Алматылық «Қайрат» 2025/26 жылғы маусымда УЕФА Чемпиондар Лигасында сәтті өнер көрсетіп жатыр.
Команда турнирді Словенияның «Олимпиясын» қос матчтың қорытындысы бойынша 3:1 есебімен жеңуден бастады. Екінші айналымда финдік КуПС клубын 3:2 есебімен ұтты. Енді үшінші іріктеу кезеңінде «Қайрат» Словакияның «Слован» клубымен кездеседі.
Осы кезеңге жеткені үшін «Қайрат» қазірдің өзінде 525 мың еуро (шамамен 330 млн теңге) табысқа кенелді.
Егер команда плей-офф кезеңіне өте алмаса, онда 550 мың еуро (345,7 млн теңге) көлемінде қосымша өтемақы алады. Содан соң клуб Еуропа Лигасының плей-офф кезеңіне түседі. Онда жеңіліс тапқан жағдайда тағы 300 мың еуро (188,6 млн теңге) табыс келеді.
Ең төмен нәтиженің өзінде, яғни топтық кезеңде сәтсіз өнер көрсеткен күннің өзінде, «Қайрат» Конференция Лигасына өтіп, кем дегенде 3,17 млн еуро (1,99 млрд теңге) алады.
Осылайша, биылғы маусымдағы ең аз кіріс 4,55 млн еуро немесе 2,86 млрд теңгені құрайды. Бұған маусым соңында телетрансляция мен маркетингтік құқықтан түсетін қосымша табыс қосылады.