in

Қосымша білімге қатаң сүзгі қажет

Осы арқылы мемлекет тарапынан қосымша бақылау орнатылды. Мұның сыртында үйірме-секцияларға қатысты бірыңғай ваучер жүйесі өмірге жолдама алды. Осының арқасында енді бюджет ақшасы әрбір баланың соңынан «ереді». 

Дау-шарды ваучер шеше ме?

Соңғы өзгеріс алдымен 6 қалада сы­налады. Маусым-тамыз аралығында спорт, өнер және қосымша білім беру бағыт­тарында бірыңғай ваучер жүйесін енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды. 

Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауын­ша, пилоттық жоба Астана, Шымкент, Қарағанды, Қызылорда, Атырау және Ақтөбе қалаларында өтеді. Негізгі мақсат – мемлекеттік және жекеменшік спорт секцияларын, шығармашылық үйірмелер мен қосымша білім беру курстарын бірыңғай цифрлық платформаға біріктіру. Сонда ата-аналар қажетті үйірме-секцияны бір жерден таңдап, баласын тіркете алады. 

Жобаның маңызды жаңалықтарының бірі – бірыңғай кезектің енгізілуі болды. Енді балалар 12 санат бойынша кезекке қойылады, онымен әлеуметтік осал топтағы және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар да қамтылған. Бұл ретте ваучерлер ең алдымен аз қамтылған және мүгедектігі бар балаларға ұсынылады. Қалғаны өзге санаттар арасында үлестіріледі. 

– Шешуші жаңашылдық – ваучер енді ұйымға емес, балаға бекітіледі. Бұл бала­ларға спорт, шығармашылық және білім беру бағыттары арасында, мысалы, үйірме ұнамаса, спорт секциясына еркін ауысуына мүмкіндік береді. Яғни, қаржыландыру сақталады. Бұрынғыдай балаға қайтадан кезекке тұру талап етілмейді, – деді Оқу-ағарту министрінің орынбасары Майра Мелдебекова.

Тағы бір жаңашылдық – білім беру және шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларына бюджет ақшасы әрбір ай аяқталған соң балалардың қатысу фактісі бойынша ғана төленеді. Вице-министр қызмет ақысын мемлекеттің тек нақты көрсетілген сабақ үшін төлейтінін растады. 

Әрбір баланың сабаққа қатысуы цифрлық жүйе арқылы күн сайын тіркеліп, қадағаланады. Ата-аналар баласына бөлінген бюджет қаражатын төлем түрінде тікелей өзі таңдаған үйірмеге бағыттайды. Білім шенеунігінің сендіруінше, мұндай тәсіл артық есептілікті болдырмай, үдерісті ашық әрі әділ етеді.

Жоғарыда айтылғандай, егер үйірме ба­лаға ұнамаса немесе оның шығарма­шылыққа бейімі болмаса, онда ата-анасы құжатты қайта тапсырмай-ақ басқа ұйымды не спорт секциясын таңдай алады. Осыған бола баланың ваучерінің күші жойылмайды. Демек, ендігі бастысы  ваучерге қол жеткізу болмақ. 

– Бұл өзгерістер – жүйенің икемділігін арттырып, баланың мүддесі мен қажет­тілігін ескеруге жол ашады. Біз мемлекеттік тапсырысты субъективті үлестіру тәжіри­бесінен бас тартамыз. Енді барлық талапқа сай ұйымдар цифрлық платформа арқылы өзі өтінім бере алады. Арнайы комиссия тексеріс жүргізіп, кәсіпкерді тізімге енгізу туралы шешім қабылдайды, – деді Майра Мелдебекова.

Жаңа ережелерге сәйкес, үйірме мен спорт секциясын ашқан кәсіпкерлерге бірнеше талап қойылады. Біріншіден, балалардың сапалы дамуын, өнер, білім мен спортты игеруін қамтамасыз ететін қауіпсіз инфрақұрылымы болуы, екінші­ден, санитарлық және өртке қарсы норма­лардың сақталуы, үшіншіден, мемлекет бекіткен білім беру бағдарламалары, төр­тіншіден, білікті мамандары болуы қажет. 

Сондай-ақ бюджеттік қаражатты тек нысаналы мақсатына сай жұмсауға тиіс. Қатысушылардың келуі күнделікті түрде платформада цифрлық форматта тіркелуі керек. Ал бірыңғай платформа қаражаттың жұмсалуын ашық көрсетуді, процестерді автоматтандыруды, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық пен алаяқтық схемаларын азайтуды қамтамасыз етеді. 

