Облыстық полиция кейінгі кезде тым көбейіп кеткен есірткі бизнесі мен нашақорлық қылмыстарын алдын алу және жолын кесу бағытында арнайы акциялық шаралар өткізуді қолға алды. Мұндағы басты мақсат – қазіргі тұтас қоғамның ащы жанайқайына айналған нашақорлықпен күрес пен оның зиянын жастарға барынша түсіндіру жұмыстарына бағытталыпты.
Бір ай ішінде жалпы облыс көлемінде ондаған арнайы шаралар ұйымдастырылып, оған полиция органдарымен қатар, орта және арнаулы білім беру, денсаулық сақтау басқа да мемлекеттік мекемелер мен органдар қатысуда. Акция түрінде өткен кезекті іс-шара Көкшетау қаласында жеке кәсіпкерлердің қаржылай қолдау көмегімен жүзеге асырылыпты. Полиция қызметкерлері қамқорлыққа зәру тұрмыс-жағдайы төмен отбасынан шыққан балаларға мереке қайырымдылық концерттік бағдарламаларын ұсынды. Жеткіншек балалар қарағай мен қайың көмкерген қаланың шеткі аудандарының бірінде орналасқан Letto-парк демалыс базасында болып, онда мотоциклдер, квадроциклдер мен автомобильдермен қыдыру, аниматорлардың қатысуымен түрлі ойындар, байқаулар мен көңілді басқа да шаралар жүргізіліп ол балалардың көңілінен шықты. Барлық балаға тәтті балмұздақтар мен сусындар, сондай-ақ басқа да тәтті сыйлықтар таратылды. Сондай-ақ шара барысында балаларға «Сальто» батут орталығына қатынау және спорт дүкеніне сыйлық сертификаттары салтанатты түрде табыс етілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл акция әлеуметтік қолдау түрінде ғана емес нашақорлыққа қарсы күрес айлығы шеңберінде жастар арасында нашақорлықтың алдын алу жұмыстарының бір бөлігі ретінде қарастырылған.
– Балалар мен жасөспірімдердің белсенді өмір салты мен қызығушылықтарын қалыптастыру – жағымсыз құбылыстардың оның ішінде есірткіге, басқа да нашақорлыққа бағыттайтын заттарға тәуелділіктің алдын алудың маңызды құрамдас бөлігі болып саналады. Біз балаларға бос уақыттарын қызықты әрі қауіпсіз өткізудің түрі көп екенін көрсетуге тырыстық, – дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің нашақорлық қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі басқарма өкілі Разия Курсанова.
Шараларға ұйытқы болған полиция қызметкерлері осынау шара барысында бар көмектерін аямай балалар үшін қайырымдылық концерттерін ұйымдастырып, тәтті сыйлықтары мен сертификаттар тарту еткен кәсіпкерлерге шынайы алғыстарын білдірді. Өйткені мұндай шаралар өз кезегінде мемлекеттік органдарды, сондай-ақ қоғам мен бизнес өкілдерінің күшін бір арнаға тоғыстырып, жастардың наша-қорлыққа тәуелділігінің алдын алуға, келешек ұрпақтың салауатты әрі белсенді өмір салтын ұстануға ықпалын тигізеді.
Акция шеңберінде балалар мен жасөспірімдердің тәрбиесіне бағытталған семинар шаралары да кеңінен өткізілуде. Полиция департаменті Нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай есірткіге қарсы айлық шеңберінде Көкшетау қаласы мектептерінің директорлары, тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары мен ата-аналарға арналған семинар ұйымдастырды. Шара өскелең ұрпақ арасында профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру үшін «Химиялық және химиялық емес тәуелділіктердің зияндылығына бағытталыпты. Семинар шарасы «Жастар арасында есірткіге тәуелділіктің таралуына қарсы тұрудың құқықтық аспектілері» тақырыбына өткізілді. Білім беру мекемелерінің басшылары, директорлардың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары, ата-аналар қауымының өкілдері қатысқан іргелі шараға осы саланың жілігін шағып, майын ішкен, яғни қоғам арасында нашақорлықтың таралуы мен оның алдын алу бағытында жылдар бойы жұмыс істеген сарапшы мамандар да толғамды ойларын ортаға салды.
Семинар тізгінін қолына алған «Зерделі ұрпақ» үкіметтік емес ұйымының басшысы Гүлнар Оразбаева талқыланатын мәселелердің жастар мен жасөспірімдер үшін өзекті екенін, әсіресе олардың есірткі заттарына тәуелділігінің алдын алуда түрлі құрылымдардың күш-жігерін шоғырландырудың маңыздылығын атап өтті.
– Бүгінде есірткіге елітіп, аңдамай жүріп нашақорлықтың шырмауына ілініп қалып жатқан жастардың қатары азаймай тұр. Сондықтан жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жиі ұйымдастыру – оларды есірткі қылмыстарынан бойын аулақ салуына ықпал етпек. Бұл орайда күш құрылымдары ғана емес мемлекеттік органдар, оқу орындары мен ата-аналар да күш біріктіруі аса маңызды. Жастарымыздың есірткіге тәуелділігінің алдын алу елдің ертеңіне қосатын аса маңызды үлесіміз екенін түсінуіміз керек, – дейді Гүлнар Оразбаева.
Семинар барысында жастар арасында құмаройындар, компьютерге және интернетке сияқты химиялық емес тәуелділік, сонымен қатар есірткі заттарын, психоактивті құралдар мен алкоголь және кальян тұтыну сияқты химиялық тәуелділіктің де өсуімен байланысты аса өзекті мәселелер талқыға түсті.
Нашақорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі басқарма өкілі Рәзия Курсанова есірткі қылмыстарына қарсы күрестің құқықтық аспектілері жайлы егжей-тегжейлі түсіндіріп, сонымен қатар тыйым салынған заттарды тұтыну мен таратудың арғы жағында аса үлкен жауапкершіліктің тұратындығын атап өтті. Сонымен қатар мұндай қылмыстық оқиғалардың ішінде кәмелет жасына толмаған жастардың құқықбұзушылықтарының жаңа үрдестері туралы әңгімелеп берді. Бұл орайда білім беру мекемелерінде ата-аналармен бірлесіп алдын алу жұмыстарын жүргізудің аса маңызды екені аталды.
Іс-шараға арнайы шақыртылған дәрігер-психотерапевт, PhD докторы Мария Прилучкая жасөспірімдер арасындағы тәуелділіктердің қалыптасуының психологиялық тетіктерін, олардың алғашқы белгілерін атап өтіп, ата-аналардың қандай жағдайға ерекше назар аударып, қауіпті топтарды ертерек анықтаудың маңыздылығы, сонымен қатар есірткіге тәуелділікке ұшыраған балалар мен жасөспірімдерді түзету мен алдын алудың заманауи әдістеріне тоқталып өтті.
Спикерлер есірткіге тәуелділіктің алдын алу және мәселенің шешімін табуға кешенді ведомствоаралық тәсілді қолданудың маңыздылығына назар аударып, бұл орайда білім беру мекемелері, құқық қорғау органдары, медициналық ұйымдар мен ата-аналар қауымының бірлесе өзара тығыз қарым-қатынаста әрекет етудің қажеттігін жеткізді.
Семинар қорытындысында іс-шара қатысушылары білім беру ұйымдарындағы профилактикалық жұмыстарды күшейту бойынша практикалық ұсыныстарды талқыға салып, жасөспірімдердің денсаулығы мен құқықтық санасына жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру бойынша бағдарламаларды іске асыру жөнінде тәжірибелерімен бөлісті.
Мұндай кездесулер өскелең ұрпақтың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтауға мол ықпал тигізетіні сөзсіз.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы