in

Қолөнершілерге арналған маркетплейс іске қосылды

Шығыс Қазақстанда киізден, ағаштан, былғарыдан ерекше бұйымдар жасап, ұлттық киімдер, әшекейлер мен кәдесыйлар дайындайтын талантты қолөнершілер аз емес. Алайда олардың көпшілігі үшін басты мәселе – сатып алушыларды табу және өз өнімдерін нарыққа шығару, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Жаңа SHEBER платформасы қолөнершілерге бөлшек саудадағы сатып алушылармен қатар корпоративтік тапсырыс берушілерге де тікелей шығуға мүмкіндік береді. Яғни шеберхананың қай жерде орналасқанына қарамастан, өз өнімдерін бүкіл Қазақстан бойынша сатуға жол ашады.

Маркетплейстің басты артықшылықтары – тауарларды тегін орналастыру, сатылымнан комиссия алынбауы және төлемнің тікелей сатушының шотына түсуі.

Платформаға өз қолымен бұйым жасайтын шеберлер тіркеле алады. Негізгі талаптар – жеке кәсіпкер (ЖК) немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) ретінде тіркелу, шеберхананың Қазақстан аумағында орналасуы, өнімдердің өзіне тиесілі фотосуреттерінің болуы және банк шотына тыйым салынбауы. Өзге өндірушілердің бұйымдарын қайта сатуға, өнеркәсіптік және импорттық өнімдерді орналастыруға жол берілмейді.

Тіркелу толықтай онлайн форматта жүргізіледі. Ол үшін SHEBER мобильді қосымшасын жүктеп, өзі және өнімдері туралы мәліметтерді толтырып, модератордың тексеруінен өту жеткілікті. Өтінім мақұлданып, интернет-эквайринг қызметі қосылғаннан кейін шебер өз бұйымдарын сатуды бастай алады.

Қосымшаны жүктеу сілтемелері  App Store  мен   Google Play-де бар.

Шығыс Қазақстан үшін, әсіресе шалғай ауылдардағы қолөнершілерге SHEBER шағын бизнесті дамытудың, ұлттық қолөнер дәстүрлерін сақтаудың және жергілікті шеберлердің өнімдерін кеңінен танытудың қосымша құралы бола алады.

Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасы өңір қолөнершілерін SHEBER платформасына тіркелуге шақырады. Палата мамандары тіркелу және платформаға қосылу мәселелері бойынша кеңес береді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.