in

Ірі сүт-тауар фермасы іске қосылады

Қарағанды облысында Осакаров ауданының Родников ауылдық округінде Eurasia Invest компаниясы салып жатқан 6 000 басқа арналған заманауи сүт-тауар фермасы пайда болады, – деп хабарлайды Аikyn.kz облыс әкімдігіне сілтеме жасап.

СТФ-ның қуаты – жылына 70 мың тонна сүт. 

Жобаның жүзеге асырылу барысымен облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Осакаров ауданына жұмыс сапары барысында танысты.

«Евразия Инвест LTD» ЖШС құрылтайшысы Иван Георгиади жобаның кезең-кезеңімен іске асырылатынын, бірінші кезек биыл іске қосылатынын айтты.

Голштин-фриз тұқымды сиырлардың бірінші партиясы сатып алынды.

– Жемшөп базасы меншікті болады. Биылғы маусымда мың гектарға жуық жүгері мен жоңышқа егілді, – дейді Иван Георгиади. – Ауыл шаруашылығында біз үшінші жыл жұмыс істеп келеміз. Бірінші жылы танысу болды. Техника сатып алдық, бізде жабдықтарымыз ең заманауи. Екінші жылы суарумен айналыса бастадық – біз Мемлекет басшысының Жолдауын қолдап, нәтижесін көріп отырмыз. 2024 жыл озық жыл болды, себебі өзіміз үшін ірі жобаларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Жеңілдікті несиелендіруге өтініммен шықтық. Бізді қолдады. Ел мен облыс басшылығына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтқым келеді.

Кәсіпорын суармалы жерлерінің аумағын 10 мың гектарға дейін ұлғайтады. Жоба бойынша 120 жаңбырлатып суаратын машина орнатылады. Бұл өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, 12 мың тоннаға арналған көкөніс қоймасы салынбақ.

– Бұл өте қажетті және маңызды жоба, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев. – Жақында Нұра ауданында 1 200 басқа арналған сүт-тауар фермасын аштық. Жаңа бастамаларды ескере отырып, біз сүт зауыттарының отандық шикізатқа деген қажеттілігін толығымен жабамыз. Импорттық тәуелділікті төмендетеміз. Бұл Президенттің бізге қойған басты міндеті – импорттан бас тартып, өз өндірісімізді дамыту.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM  арнасынан табасыз.