in

Төр – сенікі, мұғалім!

Оның ішінде білімнің көзін ашып, еліміздің өркендеуіне үлес қосатын ұстаздардың да күнтізбеде атаулы күні белгіленген. Бұл күн қазан айының алғашқы жексенбісінде дәстүрлі түрде атап өтіліп  келген еді. 2023 жылдан бастап мұғалімдердің кәсіби мерекесі 5 қазанға ауыс­ты. Мұндай нақты күннің белгіленуі қоғамда ұстаздардың беделі жоғары екенінің көрінісі болса керек.

Мағжан Жұмабаевтың «Ал­ты Алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі» деген сөзі бар. Шынында да, білімнің кілтін ашып, ой мен зердені сабақтас­тыра білетін ардақты ұстаздарға төрден орын беру – құптарлық қадам. Өркениетті елдер қата­рына қосылу үшін бәсекеге бейім, жан-жақты тұлға қалып­тастыруымыз шарт. Бұл да ұстаздың мойнындағы міндет екені айқын. Сол себепті, бір халықтың өрендерінің сауатты болып өсуіне ықпал ететін мұғалімдердің қоғамдағы абыройы жыл өткен сайын арта түсуде.

Заңға жаңа норма керек

Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, биыл жаңа оқу жылында Қазақстандағы білім беру ұйымдарына 10 мыңнан астам жас маман еңбекке орналасты. Одан бөлек, соңғы бес жылда педагогикалық ба­ғытта білім алушы студент­тердің де стипендиясы екі есеге өсіп, 84 мың теңгені құра­ды. Мұның бәрі қоғамдағы ұстаз мәртебесін өсіруге жасал­ған қадамның бірі.

Биылғы Республикалық тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың қоғамдағы орнына ерекше тоқталып, «Педагог мәртебесі туралы» заңға ұстаз құқығын қорғау жөнінде өзгерістер енгізуді ұсынған еді. «Мұғалім­нің құқығын қорғау мәселесі әрдайым басты назарда болуға тиіс. Мен сөз басында ұстаз­дар­дың өз міндетінен тыс жұ­мыс­тардан босатылғанын айттым. Бірақ кейде жергілікті билік өкілдері заң талаптарын өрескел бұзып жатады. Прокуратура органдары мұндай заң бұзушылықтарға тосқауыл қоюы керек. Сондай-ақ бала­ларға қатысты кез келген жазатайым жағдай үшін де мұға­лімді жазалау орынсыз деп санай­мын. Мемлекеттің мін­деті – мұғалімнің қоғамдағы беделін және мәртебесін мей­лінше арттыру», деді Президент. Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Жарқынбек Амантай «Педогог мәртебесі туралы» заңға кейбір норманың енбейінше, қоғамда мұғалім беделі тұрақтамайтынын айтты. 

– Бүгінде оқушы қандай да бір жағдайға тап болса, бірден мұға­лімді жазғырып шығу дағ­дыға айналып кетті. Егер оқушының әрекеті мектептен тыс жерде болған жағдайда, оған мұғалім жауап бермейді. Өйткені бұл оның кәсіби қызметіне жатпайды. Алайда бұл заң жүзінде қаралмайды. 2019 жылғы «Ұстаз мәртебесі туралы» заңда бірқатар мәселе қарастырылған, одан кейін де өзгерістер еніп жатты. Ұстаздарға қоғамдық жұмыстарды жүктемеу, сыйақы мен жалақы, демалысы  сияқты мәселелер қамтылғанымен, баланың оқу процесінен тыс уақыттағы тәр­тібіне жауапкершілік жүктелмейді деген норма әлі де кірмей отыр. Сондықтан бұл норманың мұғалім  мәртебесі үшін маңызды екенін ескеру керек. Дегенмен, оқушының тәртібіне қатысты профилактикалық, алдын алу мәселесіне, түсіндіру, тәрбиелеу жұмысына көбірек ұстаз жауапты. Бізде бала құқығы қорғалған. Бірақ тәрбие жөнінде ата-ананың да жауапкершілік рөлін арттыру керек деп ойлаймын, – деді депутат Жарқынбек Амантай.

Бүгінде еліміздегі 22 мыңнан астам білім беру ұйымдарында 600 мыңнан астап педагог еңбек етеді. Биылдың өзінде біліктілікті арттыру курстарымен қамту көлемі екі есеге өсіп, аттес­таттаудың жаңа цифрлық жүйесі мұғалімдердің сапалық құрамын 72%-ға дейін арттырды. Ұстаздар­дың еңбегін бағалау және оларды ынталандыру мақсатында пе­да­го­г­­тарға арналған бірқатар мем­лекеттік марапат қарастырыл­ған. Мысалы, «Қазақстан Рес­пуб­лика­сының мемлекеттік наградалары туралы» заңға сәйкес мем­лекеттік наградалар, оның ішінде «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы қалпына келтіріліп, 79 педагогтың адал еңбегі әділ бағаланды. 

Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көр­сеткіші – білім деңгейімен өл­шенеді. Сондықтан әлемдік білім кеңістігіне кірігіп, білім беру жү­йесін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Бұл мәселені шешудің кілті – ұстаздардың қолында. Былтырдан бастап педагогтарды аттестациялау тәртібі де жеңіл­детіліп, толықтай цифрлық фор­матқа көшірілді. Бұл үдеріс алғаш рет «Ұстаз» ұлттық платформасы арқылы жүзеге асып отыр. Жү­йеде мұғалімдерге қатысты деректер бірнеше мемлекеттік база арқылы автоматты түрде алынып, қызмет орны, еңбек өтілі, білімі мен жетістіктері бір орталықта жинақталады. Мұндай тәсіл қағазбастылықтан арылтып қана қоймай, аттестацияның әділ әрі ашық өтуіне жол ашты.

Жас педагогқа жаңа жол

Адамзат пайда болғалы ең көне мамандықтың бірі де біре­гейі – ұстаздық. Әлемдегі ең көне мектеп шамаман 5 мың жыл бұ­рын ашылған. Месопотамиядағы шумерлер жазу өнерін үйрету үшін мектеп ашып, оқушылар қыш тақтаға жазған. Қай кезеңде болса да, мұғалімдерге сұраныс­тың жоғары екені мәлім. Өкініш­ке қарай, жыл өткен сайын мұғалімдерге тапшылық артып барады. ЮНЕСКО ұйымының зерттеуінше, 2030 жылға қарай педагогтардың тең жартысы қызметінен кетіп, бастауыш пен орта мектептерге 44 миллион қосымша мұғалім қажет болады. Мұғалім тапшылығы ғаламдық мәселеге айналуының негізгі себебі – жалақының төмендігі, әсіресе жағдай Африка елдері, Еуропа мен Солтүстік Америкада да ушығып тұр. Ұстаздар үшін жұмақ мекен Финляндия, Сингапур, Дания, Норвегия, Германия, Жаңа Зеландия елінде ме дерсің. Мұнда білім беру мамандары қағазбастылықтан ада, жұ­мыс уақыты қысқа, шығарма­шылық еркіндікте өмір сүреді. Ал еліміздегі жағдай қалай?

Enbek.kz электрон еңбек биржасын ақтарып, мұғалімдерге деген сұраныстың артқанына көз жеткіздік, мәселен Оқу-ағарту министрілігі былтыр мектепте мұғалімдердің тапшы екенін жеткізсе, биыл көрсеткіш тағы да өскен. Былтыр қалада – 1745, ауылда – 1810, жалпы саны 3555 бос жұмыс орын болған, ал биыл Enbek.kz мәліметінше, 5417 маман жетіспейтіні белгілі болды. Сұраныс Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облысында, Алматы және Астана қаласында және солтүстік өңірлерде жоғары. Қарағанды облысында – 430, Шығыс Қазақстан облысында – 402, Алматыда – 412, Ақтөбе облысында – 274, Астанада – 349, Павлодар облысында – 171, Шымкентте – 192, Қызылорда облысында – 30, Жетісу облысында – 107, Түркістан облысында 95 бос жұмыс орны бар. Бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2030 жылға қарай 236 мыңнан аса мұ­ғалім тапшы болуы мүмкін деген болжам айтқан. Жыл сайын ұс­таз­дарға сұраныс арта бермек, ал ұстаз дамуына қандай мүмкін­дік қарастырылған?

Мемлекет тарапынан жас мұ­ғалімдер мен педагогика мамандарын кәсіби жетілдіруге, қол­дауға арналған жобалар мен жұмыстар жоқ емес. Жуырда Оқу-ағарту министрлігі дарынды оқушылар мен мұғалімдерді қолдауға бағытталған жаңа жоба – SMART Daryn ұлттық цифрлық платформасын іске қосты. Бұл платформа оқушыға білікті жат­тықтырушыдан тәжірибе, онлайн сапалы білім алуға, зияткерлік жарыстарға дайындалуға мүмкін­дік бере алады, ал ұстаздар кәсіби білім-білігін арттырып, оқушы­лар­дың шығармашылығын дамытады.

Білім бақшасының бағбан­дары білім беруден бөлек, балаларды рухани байытып, адам­гершілік тәрбие беретін тұлғаның бірі. Сондықтан ұстаз еңбегі шәкірті жеткен барлық жетіс­тіктің негізі болмақ. Астана қа­ласы әкімдігінің «Балаларға қо­сым­ша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» басшысы Дидар Ду­лат­ұлы мұғалімнің беделі жоғары екенін негізге алды. Айтуынша, ұстаздар үшін қосымша ынталандыру жүйелері жаңартылып, ауылдық жерлерде сабақ беретін, дәптер тексеру, жаңартылған мазмұнды оқытатын мектеп мұғалімдеріне қосымша үстеме­ақылар қарастырылған. Одан бөлек, мұғалімдерге жүктеме де азайтылған. 

– Ұстазға деген құрмет – әр халықтың мәдениетінде орнық­қан асыл дәстүр. Біздің елде де мұғалім мәртебесін арттыруға ай­рықша көңіл бөлініп келеді. Соң­ғы жылдары педагог маман­дығын таңдауға құлшыныс біл­дір­ген жастардың қатары артып отыр. Әрине, бұл жолды кездей­соқ таңдайтындар да кездесуі мүмкін. Дегенмен, ұстаздықты шын жүрекпен қалап келген талапкерлер үшін талап та күшейді: енді педагогикалық бағытқа түсу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеудің шекті балы 75-ке көтерілді. Бұл – салаға білімді де саналы жастарды тартуға бағытталған ма­ңыз­ды қадам. Жалпы, Қазақ­станда ұстаз беделі мемлекет қолға алған жүйелі шаралардың арқасында айтарлықтай нығайды. Алайда оны толық қалпына кел­тіру үшін тек жалақы мен әлеу­меттік қолдау жеткіліксіз, қоғам­дағы ұстазға деген ілтипатты да арттыра түсуіміз қажет, – деді ол.

Болашақтың шамшырағы

Өткен оқу жылында оқушылар 35 халықаралық олимпиада мен ғылыми байқауға қатысып, 1006 медаль иеленген. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы олимпиада жеңімпаз­дары мен олардың тәлімгеріне 100 миллион теңгеден аса бір­жолғы сыйақы берілген. Ізденім­паз ұстаздар шәкірт тәрбиелеп, ғылыми жоба, пәндік олим­пиа­даға дайындап, оқушы жүлделі орын иеленіп жатса, ұстаз да еңбегіне қарай өңбегін алмақ. Нақтылап айтсақ, оқушылар арасындағы халықаралық олимпиадалардың, конкурстар­дың және спорт жарыстарының жеңімпазын, жүлдегерін дайын­даған мұғалімге үш лауазымдық жалақы мөлшерінде біржолғы сыйақы төленеді. Жалпы білім беретін пәндер бойынша халық­аралық олимпиадалардың жеңім­пазын, жүлдегерін дайындаған мұғалімге «Білім туралы» заңына сәйкес бюджет қаражаты есебінен біржолғы сыйақы беріледі. Бү­гінде «Педагог мәртебесі туралы» заңы қабылданғаннан кейін педагогтардың жалақысы жыл сайын 25 пайызға өсті, тәлімгер­лік, магистр дәрежесі, сынып жетекшілігі, дәптерлерді тексеру үшін қосымша ақылар да бе­кітілген.

Педагогтарды ынталандыруға арналған бұдан өзге де жоба, байқау, марапаттау тұрақты өтіп келеді. Айрықша еңбек еткен ұстаздарға «Қазақстан Рес­пуб­лика­сының мемлекеттік наградалары туралы» заңына сәйкес мемлекеттік наградалар, оның ішінде «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы беріледі. Бұл құрметке ие болған ұстаз 1000 айлық есептік көрсет­кішпен сыйақы алады. Білім саласындағы тағы бір құрметке ие медаль – «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі.  Төсбелгі 2004 жылдан бастап білім беру жүйесіне еңбегі сіңген, 10 жылдан аса тәжірибесі бар мұғалімдерге беріледі. Елімізде 2012 жылдан бері «Үздік педагог» республикалық байқауы да үзбей өтіп келеді. Конкурс жеңімпаздары «Үздік педагог» атанып қоймай, 1000 айлық есептік көрсеткіш сомасында сыйақы да алады. «Үздік жас мұғалім», «Жыл мұғалімі» сынды байқаулар да қалалық, респуб­ликалық деңгейде ұйымдас­тырылып келеді. 

Алматы қаласының «Жыл мұғалімі-2021» байқауының жеңімпазы Нұржігіт Аманов та ұстаздарды қолдауға арналған мүмкіндіктің молын, тек соны тиімді пайдалану керегін сөз етті. Жыл мұғалімі байқаудың бас жүлдесін қанжығаға байлап, 2 бөлмелі пәтер де ұтып алған. 

– Ұстаздық жолда жүргеніме 11 жылдан асты. 11 жыл ішінде кәсіби, тұлғалық тұрғыдан дамыдым, себебі ұстаздық бұл өзіңді өзің дамыту, өзіңді өзің бақылауда ұстау деп білемін. Әлі күнге дейін байқауларға қатысып тұрамын. Ұстаз ретінде қай тұсым ақсап келе жатыр, білім саласында қандай өзгеріс, қандай жаңалық­тар бар, әріптестерімнен нені үйренуім керек деп үнемі өзіме есеп беріп отырамын. Білім саласында бір жерде тұрып қалу жарамайды. Жыл сайын әртүрлі деңгейдегі ұрпақ келе жатыр, ізденісті қойып, ұрпақ өсіп кете беретін болса, білімдегі ұстаным­дарымыз да ескіріп қалады. Сол үшін үнемі өзгеріс керек, – дейді білікті ұстаз.

Маманның ойынша, «Жыл мұғалімі» байқауы – мемлекеттің ұстаздарға деген көзқарасы жоғары екенін көрсетіп, мамандарды жан-жақты жетілдіріп алға жетелеуді, үнемі қолдаудың көрінісі. Ұстаздар арасындағы кәсіби байқаудың артықшылығы көп. Біріншіден, ұстазға шабыт береді, кәсіби дамуына, жаңа идеялардың тууына негіз болады. Екіншіден, ұстаз өзінің маман ретіндегі кемшілігін түсініп, түрлі қырын дамыта бастайды. Сол себепті де Нұржігіт ұстаз мүм­кіндік болса, байқауларға қатысу­ды қолға алған дұрыс деп кеңес береді.

– Менің ұғымымда, ұстаз – баланы шабыттандырушы тұлға. Білімнің нәтижелі болуы білім алушыға байланысты. Оқушы шабыттанса, білімнің керегін де түсінеді. Ұстазға қазір жан тыныштығы керек, қоғам жан-жақтан талқыға сала берсе, тыныштық кетсе, білімнің мәні де қалмайды, ұстаздың зейіні басқа жаққа ауып кетеді. Мұға­лімнің жай-күйін, әлеуметтік жағдайын ескеріп, қолдау көрсету керек. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тамыз конференциясында да ұстазға ең қажет қолдауды жасады. Ұстазға ең бірінші қолдау – сабақтан өзге уақытта жауапкер­шілік ата-ананың мойнында болатыны. Бүгінге дейін келең­сіз жайт болса, оған ұстаз жауап беруші еді. Басшымыз осы мәселенің аражігін ажыратып, ұстаз беде­лін тағы бір сатыға көтерді, – дейді Н.Аманов.

Сонымен қатар 2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен Оқу-ағарту ми­нистрлігі Президенттік Жастар кадрлық резервінің үлгісі бойынша білім берудегі өзгерістер көшбасшыларын іріктеу және даярлау мақсатында  «Білім берудегі өзгерістің 1000 көш­басшысы» жобасын пилоттық деңгейде іске қосқан. Жобаның ұстаздар үшін берер мүмкіндігі мол. Байқау талабына сәйкес бес кезеңнен сүрінбей өтіп, жобаны сәтті аяқтаған педагогтар конкурстық рәсімдерсіз басшылық бос орынға тағайын­дала алады. Былтыр 13796 ұстаз байқауға тіркеліп, 375-і мектеп бас­шыларының республикалық кадрлық резервіне енген.

Кәсіби мереке білім саласында жүрген мұғалімнің мерейін өсіріп, мәртебесін кө­теруге оң ықпал етеді. «Мектеп­тің жаны –  мұғалім. Ол қандай болса, мектеп те сондай болмақ­шы. Яғни, мұғалім білімді болса, балалар мектептен терең білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, әдіснамадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім». Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының осы сөзі қазіргі қоғамдағы ұстаздардың орны мен оларға қойылатын талапты айқын көрсетіп тұр.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Айсұлу СЪЕЗХАН