in

Қазақ ортопедиясы робот дәуіріне қадам басты

Енді Астанадағы Академик Н.Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығында (ҰҒТОО) MISSO роботтанған жүйесінің көмегімен ота жасау мүмкіндігі туады. 

MISSO роботы – Үндіс­танның Meril компаниясының жасанды интеллект элемент­те­рімен жабдықталған, жоғары технологиялық оталарды аса дәл­дік­пен жоспарлауға және жүр­гізуге маманданған иннова­циялық технологиясы. Роботтың әлемде бірегей екі данасы болса, оның бірі қазақ елінің игілігіне жарамақ. Мамандардың айту­ын­ша, қарапайым отаға қарағанда, толық автоматтанған, робот­тан­ған жүйенің нәтижесі дәл, па­циентке қаупі жоқ әрі дәрігердің де қолын жеңілдететін көрінеді.

Салтанатты жиынға мемле­кеттік органдардың өкілдері мен халықаралық серіктестер, Үн­діс­танның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Я.Сайлас Тангал да қатысты. Денсау­лық сақтау министрлігі Электрондық денсаулық сақтауды дамыту депар­таментінің директоры Асқар Арғынбаев жобаның мемле­кеттік деңгейдегі маңызын айтып, үндістандық маман­дарға алғысын білдірді. Басқосу медицинадағы озық жаңалықтың әрі қос елдің достығын айғақтады.

– Бұл жүйеге қатысты әлі де жұмыстар атқарылып жат­қан­дықтан, бағасын дәл айта алмаймын, дегенмен актив ро­боттың бірі Қазақстандағы орта­лықта орнатылып жатқанын қуанышпен айтар едім. Бүгінгі іс-шара бәлкім теңдессіз деп айтуға келмейтін де болар, алай­да екі елдің достығы мен меди­цина саласы үшін өте маңызға ие. Үндістан мен Қазақстан әр­түрлі стратегиялық жобаларды ұзақ уақыттан бері іске асырып келеді. Үндістанды «Әлемнің дәрі­ханасы» деп те атайды. Қазір медицина саласындағы үздік технологиямызды сыйлап жа­тыр­мыз. Біздің стратегиялық байланысымыз, достығымыз жалғасын табарына сенемін, – дейді өкілетті елші Я.Сайлас Тангал.

Қазір медициналық орта­лықта роботтанған жүйенің көмегімен тізе буынын алмас­ты­руға арналған республикалық мастер-класс өтіп жатыр. Шебер­лік сабақты Үндістаннан арнайы келген дәрігер, робот-ассисттелген хирургияның халықаралық сарапшысы Суд­жой Кумар Бхаттачарджи өткізді. Білікті дәрігердің мед­и­цина саласында 20 жылдық тәжірибесі бар, бүгінге дейін 10 мыңға жуық ота жасаса, оның 4 мыңын ро­боттық жүйенің көмегімен іске асырған. Бұл  сабақ отандық дәрі­герлердің шеберлігін шың­дауға үлкен мүмкіндік болды.

Салтанатты жиыннан кейін роботтың көмегін көру­ге асық­тық. Мастер класқа елі­міздің үздік мамандары қа­тысты. Меди­циналық біліміміз болмаса да, Суджой мырзаның сабағын ыж­да­һатпен бақылап, операция процесін қызықтап ұзақ отыр­дық. 1 сағат 40 минутқа созылған отадан кейін дәрігер­лерге деген құрметіміз одан сай­ын артты. Тізе буынын ауыс­тыру күрделі отаның бірі екенін көзбен көріп, санаға түйдік. 

