Валерия – Қарағанды қаласының тұрғыны, ұлты – корей. Балалық шағынан бастап ол мемлекеттік тілді меңгеруді өзіне мақсат етіп қойған. «Атам корей болғанымен, Қазақстанда өмір сүріп жатқан соң қазақ тілін білу міндет деп санады. Сондықтан мені қазақ балабақшасына берді. Мектепке барарда ата-анам таңдау құқығын өзіме берді, мен қазақ тілінде оқимын деп шештім», – дейді ол.
Қазақ тілін меңгеру Валерияға қиын болмаған. Себебі қазақтілді балалардың ортасында өсіп, ұстаздары мен достарының қолдауымен тілді тез меңгерген. «Қазақ тілінде сөйлеу өзіме ұнайтын, сондықтан тез үйреніп кеттім», – дейді Валерия Владимировна.
Мектеп қабырғасында жүріп-ақ ол қазақ тіліндегі көптеген жобаға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Соның ішінде 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай ұйымдастырылған республикалық байқауда 1-орынды жеңіп алды.
Қазір Валерия Владимировна – Қарағанды қаласындағы Корей этномәдени қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшесі. Ол 9 жылдан бері корейдің ұлттық аспаптарында ойнайды. Бүгінде «Самульнори Саён» тобының жетекшісі. Сонымен қатар бала кезден ана тілі – корей тілін меңгеруде. 2024 жылы Корея Республикасына барып, корей тілі деңгейін жетілдіріп, тарихи отанының мәдениеті мен дәстүрлерін терең үйреніп қайтқан.
Алайда ол өз жүрегінің төрінде туған жері – Қазақстанға деген махаббатын сақтап келеді. «Кореяда ұзақ тұрмасам да, туған елім – Қазақстанды сағынып, жүрегімнің бөлшегі екенін түсіндім», – дейді Валерия Владимировна.
Қазақ тілінде еркін сөйлеуі арқылы ол басқа этнос өкілдеріне де үлгі. «Менің қазақша еркін сөйлеуім – өзгелерді де осы тілде сөйлеуге ынталандырады деп сенемін. «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» ҚХА жобасы аясында іс-шараларға белсене қатысамын», – дейді ол.
Валерия Цой – Қазақстан халқы Ассамблеясының этносаралық келісім мен бейбітшілікті насихаттайтын жас буынның жарқын өкілі. Оның өмір жолы – еліміздегі этносаралық татулықтың айқын көрінісі.
Айдана УМИРБАЕВА,
Қарағанды облысы ҚХА баспасөз бөлімінің маманы