Аталған даңқты һәм танымал тұлғалардың қай-қайсысы да өзіндік бағыт-салалары бойынша ерен еңбек етіп, соңында қалған мұра-мирастарында елдік ұстанымға берік, білім-ғылым ісіне адал да тұрақты болды. Бастысы, әрине ақыл-парасат, жүрек ісі арқылы жасаған жалпыадамзаттық құндылықтары жер-жаһанға тарап, адам мен оның өміріне, еңбек болмысына, дәстүр мен дүниетаным арналарына, даму үрдістеріне сүбелі үлес қосты.
Осы реттен алғанда, Абайдың әлемдік даңқы да назар аудартады. Абай мұраты мен мұрасы – әлем халықтарына да таныс. Абайдың әлемдік даңқы – жер-жаһандағы 193 мемлекеттің басым көпшілігіне жетті. Осы орайда «тарихты – халық жасайды, тұлғалар – елді танытады» деген тәмсілге табан тіресек, Қазақ, Алаш, Абай атаулары біртұтас ұғымға айналды…
2020 жылы Абайдың мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде өтті. Ақынның 175 жылдығы тұсында: «Абай. Шығармаларының академиялық толық жинағы. Үш томдық жарық көрді. Ақын мұрасы әлемнің 10 тіліне аударылды. Аударма жинақтарына: ақынның 145 өлеңі, 3 поэмасы, 45 қарасөзі енді. Олар 3 мың данамен тарады. Ресей баспаларынан «Қарасөздері мен өлеңдері» жарық көрді (2019). «Халықаралық Абай клубы» ақынның мерейтойына арналған 10 томдық шығармалар жинағын шығарды. Олар: ағылшын, француз, неміс тілдерінде басылды. Орта Азия елдерінде де ақын мұрасы жүйелі түрде жарық көріп келеді.
Ақынның әлемдегі ескерткіштері, даңғылдар мен көшелер жүйесі де жетерлік. «Абай» журналы 1992 жылдан Семей қаласында шығып тұрады. «Абай» телеарнасы жұмыс істейді…
Алыптар тоғысының бір бағыты, кең арнасы Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасынан да кеңінен көрініс береді. Әсіресе, ондағы елдік мүдде, ұлт мұраты, адалдық пен әділдік, бірлік пен береке, білім мен ғылым, дәстүр мен дін, жастық пен достық, парыз бен қарыз, қанағат пен иман, рахым мен сабыр, сенім мен сезім иірімдері даму арнасын, жасампаздық жолын, өмір сүру философиясын да айқын аңғартады. Маңыздысы, әділетті қоғам мәнін, ежелгі тарихи һәм мәдени құндылықтардың қыр-сырын тану, ұлттың жаңа сапасын арттыру бағытындағы ойлар мен толғаныстарынан терең танылады. Ал құндылықтар негізі – адам мен оның еңбегі арқылы көрініп, жарасымды жалғасын табатыны, қоғамдық дамуға әсерінен көрінетіні де жүйелі жеткізіледі. Оның басты белгісі мен негізгі шарты – ел мүддесі мен ұлт мұратына қызмет етуден көрінеді. Оның мәнісі, батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай: «…елім деп езіліп, жұртым деп жұмылып халыққа қызмет ету керек». Таратып айтсақ, Пайғамбардың өзі: «Мен көркем мінезді толықтыру үшін келдім», – десе, Хакім Абай: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрсемен озбақ. Онан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» екенін баса айтады. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек», – деп адам мұратын айқындап, ақыл-парасат таразысын алға тартып, өмір өрімі мен өлшеміне басымдық береді. Мұның бәрі қоғам дамуына, заман шындығына, адам әлеміне, өмір өрімі мен өнегесіне ден қойып, елдің ұлттық болмысын айқындауға бағытталған саналы әрекеттің ұнамды үлгісі.
Осы орайда Хакім Абайдың өлең өнері мен «Қара сөздер» мұрасын қатар сөз етіп, елдік мүдде мен ұлт мұратының асыл арналарына, мәдени-рухани һәм танымдық-тағылымдық сипаттарына ден қоюдың маңызы ерекше. Ақиқатында, Абай поэзиясының тұтас мазмұнынан қоғамдық құбылыстар, кезең көріністері, заман шындығы, адам өмірі мен еңбегі, тұрмыс-тіршілігі кеңінен көрінеді. Айталық, «Сап, сап, көңілім, сап, көңілім» деген өлеңі көлем жағынан ғана емес, мазмұн жүйесі һәм жеткізу жолдарымен де мәнді әсер етеді. Өлеңнің әрбір бөлігінің бастапқы тұсында «Сап, сап, көңілім, сап, көңілім» деген қайталаулар негізінде адам өмірі, жастық кезең мәні, ғашықтық сипаты айқын көрінеді. Албырт шақ, асау жүрек, көңіл толқындарының тебіреністі-тербелісті тұстары да терең танылады. «Сабыр түбі – сары алтын» деген халықтық қағидатты берік ұстаным етеді. «Дүние даяр өтерге, Ажал даяр жетерге» дегенді де негізгі назарда ұстайды. «Бейнет көрмей, дәулет жоқ» екенін жан-жүректің таразысы, темірқазығы етеді. Ақыл, иман, дәулеттің бәсін биік қояды.
Ал «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» атты өлеңде оқу-білім мәні кең орын алады. Ғылым ісінің маңызы да әр қырынан ашылады. Жастай алған білім-ғылымның мәні мен нәрі, елдік сипаты, ұлттық құндылығы, рухани байлығы, көркемдік көкжиегі де кең түрде танылады.
Адамның бір қызығы – бала деген,
Баланы оқытуды жек көрмедім.
Баламды медресеге біл деп бердім,
Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім,
– деген бастапқы мақсатын, ақ адал ісін, түпкі ойын да бүкпесіз жеткізеді. Оқу-білімнің мәні, ғылымның – қуат-күші, адамның өсіп-есеюі мен ел дамуы үрдістеріндегі орны да жан-жақты айқындалады. Немесе: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» атты өлеңде ел өмірі мен тынысы терең көрініс береді. Адам мұраты мен борышы, өмір кезеңдері, кәрілік орны, жастыққа тән сипаттар сараланады. Бұдан басқа, ел ішіндегі келеңсіз көрініс, кереғар жайттар, атқамінерлердің ұр да жық әрекеттері, ақылды мен ақылсыздың өзара қатынас айырмасы, арзан мадақ пен салмақсыз даңқтың сиқы, еріншек пен өтірік, бос мылжың мен құр қылжақ, арамдық пен жамандық, ұрлық пен қулық-сұмдық сипаттары да мәнді беріледі. «Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман» атты өлеңнен ел іші, атқамінерлер тобы, еңбексіз табыс табу жолының мың сан үлгі-үрдісі көрініс береді. Әсіресе, бай-бағландар сипаты, би-болыс сиқы, жарлы мен дос мәні, сұм-сұрқияның құлық-сұмдықтары ел өмірімен байланыстырылады. «Терін сатпай, телміріп, көзін сатып», ел үстінен күнелткен «алармандардың сұм-сұрқия» сиқы, арзан мадақ, қулық-сұмдықтары әшкереленеді. Бұдан басқа, «Сәнқой, даңғой, ойнасшы, керім-кербез», «Ғылым да жоқ, ми да жоқ», «Құйрығы шаян, беті адам», «Сұм-сұрқия, қу заман» сиқы да өмір тәжірибесі мен тағылымдары арқылы телқабыс беріледі. Қанағатпен көңіл тоғайтқан қалың жұрттың орын-үлесі де көрсетіледі. Ал «Көңілім қайтты, достан да, дұшпаннан да» өлеңінен қоғамдық құбылыстар мәні айқындалып, алыс-жақындағы жақсы-жаман көріністер, әдет-дағды, кәсіптегі жат та теріс жағдаяттардың сыр-сипаттары кең орын алады. Бай мен саудагердің пайда, табыс жолындағы ардан аттап, мал қызығына түсіп, ұрлық-қарлыққа «батыл қадам» жасағаны, көп тентектің ел ісінен аулақ жүруі, қылмысқа жазаның сай болмауы да сын-мін ретінде аталады. Бастысы, болыс сайлауы тұсындағы әрқилы келеңсіз-кереғар жайттар, елдің бірлік-берекесін кетірген атқамінерлер әрекеті, ру тартысы, ағайын арасындағы алауыздық мәні мен сиқы, қысқасы қоғам мәні, заман шындығы, уақыт рухы бар қырынан жан-жақты ашылады.
Ақынның бірқатар өлеңдерінде «Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ», «Бір дәурен келеді күнге – бозбалалық», «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» деп өмірден көрген-түйген тәлімді тәжірибелер, ел көріністері, ондағы артық-кем тұстар сын садағына ілінеді. Еңбексіз өмір мәні, адалдық пен әділетті іс, жалқау мен еріншек, сұм-сұрқия, сұғанақ сиқы бар қырынан көрсетіледі. Басында миы, алдында малы, үйінде берекесі жоқ кейбірінің шектен тыс кеуде керіп, кербез күйге еніп, кердең қаққан қуыс кеуделері де көпке күлкілі көрсетіліп, әр қырынан әжуә етіледі. Ақын бастапқы тұста:
Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ,
Оларға жөн – арамның сөзін ұқпақ.
Қас маңғаз, малға бөккен кісімсініп,
Әсте жоқ кеселді істен биттей қорықпақ,
– десе, «Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық» өлеңінде адамдық борыш, адал еңбек, жастық мәні, еңбек сипаты, ақсақалдық жол, өнер орны, таным көкжиегі, тәрбие арналары кең түрде ашылады:
Ақын мұраты анық: адамдық борыш, адал еңбек, әділ іс, бірлік-береке мәні. Алайда қоғамдағы кереғар жайттар, адамдар арасындағы келеңсіз көріністер, берекесіз тірлік, тұрмыстағы жүдеу тіршілік, тайыз сана, ұрлық-қарлық, сұм-сұрқия сиқының кері әсері жіті танылады. Елдік мүдде айқындалып, «Ақсақал жолы» мен мәні кең түрде ашылады.
Ақынның «Интернатта оқып жүр», «Ғылым таппай мақтанба», «Әсемпаз болма әрнеге» сынды өлеңдері тақырыптық мәні, мазмұн жүйесі, сөз мәні, ой өзегі тұрғысынан өз ара жақын, үндес келеді. Білім мәні, ғылым ісі – ел болашағы мен даму үрдістерімен қатар беріледі. Ақын алғашқы тұста:
Интернатта оқып жүр,
Талай қазақ баласы –
Жаңа өспірім, көкөрім,
Бейне қолдың саласы,
– деп көз бен көңіл қуанышын қатар білдірсе, кейінгі кезекте ата-ана орны, шариғат ісі, оның мән-маңызы ашылады. Бос мақтан, даңқ пен дақпырттың кедергі-кесірі, жат-теріс сиқы сыналады. Керісінше, «Талапты ерге нұр жауар», «Адал жүріп, адал тұр» сынды бағыт-бағдар беріліп, ақ жол көрсетіледі. Адамдық борыш, адал еңбек, өмір өрнегі алға шығады. Сондай-ақ «Өкінішті көп өмір кеткен өтіп», «Сабырсыз, арсыз, еріншек» сынды өлеңдерде қоғамдық жағдаят, заман шындығы, уақыт рухына қатысты ортақ мұрат, мәнді сипаттар бар.
Бұдан басқа, «Ішім өлген, сыртым сау», «Болыс болдым, мінеки», «Мәз болады болысың», «Біреуден біреу артылса», «Сәулең болса кеудеңде», «Тұлпардан тұғыр озбас шабылса да», «Асқа, тойға баратұғын», «Жақсылық ұзақ тұрмайды», «Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын» сынды өлеңдерден де ел-жер жайы, адам өмірі мен еңбегі, бақи мен фәни дүние, баянсыз тірлік, тағдыр талқысы, балалық пен жастық шақ, жігіттік пен кәрілік мәні, әдет-дағды, дәстүр, мінез құбылысы, жан-жүрек, көңіл толқындары, дос-дұшпан сипаты, ақыл-парасат, ар-намыс, жалғандық пен надандық, бос мақтан, негізсіз дақпырт, бейқамдық нақты да нанымды беріледі.
