Кепілсіз тұтынушылық кредиттердің екі есе азаюы осыны көрсетіп тұр. Бұл жағдайды біреулер қаржы нарығындағы ережелердің өзгеруі деп бағаласа, енді біреулер халықтың қарыз жүгінен шаршағанының белгісі дейді.
Қаржы нарығын реттеу агенттігінің мәлімдеуінше, қабылданған шектеу шараларының әсерінен жаңа кепілсіз тұтынушылық несиелерді беру қарқыны айтарлықтай баяулаған.
«Егер 2024 жылы бұл сегменттегі өсім 22,6 пайыз болса, 2025 жылдың қорытындысында ол небәрі 6,1 пайызды құрады. Сонымен бірге тұтынушылық кредит нарығында өсім толық тоқтап қалған жоқ. Несиелеудің артуына негізінен автокредиттер әсер етті. 2025 жылы көлікке берілген несиелер 42,4 пайызға өсіп, жалпы көлемі 4 трлн теңгеге жетті», – делінген мәлімдемеде.
Тұтынушы «тәбеті» төмендеді
Статистикаға сүйенсек, тұтынушылық кредиттер бір жылда 16,7 трлн теңгені құрады. Дегенмен бұл көрсеткіш 2024 жылы тіркелген 33,5 пайыздық өсіммен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Әсіресе, кепілсіз тұтынушылық кредиттерде баяулау айқын байқалды. Егер 2024 жылы олардың өсімі 29,3 пайыз болса, 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 14,5 пайызға дейін төмендеді.
Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, тұтынушылық несие алу қарқыны соңғы уақытта расымен бәсеңдеген. Бұл жағдай Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің есебінде де көрініс тауып отыр.
– Агенттік соңғы үш жыл бойы тұтынушылық несиенің шамадан тыс өскенін айтып келді. Алайда бұл үрдісті толықтай оң құбылыс деуге болмайды. Себебі халық қымбат несие алып үлгерді, енді сол қарызды өтеу барған сайын қиынға соғып отыр. Тұтынушылық несиенің қарқыны төмендеуіне пайыздық мөлшерлеменің қымбаттауы негізгі себеп болды, – дейді экономист.
Себебі Ұлттық банк белгілейтін базалық мөлшерлеме соңғы жылдары айтарлықтай өскен. Қазір оның деңгейі 18 пайызды құрайды.
– Бұл – қаржы нарығындағы ең төменгі пайыздық шек. Осыған байланысты екінші деңгейлі банктердегі тұтынушылық несиелердің пайызы одан да жоғары болып отыр. Бұған қоса, халықтың тұтынушылық несиеден әбден қажығаны да рас. Бүгінде көптеген азаматтың несиеге белшесінен батып, ұзақ жыл бойы қарыз шырмауынан шыға алмай жүргені жасырын емес, – дейді маман.
Сонымен қатар экономист несие карталары кеңінен таралып, олардың пайыздық мөлшерлемесі өте жоғары болғандықтан, қарызды жабу қиынға соғып отырғанын айтты.
– Төмен пайызды несиені азаматтар белгілі бір мерзімде төлеп шығуы мүмкін. Ал пайызы жоғары несиені 5-6 жыл бойы өтеу адамның өзін де, қаржылық мүмкіндігін де қатты қажытатыны анық. Қазір шамамен 10 миллионға жуық еңбекке жарамды халық бар. Соның 8,5 миллионнан астамының қолында несие бар. Яғни, еңбекке жарамды азаматтардың басым бөлігі қазір қарызға тәуелді жағдайда өмір сүріп отыр, – дейді ол.
Сандарға назар аударсақ, 2025 жылы халыққа берілген кредиттердің құрылымында ипотекалық және тұтынушылық несиелер өсім көрсетті, алайда олардың қарқыны бұрынғы жылмен салыстырғанда баяулады. Ипотекалық кредиттер 14,6 пайызға артып, жалпы көлемі 6,9 трлн теңгеге жеткен. Бірақ сарапшы несие түрлері де көбейіп, азық-түлікке дейін несиеге алу үрдісі кең тарағанына алаңдайды.
Несиені неге алады?
– Мұндай жағдай, негізінен, екі себепке байланысты қалыптасады. Біріншіден, азаматтардың қаржылық сауаттылығы төмен болуы мүмкін. Екіншіден, халықтың негізгі табыс деңгейі жеткіліксіз болғандықтан, қымбат несие алуға мәжбүр. Мен сарапшы ретінде екінші себепке көбірек басымдық берер едім, – дейді Мақсат Халық.
Экономист сөз еткен несие түрлерінің ішінде тұтынушылық несиенің артуына негізінен автокредиттер әсер еткенін реттеуші ұсынған мәліметтерден байқауға болады. Бірақ маман бұл қымбат несиелердің қатарында болғандықтан, отбасылық бюджеттен ойып орын алатынын жеткізді.
– Автонесие тұтынушылық несиеге қарағанда қымбат болғандықтан, оны уақытында төлей алмау қаупі де жоғары. Әлемдік тәжірибеде несиеге қабілетті азамат үлкен артықшылыққа ие саналады. Сондықтан көптеген елде тұтынушылық несиелер кең таралған әрі олардың пайыздық мөлшерлемесі төмен болады. Ал бізде жағдай керісінше. Пайызы жоғары болғандықтан, тұтынушылық несиенің кең таралуы халықты тығырыққа тіреп, өмір сүру сапасының одан әрі төмендеуіне алып келіп отыр. Осыған байланысты мемлекет жүргізіп отырған саясатта несие пайыздарын барынша төмендету аса маңызды, – дейді ол.
Тұтынушылық несиенің статистикаға енбейтін тағы бір түрі бар. Ол – «тойнесие». Ресми түрде бұл көрсеткіш ешқандай мекеменің санағына ілікпейді. Дегенмен халық арасында біркүндік қуаныш үшін мыңкүндік несие алу бүгінде әдетке айналғаны сарапшылардың назарын аудартып отыр. Экономист Руслан Сұлтанов той есепке құрылған дүние емес екенін айтып ашынады.
Сарапшының айтуынша, көптеген жас жұбай әдемі той өткізу үшін 3-5 жылға тұтынушылық несие алуға мәжбүр. Қымбат мейрамхана, жүздеген қонақ, безендіру, асаба, фотозона мен салтанатты көлік бір күнде аяқталғанымен, ай сайынғы несие төлемі бірнеше жыл бойы отбасының табысын шектеп отырады.
Маман мұндай шешімдердің көбіне эмоциямен қабылданатынын айтады. Той кезінде адамдар қаржылық есептен гөрі мәртебе мен айналаның пікіріне көбірек мән береді. «Бір рет қана үйленеміз», «Бәрі солай істейді», «кейін табамыз» деген ойлар алға шығып, нақты қаржылық салдары ескерусіз қалады.
Ал несие – эмоция емес, тұрақты міндеттеме. Жас отбасы жаңа өмірін бастағанда пәтерақы, күнделікті шығындар, кей жағдайда бала тәрбиесі қосылады. Табыс әлі тұрақталмаған кезеңде ай сайын банкке төленетін қарыз отбасының қаржылық еркіндігін шектейді.
Сарапшы бұл жағдайды «ұзын қаржылық құйрық» деп сипаттайды. Той әлдеқашан өтіп, қонақтар ұмытқанымен, қарыз бірнеше жыл бойы соңынан еріп жүреді. Ай сайынғы төлем бастапқыда жеңіл көрінгенімен, оны бірнеше жылға көбейткенде пайызымен бірге бірнеше миллион теңгеге жетеді.
Тағы бір маңызды жайт – несиеге жасалған той болашақта табыс әкелмейді. Ол жинақ қалыптастырмайды, тұрғын үй алу немесе қаржылық қауіпсіздік жастығын құруға көмектеспейді. Керісінше, кейін ипотеканың бастапқы жарнасын жинауға мүмкіндік бермей қояды.
Сарапшы тойдан бас тартуға емес, мерекені қарызға батпай өткізудің маңыздылығына назар аударуға шақырады. Оның айтуынша, отбасылық өмірдің берік бастауы қонақтың көптігімен емес, қаржылық еркіндікпен өлшенеді.
