Түркияда магнитудасы 6,1 балдық жер сілкінісі болды. Төтенше жағдай 27 қазан күні кешке Түркияның батыс бөлігінде тіркелді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жерасты дүмпуінің эпицентрі Балыкесір провинциясында, шамамен алты шақырым тереңдікте болған.
Anadolu Ajansı агенттігінің мәліметінше, жер сілкінісі Ыстамбұл, Измир және өзге де қалалардың тұрғындарына сезілген.
Алдын ала мәлімет бойынша, бірнеше ғимарат қираған, жарық пен су беру жүйесіне зақым келген. Оқиға орнында төтенше қызмет өкілдері жұмыс істеп жатыр.
Түркияның ішкі істер министрі Али Ерлікая әлеуметтік желіде әзірге қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ екенін хабарлады. Балыкесірдегі мектептерде сабақ бір күнге тоқтатылды.
Жедел көмек орталықтарына 504 хабарлама түскен, оның 25-і – құрылыс нысандарының зақымдануы туралы.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған жағдайды үкіметтің жіті бақылап отырғанын мәлімдеді.
Елдегі Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, барлығы 19 адам жарақат алған, оның төртеуі ауруханадан шығарылды.