in

Шығыс Қазақстан облысында егістікке су жетпей жатыр

Шығыс Қазақстанда апаттық жағдайдағы бөгеттер салдарынан егістікке су жетпей жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

“Жетінші арнаның” хабарлауынша, Шығыс Қазақстандағы екі ірі су қоймасы – Зайсан ауданындағы “Үйдене” және Тарбағатай ауданындағы “Қандысу” апатты жағдайда деп танылған.

Биіктігі 9 қабатты үймен тең бөгеттің апатты күйіне байланысты су қоймалары тек жартылай ғана суға толып тұр. Салдарынан облыстағы суармалы жерлердің алқабы айтарлықтай қысқарған. Бөгеттің бұзылу қаупі жоғары болғандықтан, билік өкілдері төтенше жағдайды болдырмау үшін нысандарды үнемі тексеріп, су көлемін шектеп отыр.

“Үйдене” бөгетін қалпына келтіру жобасы техникалық қателіктерге байланысты бірнеше рет кері қайтарылған. “Қазсушар” мамандары биыл қазанға дейін жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының түпкілікті жоспарын бекітіп, мемлекеттік қаржыландыру алуға уәде беріп отыр. Ал екінші – “Қандысу” бөгеті бойынша реконструкциялаудың егжей-тегжейлі жоспары дайын.

“Үйдене су қоймасының сыйымдылығы 75 миллион текше метрді құрайды. Қазір Ертіс бассейндік инспекциясының рұқсатымен Үйденеге тек 46 миллион текше метр ғана су толтырылған”, – дейді Зайсан ауданы әкімінің орынбасары Ермек Қорабаев.

“Қазсушар” республикалық мемлекеттік кәсіпорны филиалының өкілі Дилара Жанболатованың айтуынша, жобалық-сметалық құжаттаманы түзету жұмыстары аяқталып, мемлекеттік сараптамаға жіберілген.

“Алайда теріс қорытынды алынды. Соған байланысты жобалау ұйымымен келісімшарт бұзылды. Бүгінгі таңда “Қазсушар” РМК өз күшімен ЖСҚ-ны түзету жұмыстарын жүргізіп жатыр”, – деді Дилара Жанболатова.