«Сегіз аяқ» – тақырыбы бөлек, жүйе-түрі ерек, мағынасы мен мазмұны терең, көлемді де көркем өлеңдердің бірі. Әрбір шумағы сегіз жолдан тұратын туындының ой-сөз жүйесі мәнді, мазмұн-түйіні нәрлі болып келеді. Ақын мұраты айқын: көрген-түйген тәжірибесі негізінде қоғам құбылысын, заман шындығын, адам өмірі мен еңбегінің әрқилы сәттерін жан-жүректен толғап, көңіл толқынында тербеп, осы арқылы қордалы ойлары мен толғаныстарын еркін айтып, мәнді өрістетіп, көркем дамытып, жүйелі жеткізеді. «Толғауы тоқсан қызыл тіл» мүмкіндігі алыс-жақынға жетіп, жан-жүректі тербеп, бойға жайылады. Көңілді кернеп, ой-сезімді қозғайды. Алыстан тартып, қиядан шалып, бойды билеп, ерікті алып та сөз жүйесі кең өріс алады. «Өткірдің жүзі, Кестенің бізі, Өрнегін сендей сала алмасын» да анық аңғаруға болады. «Көңілсіз құлақ – ойға олақ» екені де терең танылады. Жұрт жадындағы надан жанның: «Басында ми жоқ, Өзінде ой жоқ» еріксіз сиқын, мәнсіз тірлігін «күлкішіл кердең» сипатында береді. Арсыз, ұятсыз кейпі де көрінеді. «Қайнайды қаның, Ашиды жаның, Мінездерін көргенде» дейтіні де содан. «Байлаусыз ақыл», «Күпілдек мақтан» мәні де ашылады. Ақын поэзиясынан аңғарылатын: «Бір кісі емес жазғаным, жалпақ жұрт қой» екені терең танылады. «Терең ой, терең ғылым іздемейді, Өтірік пен өсекті жүндей сабап» сынды ойлар мен толғаныстарынан дәуір дидары мен заман шындығы, адам мұраты, еңбек болмысы кеңінен көрініс береді. Елдік сана, ерлік дәстүр, адам мұраты, өмір өрімі, еңбек болмысы, дәстүр тағылымы, ар-иман ісі де кең орын алады.
Ақын өлеңдерінің бір шоғыры – жастық, достық, махаббат тақырыбын кеңінен қозғап, жан-жүректің жырын, көңіл толқындарының нұрлы, сырлы сәттерін бүкпесіз баяндайды. Жалын жастық пен достық сыры – мөлдір махаббаттың негізін құрайды. Ойға алсақ, «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» өлеңінің тақырыбынан танылатынындай, бойжеткен қыздың бүтін болмысы, ішкі-сыртқы көріністері, тұтас мүсіннің жарасымы кең түрде суреттеледі. Алғашқы тұстан-ақ жас сұлудың кең маңдайлы келбеті, нұрлы жүзі, қара көзі өзіне тартып, баурап алады. Ақша жүзін айдай қара қасы, алқызыл түске енген ажар-көркі де барынша кең түрде ашып, шуақ-сәулесімен нұрландыра түскені де анық.
Сонымен қатар Абай өлеңдері арасында жыл мезгілдерін, табиғат көріністерін кең көлемде көрсететін туындылары да бар. Аталған өлеңдер жыл мезгілдерін, табиғат құбылыстарын әр қырынан ашып, мәнді ой қозғап, айнала-әлемнің көркем суреттерінен сыр шертеді. Әр алуан ізденіс, көрініс-суреттер, өзара салыстыру, салғастыру тұстарынан қоғамдық құбылыстар, адам әлемі, өмір кезеңдері, еңбек мұраты ақиқат жайттарымен назар аудартады. Образбен ойлау жүйесі, бейнелі құралдар мәні, әрқилы салыстыру сипаттары да нанымды өріс алады. Адам әлемін, өмір тағылымын, табиғат ғажайыптарын, уақыт рухын бейнелі көрініс-суреттер, шынайы шындықтар арқылы жеткізу мұраттары айқын.
«Қара сөздер» мұрасында хакім Абай ұлт мұраты, елдік мүдде мәселесін – еңбек, білім, ғылым, өнер төңірегінде кеңінен өрбітеді. Алыс-жақын елдердің өмір-тұрмыс, кәсіп-дағдыларына, дәстүрлеріне ден қояды. Олардың білім-ғылымға, еңбекке, өнерге, саудаға бейімділігі, содан алға озып, ілгерлегені үлгі етіледі.
Ал надандық пен жалқаулық, еңбексіз бен жылпостық, залымдық пен зұлымдық, ұрлық пен бұзақылық сыры былай беріледі: «…ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі – қорқақ, қайратсыз тартады, әрбір қайратсыз – қорқақ, мақтанғыш келеді; әрбір мақтаншақ – қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз – надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады». Бұл тұстардан, сөз жоқ өмір-тұрмыстағы кәсіп-дағды, дәстүрден өзге, еңбек мұраты басым бағыттарға ие болады. Ар ісін, ақиқат ілімін, жан-жүректің нұры мен сәулесін бәрінен жоғары қояды.
«Қара сөздердің» асыл арқауы мен басты бағыттары – адам әлемін ашуға арналады. Адам мұраты мен адамшылық жолы, ар мен ұяттың маңыз-мәні кең орын алады. Хакім Абай білім-ғылымға, өнерге сергек қарайды. Оны оқып-білу, үйрену керектігіне көп көңіл бөледі. Оған қатысты: «Адам көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де мейірленеді, тезірек қолға түседі», – дейді. Одан кейінгі жерде: «…ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты бар. Сол мінез бұзылмасын! Көрсеқызарлықпен, жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады. Одан соң оқып-үйреніп те пайда жоқ. Қоярға орны жоқ болған соң, оларды қайда сақтайсың? Қылам дегенін қыларлық, тұрам дегенінде тұрарлық, мінезде азғырылмайтын ақылды, арды ақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын? Бұл бір ақыл үшін, ар үшін болсын!» дегенді анық айтады. Ақыл-парасат, ар-намыс, жүрек ісі жоғары қойылады. «Хақтың бір аты – Алла, ғылым – Алланың бір сипаты» дегенді баса көрсетеді. Иман ісін алға шығарады. Білім-білікті, дін-дәстүрді, өмір тағылымын үлгі етеді.
Абайдың «Қара сөздер» атты прозалық мұрасы жанрлық жағынан дәстүрлі әдеби туынды немесе әңгіме, естелік, мемуар үлгісі емес. Сондай-ақ, оқиғалы-сюжетті, толғам-толғаныс, нақыл-өсиет сөздер жиынтығына да жатпайды. Біздіңше, Абай әлемінің өн бойынан берік орын алған арғы-бергі кезең шындықтары, өз дәуірінің көріністері, ақиқат жайттардың жиынтығы басым бағыттарға ие болады. «Қара сөздер» қазынасы қоғам мен адам қарым-қатынасының берік байланысын, уақыт тынысының белгі-ерекшеліктерін бедерлі бейнелеген жан-жүрек пен көңіл толқынының көркем шежіресі. Тақырыптық-жанрлық ерекшелігі бар, болмысы бөлек, мазмұны ерек, тілдік мәнері, стильдік құбылысы өзгеше қазыналы биік. Өмір тағылымының, тарих пен танымның өрнекті өнегесі, үздік үлгісі. Абай әлемінің асқақ даңқы, биік тұғыры, көркемдік кеңістігі, мәдени-рухани айнасы.
Хакім Абайдың «өз сөзім-өзімдікі» екенін анық аңғартар – «Қара сөздер» мұрасының тұтас табиғаты мен тағылымынан: өмір тәжірибесі мен өнер өлкесіндегі көрген-білген, танып-түйген жайттары ұлттық тұрғыдан байыпты сараланып, ақыл-парасат арнасы, білім-білік көрінісі, талғам таразысы уақыт бедерімен байланыс-сабақтастықта өріс алып, одан елдік-қоғамшыл қасиеттері кең көлемде танылатындықтан, ұлт мұраты мен руханиятының арналы бастаулары мен қазыналы қайнарлары, мәдени-рухани Һәм көркемдік-эстетикалық құндылықтары айқын аңғарылады. Демек, хакім Абайдың «Қара сөздер» атты қазыналы кеңістігі – халқымыздың арғы-бергі кезеңдердегі жемісті жетістіктерін, келеңсіз кемшіліктерін қатар көрсеткен, сондай-ақ адам мұратын, өмірі мен еңбегін, ақыл-парасат нұрын, білім-ғылым жүйесін, дін мен дәстүрді, тарих пен танымды, мәдениет пен тілді тағы сол сияқты жүрек әмірі мен көңіл таразысына тартылып, тәжірибе тәлімімен байланыста баяндалатын парасат-пайымы мол тағылымды туынды.
Жинақтап айтқанда, хакім Абайдың шығармашылық қазынасы – әлемдік даму үдерістермен сабақтасып, тақырыптық ерекшелігімен, мазмұн-құрылым жүйесімен тұтастық сипат құрап, көркемдік кеңістігімен ұштасып, мәдени-рухани Һәм эстетикалық құндылықтарымен жалғастық тұрғысынан байып-толығып тұрғаны айқын аңғарылады. Әлемдік құбылыс, даму үрдістерімен үндестік тауып, сабақтастық желі-жүйесімен тамырластық сипат алуы – планетарлық тұлғаға тән ерекшелік екені анық. Ендеше хакім Абайдың мұра-мирастары – планетарлық тұлғаның биік болмысын, ерен еңбегін, көзқарасы мен қолтаңбасын, қиял қанаты мен қалам қуатын айқындап, дарын даралығы мен талант табиғатының асқақ айбынын, біртұтас бедерін, даңқты тұғырын, телегей құбылысын терең танытады.
Анығында, Абайдың әлемдік даңқы – жалпыадамзаттық мәселелерге жіті назар аударып, тақырып әралуандылығы мен ерекшелігіне орай дарын даралығын асқақ дауысымен, биік болмыс, ерен еңбек, талант қуатымен терең танытады. Абайдың мұра-мирасында елдік мүдде мен ұлттық көзқарас, дәстүр мен дүниетаным арналары, ақыл мен парасат, білім мен ғылым ісі, тарих пен таным тоғысы, тәлім-тәрбие иірімдері алғашқы кезеңде көрініс береді. Ал планетарлық тұлғасы – әлемдік ақыл-ой алыптарымен тең дәрежеде көрініп, жер-жаһанның аман да бүтін, геосаяси ахуалдың тұрақты, халықаралық қоғамдастық, әлемдік экожүйе, серіктестік, ынтымақтастық мәні, Алла мен адамзатты сүю, Отан мен отбасындағы тыныштық сынды ортақ жайттар асқақ естіліп, сөзі мен ісінде тұтастық танылып, адамгершілік мәнін, жауапкершілік жүгін терең сезініп, елдік мүдде, ұлттық құндылықтарды бәрінен биік қойып, оны тиісінше байыпты барлап, зерттеп-зерделеп, кеңінен дәріптегендіктен, ел жадынан, ұрпақ зердесінен, даңқ тұғырынан мәңгілік орын алды. Бұл – планетарлық тұлғаға тән басты ерекшелік, жалпыадамзаттық өрнекті өріс, ұрпақ алдындағы ұлағатты өнеге екені анық. Хакім Абайдың – «Толық адам ілімінің» адамзаттық мәні, планетарлық тұлғаға тән басым бағыттары, ұлт пен ұрпаққа ортақ асыл мұраты, адамгершілікке негізделген үлгілі үрдіс, өрнекті өріске толы қымбат қазынасы, байтақ әлемі мен ұлағаты осыған саяды.
Рақымжан ТҰРЫСБЕК,
филология ғылымдарының докторы, профессор