in

Тәртіпке бағынған төрге озады

Сонымен бірге Мемлекет басшысы «өкінішке қарай, қоғамдық тәртіпті бұзушылардың арасында әйелдер де бар» екенін атап өтті. Кейбіреулер бұл сөзді ескерту ретінде қабылдады, алайда мәні мүлде басқа. Өйткені ежелден сұлулықтың, нәзіктіктің және үйлесімнің символы болып келген әйелдер жанжалдарға араласа бастаса, демек, мінез-құлық мәдениеті дағдарысы, шын мәнінде, күрделі сипатқа ие болғанын білдіреді. Осыған орай, «АЛАҢ» айдарында сарапшылардың пікірін білдік.

– Президент осы жолғы Жолдауда «қазір адамдарда дөрекі сөйлеп, бір-біріне ерегісіп, жаға жыртысатын әдет бар. Осындай келеңсіз оқиғаларды, әсіресе, қоғамдық орындарда, жол бойында жиі көруге болады. Өкінішке қарай, солардың ішінде айқай-шу шығаратын, балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзатын әйелдер де бар» деді. Отбасының ұйыт­қысы болған әйелдердің қоғамдық тәртіпті бұзуына не себеп? Оларды ақтап алуға бола ма? 

Мұқаш ЕСКЕНДІРОВ, 

Мәжіліс депутаты:

Дөрекілік көрсетіп, балағат сөздерді айтатын азаматтарды қоғамда жиі кездестіреміз. Бұл тек әйелдерге немесе қарапайым халыққа ғана тән емес. Мем­лекеттік қызметте, әскери салада, құқық қорғау орындарында жұмыс істейтіндер де кейде «сабыр» сақтамай, айқай-шу шығарып жатады. Қарапайым халық ашынып, қатты сөйлесе, оны бір сәттік күйзелістен туған эмоция деп түсінуге болады. Бірақ билік өкілдерінің, әсіресе, әкімдер мен басшылардың балағат сөз айтуы – қабылдауға кел­мей­тін жағдай. Бұл – ең алдымен, тәрбиеге, мәдениетке және жауапкер­шілікке байланысты мәселе.

Қазақта «Тіл – тас жарады, тас жар­маса бас жарады» деген сөз бар. Яғни, әрбір айтылған сөздің өз салмағы, өз жауапкершілігі болуы керек. Қоғам­дық орында қатқыл сөйлеу, ұрыс-керіс шығару – адамның өзіне ғана емес, ұлтының беделіне де көлеңке түсіреді. «Сабыр түбі – сары алтын», дейді дана халқымыз. Ал сабыр мен ұстамдылық жоғалған жерде сыйластық та, мәдениет те жоғалады.

Әйел адам – отбасының, ошақ қасы­ның ұйытқысы. «Әйел жақсы болса – ел жақсы», дейді қазақ. Сондықтан әйелдің дөрекі сөйлеуі немесе қоғамдық тәртіпті бұзуы – қоғамдағы жалпы күйдің көрі­нісі. Мұның артында тұрмыс тауқыметі, әлеуметтік қысым, жүйкеге салмақ түсіре­тін өмірдің қиындықтары да бар шығар. Бірақ қандай жағдайда да тәрбиені желеу етіп дөрекілікке баруға болмайды. Себебі тәрбие – тал бесік­тен басталады. Егер ана қатты сөйлесе, бала одан не үйренеді? Қазір қоғамда «әркім өз шын­дығымен өмір сүреді» деген түсінік белең алып барады. Бірақ шындық пен мә­дениет­тің арасында нәзік шекара бар. Бір-бірімізге құрмет­пен қарау – ұлттық мінездің, рухани биіктіктің көрінісі. Сол қасиетті жоғалт­пайық.

Динар НҮКЕТАЕВА, 

Парламент Сенатының жанындағы

сенаторлар кеңесінің мүшесі:

Президеніміз Жолдауда адамдардың дөрекілігін, бір-біріне ерегісіп, жаға жыртысатынын, қоқан-лоқы жасай­тынын сынға алып, осы әдетті тоқтату керектігін айтты. Әсіресе, қоғамдық орында мұндай әрекеттер жиі кездеседі. Осындай заңсыздық тек жастар мен ер азаматтардың арасында ғана емес, үлкендер мен әйелдердің арасында да бар. Қоғамдық көлікте де азаматтардың дөрекілігі жиі кездеседі. Қазір қазақтың мінез-құлқында болмаған жағдайлар орын алып жатыр. Ұлтымыздың «дала заңдары» сияқты жазылмаған, атадан балаға қанмен беріліп келе жатқан жақсы қасиеттері бар. Егер соны ұс­тансақ, біз әдепті, тәртіпті қоғам құрар едік. Мемлекетімізді демократиялы, зайырлы ел деп жариялағанымызға 40 жылға жуық уақыт болды. Кейбір адам­дар демократияны «ойыма не келсе, соны жасаймын» деп ұғады. Олар «әлім жетсе, заңсыздыққа да барамын» деп өздеріне еркіндік беріп қойған сияқты. Мұндай азаматтар осы ұранмен жүріп, біздің зайырлы, құқықтық мемлекет екенімізді естен шығарып алған. Елі­міздің Әкімшілік-құқық бұзушылық туралы кодексінде қоғамдық орындағы тәртіпсіздіктер анық көрсетіліп, ондай әрекет үшін айыппұл, әкімшілік қамау жазалары беріледі. Бұл заңнама қоғам­дық орындағы тәртіпті сақтауды, әлеу­меттік жауапкершілікті арттыруға ба­ғыт­­талған. Әйел адамдардың қоғамдық орындарда дөрекілік жасауы психоло­гиялық күйзелістің салдарынан деп ойлаймын. Статистикаға қарасаңыз, Түркістан, Қарағанды облыстарында пси­хологиялық күйзеліске ұшырау басым. Мүмкін әлеуметтік қиын­шы­лық­тар да әсер еткен шығар. Дегенмен қазақ «сабыр түбі – сары алтын» дейді. Қандай күйзеліске ұшыраса да, сабыр­лық таныта білуі қажет. Үйде әкесі боқтап отырса, баласы да кейін сондай болады. Шешесі дөрекілік көр­сеткенін, қоғам­дық тәртіпті бұзғанын үйге келіп айтып отырса, баласы да болашақта соны істейді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді. Сондықтан бала­бақша мен мектепте әдептілік кодексін, әдептілік әліппесін енгізуі керек шығар. Себебі, Президентіміз қоғамдағы тәртіпке мән беріп отыр. Үлкенге сый-құрмет, кішіге ізет көрсету қазақтың ежелден келе жатқан жазылмаған заңы. 

Балабек САҚТАҒАНОВ, 

психолог:    

Әйел – отбасының ғана емес, қо­ғамның, мемлекеттің бет-бейнесі, айна­сы. Қазақ «Әйел – отбасының ұйытқысы» дейді. Оның мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, мәдениеті қоғамдағы рухани жағдайдың көрінісі. Көшедегі дау-дамай мен агрессия көрсету бүгін ғана пайда болған жоқ. Ал мұндай қа­дамға баратындардың психикасында ауыртпашылықтар бар. Ішіндегі күй­зелісті, отбасындағы ренішті, әлеумет­тік жағдайдың нашарлығын кейбір әйелдер агрессия арқылы шығарады. Олар күйеуінен зорлық-зомбылық көріп, өзінің ана ретіндегі рөліне де көңілі толмай жүруі мүмкін. Осы ішкі реніштер әйел адамның санасында жүреді. Ал ашу тудыратын ситуацияға тап болғанда, санасында жиналған эмоцияның бар­лығын сыртқа шығара­ды. Менің байқау­ымша, қоғамдық орындағы дөрекілік, жаға жыртысу сол сәтте пайда болмайды. Бұрыннан жиналған ашу-ыза. Бұл арқы­лы әйел­дерді қорғап, ақтап тұ­рғаным жоқ. Заң барлығына ортақ. Бірақ барлығына бірдей заңмен шара қолдана бермей, қоғамдағы осындай оқиғаның себеп-салдарына үңілуіміз керек. Жалпы, қоғамда отбасылық қарым-қатынас, адамның өзін-өзі бас­қара алуы, эмо­цио­налды интеллектіні дұрыс қол­дануды жиі айтып, насихаттау қажет. 

– Қазақстан заңнамасында балағат сөздер үшін жауапкершілік бұрыннан қарастырылған. Мысалы, қорлау, яғни басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін әдепсіз түрде бұзу – бұл қыл­мыстық теріс қылық. Оны жасағаны үшін жауапкершілік 100 АЕК-ке дейін айып­пұл түрінде немесе 120 сағатқа дейін түз­еу, я болмаса қоғамдық жұмыстар түрін­де көзделген. Дегенмен азаматтар бұл заңнан не үшін сескенбейді? Осы мәселені қоғамда қалай реттеу қажет? 

Мұқаш ЕСКЕНДІРОВ:

Барлығын тек сот арқылы шешу – түпкілікті жол емес. Заң тәртіпті реттей­д­і, бірақ адамның ішкі мәдениетін қал­ыптастырмайды. Егер әрбір дау-да­май, әрбір дөрекі сөз тек құқықтық тұрғыда қаралса, біз қоғамдағы рухани негізді жоғалтып аламыз. Сондықтан бұл жерде қоғам белсенділері, ұстаздар, ұжым басшылары мен зиялы қауым өкілдері белсенді рөл атқаруы қажет. Әрбір еңбек ұжымында, білім орда­ларында, мемлекеттік мекемелер мен жеке компанияларда сөз мәдениеті, қарым-қатынас әдебі, әдеп нормалары жөнінде ашық әңгіме қозғалғаны жөн. Мәселені тек заңмен емес, тәрбиелік және түсіндіру жұмыстары арқылы шешу әлдеқайда нәтижелі. 

Қазақ «Жақсы сөз – жарым ырыс» дей­ді. Егер ортада жылы сөз, сыйластық пен сабыр орнаса, айқайдың да, ұрыс-керістің де қажеті болмайды. Ұжым бас­шылары өз қызметкерлеріне тек жұмыс мін­детін емес, қарым-қатынас мәде­ние­тін де үлгі етіп көрсетуге тиіс. Ал қоғам бел­сенділері адамдарды жаз­ғыру емес, жақсылыққа шақыру арқылы өзгеріс әкеле алады. Өйткені мәдениетті қоғам тек заңмен емес, ұят пен ардың өлшемімен өмір сүреді. Сондықтан ішкі мәдениет мәселесін күн тәртібінен түсірмей жиі талқылап отыру – қоғам­ның рухани сау­лығын сақтаудың ең тиімді жолы.

Динар НҮКЕТАЕВА:

Әкімшілік құқық бұзушылыққа қатысты заң барлығына ортақ. Тіпті елге танымал өнер адамдары қоғамдық тәртіпті сақтамағаны үшін жазасын алды. Мүмкін адамдар бір реткі жазада сескене қоймас. Бірақ әр құқық бұзған сайын заң алдында жауап берсе, адам өз қатесін түсінеді. Заң үлкенге де, кішіге де, мемлекеттік қызметкер мен қатар­дағы жұмысшыға да ортақ. Президенті­міз әділетті мемлекет құру үшін заң үстемдігі ең басты мәселе екенін атап айтқан болатын. 

Ең бастысы, барлығы отбасында берілетін тәрбиеден бастау алады. Ата-бабаларымыз баланы «ұят болады, жаман болады, обал болады» деген үш-ақ сөзбен тәрбиелеген. Соңғы кезде ұятты ысырып қойдық. Көшеде айғай­лау, қарқылдап күлу, көрінген жерге қоқыс лақтыру, далаға түкіру сынды жағымсыз жайттар көбейді. Құқық бұзу­шылықтың үлкен-кішісі жоқ. Барлық заңсыздық сағыз шайнап оны лақтырудан, басқа адамдардың еңбегін бағаламаудан басталады. Бізді бала кезімізде «әдепті бала – арлы бала, әдепсіз бала – сорлы бала» деп үйрете­тін. Анамыз қатты сөйлеме, үлкендердің көзінше қарқылдап күлме деп бізге тәрбие беретін әңгімелер айтып отыра­тын. Ата-әжелеріміз бізді мақал-мәтел­мен өсірді. Қазір нарықтық заманда ата-әжелердің өзі жұмысбасты. Балаға мақал-мәтел айтып, ертегі айтып оты­ра­тын үлкен кісілердің қарасы аз. Баланы балабақша мен мектеп, жоғары оқу орындары тәрбиелеп жатыр. Біз барлығын мемлекеттік орындарға артып қойып, үйде бала тәрбиесімен айналысуға қолымыз тимей жүр. Пре­зидентіміз айтқаннан кейін, барлығы­мыз тәрбиеге бет бұрып, әдептілік мәсе­лесімен айналысуымыз керек. Бұл адамдардың адамгершілігін арттыруға, азаматтығын арттыруға, мәдениеттілігін арттыруға зор ықпалын тигізер еді. Қоғамдық көлікке кірсеңіз жастар жүкті әйелдерге, ақсақалдарға орын бермейді. Бұл да үйдегі тәрбиенің көрінісі.

Балабек САҚТАҒАНОВ: 

Балағат сөздерге қазір жауапкершілік артты. Бірақ адамдар ұйықтап тұрғаннан кейін таңертең бірден өзгеріп кетпейді ғой. Азаматтар бұл тәртіпке бірте-бірте үйренеді. Жалпы, адамның мінезіне отбасындағы тәрбиесі, білім беру орындарынан алған тәрбиесі әсер етеді. Көп адам боқтап сөйлеуді адамның жауапкершілігі емес, «әдеті» деп қабыл­дайды. Бұл адам үшін де, қоғам үшін де қауіпті. Психологиялық тұрғыда балағат сөз агрессияның алғашқы түрі. Адамдар эмоциясын ұстай алмаса, өзін-өзі басқара алмаса, сөз арқылы, қысым көрсету, қол жұмсау арқылы сыртқа шығарады. Сондықтан балағат сөз айт­қан адамның арғы жағында шешілмеген проблемасы бар. Бұл мәселені шешудің әртүрлі жолдары бар. Жазаны күшейт­кенмен мәселені шешу қиын. Сондық­тан заң барлық жерде жұмыс істеуі және барлығына бірдей болуы керек. Бір адам бір сөз үшін жауапқа тартылса, екінші адам қылмыс жасап еркіндікте жүруі мүмкін. Мұндай кезде «қоғамда әділдік орнамайды» деген түсінік қалыптасуы мүмкін. Сол себепті қоғамдық ортада балағат сөздерді, дөрекілікті азайтатын­дай мәдениетті қалыптастыру қажет. Ком­муникация мәдениетін қалыптас­тыр­ғаннан кейін, балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарында психология­лық пәндерді тереңдетіп оқытып, эмо­цияны басқаруды, агрессияны тежеуді, қақтығыстарды шешуді үйрету қажет. 

– Баласының тілі шықсын деп есін білмеген сәбиге балағат сөз үйрететін ата-аналар да бар. Бұл қаншалықты дұрыс? Жалпы, мектеп қабырғасынан бас­тап жастарға тәртіп әліппесін үйрету керек пе?

Мұқаш ЕСКЕНДІРОВ:

Қазір, шынында, қоғамда ойлан­дыратын жағдайлар көбейді. Баласының боқтап сөйлегенін, біреуді келемеждеп, дөрекі сөз айтқанын «әзіл» ретінде қа­былдап, оны әлеуметтік желіге жария­лайтын ата-аналар бар. Бұл – күлетін емес, жылайтын жағдай. Өйткені бала естігенін қайталайды. Егер ата-ананың өзі дөрекі сөйлеуді қалыпты деп білсе, ертең сол бала үлкенге де, кішіге де құрметсіздікпен қарайды. Қазақ «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп бекер айтпаған. Тәрбие – мектептен де, көшеден де емес, ең алдымен, отбасы­нан басталады. Ата-ананың әрбір сөзі мен қимылы бала санасына із қалдырады. Сондықтан бейәдеп сөзді айту түгілі, естуге де үйретпеу керек. Себебі тіл – тек қарым-қатынас құралы емес, ол – адам мәдениетінің айнасы.

Қоғамда мұндай мәселелерді жабулы қазан күйінде қалдырмай, ашық айтуы­мыз қажет. Өйткені бала тілінен шыққан әрбір дөрекі сөз – ата-ананың жауап­кершілігінен кеткен қате. Президентіміз айтқандай, қоғам болып дөрекілікке тыйым салу – бүгінгі күннің талабы. Бұл тек заңмен емес, ең алдымен, әдеп пен өнегемен, үлгі мен тәрбиемен жүзеге асады. Егер әр отбасы өз үйінде мәден­иетті, сабырлы орта қалыптастырса, көшеде айқай мен боқтық азаяды. 

Динар НҮКЕТАЕВА:

Баласының тілі шыққан кезде қызық көріп, неше түрлі бейәдеп сөздерді үйрететін ата-аналар бар. Бұл дұрыс емес. Кішкентай кезінен бастап, дөрекі сөйлеп үйренген бала, есейгенде бұл әдетін тоқтатпайды. Ата-ана осы арқылы баласын кішкентайынан «бәдік» болуға үйретіп жатыр. Бұл ешқандай мәдениет те, әдептілік те емес. Есейген кезде мұндай тәрбие көрген бала бұдан зор­ғысына барады. Тәрбие басы – тал бесік дейді. Тал бесігінде әдепсіздікті көрген бала өскенде ел тізгінін ұстайтын азамат болатынына сенбеймін. 

Ата-аналар аулада балаларының кіммен ойнайтынына, кіммен жора-жол­дас болғанына әрдайым қарап отыруы керек. Ал кешке дастарқан басын­да әр ата-ана баласынан күні бойы не істегенін сұрап, жаман әдеттерден аулақ болуды ескертуі керек. Қоғамдық орындар мен тамақтанатын жерлерде жастар ойына не келсе соны айтып, бойына жараспайтын киім киіп жүреді. Кейінгі кездерде біз сондай дөрекілік көрсеткен жастарға «бұл заңмен ретте­леді» деп ескерту айтатын болдық. Сон­дықтан үлкендер жастарға үне­мі естеріне салып, айтып отыруы ке­рек. Кей кез­дер­де жастар ондай ескертуге мән бермей, дүрсе қоя беруі мүмкін. Ал тәртіп бұзған кәмелетке толмаған бала­ның ата-анасын да жауапқа тарту керек деп ойлаймын. 

Мысалы, біздің жас кезімізде үлкен­дер: «балаңды неге сонша еркелетесің? Солай басыңа шығарғаннан ол бала екеу бола ма? Бәдік қылма. Бей-берекеттіке жол берме» деп айтып отыратын. Соңғы кезде үлкендер бұлай ашық айтуға жү­рек­сініп қалған. Себебі жастар батысқа еліктеп, өздері үшін ғана өмір сүруді дұрыс деп санайды. Ал қоғамдағы тәр­тіпті қалыптастыру үшін заңмен ғана шектелмей, тәрбие инсти­тутын да қолға алуымыз керек. Мек­тептерде, ұжымдар­да түрлі іс-шаралар ұйымдастыруымыз керек. Айталық, 2017 жылы Алматыда сту­денттік универсиада өтті. Менің Ұлттық қыздар универси­тетінің ректоры болып  жүрген кезім. Көптеген мемлекет­тен студенттер келіп сол универсиадаға қатысты. Концерт болған кезде сол студенттер арттарын жинамай шашып, киімдерін алуға асығып тұрып кетіп қалды. Ешқайда асықпай, отырған жерін тазалап, барлығының артынан қаума­ламай үлкен мәдениетпен тек екі елдің студенті шықты. Мен сол кезде таңғал­дым. Корей мен жапон халқының мәде­ниеті біздікіне ұқсас. Олар сол мә­дениетті дамытып, әдептілікті, адамгер­ші­лікті жоғары деңгейде ұстап отыр. Ал біздің қо­ғамның ішкі мәдениеті құл­дыр­ап кет­кен. Сондықтан сол мәдениетке қайта оралуымыз керек. Ең басты мәселе осы. Мем­лекет басшысының алаңдауы­ның себе­бі де осыда. Өйткені біз әлемдік аре­нада жұлдызы жанған мемлекетпіз. Ал­пауыт елдермен тең дәрежеде келе жатыр­мыз. Мүмкіндіктеріміз де көп. Сондықтан дандайсымай, әдепсіздікке бармай, төл мәдениетімізге қайта оралуы­мыз қажет. 

Балабек САҚТАҒАНОВ:

Иә, баласына бейәдеп сөз үйрету, ең бірінші, ата-ана мәдениетінің төмендігі. Үлкендер өздерінің көңіл күйін көтеру үшін, күлу үшін, біреуді мазақтау мақсатында дөрекі сөздер үйретеді. Ал баланың аналитикалық ойлауы әлі қалып­таспаған. Олар тіпті өздері айтқан сөздердің мағынасын да түсінбейді. Енді тілі шығып келе жатқан балаға боқтық айтқызу арқылы, олардың психикасын бұзамыз. Бала айтқан балағат сөзіме бас­қа­лар күлді деп жағымды ассоциация қа­лыптастырады. Бейсаналы тұрғыда бейә­деп сөздер адамға жағымды әсер сый­лайды деп ойлайды. Өмірге енді қа­дам басқан балаға мұндай тәрбие беру – қате. Ағылшын психологы Джон Локк «Баланың санасы таза тақта. Сол тақтаға қандай сөз жазсаң оның болаша­ғы да сондай болады» дейді. Арзан күлкі үшін баланың болашағына балта шап­пайық. Бұл ата-ананың психологиялық білімінің жоқтығынан. Ертең бұл әрекеті баланың болашағына кедергі келтіруі мүмкін.

Ал жастардың психикасы нәтижеге емес, процеске жұмыс істейді. Оларға қо­ғамдық ортада жанжалдасу, сол сәтте ға­на маңызды болады. Төбелестің соңын­да біреудің жарақат алатыны, өзінің құқық қорғау органдары алдында жауап беретіні туралы ойламайды. Адамның психикасы 20 жастан асқаннан кейін ғана жетіле бастайды. Сол үшін балаларға кез келген сабақ барысында оқытушылар мәдениет, эмоцияны бақылау, жанжалды бейбіт шешуді үйрету керек. Қазіргі білім мазмұны да тәрбиеге бағытталған. Тұлға­ның бойындағы мәдениетті заңмен қа­лып­тастыра алмаймыз. Дөрекілікті азай­ту үшін адамдардың бір-біріне деген мейірім­ділігін ояту керек. Қазақ «тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» дейді. Бүгін­гі аға буын жастарға жақсы тәрбие бере алса, ол ата-баба алдындағы аманат­тың орындалғаны. 

Дайындаған 

Көктем ҚАРҚЫН