in

Түйе қырылып жатыр

Сараптамалар қауіпті жұқ­па­лардан теріс нәтиже бергенімен, нақты диагноз әлі күнге де­йін анықталған жоқ. Аймақ тұрғындары мен мал иелері алаң­д­аулы. Қазір мамандар зерттеулер жүргізіп жатыр.

100-ге жуық түйе қырылды 

Соңғы екі ай ішінде Құрманғазы аудан­­ы­­ның төрт бірдей ауылдық округ­інде – Дыңғызыл, Еңбекші, Мақаш және Нұр­жау­да – түйелердің белгісіз дертке шалдығуы тіркеліп отыр. 2025 жылғы маусым-шілде аралығында барлығы 204 бас түйе ауру белгілерімен тіркелген. Өкін­ішке қарай, олардың 84-і қырылып қалған, 73-і жазыл­ып шыққан, ал 47 түйені емдеп жатыр.

Бұл оқиға – мал шаруашылығы дәс­түрлі негізгі табыс көзі болып саналатын өңір үшін ауыр соққы болып отыр. Әсіре­се, түйе өсірумен айналысатын жеке шаруа қожалықтарына келтірілген шы­ғын ора­сан зор. Бір түйенің нарықтағы орташа ба­ғасы 1,5-2 миллион теңге аралығында болса, жалпы шығын көлемі ондаған миллион теңгеге жетіп отыр.

Жауап жоқ…

Ауруға шалдыққан түйелерде байқал­ған белгілер әртүрлі. Малын жоғалтып отырған шаруалардың айтуынша, түйе­лерде кенеттен әлсіреу, аяқ-қол дірілі, дене температурасының көтерілуі, сіңір тартып қалу сынды белгілер тіркеліп отыр. Небәрі екі-үш күннің ішінде түйе­лер осылайша өліп кетіп жатыр.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ауру тез таралып, кейбір шаруа қожалық­тарында бірден 5-6 түйе қырылып қалған. «Биылғы жаз біз үшін өте ауыр болып тұр. Бес түйем мен екі бота бір апта ішінде қыры­лып қалды. Бұрын-соңды мұндай жағдайды көрмегенбіз», – дейді Дыңғы­зыл ауылының тұрғыны Фазиля Қабдо­лова.

Ауру малдан алынған биоматериалдар республикалық зертханаларға жіберіліп, бірқатар қауіпті жұқпалы дертке тек­серілді. Атап айтқанда, сараптамалар күй­діргі, бруцеллез, пастереллез, сальмо­неллез, блютанг, хламидиоз, лептоспироз, листериоз секілді індеттерге қатысты жүр­гізілді.  Ұлттық референттік ветери­нар­лық орталығының 2025 жылғы 30 маусымдағы сараптама нәтижелері бар­лық көрсеткіш бойынша теріс нәтиже берген. Демек, бұл індет жұқпалы сипатта емес немесе әдеттегі аурулардан тыс бас­қа себепке байланысты болуы мүмкін.

Мамандар не дейді?

«Жұқпалы емес ішкі аурулардан 204 түйе ауырып, симтоматикалық ем жүр­гізілді. Нәтижесінде, 84 бас түйе өлді. Кәсіп­орын жеке және заңды тұлғаларға профилактикалық мақсатта эдно-экто­па­ра­зиттерге қарсы дезинфекциялық жұ­мыстар жүргізу қызметін көрсету мін­детіне жатпайтынын қаперге берді. Бірақ ветеринариялық пункттің мал дәрігерлері келіп түскен шақыртуларға уақытылы барып, тиісті деңгейде көмек көрсетуде. Атырау облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы, ве­тери­нария (паразитолог, эпизотолог) ғал­ым­дарын шақыртуға хат жолдады, – дейді Құрманғазы аудандық ветеринария­лық станса  коммуналдық мекемесінің басшы­сы Жеткеншек Қалиұлы.

Қазір жергілікті ветеринарлар мен облыстық мал дәрігерлік қызметтер дерт­тің себебін анықтауға тырысуда. Олардың алдын ала пікірінше, аурудың негізгі үш ықтимал себебі болуы мүмкін.

Біріншіден, жәндіктердің шағу ықти­мал­дығы. Әсіресе, жаз мезгілінде бел­сен­ді ­болатын сона сияқты қауіпті жәндік­тер­ден у тараған болуы мүмкін. Екін­шіден, паразиттік инфекциялар. Яғни, ішкі және сыртқы паразиттердің шабуы­лы­нан туын­даған токсикалық реакциялар әсері. Үшін­шіден, қоршаған орта фак­тор­ларымен улану. Бұл жерде мәселе су, жайы­лым, өсімдік құрамындағы улы зат­тар ықтимал себеп ретінде қарастыры­луда.

Арнайы орталықтардан ғалымдар келе жатыр

Қазіргі жағдайдың маңыздылығын ескере отырып, облыстық әкімдік пен  Ауыл шаруашылығы министрлігі ғылыми институттардан арнайы сарапшыларды тарту туралы шешім қабылдады. Нақ­тырақ айтқанда, Биологиялық қауіпсіздік про­бле­­маларының ғылыми-зерттеу инс­ти­туты (Жамбыл облысы),  Қазақ ғылы­ми-зерттеу ветеринария институты (Алма­ты қаласы), Ұлттық ветеринарлық референт­тік орталық (Астана қаласы) мамандары зерттеуге қатыспақ. 

Осы аптада бұл мекемелердің сарап­шылары Құрманғазы ауданына арнайы келіп, дала зерттеулерін, қайтара сынама­лар алуды, экологиялық мониторингті бастауы тиіс. Ғалымдар жан-жақты тек­сер­істерден кейін нақты диагноз қоя алады деп күтілуде.

Құрманғазы ауданы – Қазақстандағы түйе өсірумен айналысатын ең белсенді өңірлердің бірі. Ауыл тұрғындары көбіне ет, сүт, шұбат өндірісіне бағытталған түйе шаруашылығына тәуелді. Осы орайда дерттің таралуы тек ветеринарлық емес, әлеуметтік мәселе ретінде де қарастыр­ылуы тиіс. Бүгінде мал иелерінің бір бө­лі­гі мемлекеттен өтемақы төлеуді, тө­т­енше жағдай режимін енгізуді және мал дәрігер­лік қорғаныс шараларын күшей­туді талап етуде.

«Аурудан бөлек, адамдардың күн­көрі­сі қиындап кетті. Мал – жалғыз табыс көзі. Мемлекет бізді қолдайды деген үмітте­міз», – дейді Нұржау ауылының шаруа иесі Өтеген Убишев.

Құрманғазы ауданындағы түйелердің жаппай ауруы – еліміздің ветеринариялық жүйесі мен ауыл шаруашылығы саласы үшін үлкен сынақ. Бұл жағдай ел көлем­інде ескеріліп, тиісті органдар тарапынан нақты шаралар қабылдануы тиіс. Себебі бұл – тек бір ауданның мәселесі емес, мал шаруашы­лығының болашағына төн­ген қауіп.

Ғылыми зерттеулердің нәтижесі дерт­тің нақты себебін ашып көрсетіп, оған қар­сы күрестің тиімді жолдарын ұсынады деп үміттенеміз. Ал әзірге ауру­мен күрес жалғасып жатыр, тұрғындар күдік пен үміттің арасында күн кешуде.

Еске сала кетсек, осыған ұқсас жағдай Атырау облысында 2019 жылы да тір­келген болатын. Жылыой ауданына қарас­ты Ақ­киізтоғай ауылында алғаш рет 20-ға жуық түйе белгісіз індеттен қырыл­ып қалған болатын. Жергілікті ветери­нариялық қыз­меттің сол кездегі мәлімет­інше, малға бер­іл­ген су мен шөптен алын­ған сынама­лар зертханалық тек­серу­ден өткізілгенімен, ешқандай ауыт­қулар табылмаған. Деген­мен қырылған түйелердің бірін сою бары­сында көмекей маңынан көп мөл­шерде құрт табылған еді. Мамандар сол кезде  түйе­лердің өлі­міне паразит жәндік­тер­дің шөпке салған жұмыртқа­ларынан пайда болуы мүмкін деп топшылаған еді.

Баян ЖАНҰЗАҚ,

Атырау облысы