Мыңдаған жалған «қатысушы» табылды

Жалпы, 6 қаладағы сынақ қорытынды­сын­да жаңа жүйе жетілдірілмек. 

– Жаңа модель – бұл тек техникалық жаңғырту емес, жүйені ашықтыққа, әділеттілік пен икемділікке бағыттайтын түбегейлі өзгеріс! Барлық мүдделі тараптың ұсыныстарын жинап жатырмыз. Қажет болса, қайта қарап, жүйеге өзгеріс енгізуге дайынбыз! – деген вице-министр пилоттық жоба нәтижесінде барлық ұсыныс пен тәжірибені ескеріп, алгоритмді кемеліне келтіруге уәде етті. Содан соң жаңа жүйе республика бойынша кезең-кезеңімен жаппай енгізілетін болады.

Ал Мәдениет және ақпарат министрлігі бірыңғай ваучер жүйесі бұрынғы жүйенің олқылықтарын жоюға бағытталғанын атап өтті. Мемлекет жыл сайын шығармашылық үйірмелерге, спорттық секцияларға және қосымша білім беру бағдарламаларына балалардың кең қатысуы үшін ондаған миллиард қаржы шығындап келеді. Алайда биыл жүргізілген тексерістер барысында қаптаған «күрделі заңбұзушылықтар» әшкереленген. 

«Атап айтсақ, көбірек ақша игеру үшін балаларды жалған тіркеу, қосып жазу ар­қы­лы қатысушылар санын жасанды көбейтіп отырған. 164 секцияда сабақтар қарапайым пәтерлерде, санитарлық талаптарға сай келмейтін жертөледе және өзге тұрғын үй-жайда өткізілген. 6 өңірде бұрын сотталған­дардың балаларды оқытуының 20 жағдайы тіркелді. Сондай-ақ 8 мыңнан астам бала­ның жүйеде тіркелгенімен, сабаққа қатыс­пайтыны әшкереленді.  Бұл фактілер алаяқтыққа, жалған есеп жүргізуге және бюджет қаражатын жымқыруға жол беріл­генін көрсетеді», – деді Мәдениет минис­трлігіндегілер. 

Бірыңғай ваучер жүйесін енгізу бойын­ша пилоттық жоба осындай заңбұзушылық­тардың алдын алуды және балалар үшін қауіпсіз әрі сапалы жағдай туғызуды көздейді. Мәдениет ведомствосы да жаңа жүйенің бір ерекшелігі ретінде ваучердің бұдан былай білім беру ұйымына емес, тікелей балаға берілетінін атады.

Бірыңғай ваучердің екі түрі болады. Біріншісі – нысаналы ваучер, ол мем­лекеттік мекемелерге, мемлекеттік үйірме мен секцияларға баратын балаларға бері­леді. Олардан кезекке тұру талап етілмейді. 

Екіншісі – әмбебап ваучер, ол басқа барлық балаға арналған. Олардың ата-анасы осы ваучер арқылы жекеменшік ұйымды цифрлық форматта таңдай алады. Мұндай ваучер бойынша кезек баланың жасы мен отбасының әлеуметтік мәртебе­сіне сәйкес қалыптасады. Мысалы, әлеу­мет­тік осал санаттағылар бірінші кезекте алады. 

Жоба ведомствоаралық сипатқа ие, оған бірден 4 министрлік бірлесе жетек­шілік етеді. Тарата айтқанда, Мәдениет және ақпарат министрлігі шығармашылық бағытқа жауапты. Туризм және спорт ми­нистр­лігі спорттық секцияларды үйлес­тіреді. Оқу-ағарту министрлігі қосымша білім беру үйірмелерін бақылайды. 

Ал Цифрлық даму министрлігі жобаны техникалық сүйемелдеуді және цифрлық инфрақұрылымын жетілдіруді жүзеге асырады. Мемлекеттік органдар бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді пайда­ланылуының тың тетіктерін енгізу бойын­ша жүйелі жұмысты жалғастырмақ. 

Face ID мәселені ушықтырмас па?

Реформа аясында 2024 жылғы 30 жел­тоқсанда Мемлекет басшысы Парламент қабылдаған «Кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік наградалар, білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойған болатын. 

