Мұхтар Омарханұлы төл шәкірті Бекмұратты «Мұратым» деп еркелетіп, қазақ фольклорын зерттейтін кәсіби маман етіп қалыптастырады.Шынында, Б.Уахатов – ұлы Әуезовтің соңғы шәкірті болып қалған әрі бұл парызды адал ақтаған тұлға. М.Әуезов музей қорында сақталған М.Әуезов блокнотында «ІІІ курс. 1952. 25 март. Абаеведение (коллеквиум).Уахатов Бекмұрат – отлично» деп бестік бағаның астын сызған мәлімет бар. Дарынды шәкірті диссертациясын қорғағанда Мұхтар Омарханұлы оның үйіне барып, дастарқан дайындығын алдын ала көзімен тексереді. Оның себебін «Пәлі, Мұрат, меймандарға сақадай сай дайынмын дейсің, оны өз көзіммен тексерейін. Мен қонаққа барам деген соң менімен бірге дүр көтеріліп қазақтың жайсаңдары мен қасқалары үйіңе барады» дейді. Үйіне келген соң дастарқан әзірлігіне риза болады, бір кілтипан киім ілгіш осал болып шығады. «Пәлі, Мұрат, бұл жарамайды. Жағалы киімдерін игі жақсылар ілгенде жыртып алуы мүмкін екен. Менің үйімнен киім ілгіштерді дереу әкеп орналастырыңдар» деп тапсырма береді, осылайша сүйікті шәкіртінің әрбір қадамына қамқорлық жасап отырады, ал ғалым Бекмұрат Уахатов та шәкірттік парызын адал атқарады.
Бекмұрат Уахатовтың әдебиеттану саласында жазған «Көркемдік ізденістер», «Таланттар мен туындылар» секілді шығармалары – ғылымға қосылған қомақты үлес, қазақ сөз өнерін жаңа белеске көтерген шоқтықты қаламгерлердің шығармашылығына берілген шынайы баға, терең сараптама.
Б.Уахатовтың 1974 жылы жарық көрген «Қазақтың халық өлеңдері», 1983 жылы жарық көрген «Қазақтың тұрмыс-салт жырларының типологиясы» деген монографиялық еңбектері қазақ халқының ғана емес, түрік халықтарының сөз мұрасын терең байыптаған іргелі зерттеулер болғаны айқын.
Жалпы, бұған дейінгі кезеңде қазақ фольклортануының негізін салушылар әр кезеңдегі шоқтықты зерттеулерінде халық шығармасының барлық жанрларын тұтас қамтып, шолу, сипаттау деңгейінде зерттеу жүргізіп келген болатын. Бекмұрат Уахатов соныдан соқпақ салып, бұл үрдіске шұғыл бетбұрыс жасап, жекелеген бір жанрды, нақтылап айтқанда халық өлеңдерін монографиялық деңгейде зерттеген дарабоз ғалым болды. Оның «Қазақтың тұрмыс-салт жырларының типологиясы» деген монографиясы да осы жанрдың мәселесін берісі түрік, кеңірек айтқанда түрік-моңғол кеңістігінде қарастырған кемел еңбек болды. Көрнекті ғалым осы еңбектерінде 1960-1970 жылдары Кеңес Одағында, әрірек айтсақ, әлем фольклортану ғылымында қолданылып жүрген озық методологиялық жаңалықтарды білімдарлықпен игеріп, орайын тауып, орнымен қолданғандықтан да, бұл монографиялар арқылы тыңнан жаңалық аша білді. Халық өлеңдерін зерделеудің ұтымды тәсілдерін, адаспас бағыт-бағдарын кейінгі ұрпаққа көрсетіп берді. «Қазақтың халық өлеңдері» монографиясын қазақтың қазыналы өлең сөзінің құдірет қуатының сырын ашқан, шынайы сипатын танытқан алтын кілт деп бағалауға болады. Ғалым бұл еңбегінде төмендегі мәселелерді шешіп берген.