«Кейде ең дұрыс әрі салтанатты бастау – қымбат той емес, қарызсыз өмір», – дейді ол.
«Тегін» несие қайда бар?
Тұтынушылық несие құрылымына едәуір зор үлес қосатын қаржы құралының бірі – бөліп төлеу. Бүгінде Ұлттық банк оны ресми түрде несие түрлерінің қатарына енгізуге күш салуда. Дегенмен жарнаманың жанама әсерінен болса керек, халық бөліп төлеуді пайызсыз қарызбен шатастырып жатады. Мамандар оның пайызы тауар құнына жасырылғандықтан, бұл екіжақты В2В келісімдер арқылы жүзеге асырылатынын жеткізіп отыр.
– «Тегін несие» ретінде ұсынылатын бөліп төлеу құралдарын да шын мәнінде пайызсыз деп айту қиын. Себебі олардың пайызы тауардың бағасына алдын ала қосылып қояды. Яғни, компания мен банк арасындағы келісімге сәйкес, тауарды бөліп төлеу арқылы сату үшін оның құнына 15-20 пайыз үстеме қосылады. Ал егер тауар қолма-қол төлеммен сатылса, бағасы әлдеқайда арзан болуы мүмкін еді. Демек, мұндай тетіктер түптеп келгенде қымбатшылықтың артуына да өз үлесін қосып отыр, – дейді Мақсат Халық.
Маман қазіргі қаржы нарығында қалыптасқан ахуал банк акционерлерінің тойымсыздығынан екенін жоққа шығармайды. Себебі кезінде мемлекеттен миллиардтап субсидия алған нарық субъектілері қанша табыс тауып отырса да, халық қазынасынан алған қаржыны әлі де толық қайтара алмаған.
– Жалпы, банк секторы қаржылық дағдарыс кезінде мемлекеттен өте көп қолдау алды. Дегенмен оны әлі де толық қайтарып болмаған. Бұл жерде банк акционерлерінің теңгерімсіз шешімі деуге болатын шығар. Себебі банктер қиын жағдайға тап болғанда олар мемлекеттен ақша сұрамай, өздері қаржы құюы қажет болатын. Қоғамға пайдалы болып, қаржы институты ретінде дұрыс жұмыс істеуді немесе керісінше, барынша пайда тауып қалуды көздеді, – дейді ол.
Банк секторын барынша сауықтыруға мемлекет орасан зор қайраты мен қаржысын жұмсағаны рас. Соның арқасында бүгінде несие портфелінің де сапасы артып, банк балансындағы проблемалық қарыздардың үлесі бақылау шегінен шыққан жоқ.
«Несие портфелінің сапасы жалпы алғанда қанағаттанарлық деңгейде қалды. Мерзімі 90 күннен асқан проблемалық қарыздардың үлесі сәл өскенімен, жалпы портфельдің 4 пайызына да жетпейді. Бұл ретте жұмыс істемейтін қарыздардың едәуір бөлігі провизиялармен жабылған, яғни банктер ықтимал тәуекелдерге алдын ала дайын. Банк секторының міндеттемелері де өсіп, 60 трлн теңгеден асты. Оның негізгі бөлігін клиенттердің депозиттері құрайды. 2025 жылы резиденттердің депозиттері айтарлықтай ұлғайып, әсіресе ұлттық валютадағы салымдар қарқынды өскен», – делінген Қаржы нарығын реттеу агенттігінің мәлімдемесінде.
Қорыта айтқанда, қаржы секторының даму қарқыны бәсеңдегенімен, бұған дейінгі шешімдердің салдарын сезінетін уақыт жеткен сыңайлы. Дегенмен сала сарапшылары бұл да уақытша үрдіс екенін алға тартып отыр. Алдағы уақытта Ұлттық банк пайыздық мөлшерлемені қайта төмендететін болса, халық қайта тұтынушылық несие алуға жүгіне бастауы әбден мүмкін.
Кәмила ДҮЙСЕН