in

Қасиетті ағаштың қадірі

Алайда 2013 жылы жарияланған мораторий 2018 жылға дейін тұрғындарды «тұсаулап» қойды. Бес жылға белгіленген шектеу шаралары 2018 жылы аяқталады деп күтілгенімен, Үкімет мораторийді тағы бес жылға созды.

Межелі мерзімге жеткенде жұрт «енді сексеуіл жағамыз» деп үміттенген. Алайда мемлекет көптің көңілін су сепкендей басып, бес жылға тағы «шынжырлады». Осылайша, халық он жыл бойы үміт жетегінде жүріп, 2023 жылға бір-ақ жетті. 2024 жылдың қаңтарында қыстан қысылған халық сексеуіл жинауға шыққан еді, қорықшылар орман қорына аттап бастырмады. Тұрғындар мораторий мерзімі аяқталғанын алға тартқанымен, орманшылар шыбық отын бермеді. Қолдарында шектеу туралы құжаттары болмаса да, қорықшылар халықты сексеуілге жолатпады. Ашынған халық 2025 жылдың қысында бас көтерді. Ол кезде де оларға жергілікті билік тарапынан оңды түсініктеме берілмеді. Тек «сексеуіл кесуге тиым» деген тақтайша алдарынан шықты. Енді биыл қалай болмақ? Әлде, отын жинауға рұқсат беріле ме? Бұл сауалдармен Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқар­масының есігін қақтық. 

– 2023 жылы мораторий мерзімі аяқталғаны рас. Алайда Үкімет кейін шектеу шараларын тағы 5 жылға созды. Яғни, мораторий 2028 жылдың желтоқсан айында алынады. Оған дейін бір тал сексеуіл сындыруға рұқсат жоқ. Осы жағын халық түсінбей отыр. Біз орман қорына халықты кіргізе алмаймыз. Себебі мораторий уақыты ұзартылған. Алайда егер тұрғындар өтініш берсе, бір отбасы­на 4 текше метр шірік сексеуілді орман­шылар жеткізіп береді. Бірақ сексеуілдің текше метріне 10-15 мың теңге аралығын­да төлеуге тиіс, – дейді Жамбыл облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пай­далануды реттеу басқар­масының Орман шаруашылығы және жану­арлар дүниесін қорғау бөлімінің бас­шысы Әділ Жақыпов.

Негізі, мұндай жүйе бұрындары да бар еді. Алайда 4 текше метр шірік сексеуілмен бір қыстан шығу мүмкін емес екенін мамандардың да іші біліп отыр. Оған қоса, осы 4 текше метр сексеуіл үшін талас-тартыс туып, арты жылда айқай шумен аяқталып жатады. Сондықтан шірік сексеуілді неге халықтың өзіне қажетіне қарай жинатпасқа? Бұқараның бір өтініші де осы болуда. 

– Осы сексеуілге қатысты мәселенің соңы жылда айқай-шуға ұласуда. Өтініммен берілетін 4 текше метр сексеуілмен бір қыстан шығу мүмкін емес. Шірік отын болғаннан кейін ол тез жанып кетеді. Оған қоса, былтыр осы 4 текше метр сексеуілге өтінім қабылданғанымен, оны орман шаруа­шылығы мамандары жеткізіп беремін дегенше қыстың бел ортасы болды. Өйткені өтінім берушілердің саны өте көп. Содан «бірінші маған әкел», «мен көпбалалы отбасымын» деген сияқты талас-тартыс болып, ауылдағы ағайын бір-бірімен қырықпышақ болды. Халықты қырқыстырмай осы сексеуілдің шірігі болса да тұрғындардың өзіне жинауға рұқсат берілсе бұқараға көп демеу болар  еді,  – дейді  Мойынқұм ауылының тұр­ғыны Ерлан Құдабаев. 

Иә, халықтың сұранысы орынсыз дей алмассың. Бір аудандағы санаулы орманшылар тұтас елді мекен тұр­ғындарының өтінішін қанағаттан­ды­рып, шірік сексеуіл жеткізіп береді дегенге сену қиын. Сондықтан шірік отынды халықтың өзіне жинату – құлаққа кіретін дүние. Алайда Орман шаруа­шылығы және жану­арлар дүниесін қорғау бөлімінің бас­шысы Әділ Жақыповтың айтуынша, бұған түбегейлі тиым салынған екен. Сол себепті бұл түйіннің түйінін тарқату биік мінбердегілердің қолында болып тұр. 

Мұндайда енді қайтпек керек? Амалы таусылған тұрғындар тағы қымбат көмірге ұрынатыны анық. Қазір Жамбыл облы­сында көмір бағасы 15-20 мың теңге аралығында болып тұрса, қыс қаһарына мінгенде 30-40 мың теңгеге бір-ақ шарықтайды. Бір қыстан шығу үшін кемі 10 тонна көмір қажет болса, сонда тұрғындар 400 мың теңгеге қатты отын сатып алу қажет. Қазіргідей қиын заманда мұндай соманы бар адамның өзінің қалтасы көтере бермейтіні айқын. Оған қоса, көмірді қыздыру үшін сексеуіл жаңқасы қажет. Оны тағы 40-50 мың теңгеге сатып аласың. Ол сексеуіл бір қысқа жетеді деп тағы айта алмайсың. Сонда үш ай қыстан шығуың үшін кемі жарты миллион ақшаң кететіндігі анық болуда. 

Облыс орталығынан шалғай орналасқан Мойынқұм ауданындағы Жамбыл, Амангелді, Құмөзек, Талдыөзек, Байтал, Шығанақ, Назарбек, Көктерек, Биназар, Хантау, Мойынқұм, Ақбақай сынды ауылдар осы таңға дейін ең болмаса шірік отын мен көмір жағып күнелтсе, Мыңарал мен Қашқантеңіз ауылдарында жағдай қиын. Мұнда сексеуіл отыны сирек өсетіндіктен, одан шірігі қалуы екіталай. Сондықтан тұрғындар жаз бойы баялыш шөбін теріп, қыста соны жағады. Ал баялыш шөбі тез жанып кететіндіктен, оның қуаты көпке жетпейді. Сол себепті халық те­зек теріп, қарағай да жинайды. Оның да жылуы шамалы екені белгілі. Тезек бықсып жататын болса, қарағай «лап» етіп тез жанып кетеді. Содан тұрғындар тасымал құны екі-үш еселенген қымбат көмірге барып ұрынады. Егер Үкімет Мыңарал мен Қашқантеңіз тұрғындарына бар сексеуілді кесіп жағуға рұқсат берсе, бұқараның жағдайы шамалы болса да түзелер ме еді. 

Сарысу ауданындағы Шығанақ, Қам­қалы, Жайлаукөл сынды ауыл тұрғын­дарының да күні көмірге қарап отыр. Аталған елді мекендер де аудан орталы­ғынан шалғай орналасқандықтан әрі жолдың нашарлығынан көмір тасымал­даушылар бағаны шарықтатып өсіріп жіберген.                

Қазір Жамбыл облысында көгілдір отынмен қамтылған ауылдардың саны 50 пайыздан әзер асады. Мойынқұм ауданына биыл көгілдір отын құбыры тартылып жатқаны туралы қуанышты хабар жетті. Алайда ол елді мекендерге қашан жететіні белгісіз. Осыдан бірнеше жыл бұрын газ құбыры жүргізілген Шу ауданының өзінде ауылдар көгілдір отынға толық қосылмағанын ескерсек, мойын­құмдықтар бірер жылдың бедерінде газ жағады дегенге сену қиын. Сондықтан ондағы халық әзірге шірік отын мен көмір жағуларына тура келеді. Ал мүмкіндігі келмегендер қазірден тезек теріп, қарағай жинап қойғаны абзал. Өйткені мораторий мерзімі бүгін-ертең бітпейтіні анық. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы