Сұлтан тігінге былтырдан бері қызығып, алғашқы сабақтарды YouTube платформасынан алып бастаған. Алғашында джинсы маталардан сөмке, корсет, косметика өнімдерінің жинақ сөмкесі, алжапқыш секілді бұйымдарды тіккен. Бір жылдан кейін өз қолымен тіккен бұйымдар сұранысқа ие бола бастаған.
– Өз қолыммен дүние жасаған ұнайды. Бұл мені тыныштандырады. Ал адамдар сен тіккен затты сатып алған кезде ерекше қуаныш сезінесің, – дейді Сұлтан.
Қазір ол «Асыл мұра» жобасы аясындағы шеберлік сабағына қатысуда. Сұлтан – ондағы ең жас қатысушы. Көп жылдан бері құрақ көрпе тігу өнерін жас ұрпаққа үйретіп жүрген шебер Нұрғаным Жағыпарқызы Сұлтанның қабілеті жоғары екенін айтады.
– Сұлтанның ісмерлікке деген ықыласы мен талпынысы сүйсінтеді. Өз жұмысын ерекше ықыласпен орындайды. Бұл жай ғана тігін емес, бұл – ұрпақтар арасындағы алтын көпір. Осындай жобалар арқылы біз ұлттық мәдениетті жаңғыртып, түрлі жастағы адамды біріктіріп отырмыз. Біздің орталыққа келгелі Сұлтан құрақ көрпе тігуді жақсы меңгеріп алды, – дейді шебер.
Шебер Нұрғаным Жағыпарқызының айтуынша, құрақ көрпе – қазақтың ұлттық өнерінің айнасы. «Құрақ көрпе – қазақ халқының тұрмыстық қолөнерінің ерекше түрі. Бұл төсек жапқыш немесе жамылғы ғана емес, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан өнер мен даналықтың символы. Құрақ көрпе жасауда әрбір бөлшек – тарих, әрбір тігіс – тағылым, әрбір өрнек – өмірдің бір бөлігі.
– Қазақ халқының қолөнерінде құрақ құрау ежелден бар. Бұрынғы кезде киім-кешек, үй мүлкі, төсек-жабдықтардың қалдық маталарын тастамай, олардан құрақ құрап, көрпе, жастық, жамылғы, шымылдық секілді бұйымдар жасаған. Бұл – үнемшілдіктің ғана емес, эстетикалық талғам мен шығармашылықтың да көрінісі. Осындай ерекше өнерге жас та болса Сұлтанның ден қоюы өте ерекше құбылыс, – дейді шебер Нұрғаным Жағыпарқызы.
Оның айтуынша, құрақ көрпенің түрлері мен мән-мағынасына терең үңілсек, көп нәрсеге қанығуға болады.
«Құрақ көрпе кездейсоқ жасалмайды. Әр өрнектің өзіндік мағынасы бар. Мысалы, «шырша» құрағы – өмірдің жалғастығын білдіреді. «Қызғалдақ» немесе «гүл» құрағы – нәзіктік пен сұлулықтың белгісі. «Жұлдыз» құрағы – жарық пен бағыт-бағдарды бейнелейді. «Тұмарша» – тіл-көзден сақтайтын тұмар іспеттес. Мұндай құрақтардың көпшілігіне аналарымыз, әжелеріміз жақсы тілек, ниет арнаған. Сұлтанға тек құрақ тігуді үйретіп қана қоймай, халқымыздың асыл мұрасының тәрбиелік мәні туралы да жеткізгім келеді. Себебі құрақ көрпе – қазақ халқының тарихын, мәдениетін, дүниетанымын танытатын баға жетпес мұра. Оны жасау арқылы біз тек шеберлік танытпаймыз, ата-бабаларымыздың рухани байлығын жаң-ғыртамыз. Сондықтан құрақ көрпе – ұлттық кодымыздың бір бөлшегі», – дейді шебер.
Сұлтан шеберлік сабағына өз тігін машинасымен қатысып жүр. Анасы Жанар Темірғали да ұлының бұл хоббиіне үлкен қолдау көрсетіп келеді.
– Сұлтан – егіздің сыңары. Сыңары Бейбарыс спортпен айналысады. Ал Сұлтанның таңдауы қолөнер саласына түсіп тұр. Алғашында қарындасына көйлек, корсет тігіп жүрді. Жай қызығушылық болар деп мән бермедім. Кейін Сұлтанның тіккен бұйымдарына туған-туыстарым мен жұмыстастарым назар аударып, оларды сатып ала бастады. Баламның бойында шынайы талант бар екенін сол кезде түсіндім. Өзіне арнайы тігін машинасын да алып бердік. Қазір өзі цех ашуды армандайды. Шетелде оқығысы келеді. Біз тек қолдаймыз, – дейді анасы.
Атырауда жүзеге асып жатқан «Асыл мұра» жобасы бастама қолөнерді, өзін-өзі жұмыспен қамтуды және мәдени мұраны қолдауға бағытталған. Қала өміріне бейімделіп, дәстүрлі өнерден алыстап бара жатқан жастар арасында Сұлтан секілді шеберлер ұлттық құндылықты сақтап қалуға деген үміт пен сенімнің белгісі. Жас шебердің арманы – әйгілі сән дизайнері атанып, ұлттық нақыштағы заманауи киімдер тігу. Сұлтанның ұмтылысы мен еңбегі осылайша бүгінде көпке үлгі болып отыр.
Баян ЖАНҰЗАҚ,
Атырау облысы