in

Қазақстанда орташа жалақы 486 мың теңгеден асып кетті

Қазақстанда 2026 жылдың екінші тоқсанында орташа айлық жалақы 486 388 теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,4 пайызға жоғары, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

Медианалық жалақы 348 415 теңгеге жетті. Яғни, қызметкерлердің жартысы осы сомадан аз, ал қалған жартысы одан көп жалақы алады. Ал 2026 жылғы зерттеу нәтижесі бойынша ең жиі кездесетін жалақы мөлшері, яғни модальды жалақы 187 006 теңге болды.

Жалақының өсуіне қарамастан, инфляцияны ескергендегі нақты еңбекақы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,8 пайызға төмендеген.

Ерлер мен әйелдердің еңбекақысы арасында да айырмашылық сақталып отыр. 2026 жылғы зерттеуге сәйкес, ерлердің орташа сағаттық жалақысы 2 859 теңге болса, әйелдердікі 2 180 теңгені құрады. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш ерлер арасында 8,4 пайызға, әйелдер арасында 6,5 пайызға өскен.

Жас ерекшелігі бойынша ең төменгі орташа жалақы 16–24 жас аралығындағы қызметкерлерге тиесілі. Олардың айлық табысы 310 256 теңге болған. Ал ең жоғары жалақы 35–44 жастағы азаматтар арасында тіркеліп, 489 629 теңгені құрады. 45–54 жас аралығындағы қызметкерлердің орташа айлық жалақысы 467 544 теңгеге жеткен.

Сонымен қатар жалақының ең жоғары өсімі 16–24 жастағы қызметкерлер арасында байқалды. Олардың еңбекақысы бір жылда 10,9 пайызға артқан. Ал 65 жастан асқан азаматтар арасында өсім небәрі 1,3 пайызды құрады.