Әр адамның әдемі қарттық туралы түсінігі әрқилы. Біреу үшін ол – немере-шөбересінің шат күлкісі, біреу үшін – жастайынан еккен еңбегінің жемісін көру, ал енді бірі үшін – денсаулығы мықты, ақыл-ойы сергек ғұмыр. Бірақ бәрін біріктіретін бір ғана нәрсе бар: қарттық – қадір-қасиет пен өмір тәжірибесінің шыңы.
Қарттар – өткеннің куәгері ғана емес, бүгінгі ұрпаққа бағдар беретін шамшырақ. Олардың маңдайындағы әжім – тек уақыт ізі емес, күрес пен еңбек, қуаныш пен сынақтың мөрі. Әрбір әже мен атаның жүрегінде тұтас бір дәуірдің тарихы, бүтін бір әулеттің тағдыры жатыр. Әдемі қарттық дегеніміз – жалғыздық көрмеу. Жанында қолдау көрсететін баласы болса, амандығын сұрап тұратын немересі болса, үлкенге ізет көрсететін қоғамы болса – сол қарттық шын мәнінде әдемі. Қарттар күні – 1990 жылдың 14 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясында ресми бекітілген халықаралық мереке. Бұл мереке бастауын өткен ғасырдың 70-жылдарынан алады. Алдымен қарттар күні Еуропада, одан кейін Америкада, ал 80-жылдардың соңында бүкіл әлемде тойлана бастады. Бірақ қарттар күнінің негізін салушы ретінде Жапония елі саналады.
Қарттар күнін атап өтуді 1947 жылы шеткері аймақта орналасқан Хёго ауылының тұрғыны Масао Кадоваки ұсынған. Бастапқыда қарттар күні ретінде 15 қыркүйек таңдалды. Егін, бау-бақша жиналып болатын, уақыттың мамыражай кезі. Кейін бұл бастаманы көрші ауылдар іліп әкетіп, 1966 жылы ұлттық мерекеге айналған. Одан кейін халықаралық мерекеге айналды.
Әдемі қарттық ұғымы
Соңғы кезде қоғамда «әдемі қарттық» ұғымы туралы пікір жиі талқыланып жүр. Бұл ұғым адамзат тарихында бір күнде пайда болған жоқ. Ол – қоғамның мәдениеті, діні, философиясы мен өмір салтына байланысты қалыптасқан түсінік. Атап айтсақ, ежелгі дәуірде қарттық көбіне даналықтың белгісі ретінде қабылданды. Мысалы, түркі халықтарында қарияны «қара шал» деп құрметтеген, ақыл сұраған. Қытайда Конфуций ілімінде қарттар тәрбие мен моральдық үлгінің иесі болды. Ал исламда ата-анаға қызмет ету – сауапты іс. Қарттық – адамның Алла алдындағы сыйы мен сынағы. «Әдемі қарттық» осы рухани тұрғыдан – иманмен, адалдықпен өткен ғұмырдың нәтижесі. Еуропа ойшылдары, соның ішінде көне грек философы Цицерон «қарттық – өмірдің күзгі шағы» деп оны байсалды кезең ретінде суреттеген. Еуропада graceful aging (сымбатты қартаю) ұғымы кең тарады, яғни тәннің қартаюымен бірге жанның сұлулығын сақтау. Ал қазақ түсінігінде «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деген мақалдан-ақ қарттықтың әдемілігі ұрпақпен, сыйластықпен өлшенетінін көреміз. Қазақ үшін «әдемі қарттық» – немересінің қолынан шай ішіп, ұрпағының ортасында ғұмыр кешу.
Қазіргі заманда «әдемі қарттық» ұғымы көбіне физикалық белсенділік, мықты денсаулық, жасқа қарамай дамуға ұмтылу сияқты түсініктермен байланыстырылады. Қазіргі қоғамда біз атаған ұғым – ұзақ әрі сапалы өмір синониміне айналды.
– Қарттық кезеңді көпшілік қариялар даналықпен, ақыл-парасатпен, сый-құрметпен, өмірлік тәжірибемен және бақытты сәттермен қатар өлімге дайындықпен де байланыстырады. «Әдемі қартаю» туралы әңгіме қарттардың аузында жиі айтылады. Олар бұл ұғымды ең алдымен деннің саулығымен, отбасының бірлігімен, үлкенге деген сый-құрметпен, балаларының амандығымен ұштастырады. Әке-шеше үшін перзенттерін үйлендіріп, қызын тұрмысқа беріп, немерелерін бағып-қағу, балаларынан мейірім мен қамқорлық көру – қарттықтың шынайы әдемілігі болып есептеледі, – дейді әлеуметтанушы Айгерім Жақыпбек.
Оның айтуынша, қарттар үйінде өмір сүріп жатқан қариялар өзін бұл сезімнен алыста сезінеді. Олардың айтуынша, «әдемі қарттық» – бала-шағаның, немере-шөберенің қасында отырып, олардың қызығына қуану, қажетіне жарап, қолғабыс ету. Ал отбасында ғұмыр кешіп жатқан қарттар үшін қарттықтың басты бақыты – балаларымен жақын араласу, оларды жиі көру. Бұл кей өңірлерге тән ерекшелік ретінде байқалады. Қаладағы қариялар болса, зейнет жасына жеткенде жақсы демалысты, шипажайға баруды, әлеуметтік ортада белсенді болуды, адамдармен қарым-қатынас орнатуды бақыт әкелетін сәт деп бағалайды.
Қарттарға қолдау бар ма?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2002 жылғы қабылданған «Белсенді қарттық: саясаттың негізі» құжатындағы мәліметтер бойынша қарттық 60 жастан басталады және оның өз кезеңдері бар. Құжатта 60-74 жас аралығы ерте қарттық кезең, 75-89 жас аралығы кәрілік кезең деп көрсетілген. Ал ұзақ өмір сүретіндерге 90 және одан асқан адамдарды кіргізеді.
– Бүгінде қарттарды қолдау бағытында мемлекет тарапынан бірқатар шара жүзеге асырылып келеді. Зейнет жасына жеткен азаматтың барлығы зейнетақымен қамтылған. Сонымен қатар медицина қызметтері де оларға тегін көрсетіледі. 2020 жылдан бастап қалаларда және кейбір аудан орталықтарында қариялардың бос уақытын тиімді өткізуіне әрі денсаулығын нығайтуына жағдай жасайтын «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтары жұмыс істей бастады. Бұған қоса, қарттарға үйде көрсетілетін әлеуметтік қызметтер жүйесі дамып келеді. Сондай-ақ егде жастағы адамдарды санаторийлерге жіберу арқылы демалысын ұйымдастыру да мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың бір бөлігіне айналған, – дейді Айгерім Жақыпбек.
Республикада жасы бойынша 2,4 миллионнан астам зейнеткер тұрады. Әрбір азаматтың лайықты қартаюын қамтамасыз ету – Үкіметтің әлеуметтік саясатының басты міндеттерінің бірі. Мемлекет аға буын өкілдерін әлеуметтік қорғау, оның ішінде зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін жетілдіруге бағытталған шараларды кешенді түрде қабылдауда.
Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, базалық зейнетақы мөлшері жыл сайын инфляция деңгейіне, ал ынтымақты зейнетақы мөлшері инфляция деңгейінен 2%-ға ілгері индекстеледі. Мәселен, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақылардың мөлшері 9%-ға ұлғайтылды және ең төменгі күнкөріс деңгейі көлемінің өзгеруіне байланысты базалық зейнетақының мөлшері арттырылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, базалық зейнетақының мөлшерін кезең-кезеңімен арттыру жалғасуда. Осылайша, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап оның ең төменгі мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 60%-ынан 65%-ына дейін, ал ең жоғары мөлшері 100%-ынан 105%-ына дейін арттырылды.
Сонымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қарт адамдарды қолдау, оларға әлеуметтік қызмет көрсету деңгейін арттыру, қоғамдық өмірге тарту бойынша шараларды іске асыруда. Республикада 92 «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» ашылып, жұмыс істеуде. Орталықтардың жұмыс істеуіне жергілікті бюджеттерден бөлінген қаражаттың жалпы сомасы 2024 жылға 5,9 млрд теңгені құрады.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары «бір терезе» қағидаты бойынша үш бағытта жұмыс істейді: белсенді ұзақ өмір сүру, денсаулық мәдениеті және қоғаммен байланыс. Орталықтардың қызметі егде жастағы адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, өнімді және белсенді ұзақ өмір сүруді ынталандыруға, оның ішінде жүйелі бос уақытты ұйымдастыруға (йога, скандинавиялық жүріс, цифрлық сауаттылықты арттыру, мотивациялық және кәсіпкерлік курстар, ағылшын тілі курстары және т.б.), қарттардың еркіндігін қамтамасыз етуге, қоғам өміріне қатысуға бағытталған.
1 қазанда елімізде Қарттар күніне орайластырылған айлық басталады. Облыстардың, қалалар мен аудандардың әкімдері, кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары аға буын азаматтарын әлеуметтік қолдау жөніндегі іс-шараларды, еңбек ұжымдарында кездесулерді, амбулаториялық-емханалық ұйымдарда ашық есік күндерін және басқа да шаралар өткізетін болады.
Сонымен қатар кей өңірлерде Қарттар күніне орай зейнеткерлерге біржолғы материалдық көмек көрсетіледі.
Көктем ҚАРҚЫН