Тізе эндопротезі – зақым­далған тізе буынын жасанды буын­­мен алмастыру отасы. Ал­ғаш­ында дәрігер жұмысын ро­ботқа түбегейлі сеніп тапсы­рады деп  күткенбіз, алайда кейін ро­бот­танған жүйе дәрі­гердің сенімді көмек­шісі  екенін ғана аң­ғардық. Дәрігер MISSO жүйе­сін басқара отырып,  әр пациент­тің жағдайы­на сәйкес жеке-жеке тәсіл қол­да­на алады. Суджой мырза әріп­тес­теріне отаның әр кезеңін түсін­­діріп берді. Байқа­ғаны­мыздай, дәрігер әр кезең сайын тізе буын­ын бірнеше қай­та тек­серіп, нүк­телердің дәл екеніне көз жеткізіп, оның өл­ше­­міне дейін асқан мұ­қият­ты­лықпен қарады. 10 мың ота жаса­ған дәрігер өзіне тым сен­ім­ді, сөзін баппен қысқа қай­ыра­ды. Алды­мен тізе аймағын мұқият қарап, есептеп, одан кейін MISSO роботын ота үстелі­не жақын­дат­ты. Бұл аралықта, расымен де, дәрігерге роботтың көп көмегі тиеді екен. Ассистент­тер дәкені ұсынып, бірі сумен шай­ып, енді бірі кеткен қанды сорғышпен тазалағаны болма­са, негізгі жұ­мысты робот атқарды. Деген­мен дәрігер барлық жағдайды жіті бақылауда, ота соңында ма­мандар балтыр сүйекті ұстап, аяқ­ты бірнеше рет бүгіп көріп, тізе буынын эндо­про­тездеу сәтті болғанын қуанышпен хабарлады. Сабақ­қа қатысқан дәрігерлер Суджой Кумарға алғысын жау­дырып, кезек-кезек рақмет айтып жатты. Суджой мырза алда тағы екі шеберлік сабақ өткізіп, роботпен бірлесе жұмыс істеудің қыр-сыр­ын танытады. Онда роботтың қи­­мыл-қозға­лысы, биомехани­ка­лық есеп­теулері және импл­ант­ты орнату шеберлігін білуге болады. 

Тізе эндопротезі тізеге жаңа өмір беріп, қозғалысты қайта қал­ыпқа келтіруге көмектеседі. Бұл ота тізе буынының ауыр за­қым­дануы кезінде құтқарушы тәсіл болады. Ота Үндістан, Түр­кия, Тайланд, Дубай медицина­сын­да аса танымал. 

– Бұл технология Үндістанда қол­даны­лып келеді. Қазір біз соңғы сертификаттау рәсімі мен Американың медициналық-фармацевтикалық басқару және қадағалау жүйесінің мақұлдауын күтіп отырмыз. Бұл құжаттар дайын болғанда, әлемнің бір­неше елімен жұмыс істе­мекпіз, дәрігерлерді қолдауға, біліктілі­гін арттыруға дайынбыз. Алда кез келген хирург робот-ассист­телген хирургияның негіз­ін мең­геруге тиіс деп ойлаймын, солай­ша әлдеқайда тиімділікке, мол жетістікке жете аламыз, – дейді Суджой дәрігер.

Оның сөзінше, робот жүйе актив, жартылай актив және пассив болуы мүмкін. Ал MISSO роботы актив технологияға жата­ды, яғни актив робот дәлме-дәл жұмыс істеп, отаны сәтті өткізуге жо­ғары мүмкіндік береді. Робот­тың құжаттары реттелген соң, елге тағы бірнеше құрылғы жет­кізілуі мүмкін. Үндістанда бұл роботтың көмегімен кейінгі 2 жылда 7 мыңға жуық ота сәтті өткен. Қазір әлемнің түкпір-түк­пірінен түрлі пациент MISSO-ға сенім артып, ота жасатуға, ем алу­ға жиі келеді. Шетелдік дәрі­герлер де робот жүйесін меңгеру үшін үнді жеріне қонаққа барып жатады. Олар сапалы нәтижеге дән риза. 

Автоматтанған MISSO сияқ­ты заманауи технологияның Ұлт­тық ғылыми травматология және ортопедия орталығының базасына енуі – еліміздің әлемдік көштің қатарынан қалмай, ілгері дамуының айғағы. Робот жүйесін меңгеру дәрігердің білім-білігін арттырса, қарапайым халықтың саулығына кепіл бола алады әрі бұл жүйе медициналық халық­аралық стандартқа толықтай сай. 

Тізе эндопротезі елімізде де жасалып келеді. Бүгінде ҰҒТОО базасында жыл сайын 18 000-ға жуық тізені эндопротездеу жаса­лады. Елімізде мұндай көмекке мұқтаж жандардың жалпы саны 128 мыңға жақын деп бағаланып отыр, ал MISSO жүйесі Қазақ­станда жоғары технологиялық көмектің қолжетімді болуын әрі тиімділігін арттыруға жол аша­рына сеніміміз мол.

Айсұлу СЪЕЗХАН