Бірінші, қазақтың халық өлеңдерін жүйелеп, жанрларға жіктеп, білгірлікпен саралады. Ғалым осы мәселеге өлеңнің жанрлық-функциональдық ерекшелігін ескере отырып кірісіп, сөз өнерінің стадиялық дамуы, тарихи қабат-қатпары тұрғысынан үңіліп, зерделей білді. Ол жалпы өлеңді екі топқа бөлді. Бірінші топ – тұрмыс-салт өлеңдері, екінші топ – лирикалық өлеңдер. Бұл жайында Б.Уақатов «Тұрмыс-салт өлеңдері халықтың еңбегі, үй-іші тұрмысы, наным-сенімі, әдет-ғұрпы, салтымен байланысты туғандықтан да, оны тұрмыс-салт өлеңдері деп атадық. Тұрмыс-салт өлеңдерінің өзі үш тараудан тұрады. Бірінші тарау – күнкөріс, кәсіппен байланысты туған өлеңдер. Бұған аңшылық, төрт түлік, наурыз жайлы өлеңдер кіреді. Екінші тарау – халықтың ескілікті наным-сенімінен туған өлеңдер… Үшінші тарау – үй ішінің әдет-ғұрпымен байланысты туған өлеңдер. Бұған балалар туралы өлеңдер мен үйлену салт өлеңдері, мұң-шер өлеңдері жатады. Екінші топтағы өлең – лирикалық өлеңдер. Бұл өлеңдердің түп төркіні халықтың көңіл күйін, ойын-сезімін бейнелеу болғандықтан да, біз бұл топтағы өлеңдерді жалпақ елдің салтына қатысы жоқ қара өлең (жастық өлең), тарихи-әлеуметтік өлең деп екіге бөлдік» (75-б) деп жазады. Бұдан аңғарғанымыз: ғалым халық өлеңін негізінен екіге бөлген, яғни ғұрыпқа қатысты, ғұрыпқа қатысты емес өлеңдер деп жіктеген. Бір сөзбен айтқанда, ғұрыпқа тікелей қатысы жоқ көркем өлеңдерді лирика деп саралаған. Халық өлеңдерін былайша жіктеу – әлемдік фольклортану ғылымында озық үлгі ретінде бүгінде де қолданылып келе жатқан үрдіс.
Б.Уахатов осылайша оң саралау жасау арқылы халық өлеңдерінің даму сатысын да тап басып көрсете білген. Ол «Еңбек-кәсіппен байланысты туған өлеңдерді» халық шығармасының ең көне, ықылым замандағы ілкі үлгісі ретінде зерттеген. Бұл өлеңдерге аңшылық, малшылық, егіншілік туралы өлеңдерді жатқызады да, халық мұрасын алғашқы қауым тарихымен сабақтастыра зерттеп, көне қоғам руханиятының қыр-сырына ой сәулесін түсіріп, қазақ сөз өнерінің қалыптасу дәуіріне, арғы тек-тұрпатына батыл барлау жасайды.
Монографияда бұдан кейін «Халықтың ескілікті наным-сенімінен туған өлеңдерге» жеке орын берілген. Біз айтып кеткен бірінші тарауда Б.Уахатов халық өлеңін байырғы шаруашылық тіршілікпен ұштастырса, осы тарауда поэзияны көне дүниетаныммен тығыз бірлікте қарастырады да, сөз өнерінің байырғы бастаулары мен тылсым сырына байсалды талдау жасайды. «Халықтың ескілікті наным-сенімінен туған өлеңдер» тарауының кітаптағы көлемі 38 бет. Тегінде, фольклортануда бұған дейін қазақтың көне дүниетанымы осындай кең көлемде және биік өреде ешқашан талқыланып көрмеген. Діни нанымға-сенімге қатысты болғандықтан, басынан дау-дамай арылмаған бұл үлгілерді ол алдымен сол кезеңдегі идеологиялық қысымнан ептілікпен аршып, арашалап алады да, ауқымды дәрежеде алғаш мәрте терең саралау жасайды. Осы топқа бақсылар сарыны, арбау-байлау өлеңдер, бәдік, бата-тілекті жатқызады. Бір сөзбен айтқанда, бұл мұраларды магияға қатысты фольклорлық үлгі деп атауға да болады. «Шаман бір кездегі емшілік, тамыршылық, астроном, метеорологтың, қобызшы, әнші, сиқыршының міндетін атқарған. Сол үшін халық оларды құрметпен киелі, оқымысты магия иесі деп есептеген» деп бақсылықты зор бағалаған ғалым өзі зерттеп отырған саланың білімдар маманы екенін қазақтың арғы-бергі тарихында кездесетін әйгілі бақсылардың мейлінше толық та анық тізімін беру арқылы да білдіреді. «Революцияға дейінгі қазақ ауылдарында не көп бақсы көп, балгер көп, тамыршы, есепші (метеоролог), ұшықшы, жаурыншы, құмалақшы дегендер жүздеп саналған. Солардың ішінде өзінің «жын, сайтаны» бар, шын аруақты, аты-жөні мәлім атақты бақсылар онша көп емес. Олар біздің байқауымызша: Қойлыбай бақсы, Қоңырат руынан шыққан Көкше бақсы, Балақай бақсы, Шүмен бақсы, Шақар бақсы, Жаман бақсы, Берікбай (Бекбай) бақсы, Арғын Досмырза бақсы, Үйсін Балқыбек бақсы, Бәсентиін Барлыбай бақсы, Дауылбай бақсы, Дүйсембі бақсы, Ұзақбай бақсы, Ешмұхаммет бақсы, Меңсебай бақсы, Аяпберген бақсы, Баймағамбет бақсы, Абу бақсы, Ізтілеу бақсы, Бала бақсы, Байеке бақсы т.б.» деп барлығы 24 бақсының есімін атайды.
Келесі тараушада «Арбау-байлау өлеңдері» талданады. Арбаудың поэтикасына, құрамына кеңінен тоқталып, мұндағы түсініксіз сөздердің мәнін ашып береді. Ғалым арбаудың поэтикалық құрылымын түзіп тұрған «тірек сөз» екенін дәлелдейді. Бұл «тірек-сөздерге» улы жәндіктердің аты немесе шипалы өсімдіктердің есімі негіз болатынын анықтайды. Мысалы: «Бүйі, бүйі, бүйі шық, Бүйі иесі Қамбар шық…», « Кер, кер, кер жылан, Кереге басты мер жылан…», « Еңкіл-еңкіл, еңкіл құрт, Еңкіл басты қара құрт. Күрең басты сары құрт…» деген арбауларға бүйі, жылан, құрт сөздері «тірек сөз» болғаны айқын. Осы түрдің көлемінің қысқа болуын ғалым былай деп түсіндіреді: «Өйткені бұл алуандас өлеңдердің сөзі көбіне түсініксіз, мағынасыз, әйтеуір ұйқас үшін тұрған әртүрлі жанды-жансыз заттардың атаулары. Ал мұндай сөзді, тілі ауыр өлеңдерді жаттап алып, қайта-қайта төпелеп, дем алмай айтып шығу үшін оның көлемінің барынша қысқа болғаны дұрыс. Сондықтан да болар, арбау өлеңдерінің ең ұзақ дегені 30-40 жол (рас мұндайлар өте аз ұшырасады) болады да, ең қысқасы 8-9 жолдан аспайды».
Ғалым ғұрыппен байланысты туған өлеңдерге «Балалар өлеңдері», «Үйлену салт өлеңдері», «Мұң-шер өлеңдерін» жатқызады. Бұл шығармаларды адамның туу-үйлену-қайтыс болу кезеңдерінде орындалатын салттармен тұтастықта зерттейді. Балалар өлеңдерінің поэтикалық ерекшелігі туралы ғалым «Балаларға арналған өлеңдердің жасалуы, көркемдік әдіс, тәсілдері де әртүрлі. Ол бірде дәстүрлі лирикалық өлеңдердің көркемдік құралдарына негізделсе, енді бірде балалар өлеңдеріне тән өзіндік стильді пайдаланады. Сондай-ақ бұл өлеңдерде күнделікті тұрмыстың нақтылы суреттерімен бірге өмірді тым сұлулап, көркемдеп көрсетушілік те жоқ емес… әр алуан құбылысты, не шамадан тыс көтеріп, не құлдыратып көрсету балалардың психологиясынан, қиял сезімінің ұшқырлығынан туған» деп жазады.
