Өйткені «Заң және тәртіп» қағидасының өзі бірінші кезекте халықтың алаңсыз әрі тыныш тіршілік етуін қамтамасыз етуге бағытталған. Заманауи үлгіде толықтай жабдықталған бейнебақылау камералары елдің қай аймағында болмасын елді мекендердегі түрлі құқықбұзушылық пен қылмысты дер кезінде анықтап, бұзақыларды заңға сәйкес жауапкершілікке тартуға мүмкіндік берген. Осы орайда Ақмола облысындағы Жедел басқару орталығы да тәртіп пен тұрақтылық тірегіне айналды десек қателеспейміз…
Ақмола облысы – еліміздің геостратегиялық тұрғыдан аса маңызды өңірлерінің бірі. Мұнда ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті сақтау – мемлекеттіліктің берік іргетасына айналғанын атап өткен жөн. Қазір бұл міндетті абыроймен атқарып отырған полиция мен басқа да құқықтық құрылымдардың алдыңғы шебінде – жедел басқару орталығы тұр.
Күн демей, түн демей тынымсыз жұмыс істейтін бұл орталық – тек полицияның емес, тұтас қоғамның тыныштығын қамтамасыз ететін сенімді қалқан десек артық айтқандық болмас. Құқықбұзушылықтың алдын алып, болған жағдайға жедел әрекет ету – орталықтың негізгі мақсаты. Оның қызметі бүгінде адам саудасы мен тұрмыстық зорлық-зомбылық, сыбайлас жемқорлық пен діни экстремизм, нашақорлық пен есірткі бизнесі сияқты қауіпті құбылыстармен күресте шешуші рөл атқарып келеді.
Қоғамдық тәртіптің тірегі
Ақмола облысының орталығы – Көкшетау қаласында орналасқан жедел басқару орталығы – заманауи технологиямен жабдықталған, қызметін еш үздіксіз жалғастыратын ерекше мекеме. Қаладағы қоғамдық тәртіп пен құқықтық ахуал тәулік бойы онлайн режимде бақылауға алынған. Мұнда «102» жедел желісіне келіп түскен әрбір қоңырау қатаң тіркеліп, тиісті бөлімге бағытталады. Қоңыраудың дыбыстық жазбасы жүргізіліп, аға инспектор оқиға сипатына қарай полицияның жедел топтарын шұғыл түрде оқиға орнына жіберуі әдетке айналған.
Бейнебақылау инспекторы Самат Ахметовтың айтуынша, бір тәуліктің өзінде 300-ге жуық қоңырау келіп түседі. Бұл – тұрғындардың полицияға деген сенімінің нығайғанының айқын көрсеткіші.
– Полиция қызметі – үнемі дайындықты, шапшаңдықты, жауапкершілікті талап ететін аса күрделі міндет. Әр күн – жаңа жағдай, жаңа сынаққа толы болады. Сондықтан мұнда қызмет ететін әрбір тәртіп сақшылары өзіне жүктелетін зор жауапкершілікті сезініп әрқашан салқынқанды, әрі үлкен қырағылықпен қызмет етеді, – дейді Самат Ахметов.
Технология мен сенімнің үндестігі
Полицияның ұсынған мәліметтеріне сенсек, бүгінде қала аумағында 300-ге жуық стационарлық және қозғалмалы бейнебақылау камералары орнатылған. Олар тек көше қиылыстарын ғана емес, адам көп жиналатын алаң мен әлеуметтік маңызы бар нысандарды да толық қамтиды. Бұл – қоғамдық тәртіпке төнетін қауіптің алдын алуға және құқық бұзушыларды жедел анықтауға мүмкіндік береді.
Тәртіп сақшыларының есептеріне сәйкес, жаз мезгілінде велосипед ұрлығы, қоғамдық орында жасалатын ұсақ құқықбұзушылықтар көбейетіні байқалады. Мұндай жағдайларда бейнебақылау жүйесі оқиға орнын нақты анықтап, кінәлілерді анықтауда аса маңызды әлі бұлтартпас дәлелге айналған.
Полицияның мәліметінше, соңғы жылдары жаңа технологиялық жабдықтауға баса мән берілуі салаға тың серпін беріп, тәртіп сақшыларының қауіпсіздікті қамтамасыз етуіне мол мүмкіндік беріпті. Мәселен, биыл енгізілген Target Eye интеллектуалды жүйесі – бейнебақылау мүмкіндіктерін жаңа деңгейге көтерген. Жүйе адамның бет-әлпетін 99 пайыз дәлдікпен тануға қабілетті. Әсіресе, сауда ойын-сауық орталықтарында, теміржол вокзалдары мен автобус бекеттерінде бұл – қауіптің алдын алуға арналған басты құралға айналғанын атап өткен жөн.
Қылмыспен күрес – үйлесімді әрекет
Жедел басқару орталығының бағыттау инспекторы Ержан Әлібековтың айтуынша, орталықтың тағы бір өте маңызды функциясы – автопатруль қозғалысын нақты GPS арқылы бақылау.
– Әр автопатрульдің өз аумағы бар. Біз олардың қай жерде екенін, қанша уақыт бойы оқиға орнында жұмыс істегенін нақты бақылап көріп отырамыз. Бұл – кезекші топтың тиімділігін арттырып, оқиға орнында нақты әрі жедел әрекет етуге жол ашады, – дейді полиция инспекторы Ержан Әлібеков.
Сонымен қатар орталық медицина мекемелерімен, төтенше жағдайлар қызметімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Бұл – оқыс оқиғалар кезінде кешенді түрде әрекет етуге, адам өмірін сақтап қалуға, төтенше жағдайдың ауқымын шектеуге көмектеседі.
Жедел басқару орталығының жұмысындағы ең күрделі міндеттердің бірі – күн сайын келіп түсетін ақпарат ағынын тиімді саралап, оны тиісті құрылымдарға шұғыл жеткізу. Бұл – тек техникалық қана емес, кәсіби дағды мен адами факторға байланысты процесс.
Мұндағы мамандардың бір сәтке де босаңсуға хақы жоқ. Себебі олардың жұмыс нәтижесі – тұтас қоғамның тыныштығы мен тұрақтылығының кепілі. Ел ішінде ұлттық қауіпсіздікке төнетін кез келген қатердің алдын алу – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл халықтың ортақ міндеті десек те қателеспейміз.
Ақмола облысындағы Жедел басқару орталығының қызметі – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жарқын үлгісіне айналған. Бұл орталық – терроризм мен діни экстремизмге, есірткі бизнесіне, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен адам саудасына қарсы күресте сенімді серік екені даусыз. Қоғамдық тәртіптің бұзылуына жол бермеу арқылы тәртіп сақшылары азаматтардың еркін өмір сүруіне, қорғансыз жандардың құқығын қорғауға, балалар мен әйелдердің қауіпсіздігіне нақты кепіл бола алады.
Осы орайда мемлекет тарапынан құқық қорғау саласына көрсетіліп отырған қолдау – техникалық жарақтандырудан бастап, кадрлық әлеуетті арттыруға дейінгі кешенді жұмыстардың зор нәтижеге жетуіне себепкер болғанын атап өткен жөн. Ал жедел басқару орталығы – осы қолдаудың нақты жемісін көрсететін, тәуелсіз еліміздің тыныштығын күзеткен кәсіби құрылым.
P.S.
Тәртіп пен тұрақтылық – дамыған мемлекеттің басты шарттарының бірі. Ақмола облысындағы Жедел басқару орталығының жұмысын саралай отырып, біз жалпы Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде ілгерілеуіне зор үлес қосып отырғанын байқаймыз. Сондықтан бұл – тек өңірлік емес, ұлттық маңызы бар стратегиялық құрылым. Қоғамдық қауіпсіздік пен ұлттық бірлікті сақтау жолында осындай орталықтардың рөлі күн санап артып келеді. Олардың әр күні – ел азаматтары үшін бейбіт таң мен тыныш түн…
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы