in

Қазақстан құрамасы елордада өткен Азия чемпионатында көш бастады

Қазақстан құрамасы алға қойған міндеттерін сәтті орындап, командалық есепте бірінші орынға тұрақтады. Отандастарымыздың қоржынында медальдардан бөлек, рекордтық көрсеткіштер де бар. Толығырақ Olympic.kz материалында.

Қазақстанда ауыр атлетикадан халықаралық жарыстар ұзақ уақыттан бері ұйымдастырылмаған еді. Соңғы рет ауқымды турнир 2014 жылы Алматыда өткен болатын. Ол кезде 76 елден келген 700-ге жуық атлет әлем чемпионатында бақ сынады. Сол жолы біздің құрама командалық есепте төртінші орынды иеленіп, үш алтын, бір күміс және бір қола медальға қол жеткізген еді.

Арада он жыл өткен соң, шетелдік атлеттер қазақстандық тұғырға қайта оралды. Астанада өткен Азия чемпионатында 27 құрама медальдар үшін таласты. Зілтеміршілердің жалпы саны 450-ден асты. Бұл құрлықтық біріншіліктің ауқымын арттырып, жарыстың деңгейін жоғары әрі тартысты етті. Осы орайда, жарыс қожайыны ретінде Қазақстан құрамасы да ең көп спортшымен өнер көрсетті.

“Азия чемпионатына дайындық жоғары деңгейде өтті. Наурыз айынан бері алты оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Соңғысы Алматы облысында ұйымдастырылды. Біз тек нәтижеге жұмыс істедік. Спортшыларымыз бар күшін салып дайындалды. Ауыр атлеттердің 100 пайыз дайын екеніне сенімді болдық”, – деді бас бапкер Альберт Хакимулин.

Нәтижесінде бапкерлік құрамның болжамы толықтай ақталды. Біздің құрама медальдық есепте жеңімпаз атанды. Жеті рет спортшыларымыз алтыннан алқа тағып, төрт рет күміске, алты рет қолаға қол жеткізді. Азия чемпионатының жеңімпаздары: Ксения Прозорова (58 келіге дейін), Әлихан Әскербай (71 келіге дейін), Нұржан Жұмабай (79 келіге дейін), Едіге Емберді (79 келіге дейін), Кира Данилова (69 келіге дейін), Ерасыл Сәулебеков (88 келіге дейін), Денис Полубояринов (94 келіге дейін).

Айта кету керек, жалпы нәтижеге кіші медальдар да есепке алынды. Бұл кіші медальдар жұлқа көтеру мен серпе көтеруден үздік атанған спортшыларға табысталды. Осы есеп бойынша да Қазақстан басқа мемлекеттерден басым түсті.

“Жалпы алғанда құраманың өнерін “өте жақсы” деп бағалауға болады. Жалпы медальдық есепте жасөспірім ұлдар мен қыздар бірінші орынды иеленді, жастар да керемет өнер көрсетті. Басты мақсатымыз командалық есепте жеңу болатын. Демек, жоспарымыз толық орындалды”, – деп атап өтті Альберт Хакимулин.

Маман сұхбатында команданың айтарлықтай жаңарғанын, бірақ басты үміт артқан спортшылардың өз міндетін толық атқарғанын да айтты.

“Біздің әлеуетіміз өте жоғары. Көптеген спортшы үшін бұл алғашқы халықаралық жарыс болды. Көптеген жас атлет өздерін жақсы қырынан көрсетті.Ксения Прозорова, Кира Данилова, Әлихан Әскербай, Едіге Емберді, Ерасыл Сәулебеков, Денис Полубояринов, Ақжол Құрманбек… Олар бізді таңғалдырды деп айта алмаймын – біз олардан дәл осындай нәтижені күттік, олар сенімді ақтап, тамаша нәтиже көрсетті”, -деді  бас бапкер.

Сондай-ақ бірқатар спортшымыз тек Азия чемпионатында ел намысын сәтті қорғап қана қоймай, құрлық пен әлем рекордтарын жаңартқанын да айрықша атап өткен жөн. Әсіресе, Әлихан Әскербай ерекше көзге түсті. Ол үш әлемдік және үш Азия рекордын жаңартты.

Қосалқы құрам бұл сыннан сүрінбей өткені – қуантарлық жағдай. Ең бастысы – ересектер арасында да осы деңгейде өнер көрсету. Қазір құрама демалыста. Алда Бахрейнде өтетін жасөспірімдер арасындағы Азия ойындары бар. Бапкерлік штаб тамыз-қыркүйекте қайта қарқынды дайындықты бастауды жоспарлап отыр. Демек, тағы да таңғаларлық нәтиже көрсету қажет.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.