Б.Уахатов «Үйлену салт өлеңдеріне» тойбастар, тойтарқар, жар-жар, сыңсу, беташарды жатқызады. Ғалым халық өлеңін қазақтың өмір-тіршілігінің айнасы ретінде қарастырғандықтан, осы топтағы өлеңдерді ғұрыппен сабақтастырып зерделейді. Халық өлеңінің бастапқы екі жолы мағынасыз, құр ұйқас, экзотика үшін алынады деген ғылымда қалыптасқан қасаң пікірге қарсы шығып, орынды уәж айтады. Өлеңнің бастапқы екі жолында (а,а ұйқасында) психологиялық параллелизмдер, символдар, этнографиялық бедерлер, табиғат суреттерін адамның көңіл күйіне шендестіру, астастыру, баламалау тұрғанын орынды дәлелдейді.
Ғалым сыңсудың поэтикалық ерекшелігін былай деп талдайды: «Айталық, «Күмістен құйдым қасықты, Алтыннан құйдым асықты», – деген тәрізді ұйқас түзеп тұрған қос жолдан соң: «Өз қатарым жүргенде, Аға-екем неге асықты», – деп ұзатылғалы отырған қыз өзінің негізгі айтар ойына ауысады. Ал осы жолдарды біреулер тек ұйқас үшін алынған, қазақ экзотикасының суреттері деп жүр. Біздіңше, бұлай деп үзілді-кесілді тұжырым жасауға болмайтын секілді. Өйткені бұл жолдар тек ұйқас үшін тұрған жолдар емес. Тармақ, шумақ, ұйқас үндестіктерін айтпағанның өзінде бұл жолдардың ішкі ой-мазмұнында біраз жақындық бар. Мысалы, «Орамал төктім он кесте, Шай киіз тіктім бір кесте» деген соң он беске жетпей жат жұртқа кетіп бара жатқан қыз қайғысының айтылуы; «Күмістен құйдым қасықты» деген соң ағасының неден асыққанын сөз етуі осы жолдардың ішкі мазмұн бірлігін көрсетеді. Сондай-ақ «Күмістен жүген төкпелі» дегеннен соң «Біз әкеге өкпелі» деп әңгімені әкесіне қаратып айтуда да көп мағына, сыр, логика бар».
Ғалым мұң-шер өлеңдерінің тобына естірту, көңіл айту, жоқтауды жатқызады. Ал салтқа қатыссыз орындалатын лирикалық өлеңдерге қара өлең, ән өлең, тарихи өлеңді жатқызады да, осы үлгілердің сөз кестесіне, құрылымына, жанрлық ерекшелігіне егжей-тегжейлі талдау жасайды.
Б.Уахатовтың сүбелі еңбектерінің бірі 1983 жылы жарық көрген «Қазақтың тұрмыс-салт жырларының типологиясы» деген монографиясы екенін айттық. Ғалым бұл еңбегінде қазақтың тұрмыс-салт жырларын түрік-моңғол фольклоры кеңістігінде қарастырып, тарихи-типологиялық, тарихи-генетикалық тәсілдің ұлттық фольклортану ғылымында бекем орнығуына жол-жоба көрсетеді. Ғалымның бұл монографиясы үш тараудан тұрады: «Тұрмыс-салт жырларын тарихи-салыстырмалы тұрғыдан зерттеудің мәселелері» тарауында отандық фольклортануда типологиялық зерттеуге қолдануға өзі ұсынып отырған жаңа әдіснаманы игерудің келелі мәселелері сөз болады. «Ортақ жанр, ұқсас үлгілер» деп аталатын екінші тарауда төсекте басы, төскейде малы қосылған, ежелден тарихи тамыры ортақ туысқан халықтарда кездесетін, тегі бір рухани қазыналар сарапқа салынады. «Тұрмыс-салт өлеңдерінің поэтикасы» деген соңғы тарауда халық өлеңінің әсемдік әлеміне жан-жақты зерттеу жасалады.
Ғалым қазақ өлеңінің жанрларын түбі бір, бауырлас қарақалпақ, өзбек, алтай, бурят, саха, татар, қарашай, тәжік сияқты халықтардың үлгілерімен салыстыра отырып, біздегі кейбір жанрлардың шығу тегіне, ортақ болу себебіне, өзгешелік сипатына нақты саралау жүргізеді. Мәселен, бәрімізге белгілі арбау жанры туралы айтсақ, бұл жанр қазақ, қырғыз, қарақалпақ, татар фольклорында дәл осы атпен тұрақты кездеседі екен (53-54-б). Әйткенмен, бұлардың тақырыбы, мазмұны, орындалу мақсаты әр халықта әртүрлі болып келеді. Мысалы, татарлар: «Есен-сау келдің бе, балам, Ақ көңілден саған арбау салам», – деп күйеу баланы арбап қарсы алса, тәжікте арбауды балалар айтатын ерекшелікке ие. Бір сөзбен айтқанда, татарда арбау үйлену салтында жиі қолданылса, тәжікте бұл жанр балалар фольклорына айналып кеткен. Ғалым жасаған осы түйіндерден біз туысқан халықтарға ортақ белгілі деген бір шағын жанрдың өзін зерттеуде үлкен күрделі мәселе бар екенін аңғара аламыз.
Ал жоқтауды қырғызша кошок, тәжікше, өзбекше мәрсия деп айтатынын жазумен бірге түрік халықтарының ішінде осы жанрдың ең көркемі қырғызда сақталғанын ескертеді. Ал бата-тілекті якут, татар, айтайлықтар «алғыс» деп байырғы түрде синкретті қолданатынын анықтай түседі.
Осы еңбектің «Тұрмыс-салт өлеңдерінің поэтикасы» деген соңғы тарауында, әлбетте тың тұжырымдар, соны түйіндер, батыл байламдар мол. «Мысалы, түркілер өлеңдеріндегі поэтикалық формалардың бірі – теңеу көбіне адамның сыртқы түр-тұлғасын суреттеу үшін алынса, метафора ішкі сезімді бейнелеуге қызмет етеді» деп теңеу мен метафораның халық мұрасындағы поэтикалық ерекшелігіне терең талдау жасайды.
Қорыта айтқанда, Б.Уахатов қазақтың халық өлеңдерін берісі түрік-моңғол, әрісі әлемдік кеңістіктегі көркемдік құбылыстармен жүйелі салыстыра байыптаған, осы саланы іргелі де кешенді зерттеген кәсіби маман. Ол бұл үлгілерді зерттеп қана қоймай, жалпы ұлттық фольклортану ғылымының теориялық-методологиялық негіздерінің қалыптасуына зор үлес қосып, бай тәжірибе қорытып, болашақ зерттеушілерге адаспас арна қалыптастырып кетті. Мәселен, Б.Уахатовтың «Қазақтың халық өлеңдері» монографиясының кейбір тараулары кейінгі зерттеушілердің кандидаттық, докторлық тақырыбына айналып, өркен жайды.
Өмірі қысқа болғанымен, терең мағына мен шығармашылық өнімділікке толы өткен, көрнекті ғалымның қазыналы ғылыми мұрасын түгендеп, алты томдық шығармалар жинағын мемлекеттік бағдарлама бойынша жариялау, тағылымға толы ғибратын жас ұрпаққа дәріптеу – бүгінгі ұрпақтың парызы.
Ақеділ Тойшанұлы,
Түркі академиясы сарапшысы, фольклортанушы ғалым