in

Қазақстанда автонесие алу жеңілдеуі мүмкін

Қазақстанда автокөлікті халыққа қолжетімді ету мақсатында автонесиелеу кезінде қарыз жүктемесінің коэффициентін (ҚЖК) алып тастау мәселесі қарастырылып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Министрдің айтуынша, бұл бастама автонесиелеу мен автолизинг тетіктерін жетілдіру аясында жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар жеке тұлғаларға арналған автолизингті дамыту жоспарланып отыр.

Сондай-ақ автокөлік импортында заң талаптарының сақталуына бақылау күшейтіледі. Бұл отандық өндірушілер мен ресми импорттаушылар үшін әділ бәсекелестік қалыптастырып, заңсыз көлік әкелу схемаларының алдын алуға мүмкіндік береді.

Қарыз жүктемесінің коэффициенті (ҚЖК) деген не?

ҚЖК – азаматтың ай сайынғы табысының қанша бөлігі несие төлемдеріне жұмсалатынын көрсететін көрсеткіш. Оны есептеу кезінде қолданыстағы несиелер, бөліп төлеу міндеттемелері, несие карталары және жаңа несие бойынша төлемдер ескеріледі.

ҚЖК неғұрлым жоғары болса, банктің несие беру ықтималдығы соғұрлым төмендейді.

Егер міндетті ҚЖК талабы алынып тасталса, бұған дейін несие ала алмаған азаматтардың автонесие рәсімдеу мүмкіндігі артуы ықтимал. Алайда бұл банктер барлық өтінішті мақұлдайды дегенді білдірмейді. Қаржы ұйымдары бұрынғыдай несие тарихын, табысын, алғашқы жарна мөлшерін және өз тәуекелдерін бағалауды жалғастырады.