Жалпы, құры­лыстың цифрландыруға қандай қатысы бар? Бұл сектор да жан-жақты цифрлық өзгерісті бастан кешпек. Сол арқылы бір жағынан, эко­но­миканың осы базалық саласының ашық, айқын болуына, екінші жа­ғынан, қауіпсіз әрі орнықты да­муына қол жеткізу міндеті қойыл­ды. 

– Соңғы жылдары қарқынды да­мып келе жатқан тұрғын үй құрылысы саласына айрықша на­зар аударған жөн. Былтыр 19 мил­лион шаршы метр баспана пай­далануға берілді. Сонымен бірге құрылыс сапасын арттыру үшін жасанды интеллект техно­ло­гия­лары­ның – Building Information Modeling, BIM-нің көмегімен ғи­­мараттарды ақпараттық мо­де­ль­деу әдісін кеңінен қолдану ке­­рек. Үкімет құрылыстың бар­лық кезеңін толық есепке алуды, жос­­пар­лауды, оған мониторинг жүр­­гізуді қамтамасыз ететін ұлт­тық цифрлық платформаны іске қосуы қажет, – деді Президент.

Мәжілісте Құрылыс кодек­сі­нің жобасы 2023 жылғы желтоқ­сан­нан бері талқылану үстінде. Жыл­дар бойы жатқан бұл жоба­ның қабылдануына енді тың сер­пін берілді: Мемлекет басшысы соз­балаңға сала бермей, оны 2025 жылдың соңына дейін қабылдауды жүктеді.

Жаңа құжат әртүрлі заң мен НҚА-ларға бытырай жайыл­ған құрылыс нормалары мен ере­желерін реттеудің бірыңғай тетігі бо­лып, рәсімдердің ашықтығын қам­тамасыз ететін, нарықтың бар­лық қатысушысының қызме­тін жеңілдететін жүйеге айналуға тиіс.

«Қала құрылысы кодексі» ат­ты құжатты дайындап, мейлінше жыл­дам қабылдауды Президент 2022 жылы тапсырған болатын. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер па­латасы төралқасының Құрылыс және ТКШ комитетінің төрағасы Ирина Манжанованың мәлім­деуін­ше, отандық құрылыс бизне­сі әу бастан бұл кодекске үлкен үміт артты. Салаға қатысты заңна­мада олқылықтар өріп жүр. Оның бәрін жою, нормаларды бір құ­жат­та шоғырландыру, әкімшілік ке­дер­гілерді азайту маңызды. Жаңа құжат процестерді нақты жеңіл­дететін, нарықты барынша бол­жамды ететін құрал бола ала­ды.

Бүгінде Қазақстанда құрылыс қар­қын алды, оны Мемлекет бас­шы­сы да атап өтті. Тұрғын үй, ком­­мерциялық мүлік және инф­ра­­құрылым құрылысының көлемі артып барады. Сала ондаған мың маман мен жүздеген компанияны тартып, жұмыспен қамтып отыр. Сондықтан динамиканы құл­ды­ратпай, қайта қолдайтын зама­науи және түсінікті «құқықтық не­гізге», заңнамалық іргетасқа зәру. 

«Келісіп пішкен тон келте болмайды»

Өз кезегінде «Атамекен» өкіл­дері кодекс жоба­сы­ның қазіргі редакциясы бизнестің көңіліне алаң салғанын жеткізді. ҰКП Мәжілістен құжатты тал­қы­лауға кәсіпкерлік субъектілерін бел­сенді тартуды сұрады. Олар­дың пікірін депутаттар мен мем­ле­кеттік органдар міндетті түрде ес­керуі керек. Себебі кәсіби қо­ғам­дастықтың ұстанымынша, қа­зіргі күйде құжат процестерді жеңіл­детудің орнына басы артық рет­теу тудырады. Соның ішінде ко­дексте сала субъектілерін лицен­зиялаудың тиімсіз нор­ма­лары, инженерлік-техникалық қыз­мет­керлерді сертификаттаудың күр­делі тетіктері, өзін-өзі реттейтін ұйым­дар институтын енгізу және бас­қа да ережелер сақталатыны ерек­ше мазалап отырған көрінеді.

– Жаңа Құрылыс кодексінің маңызды жоба екені даусыз. Ол са­ланы болашақта қарқынды да­мытудың берік нормативтік ір­гетасын қабылдайды, алдағы өр­кен­деуге серпін береді. Бірақ со­лай болуы үшін құжатты мұқият пы­сықтау қажет. Президент ко­декс­ті жылдамдатып, жыл соңына дейін қабылдауды тапсырды. Уа­қыт аз қалды. Ал қазіргі редак­ция­сында кәсіби қоғамдастықтың алаң­дау­шылығын тудыратын ере­желер бар­шылық. Құжат мы­салы жоба­лаушылар мен сарап­тамалық ұйымдар жұмысының ерекшелігін толыққанды ескер­мейді. Бұл жеке сараптамалық ұйым санының ай­тарлықтай қыс­қаруына соқтыруы мүмкін. Про­цестерді шектен тыс бю­рок­ратия­лану қаупі сақ­тал­ды, – дейді Са­рапшылар ұйым­да­ры палата­сының төрағасы Бірлік Ережепов.

Бизнес қоғамдастық Пре­зи­денттің Жолдауында жа­рия­лаған BIM және өзге жасанды ин­теллект технологияларын жо­ба­лау сатысында қолдану баста­ма­сын құптайды. Ұлттық жоба­лау­шылар қауымдастығының пре­зиденті Мейірбек Жаманқұлов атап өткендей, бұл – инженерлік ше­шімдердің дәлдігін арттыруға, процестерді оңтайландыруға жә­не құрылыстың барлық кезеңінде тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.

Сарапшы Қазақстанда BIM-тех­нологияларды қолдану мәсе­лесі бірнеше жылдан бері сөз бо­лып келе жатқанына, бұл бағытта жаңа бастамалар қолға алынға­ны­на назар аудартты. Ірі құрылыс ком­­паниялары және жетекші жо­­­­­балау ұйымдары мұндай ЖИ тех­нологиясын ғимараттарды, тұр­ғын үй кешендерін жобалауда, құрылыстағы ықтимал қателерді бол­жауда және шығындарды азай­ту мақсатында табысты қол­да­нып жүр. 

Мысалы, жаңа пәтер алуға барған клиенттер құры­лыс компаниясы кеңсесінде тама­ша­лайтын әдемі постерлерді, таң­дай қақтырар видеороликті, ға­жайып технологиялық шешім­дерді бүгінде ЖИ де жасап береді. Алайда маманның айтуынша, осы технологияларды ауқымды енгі­зудің бірыңғай жүйелі тәсілі әлі күн­ге жоқ және бұл жағдай сала­ның елімізде өркен жаюын тежей­ді. Президенттің өзінің мәселе етіп қаузауының бір мәнісі осын­да.

– Ұлттық жобалаушылар қауым­­дастығы 2020 жылдан бері бір­неше рет зерттеу жүргізді. Оның қорытындысы көрсет­кен­дей, елде BIM-ге деген қызығу­шы­­лық жыл сайын өсіп келеді. Отан­дық жобалаушы компа­ния­лар BIM-ді әртүрлі деңгейде қол­данып жатыр. Бұл ретте ең көп қолданылатын құрал Revit сана­лады. Соған қарамастан Қазақ­стан­да BIM-дегі жобалық құжат­та­малардың сапасы төмендеу. 3 жыл ішінде мемлекеттік сарап­тамаға 100-ге жетпейтін көлемде ғана жоба ұсынылды. Оның бәрі бірдей оң қорытынды ала алмады. Яғни, сала дұрыс бағытта ілгерілеп келеді, бірақ әзірге жүйелі жолға қойылған жоқ, – деді Мейірбек Жаманқұлов.

Сарапшының ұстанымынша, Президенттің құрылыс саласына BIM және цифрлық шешімдерді жүйелі енгізу тапсырмасын табыс­ты жүзеге асыру үшін біріншіден, мем­лекеттік жүйелерге интег­ра­ция­лап ұлттық цифрлық плат­фор­ма құру қажет. Екіншіден, мем­лекеттік және инфрақұры­лым­дық жобаларда BIM-ді мін­дет­ті түрде қолдану үшін норма­тив­тік базаны жетілдіру, тиісті та­лаптар енгізу маңызды. Әйтпе­се, бұл сала НҚА деңгейінде жете рет­телмеген. 

Үшіншіден, осы саладағы кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін ма­мандарды оқыту және білікті­лі­гін арттыру керек. Төртіншіден, бизнеске шамадан тыс ауырт­па­лық түспеуі, олар бейімделе алуы үшін Құрылыс кодексінде өтпелі кезең белгілеген жөн. Сонда Қа­зақ­стан бұл салада халықаралық дең­гейде бәсекелесе алады және біз­дің мамандар ең жоғары стан­дарттарға сай объектілер жасауға көшеді. 

