Оған басты себеп – жаңа заңның күшіне енуі. Осыған дейін тиісті орган өкілдері мопедтің тіркеу нөмірі болуы қажет екенін міндеттеген еді. Ереже қолданысқа енгелі бері біршама курьер мопедті тастап, электрвелосипедке ауысқан.
Басқару жеңіл әрі құны арзан
Бүгінде қалада электрвелосипедке сұраныстың артқаны байқалады. Әсіресе, курьерлердің аталған көлік түріне ауыса бастауының да өзіндік себебі бар. Өйткені электрвелосипедтің бағасы салыстырмалы түрде арзан әрі құжат рәсімдеуді қажет етпейді. Осыған байланысты біз де көлік түрін сатумен айналысатын бірқатар дүкенге хабарласып көрдік. Олар көлік жүргізушілері арасында электрвелосипедке деген сұраныс көбейгенін растады.
– Бізге жалға алу немесе сатып алу бойынша жүгінетіндердің көбі – дәл осы курьерлік қызметте істейтін жастар. Расында, заңнамалық өзгерістерден кейін мопедке деген сұраныс біршама төмендеді. Ал электрвелосипедті басқару жеңіл әрі сатып алу құны да арзан, – деп жауап берді дүкен сатушыларының бірі.
Қазір Алматыдағы электрвелосипедтердің бағасы шамамен 75 мың теңгеден басталады. Бір ескеретін жайт, бұл – OLX сайтында жарияланған ұсыныстардың ең төменгі көрсеткіші. Бұл қатарға кіретін электрвелосипедтер көбіне осыған дейін қолданыста болған немесе кейбір бөліктері қайта ауыстыруды қажет етеді. Ал жаңа, сенімді брендтердің орташа бағасы 300 мың теңгеден бастап 1,5 млн теңгеге дейін барады. Олардың арасында премиум үлгілер мен жиналмалы жаңа модельдер де бар.
15 мыңнан астам мопед тіркелген
Жаңа талап енгізілгелі бері бір айға жуық уақыт ішінде Алматы қаласында мопед жүргізушілеріне қатысты 2 600-ден астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі тіркелген. Онымен қоса, 800-ден астам мотокөлік мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылыпты.
Алматы қаласы Полиция департаментінің берген мәліметіне сүйенсек, қазір қалада мопед тізгіндеушілердің 90 пайызға жуығы тіркеуден өткен, яғни 15 мыңнан астам мопед заңды түрде пайдаланылады. Мамандардың сөзінше, мопед санының азайып, электрвелосипедшілердің артуы жол апаты көрсеткішінің төмендеуіне әсер еткен. Урбанистер де қала ішінде электрвелосипедпен жүру ыңғайлы әрі экологиялық тұрғыда тиімді екенін айтып отыр.
– Иә, мопед жүргізушілерінің саны Алматы қаласында едәуір азайды. Бұл – біздің бастамамызбен заңға енгізілген міндетті тіркеу жөніндегі өзгерістердің нақты нәтижесі. Осы өзгерістер күшіне енгеннен кейін көп курьер электрвелосипедке ауысты. Бұл тенденция қаладағы қозғалысты ретке келтірді. Бұрынғыдай бейберекет жол ережесін жиі бұзатын мопед ағыны төмендеді. Қала көшелеріндегі ахуалға қарап, мопедтер айтарлықтай азайғанын және қозғалыстың біршама қауіпсіз бола түскенін байқауға болады. Сәйкесінше, жол-көлік оқиғаларының жалпы саны мен ауырлығы да төмендей бастады. Бұл – мопед иелерінің азаюымен қатар, тіркеу мен бақылау күшеюінің оң әсері. Қалалық ортада осындай жеңіл әрі қауіпсіз көлік түрлерінің көбеюі – қазіргі урбанизация мен мобильділіктің тиімді бағыты, – деді урбанист Гүлмира Байғабұлова.
Тиісті инфрақұрылым қажет
Дегенмен курьерлер электрвелосипедке ауысқанымен, қалада инфрақұрылым әлі де жеткіліксіз екенін атап өткен жөн. Бұл жағдай жолдағы қауіпсіздік мәселесін шешудің орнына жаңа проблема туындатпай па? Маманнан сұрап көрдік.
– Электрвелосипед саны артқанымен, оларға арналған инфрақұрылым, соның ішінде веложолақтар, қауіпсіз тұрақтар, арнайы белгілер әлі де жеткіліксіз. Сондықтан электрвелосипед жүргізушілері көлік немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруге мәжбүр. Дегенмен бұл мәселені шешуге болады және қазірдің өзінде алғашқы қадамдар жасалып жатыр. Атап айтқанда, қала әкімдігі велоинфрақұрылымды дамыту бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Жаңа веложолақтар салынып, қолданыстағы жол кеңейтіліп жатыр. Әрине, қазіргі жағдайда инфрақұрылым әлі де жеткіліксіз болғанымен, бұл шешімін табатын мәселе деп ойлаймын, – деді ол.
Электрвелосипедке сұраныстың артуы урбанистикалық тұрғыда жаңа шешімдер мен инфрақұрылымдық өзгерістерді талап етеді. Оның бір себебі – аталған көлік түрін ресми түрде тіркеудің қажеті жоқ. Сондықтан жауапты органдар алдында енді электрвелосипед қозғалысын реттеу мәселесі тұр.
– Электрвелосипедке деген сұраныс тек көлік құралы ретінде емес, сонымен қатар қоғамдық денсаулық пен өмір сапасына әсер ететін фактор ретінде қаралуы тиіс. Бұл көлік – адамдарды физикалық белсенділікке итермелейтін денсаулыққа пайдалы қозғалыс түрі. Қала тұрғындарының көбірек қозғалып, белсенді болуына мүмкіндік береді. Сол себепті бұл – тек логистикалық емес, әлеуметтік тұрғыда маңызды шешім. Бұл тенденция урбанистикалық тұрғыда бірқатар нақты өзгерісті талап етеді. Атап айтсам, қауіпсіз әрі ыңғайлы велоинфрақұрылым, қоғамдық және жеке электрвелосипедтерге арналған тұрақтар, зарядтау нүктелері, сондай-ақ мектеп пен жұмыс орындарына дейінгі маршруттарды ыңғайлы ету мәселесін қарастыру керек, – деді Г. Байғабұлова.
Ресми дерекке сүйенсек, биыл қаңтар айынан сәуір айына дейінгі аралықта мопедтерге қатысты 233 жол апаты тіркеліп, оның салдарынан 243 адам зардап шеккен.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы