Тарихи финал
Иә, 48 келіде Абиба Әбужақынова мен Ғалия Тынбаева ел намысын қорғады. Алдымен татамиге Тынбаева шығып, Нидерланд өкілі Эмбер Гершестен жеңіліп қалды. Әуелде қос дзюдошы төрт минут бір-бірін ала алмаған. Бірақ «алтын уақытта» Эмбер Ғалиядан бір бас жоғары екенін дәлелдеді. Осыдан кейін халық Абибаны көруге асықты.
Ол алғашқы айналымда рейтингтегі ұпайы үшін бос болып, екінші айналымнан бастап күресті. Ресейлік Марина Воробеваны жеңіп, кейіннен бельгиялық Луи Петиді сан соқтырды. Ширек финалда жапон Вакана Когамен белдесу тартысты өтті. Кога ә дегеннен екі «юко» ұпайын түгендеп, есепте алға шыққан. Оның үстіне, екі дзюдошының да екі ескертуі бар еді. Ереже бойынша үшінші «шидо» алған спортшы жарысты аяқтайды. Кездесу соңына қарай Кога тағы да ескерту алып, жарыстан шығып қалды. Осылайша, Абибаны жартылай финалда испаниялық Лаура Мартинес күтіп тұрды. Әккі балуан Әбужақыноваға оңай берілген жоқ. Екеуі сылбыр күрескені үшін екі-екі ескерту алды. Ары қарай қарқын қосатын Мартинес жоқ, мұны байқаған төреші испан балуанына тағы да «шидо» берді. Сонымен, қазақ қызы тұңғыш рет әлем чемпионатының финалына шықты. Жаңалықты естіген жұрт балаша қуанып, Әбужақынованың тілеуін тіледі. Бұған дейін 2009 жылы Максим Раков, 2015 жылы Елдос Сметов әлем чемпионатында топ жарған. Ал Абибаның өзі 2022, 2024 жылы өткен әлем біріншілігінде қола жүлде еншілеген-ді. Сол үшін оған да, жанкүйерге де медальдің түсін өзгертетін кез жеткен.
– Алайда итальян Ассунта Скутто «оңай шағылар жаңғақ» емес. Әккі әрі стратег. Қазақ қызы қалай күресетінін толық зерттеп алғандай, жеңіл күресті. Ішінен жеңетінін біліп тұрғандай. Екі балуан да оңайлықпен беріспеді, екі «шидодан» еншіледі. Бірақ қас пен көздің арасында Скутто Абибаны әдіске түсіріп, «юко» ұпайын алды. Ал таблода санаулы секунд. Абиба барынша әрекетке көшкен. Ішінен «мен де бір «юко» алармын» деді-ау. Оған мүмкіндік беретін Скутто жоқ. Әбужақынова әдіске түсіремін дегенінде өзі әдіске түсіп, алтын жүлде Италья балуанына бұйырды. Осылайша, Ассунта бұл доданың екінші мәрте алтынын алып, қуаныштан жылап жіберді. Абиба болса, алтынды уысынан шығарғанына сенбей, булыға жылады. Бірақ әлем біріншілігінде күміс жүлде алған алғашқы қазақ қызы атанды. Абиба жарыстан соң берген сұхбатында «2027 жылы елде өтетін жарыста әлем чемпионы атанамын» деп уәдесін берді.
Ал 60 келіге дейінгі салмақта Мағжан Шамшадин мен Шерзод Давлатов сынға түсті. Шерзод бірінші кездесуінде фавориттердің бірі, әлем чемпионатының 2 мәрте жүлдегері Ха Рим Лиге (Оңтүстік Корея) жол берді. Сондықтан жас балуанға өкпе артатын жанкүйер аз. Өренімізге жеребе жолдас болмады. Десек те, Мағжан Шамшадиннің алғашқы қарсыласына «хансоку маке» беріліп, Тэрао Давид жарыстан шығып қалды. Одан кейін Франциско Гарригос жолықты. Оның Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, 2023 жылғы әлем чемпионы екенін бәрі біледі. Бірақ Шамшадин айлакер балуанды шыбын шаққандай көрмеді. 10 секундта таза жеңіп, турнирдегі кішігірім сенсация тіркелді. Есте болса, ол 2021 жылы әлем біріншілігінің ширек финалында да Гарригосты қапы қалдырған. Сонымен, отандасымыз 1/8 кезеңде Бельгия спортшысы Иорре Ферстрэтеннен айласын асырды. Ал ширек финалда оны азулы Рюдзю Нагаяма күтіп тұрды. Көп бекер қорықпапты, Нагаяма Шамшадинді ваза-ари ұпайымен ұтып, келесі кезеңге өтті. Жапон балуанынан жеңілсе де, Мағжан жұбаныш белдесуіне шықты. Тартысты кездесуде жерлесіміз мажар балуаны Андраси Мартонға «юко» ұпайымен жол берді.
«Бұл салмақта жүлде бұйырмады-ау» дегенімізде қандасымыз Йолк Қазырбек Моңғолияға қола жүлде әперді. Шамшадин сияқты ширек финалда сүрінгенімен, жұбаныш белдесуінде қарсыласын ұтып, қолаға қол созды. Қола жүлде үшін тартыста бразилиялық Мишель Агустоны жеңді. Жеңіп қана қоймай, көрерменді тәнті етті. Жарақат алған қарсыласын иығына өңгеріп, тиісті жерге жеткізіп тастады. Ілтипатты да ұмытқан жоқ, татамиге қайта оралып, жанкүйер мен бапкеріне алғыс білдірді. Кішіпейіл балуанның мұндай әрекетіне сүйсінген елдің қошеметі біразға дейін тынбады.
Татамидегі төрт минут
Жарыстың екінші күні 66 келіге дейінгі салмақта Ғұсман Қырғызбаев «арманын» орындап қайтты. Иә, балуанға жеребе жолдас болмай, кіл мықтымен күш сынасты. Өзі де барын салып белдескенімен, ширек финалдан ары аса алмады. Сол сында Ғұсманды жеңген тәжік Нұрәли Эмомали біріншіліктің алтынын алқалады. Есесіне жұбаныш белдесуінде атақты Хифуми Абе мен Ғұсман Қырғызбаев кездесті. Бұдан де-
йінгі сұхбатында отандасымыз жапон дүлдүлімен күрескісі келетінін айтқан-ды. Атынан ат үркетін Абе де ширек финалда сүрініп, қоланың тағдырын жұбаныш белдесуіне қалдырған. Негізі, ол қарындасымен қатар бесінші рет әлем біріншілігін бағындырамын деп келген. Бірақ жұбаныш белдесуінде Ғұсманды «юко» ұпаймен жеңіп, анау айтқандай «терминатор» емесін көрсетті. Қырғызбаев лайықты белдесіп, Хифумиді біраз әуреге салды. Жарыстан соң жанкүйер де Ғұсманды сөкпей, керісінше демеп, алда жарқын жеңіс күтіп тұрғанына сендірді.
Ал турнирдің үшінші күні татамиге 73 келі салмақ дәрежесінде отандасымыз Есет Қуанов шықты. Өкінішке қарай, алғашқы кездесуінде Париж Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Жоан-Бенжамен Габадан жеңілді. Қуановты жарыстан ығыстырған Габа су жаңа әлем чемпионы атанды. Осылайша, тағы бір балуанымызға жеребе жолдас болмады. БАҚ-қа берген сұхбатында әлем біріншілігіне тастүйін дайындықпен келгенін, алайда төрт минуттың ішінде бәрі өзгеріп шыға келгенін айтты. «Халық сөкпей тұрып, осы жерге жеткенше қалай еңбектенгенімізге қараса екен. Ешкім жеңілемін деп келмейді. Әлі де өзімді дәлелдеймін. Қоржынға жүлде салатын күнім таяу», – деді ол.
Төртінші күні татамиге шыққан Эсмигүл Куюлова алғашқы белдесуінде словениялық Кая Кайзерге жол беріп, жарысты бірінші раундта аяқтады. Тағы бір талантты балуанымыз Абылайхан Жұбаназар жарысты сәтті бастағанымен, 1/8 финалда Тимур Арбузовтың екпініне төтеп бере алмады.
Қош, әзірге әлем біріншілігінде бір ғана жүлдеміз бар, ол – Абибаның күмісі. Сарапшылар 100 келіге дейінгі салмақта сынға түсетін Нұрлыхан Шархан мен Мұрат Байқамұровтан, 100 келіден аса салмақтағы Ерасыл Қажыбайдан үміт күтіп отыр. Егер олай болмаса, әдеттегідей Әбужақынованың кезекті жүлдесі жыртықты жамайын деп тұр.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