BIM-технология бәсекеде оздырады

«Атамекен» ҰКП басқарма төра­­ғасының орынбасары Назира Үсенова мемлекеттік қолдау ша­ра­ларынсыз сала даму жолында алысқа ұзай алмайтынын ескертті. Сон­дай-ақ отандық компаниялар үшін шетелдік озық бағдарла­ма­лық қамтылым мен жабдықтардың бағасын бюджеттен субсидиялап, арзандату, BIM енгізумен ай­на­лы­сатын мамандарды шетелде оқыту ұсынылды. Үсенова BIM енгізу мә­селелері 2026 жылдың 1 қаң­та­ры­нан бастап күшіне енетін Құ­ры­лыс кодексінің қазіргі жоба­сын­да қарастырылмағанын, сон­дықтан оны заң жүзінде бекіту керегін атап өтті.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин салада айқын­дылықты арттыру қажетін айтқан. Өйткені үлескерлердің қаржысын жинап, тұрғын үй құрылысын бі­тір­мей тайып тұратын алаяқтар кө­бейіп кетті.

Мұның сыртында үлескерлер асы­ғыс-үсігіс тұрғызылған тұрғын үй кешендерінің сапасыз салын­ға­нына, қабырғалардың жары­латы­нына, төбеден су ағатынына ша­ғымданады. Себебі қазіргі заң­нама бойынша, құрылыс ком­паниялары өзі салған құрылыс ны­санын өзі қабылдап алады жә­не оның сапасы үшін өзі жауап бере­ді. Өзін-өзі ақтамаған бұл ескі тә­жірибені тоқтату үшін Құрылыс ко­дексі жобасында мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау орган­дарының нысандарды пайда­лану­ға қабылдап алуы тәжірибесін қайта оралту көзделген. Бірақ бұ­ған «Атамекен» ұлттық пала­та­сы қарсы. Бизнес орта мұның соңы ғимаратты мемлекеттік қа­был­д­ап алу актісіне қол қоюы үшін сәулет-қала құрылысы бас­қар­масы ше­неуніктерінің пара дә­ме етуіне соқтырады деп санай­ды.

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы – «Қа­зақстан тұрғын үй компа­ния­сы» 2025 жылы тұрғын үй құрылы­сындағы көлеңкелі нарық үлесін бағалаудың қорытындысын шы­ғарды. Зерттеу 19 ірі қаланы, 606 салынып жатқан объектіні қам­ты­ды. Нәтижесі төбе шашты тік тұр­ғызады: бірнеше өңірде үлес­керлік құрылыстағы көлеңкелі схеманың үлесі 100%-ға жеткен.

Зерттеуге жүгінсек, 2025 жыл­ғы тамыздағы жағдай бойынша Қа­зақстандағы үлестік құрылыста «кө­леңкелі» нарықтың жалпы үле­сі 62,5%-ды құрады. 2024 жыл­мен (69,6%) салыстырғанда 7,1%-ға төмендеген. Қазір бой көтеріп жат­қан 606 объектінің тек 227-сін­де немесе 37,5%-ында әкім­­­­діктің тиісті рұқсаты мен Қазақстан тұр­ғын үй компаниясының кепіл­дігі бар. 2024 жылға қарағанда заң­ды, яғни барлық құжаты то­лық объекті саны 15,8%-ға өсті: 2025 жылы – 227, 2024 жылы – 196. «Көлеңкелі» объект саны 15,4%-ға азайды: 2025 жылы – 379, 2024 жылы – 448. 

«Көлеңкелі» нарықтың ең үл­кен үлесі Ақтау, Көкшетау, Қонаев, Петропавл, Тараз, Семей, Түр­кі­стан, Орал, Павлодар, Қызылорда қа­ласы мен Бесағаш ауылында тір­келген – көрсеткіші 100%-ға же­­­­­тіпті. Бұларда салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің бірде-бірі әкім­діктің рұқсатын алмаған, ҚТК кепілдігі де жоқ болып шық­ты. Өзге өңірлердің жағдайы да оңып тұрған жоқ: ең төмен көр­сет­кіш деген Шымкентте рұқсат­сыз са­лынып жатқан құрылыстың үлесі – 36,9%, Атырау қаласында – 45,5% және Астанада – 50,2%. 

Талдау нәтижесіне сілтеме жа­сай келе, «Қазақстан тұр­ғын үй компаниясының» бас­қарма төрағасы Алтай Күздібаев­тың айтуынша, саладағы оң ди­на­микаға қарамастан, Қа­зақ­­­­стандағы тұрғын үй құрылысында «кө­лең­келі» нарықтың үлесі тым жоғары бо­лып қалды. Осы және басқа мә­селелер кешенді, жүйелі шеші­мін табуы үшін салалық заңнамаға сауатты әрі жан-жақты реформа керек. 

Елдос СЕНБАЙ