Биылғы жылы толыққанды күшіне енген заңға сәйкес, мемлекеттік білім беру тапсырысын орындайтын немесе бюджет қаражаты есебінен ұсталатын қосымша білім беру ұйымдары үшін ашылар кезде «хабарлама жасау тәртібі» енгізілді. Осы арқылы біріншіден, әрбір жергілікті білім ведомствосы өзі жауапты ауыл, аудан, қала мен облыс аумағында қанша үйірме-секция барын біліп отырады. Екіншіден, жаңадан ашылғанына тексеріспен бара алады. 

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев­тың айтуынша, бүгінгі күні орта білім (жеке мектептер) және техникалық-кәсіптік білім беру (колледждер) лицензияланады. Мектепке дейінгі білім беруде (балабақша­ларда) хабарлама жасау тәртібі қолда­ныла­ды. Алайда қосымша білім беру жүйесінде (үйірмелер мен секцияларда) лицензиялау да, хабарлама жасау тәртібі де болмады. 

– Осыған орай қосымша білім беру қызметтерін ұсыну сапасын арттыру және балалардың қауіпсіздігін бақылау үшін заңға бұлар үшін де хабарлама жасау тәртібі енгізілді. Қосымша білім беру ұйымдары енді рұқсат құжаттарын ұсына отырып, білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменттерді өз қызметінің басталғаны немесе тоқта­тылғаны туралы хабардар етуге міндетті болады. Мұндай тәсіл халықаралық тәжірибеде қолданылады. Тіпті, кей мем­лекетте олардың жұмысы лицензияланады, – деді Ғани Бектайұлы.

Қалаулылар бұл қадамға мәжбүрліктен барып отырғанын жеткізді. Себебі елімізде нақты қанша үйірме мен секция барын бірде-бір мемлекеттік мекеме тап басып айта алмаған. «AMANAT» фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ елімізде балаларға арналған мыңдаған қосымша білім беру ұйымы, түрлі дамыту орталығы, мектептен тыс бағдарламалар, тілдік және өзге қосымша дамыту курстары жұмыс істейтінін еске салды. 

Бұған дейін олардың қызметін де, бағасын да ешкім бақылауда ұстамады. Мына заң бұл кемшілікті түзетеді деген үміт бар. Сонымен қатар депутаттың түсін­діруінше, осы хабарлау тәртібін бұзғаны үшін 25 АЕК (2025 жылы 98 300 теңге) мөлшерінде айыппұл салу көзделген. 

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фрак­ция­сының мүшесі Мархабат Жайымбетов тағы бір былыққа назар аудартты: бір ғана Қызылорда облысында Artsport бағдар­ламасы бойынша тексеріс пен бақылау арқылы 18 миллиард теңге үнемделген. Әйтпегенде, сонша ел қаржысы жемқор­ларға жем болатын еді.

– Аталған аймақта «Артспорт» арқылы үйірмелерге келген балаларды Face ID-мен тексерген. Ол – бақылаудың мықты бір әдісі. Соның нәтижесінде бір аймақ 18 миллиард теңге үнемдеп отыр. Бұл бір аймақта ғана! Оны 20 аймаққа көбейтсек, жүздеген миллиард теңге үнемдеуге болады. Үйірме-секцияларға кім кіріп, кім шығып жатқанын қадағалау керек. Бірақ бұған Цифрлық даму министрлігі қарсы көрінеді, – деді депутат. 

Мұны оның бірқатар әріптесі де құптамайды екен. «Қосымша білім беру ұйымдарында да, балабақшаларда да Face ID-ді, яғни әрбір баланың бет-жүзін танитын технологияны жаппай енгізу ұсы­нылып келеді. Бәлкім, жоба жаман емес те шығар. Алайда бізде Ата Заң бар, заңнама бар, оларда адам құқықтары бекітілген. Мы­салы, адамды рұқсатынсыз фото, ви­део­ға түсіруге болмайды. Балаларының бет-жүзін цифрландырып, оны пайдалануға ата-аналардан рұқсат сұралды ма? Қарсы болса, баласын қуып шыға ма? Бұл – өте маңызды мәселе. Егер біз оны барлық жер­де енгізсек, мұның бәрі заңды, заң аясында болуға тиіс», – деді Мәжіліс депутаты Ай­туар Қошмамбетов.

Ресми статистикаға сай, республика бойынша шамамен 1 713 қосымша білім беру ұйымы бар деп есептеледі. Алайда мемлекеттік тапсырыс 3,5 мыңдай ұйымда орналастырылған. Осының өзі саланы тәртіпке келтірудің қажеттігін көрсетсе керек. Бұл бағытта іс-қимыл басталып кеткенге ұқсайды.

Айхан ШӘРІП