Украина Қарулы күштері 30 мамырға қараған түні Ресейдің әскери және логистикалық нысандарына соққы жасады. Украина Бас штабының мәліметінше, Ростов облысындағы Таганрог қаласында орналасқан «Курганнефтепродукт» мұнай терминалына соққы беріліп, жанармай сақтайтын резервуарлардың бірі зақымданған. Сондай-ақ Таганрог маңында Ресейдің екі Ту-142 ұшағы мен «Искандер-М» зымыран кешенінің ұшыру қондырғысы нысанаға алынған.
Украина тарапы Харьков облысындағы Ивановка ауданында орналасқан ұшқышсыз ұшу аппараттарының қоймасы мен уақытша аннексияланған Қырымдағы Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің катерлерге техникалық қызмет көрсету пункті де соққыға ұшырағанын хабарлады. Бұдан бөлек, Донецк, Луган және Запорожье облыстарындағы әскери полигондар мен ресейлік әскер шоғырланған орындарға да соққы жасалған.
Украина президенті В. Зеленский бұл операцияларға қатысты пікір білдіріп, Ресейдің әскери және мұнай инфрақұрылымдарына алыс қашықтықтан соққы беру жалғасатынын айтты. Оның сөзінше, соғыс Украинаға Ресей аумағынан келгендіктен, жауап соққылары да Ресейдегі нысандарға бағытталуда. Ресей тарапы бұл ақпаратқа қатысты әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ.