QazaqSut республикалық сүтті және аралас тұқымды ірі қара мал палатасының дерегінше, 2024 жылы Қазақстанда сүт өнімдерін өндіру көлемі 2,23 млн тонна, ал ішкі тұтыну 2,73 млн тонна болған. Бұл сандарға сәйкес, өндіріс сұраныстың шамамен 82-83%-ын қамтамасыз етіп, импорт 25%-ды құраған. Бір қарағанда ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету көлемі жаман емес сияқты. Алайда шындық басқа. Себебі Қазақстан 2023 жылы сүт және сүт өнімдерін сырттан сатып алу үшін ресми мәліметтерге сәйкес, 406 миллион доллар жұмсаса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 410 миллион долларға де-йін өсті. Импорт көлемі де артып, былтыр елге шамамен 183 мың тонна сүт және сүт өнімдері жеткізілген. Әсіресе, құрғақ сүттің 80%-ы импортқа тәуелді болса, қоюландырылған сүт импорты – 68%, ірімшік пен сүзбенің импорттық үлесі 47,6%-ды құрайды.
Мұның себебін «Қазақстандық сүт өнеркәсібінің Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерімен бәсекелестік қабілетіне ең бірінші еркін сауда шарттары және жеке қосалқы шаруашылықтардағы шикізаттың сапасы әсер етеді» деп түсіндірді Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары бізге берген жауабында.
«Статистика бойынша жалпы өндірілген сүт көлемі салыстырмалы түрде жоғары болғанмен (2024 жылы 3,5 млн тонна шикі сүт өндірілген), оның басым бөлігі (яғни, 2,2 млн тоннасы) жеке қосалқы шаруашылықтарда өндіріледі. Импортқа тәуелділікті азайту мақсатында 2023 жылдан бастап елімізде арнайы бағдарлама іске қосылды. Бұл бағдарлама бойынша тауарлы-сүт фермаларды салу және кеңейту мақсаттарына 2,5% мөлшерлемемен 10 жылдық мерзімге жеңілдетілген несиелер беру көзделді. 2023-2024 жылдары бағдарлама бойынша 100 млрд теңгеден бөлінді, 2025 жылы 200 млрд теңге көзделген», – дейді министрлік өкілдері.
Жалпы, мемлекет сүт өнеркәсібін өркендетуге қаржыны есепсіз құйып жатыр десек болады. Бірақ шалқыған шаруашылықтың да, отандық өнімге қарық болған тұтынушының да қарасы көрінбейді. Үкіметтен бастап, кәсіпкерлерге дейін арқалауға тиіс жауапкершілік жүгі қандай екені де анық емес.
Қаржы, биржа, макроэкономика сарапшысы, экономист Айбар Олжай саланың тұралап қалуының бірден-бір себебі жемқорлық екенін айтады. Ол осыдан 15 жыл бұрын болған жемқорлық, жобаларды аяғына жеткізбеу және жобаға нақты адам бекітілмеуі және жауапкершіліктің болмауы қазақстандық сүт дегенде дамымай, кенжелеп қалған саланы көзге елестетуге әкеледі дейді.
– Кезінде белгілі бір тауарлы сүт фермасы деген идея болған. Сол жобада үлкен жемқорлық болғаны есімізде. 2012 жылдары басталған жобаны 3-4 жыл бойы ешкім ешқандай дұрыс ұйымдастыра алмай, желге ұшқан қаржы, қаңырап қалған өнеркәсіп қалды. Сол уақытта Қазақстан өзінің үлкен бір сүт индустриясынан айырылды. ЕАЭО құрылды да арзан Беларусь ірімшігінің бізге келуі, Қырғызстанның одаққа қосылуы, олардағы арзан сүттің бізге келуі отандық дамымаған сүт имфрақұрылымын қайтадан қалпына келтіруге мұрша бермеді. Бар имфрақұрылымды жаңғыртудың орнына бар жобаны талан-таражға салып, жемқорлық салдарынан сүт өндірісі тұралап қалды. Біз көп позиция бойынша қатты ұтылдық. Біріншіден, құрғақ сүт өндірісін елімізде неге дұрыс ұйымдастыра алмағанымыз әлі күнге дейін түсініксіз. Екіншіден, ірімшік өндірісін Қазақстанда оп-оңай жасауға болар еді. Кезінде елімізде мамандар да болды, технология да болды. Қазір таза құрғақ сүт пен ірімшік бойынша түгел тәуелдіміз. Қазақстанда баяғыдан қалыптасқан тауарлы сүт фирмалары, сүт өндіру, сиыр сауу технологиялары бар еді. Біз қолда бар индустриядан неге екені белгісіз, айырылып қалдық, – деді А.Олжай.
Сауда орындары отандық өнімді қолдауға құлықсыз
Сүт өнімдерін өндіруші кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігі мен әсер ететін факторларға тоқталғанда ескерілуі әрі мемлекет тарапынан шешілуі керек қордаланған түйткілдер бар. Мәселен, биыл шілде айында Үкімет «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдамады. Егер заң қабылданғанда, Үкімет бизнеспен бірлесе отырып, «жабайы нарық жағдайындағы сүт өнеркәсібінің аяқтан тұруына мол мүмкіндік туатын еді» дейді мамандар. Сарапшылардың пікірінше, Үкіметтің бұл заң жобасын қолдаудың орнына теріс пікір білдіруі күтпеген жағдай. Бюджет тапшылығы жағдайында салықты көбейту жолдарын іздеген Үкімет үшін бұл заң жобасы балама табыс көзі болар еді. Өйткені отандық өндіріс көлемін арттыру салық түсімдерін де көбейтер еді.
Осы орайда біз Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетовтен «Саланың аяққа тұруы және отандық сүт өнімдерінің импортпен бәсекелесе алуы үшін не істеу керек? Дүкен сөрелерін өзіміздің өнімдерімізбен қамтамасыз етудің шешімі бар ма?» деп сұраған едік. Депутат «Бірінші мәселе, ЕАЭО-ға мүше Ресей мен Беларусьте сүт өндірісі өте мықты дамыған. Сондықтан олар санкцияға байланысты сүт өнімдерін көбіне біздің нарыққа жіберуге мәжбүр болып отыр» деп жауап берді.
– Бұл елдер өздерінің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетуде және кәсіпорындары әлдеқайда үлкен, логистикасы мен шикізат базасы жақсы дамыған. Оларда транспорттық субсидия деген бар, олар логистиканы ақшамен жабады. Сондықтан Воронежде шығарған сүт өнімдері мен Қызылордаға әкелген сүт өнімдерінің бағалары бірдей. Сөйтіп, біздің өнімдерді сауда орындарында қиындықпен сатамыз. Олармен бәсекелесе алу үшін баға төмен, сапа жоғары болуы керек, бірақ олай болмай тұр. Түйінді шешудің бір жолы – өзіміздің кәсіпкерлер үшін инвестиция көлемін арттыру мен отандық өнімді қолдау шараларын көбейту, – деді ол.
Сондай-ақ депутат биыл шілдеде Үкімет заң жобасын неге қабылдамағанына да тоқталды.
– Ішкі нарыққа импортталған өнім көп кіріп жатыр. Соның ішінде көлеңкелі тауарлар көп келеді, мұны «сұр импорт» дейді. Қазір біздің шекара ашық-шашық, ірі көлемде кірген тауарға ешкім салық төлемейді. Шекарада бақылауды қатаңдату керек. Ал заң жобасына келсек, қараған кезде сауда орындары отандық өнімді қабылдауға қолдан көп кедергі жасап қойғанын білдік. Олар өндірушіден қосымша бонустар, қаражаттар сұрайды. Тағы бір мәселе – мал әкелу. Жаңа салынып жатқан фермаларға көп өнім беретін мал, сиырларды шетелдерден әкелеміз. Статистика бойынша 25 пайыз ғана фермаларды отандық сапалы, құнарлы малмен қамтамасыз ете аламыз, қалған 75 пайызын шетелден әкелеміз. Көбіне Еуропа елдерінен, Ресейден алдырамыз. Қазір Еуропадан мал әкелуге үлкен кедергі бар. Ресей бізге Еуропадан мал әкелеміз десек, ол жақта мал ауруы шықты деп транзитті жауып тастады. Сондықтан қазір фермерлер, инвесторлар малды шетелден әкеле алмай қиындық көріп жатыр, – деді депутат.
Санға сай сапа болмай тұр
Қазақстан салаға есепсіз қаржы құйып жатқандай көрінгенімен, тамақ өнеркәсібіндегі мемлекеттік қолдау деңгейі шамамен 5%-ды құрайды, ал Ресейде бұл – 10%, Беларуссияда – 15%. Бұл жағдайда отандық сүт өндірушілер өз өнімін арзан бағаға сата алмайды. Отандық өндірушілер қолдағы бар шикізаттың өндіру шығынын да жаба алмай отыр. Себебі өнімнің нарыққа жету жолында үлкен кедергілер бар. Әрі арзан импорт тұрғанда жергілікті сауда желілері өз пайдасын ойлап, дүкен сөрелерінен өздеріне ақшалай кіріс түсетін өнімге орын береді. Шағын шаруа қожалықтарында логистика, салқындату, өңдеу инфрақұрылымы жетіспейді.
Дегенмен Үкіметтің 2017 жылдан бері жеке және қосалқы шаруашылықтарды (ЛПХ) қолдау мақсатында жүзеге асырылған «2000 литрге дейінгі сүтті санитарлық талаптарға сәйкес, күнделікті бірнеше литрден бірнеше жүз литр фермерлерден жинап, салқындатып ірі сүт өндіретін зауыттарды шикізатпен қамтамасыз ету» жобасының нәтижесінде кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтар жоқ емес.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, жыл сайын елімізде сауылатын шикі сүттің 88%-ға жуық мөлшері шағын шаруа қожалықтары мен екі-үш сиыры бар ауыл тұрғындарынан жиналады. Бірақ шағын кәсіп иелері мен шағын шаруа қожалықтарынан жиналған сүттің тазалығы, микробиологиялық құрамы қауіпсіздік талаптарына сай келе бермейді. Оның үстіне, 2025 жылдың қаңтарынан бастап ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер шикі сүттің микробиологиялық құрамына техникалық регламентті күшейткелі жатыр. Сондықтан шикі сүт ЕАЭО талабына сай болуы үшін сиыр арнайы сауын машинасымен сауылып, бірден салқындатқыш-танкерге құйылуы керек. Шикі сүттің 90%-ға жуығын сүт зауыттарына жеткізіп отырған шағын шаруа қожалықтары мен ауыл адамдары дәл қазіргі жағдаймен бұл шартты орындай алмайды.
С.Сейфуллин атындағы ҚАТЗУ Инжиниринг және азық-түлік технологиялары институтының сүт және сүт өнімдерін өңдейтін цехының инженер-технологы Бегжан Калемшарив болса, 500 литрге дейін сүт дайындайтын фермерлерге қамқорлық ауадай қажет дейді. Оның айтуынша, әрбір сүт дайындаушы фермерге сауылған сүтті қысқа мерзімде салқындатып, шикі сүтке қойылатын барлық талапқа сәйкес шикізатты ауыл ішіндегі цехтарға өткізу мүмкіндігін жасап, қолдау көрсету керек.
– Сапалы өнім өндіру сүтті алғашқы өңдеумен тікелей байланысты.Біз тұтынатын өнімнің сапа көрсеткіштеріне ғана емес, құрамына да аса мән беруіміз керек. Яғни, ірімшік және ірімшік негізіндегі өнімдердің айырмашылығы құрамында. Кейбір импорттық сүзбе және ірімшік негізіндегі өнімдердің құрамындағы майдың массалық үлесі өсімдік тектес майлармен алмастырылғандықтан, олардың отандық өнімдерден нарық бағасы әлдеқайда төмен. Яғни, олар табиғи емес, жасанды қоспаларды көп қосатындықтан, өндіру құны да арзанға түседі. Ал өзіміздің сапаға сай, таза өнімдеріміз табиғи болғандықтан да қымбатқа түседі. Ауылдарда арнайы цехтардың жоқтығы да аз әрі қымбат өнім шығаруға мәжбүрлеп отыр. Егер ауылдарда арнайы шағын цехтар, жылдам салқындатып сақтайтын резервуар мен сорғылар болғанда шаруалар өнімін алаңсыз сақтауға, мол өнім өндіруге мүмкіндік туар еді, – дейді маман.
Жалпы, агроөнеркәсіптік кешенде зор әлеуетке ие Қазақстан 27,1 млн гектар егістік және 183,2 млн гектар жайылымды қоса алғанда барлығы 219 млн гектар ауыл шаруашылығы жері бар көшбасшы ел саналады. Мұндай дарқан далада төрт түлікті түлетіп, қаймақ пен қатық қатқан отандық өніммен нарықты молынан қамтуға толық мүмкіндік бар. Алайда бұл әлеует толық пайдаланылып отырған жоқ. Егер қалауын тапса, ежелгі атакәсіп мал шаруашылығы ет те, сүт те, киім де бола алар еді. Жаңа технология, инновация, инвестиция деп көп айтамыз, бірақ азық-түлік қауіпсіздігімен қатар ауыл экономикасын дамытудың және халықты сапалы өніммен қамтамасыз етудің кілтін әлі тапқанымыз жоқ.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