in

Тарихи әріптестіктің жаңа кезеңі

Әдетте, ағайынның тату болуына үндейтін бұл ұғым қазір мемлекетаралық қатынастар үшін де маңызды бола түскен. Әсіресе, түбі бір туысқан халықтар арасындағы барыс-келіс барлық саладағы аралас-құраластықтың іргетасы болса керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға ресми сапармен баруы Қазақстан мен Түркия ынтымақтастығын тағы бір белеске көтерді. Қазақстан Президентін ресми сапармен келуге Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоған шақырған болатын. 

Тамыры терең бауырластық

Мемлекет басшысының ұшағы Астана әуежайынан көтерілгенге дейін жоғары деңгейдегі сапарлардың сал­мағын ойша таразылағанымыз бар. Әдетте, барыс-келістің ең жоғарғы деңгейі ретінде мемлекеттік сапарды айтады. Ал Қасым-Жомарт Кемелұлы­ның осы жолғы сапары Қазақстанның да, Түркияның да ақпарат құралдарында «ресми сапар» деп көрсетілген-ді. Дегенмен, Анкара әуежайында Қазақ­стан Пре­зидентін қарсы алу рәсімінің өте жоғары деңгейде ұйымдастырыл­ғанын көргенде ойымыз өзгерді. Қа­зақ­стан Президентіне құрмет айырық­ша болды.

28 шілденің кешінде Анкарадағы «Есенбұға» әуежайына қонған N1 борттың трапынан Қасым-Жомарт Тоқаевты Режеп Тайып Ердоғанның өзі күтіп алды. Әуежайда сән-салтанаты келіскен Құрмет қарауылы сап түзеп тұр еді. Түркиялық әріптестер Р.Ердоғанның мәртебелі меймандарды әуежайда өте сирек қарсы алатынын айтты. Қазақстан Президентін күтіп алуға Р.Т.Ердоғанның өзі келуі бауырлас ел басшысының әріп­тесіне деген құрметінің ерекше үлгісі болса керек. Әрі екі мемлекеттің өзара қарым-қатынасының ресми құжаттарда айтылатын «одақтастық қатынастар», «стратегиялық серіктес» тәрізді ұғымнан да кең екенін байқататын тәрізді. Өйткені қос Президенттің қол ұстаса жүруінің, әуежайда өзара әңгімелесіп, кейін бір көлікке мінуінің астары бөлек екенін ұқтық. Түркі әлемінің шығысы мен батысын жалғаған сәттер еді ол. Өз заманында Тан патшалығына қоңсы қонған Бумын қаған мен Византияның іргесіне дейін жеткен Естеми қағанның бауырластығындай көрінгені тағы бар. Бүгінгі қазақ пен түріктің мың жарым жыл бұрын өткен бабалары – қос қаған шығыс пен батысты байланыстыратын мемлекет құрған-ды. Енді ХХІ ғасырда бауырлас екі республика да шартарапты байланыстырып тұр. Бәлкім журналистік эмоция шығар, баға бере алмаймыз, бірақ біздің санамызда осындай ой қылаң берді.

Әуежайдағы кездесуде Қазақстан Президенті әріптесіне алғыс білдіріп, алдағы кездесудің сапалы өтерін атап өтті. Екі халықты туыстық пен ынты­мақтастық байланыстыратынын айтты. 

– Қонақжайлық танытқаныңызға көп рақмет. Әуежайға келіп, мені қарсы алдыңыз. Бұл – мен үшін үлкен құрмет. Біздің арамызда ешқандай түйткіл жоқ. Бізді тек туыстық, ынтымақтастық байланыстырады. Ертең маңызды сапар болады. Сапардың бағдарламасы өте мазмұнды. Оны толық іске асырамыз деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Жалпы, Президент Қ.Тоқаев Түркияға 4 рет мемлекеттік, ресми және жұмыс сапарларымен барыпты. Осы жолы Мемлекет басшысы Түркияға бесінші рет барды әрі Жоғары деңгейлі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің бесінші отырысы жоспарланған еді. 

Сипаты ғажап сыйластық

Хаттамаға сәйкес ресми сапар 29 шілдеде басталды. Мемлекет басшысы өз жұмысын Мұстафа Кемал Ататүріктің кесенесіне зиярат етуден бастады. Түр­кия Республикасының негізін қалаушы әрі тұңғыш Президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің кесенесіне барып, гүл шоғын қойған Қасым-Жомарт Кемелұлы Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды. Президент Қазақстан мен Түркияның достығы нығая беретініне сенім білдіріп, бауырлас түрік халқының өсіп-өркендеуіне тілектестігін жеткізді. Одан соң Қасым-Жомарт Тоқаевты Анкарадағы Президент сарайында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Қаланың Бештепе ауданындағы сарайда Қазақстан Президентінің сапарына орай Құрмет қарауылы сап түзеді. Заманауи әскери киім үлгісіндегі жауынгерлер қатарын тарихтағы түрк мемлекеттерінің туларын ұстаған, сауыт киген сарбаздар толықтырып тұрды. Ал Мемлекет басшысының кортежін салтатты гвардия бастап жүрді. 

Қасым-Жомарт Тоқаевты Режеп Тайып Ердоған қарсы алды. Қазақстан мен Түркияның мемлекеттік әнұрандары шырқалып, зеңбіректен 21 рет оқ атылды. Екі елдің басшылары Құрмет қарауылының алдынан жүріп өтіп, бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Әлбетте, Қазақстан Президентіне көрсетілген бұл құрметті алдымен Қасым-Жомарт Тоқаевқа, сонымен қатар тұтас ел халқына біл­дірілген ілтипат деп ұқтық. Салтанатты іс-шарадан ақпарат таратуға келген түркиялық әріптестердің де қарасы қа­лың еді. Тікелей эфирге қосылған, стендап жасаған журналистер қарасы көп болды. Мұндай сәтте елдің, ел басшысының абыройы биік болғаны мерейіңді өсіре түседі. Әрі Қазақстанның байсалды ішкі-сыртқы саясаты, бейбітшілікті сақтау идеясын ту ететіні, даму мүмкіндіктерінің мол­дығы, түрк интеграциясын тереңдетудегі шешуші қызметі де елімізге деген құрметті арттырған болар деп пайым­дадық. 

Жалпы, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға жасаған ресми сапарының жұмыс кестесі өте қауырт болғанын бай­қадық. Салтанатты қарсы алу шарасынан соң келіссөздер басталды. Президенттер Қазақстан мен Түркия арасындағы стра­тегиялық серіктестікті одан әрі дамыту перспективасын жан-жақты талқылады. 

Ендігі меже – 15 миллиард доллар

Президенттің ресми сапары кезінде Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 5-ші отырысы өтті. Бұл кеңес өз жұмысын алғаш 2012 жылы бастаған еді. 2022 жылдың 12-13 қазанында Түркия Президентінің Қазақ­станға мемлекеттік сапары кезінде Жо­ғары деңгейлі стратегиялық ынтымақ­тастық кеңесінің 4-ші отырысы Астанада өткен-ді. Ендігі кезек Анкараға келіпті. 

Жиында Мемлекет басшысы Түр­кияның ежелден бауырлас, тамырлас және түбі бір туысқан ел екенін атап өтіп, ортақ тарихи және рухани құнды­лықтарға негізделген қазақ-түрік ынты­мақтастығы кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухында тұрақты дамып келе жатқанына назар аударды. 

– Біз осы сара жолды жалғастырып, өзара байланысты бүгінгіден де биік белеске көтеруге мүдделіміз. Құрметті Президент мырза, Өзіңізбен жаңа ғана шағын құрамда өткізген келіссөздерді жоғары бағалаймын. Біз ықпалдас­тығы­мызды кеңейтуге ниетіміз бар екенін тағы да бекемдей түстік. Оған біздің мүмкіндігіміз де, ынта-жігеріміз де жеткілікті. Екі елдің арасында ауқымды шарттық-құқықтық негіз қалыптасты. Атап айтқанда, алпыстан астам екіжақты шарттар мен келісімдер бар. Бүгін де бірқатар екіжақты келісімге қол қойылады, – деді Мемлекет басшысы. 

Кеңесте өзара сауда-саттық көлемін ұлғайту мәселесі талқыланды. Былтыр өзара сауда айналымы 5 миллиард дол­лар болған. Бұл көрсеткішті еселеуге барлық мүмкіндік бар. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміз Түркия нарығына кемінде 34 түрлі өнім жеткізуге да­йын. Оның көлемі 1 миллиард дол­ларға жуықтайды. 

Қазақстан Президенті Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға баса мән беріліп отырғанын айтып, заманауи теміржол, құрлықтағы порттар мен жүк терминалдарын салуға және кеме өндірісіне түрік инвестициясын тартуға мүдделі екенімізді мәлімдеді.

Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстанның инвестициялық тартым­дылығын арттыру үшін қолға алынған реформалар шетелдік кәсіпкерлерге мол мүмкіндік береді», – деді. Әрі еліміз ашық әрі сенімді серіктес ретінде түрік инвесторларын қолдауға әрқашан дайын екенін атап өтті. 

Бұдан бөлек, Кеңес отырысында екі ел делегациялары энергетика саласын­дағы ықпалдастық мәселесіне тоқталды. Баку – Тбилиси – Жейхан мұнай құбыры арқылы экспорт көлемін арттыру мә­селесін талқылады.

Мемлекет басшысы түрік компания­ларын энергия тапшылығын жоюға бағыт­талған жобаларға қатысуға шақырды. Әсіресе, «ҚазМұнайГаз» бен Turkiye Petroleum арасындағы ынтымақ­тас­тықтың нәтижелі болатынына сенім білдірді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Салық кодексінде шикізатты терең өңдеуге ынталандыратын роялти тәртібі, яғни айрықша мүмкіндіктер қарастырыл­ғанын жеткізді. 

Екі елдің ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастығынан да мол үміт күтеміз. Қазақстанда өндірілетін дәнді-дақылдың төрттен бірі, мақтаның үштен бір бөлігі, дән желімшесінің (клейковина) 26 пайызы Түркияға экс­портталады. Жалпы, елімізде түрік кәсіпкерлерінің қатысуымен ауыл шаруашылығында құны 1,3 миллиард доллар болатын 23 инвестициялық жоба қолға алынған. Олардың 18-і іске қосылып, өнімдері халықаралық нарыққа шығарылып жатыр.

Тараптар қорғаныс өнеркәсібі, ақпараттық технология, жасанды интеллект, қаржы, азаматтық авиация, мәдениет, білім, денсаулық сақтау және туризм салаларындағы ынтымақтастық перспективасы жөнінде егжей-тегжей пікір алмасты.

Соның ішінде, екі елдің білім бағытындағы қатынастарының тамыры тереңде жатыр. Алдағы уақытта Астана мен Алматы қалаларында «Маариф» қорының екі мектебі, сондай-ақ Түркия­ның үздік оқу орындарының филиалдары ашылады. 

Мемлекет басшысының тапсырма­сы­мен Түркияның жер сілкінісі болған Газиантеп провинциясында былтыр желтоқсанда жаңа мектеп құрылысы басталды. Білім беру ошағы келесі жылы пайдалануға беріледі. 

Бұдан бөлек, туризм саласындағы оң үрдісті қолдау, сондай-ақ сан қырлы екіжақты байланыстарды ілгерілету үшін Түркия азаматтарына Қазақстан аума­ғында 90 күнге дейін визасыз жүруге рұқсат беру туралы шешім қабылданды. 

Қазақстан делегациясына ілтипат білдірген Режеп Тайып Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Екінші отаныңызға қош келдіңіз» деп ерекше құрмет көрсетті. Сондай-ақ қазақтың ұлы ақы­ны, ойшыл, кемеңгер Абай Құнанбай­ұлының дүниеге келгеніне 180 жыл толуымен құттықтады.

– Біз Қазақстанмен арадағы ынты­мақтастыққа ерекше мән береміз. Бүгін­де екі ел арасындағы байланыстар стра­тегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді. Осы оң серпінді сауда-саттық, қор­ғаныс өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, туризм және мәдениет салаларында одан әрі тереңдетуді мақсат етіп отырмыз. Қазақ­стан – атамекеніміздегі ең ірі сауда серік­тесіміз. Сауда айналымын 15 мил­лиард долларға жеткізу үшін жұмысы­мызды жалғастырамыз, – деді Түркия Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайып Ердоған Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің бесінші отырысының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы бірлескен декларациясын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің бесінші отырысының шешімін қабылдады.

Мемлекет басшысының Анкараға ресми сапарының аясында үкіметаралық және ведомствоаралық 18 құжатқа қол қойылды.

Қазақстанда 4 мыңдай түрік компаниясы жұмыс істейді

Жиыннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайып Ердоған БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді. Мемлекет басшысы, ең алдымен, Түркияға ресми сапармен келуге шақырып, қазақ делегациясына қонақжайлық көрсеткені үшін бауырлас түрік халқына және Президент Режеп Тайып Ердоғанға шынайы ризашылығын білдірді. 

– Қос халықтың игілігі үшін түбі бір түрік еліне жасаған әр сапардың мән-маңызы ерекше. Президент Режеп Тайып Ердоғанның басшылығымен Түркия өзінің алтын ғасырлық белесін тарихи жетістіктермен қарсы алып жатыр. Еліңіз жаңа дәуірге нық қадам басты. Құрметті Президенттің халықаралық сахнадағы салиқалы саясатының арқасында Түркия әлемдегі беделді әрі ықпалды, шынайы құрметке ие мемлекетке айналды. Мұның түп негізінде түрік халқының бірлігі, даналығы және қайсарлығы жатыр. Осындай биік белестерді бағындыру – Президент Режеп Тайып Ердоған мырзаның қажырлы еңбегінің жемісі деп күмәнсіз айтуға болады. Қазақ азаматтары Президент Режеп Тайып Ердоғанды және бүкіл Түркия елін шын жүректен құрметтейді. Қазақстан Түркияның толайым табысына әрдайым қуанады. Болашағының жарқын болуын тілейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президент қазір екі елдің қарым-қатынасы кеңейтілген стратегиялық серіктестікке ұласқанына назар аударып, нәтижелі келіссөздер қос халық арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді. 

– Түркия – сауда-экономика және инвестиция саласындағы басты стратегия­лық серіктесіміздің бірі. Осы орайда өзара тауар айналымын ұлғайту мәселесіне баса назар аудардық. Былтыр екі ел арасындағы сауда-саттық көлемі 5 миллиард доллар болды. Алдағы уақытта сауда айналымын айтарлықтай арттырамыз. Бұған әлеуетіміз жетеді, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде 4 мыңға жуық түрік компаниясы жұмыс істейтінін, олармен бірлесіп, құны 6 миллиард доллар болатын бірқатар жоба жүзеге асырылғанын айтты. Ал Қазақстанның Түркияға салған инвестициясының көлемі 2,5 миллиард доллардан асты. 

– Біз ашық әрі сенімді серіктес ретінде түрік инвесторларын қолдауға әрқашан дайынбыз. Сондықтан Түркия компанияларын ұзақ мерзімге арналған ірі жобаларға атсалысуға шақырамын. Көлік-логистика саласындағы байланысты күшейтуге мүмкіндік мол. Біз елдеріміздің стратегиялық тұрғыдан ұтымды жерде орналасқанын барынша тиімді пайдалануымыз керек. Қазір Еуропа мен Қытай арасында құрлық жолымен тасымалданатын жүктің шамамен 85 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Осы ретте Транскаспий халықаралық көлік бағдарын, яғни «Орта дәлізді» дамытудың мән-маңызы зор. Бұл – екі елдің мүддесіне сай келетін бастама. Қазақстан теміржолды жаңғырту, автокөлік жолдарын салу, сондай-ақ Каспий теңізінде кеме қатынасын жандандыру үшін инфрақұрылымды жетілдіру жұмысын қолға алды. Түрік инвесторларын осы жобаларға белсене қатысуға шақырамыз. Үкіметіміз Түркия кәсіпкерлеріне арнайы жеңілдіктер ұсынуға әзір, – деді Президент. 

Келіссөз барысында тараптар энергетика саласының маңызына да арнайы тоқталды. 

– Қазір Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры арқылы жылына 1,4 миллион тонна қазақ мұнайы Түркияға тасымалданады. Біз оның көлемін арттыру мәселесін талқыладық. Turkiye Petroleum компаниясының Қазақстан нарығында жұмыс істеуге ниеті бар. Біз мұны құптаймыз. Энергия көздерін әртараптандыру, жаңа электр стансаларын салу және басқа жобаларды жүзеге асыру үшін түрік компанияларының тәжірибесіне сүйеніп, инвестициялық мүмкіндіктерін пайдалануға мүдделіміз. Ірі жобаларды бірлесе жүзеге асыруға дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент ауыл шаруашылығын тағы бір маңызды сала ретінде атады. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Түркия­ның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосып келе жатқанын атап өтіп, астық және басқа да ауыл шаруа­шылығы өнімдерін экспорттау мәселесі жан-жақты талқыланғанын жеткізді. 

Мемлекет басшысы Түркияның қорғаныс және әскери-техникалық бағыттағы зор жетістіктеріне назар аударып, Режеп Тайып Ердоғанды жақында IDEF 2025 халықаралық қорғаныс-өнеркәсіп көрмесінің сәтті өтуімен құттықтады. 

Бұдан бөлек, келіссөздер барысында IT-технологияларды бірге дамыту мәселесіне айрықша мән берілді. Мемлекет басшысы еліміздің аталған саладағы жетістіктеріне тоқталып, Қазақстан мен Түркияның IT саласындағы стратегиялық серіктестігін нығайтуға зор мүмкіндік бар екенін мәлімдеді. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мәдени-гуманитарлық байланыс – қазақ-түрік қатынасының алтын көпірі. Соның ішінде білім және ғылым саласының орны ерекше. 

– Қазір біздің 12 мыңнан астам студентіміз Түркияда, ал 300 түрік студенті Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Осыған қолдау көрсеткені үшін Түркия Президенті мен Үкіметіне ризашылығымды білдіремін. Ұзақ жылдан бері Түркістан төрінде Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті табысты жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің жанынан Түркияның озық білім ошақтарының бірі – Гази университетінің филиалы ашылмақ.

Бұдан бөлек, «Маариф» қорының екі мектебін ашу жұмысын қолға алдық. Бұл – шын мәнінде, айтулы оқиға. Былтыр қол қойылған келісімге сәйкес, Астана медицина университетінің негізінде Медипол Ыстанбұл жоғары оқу орнының филиалын ашу бойынша жұмыс жүріліп жатыр. Еліміздің медицина қызметкерлерін Түркияның жетекші клиникаларында оқыту және біліктілігін арттыру туралы уағдаластыққа қол жеткіздік. Біз осы игі бастамаларды жалғастырып, білім беру, туризм, медицина саласындағы байланысты одан әрі күшейтуге мүдделіміз. Осы тұста сан қырлы байланысты тереңдету мақсатында Түркия азаматтарына Қазақстан аумағында 90 күнге дейін визасыз болу рұқсатын беру туралы шешім қабылданды. Саяхаттаушылар мен кәсіпкерлер үшін бұл қадамның мән-маңызы ерекше деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Екі ел президенттері әлемдегі өзекті мәселелерді де талқылады. Әрі қазіргі күрделі кезеңде қарулы қақтығыстардың ушығуына алаңдаушылық білдіретіндерін жеткізді. Қазақстан мен Түркия президенттері барлық жанжал мен қақтығыс дипломатиялық келіссөздер арқылы бейбіт жолмен шешілуі қажет деп есептейді. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайып Ердоғанның Ресей мен Украина арасындағы жанжалды реттеу ісіндегі айрықша рөлін атап өтті.

– Бұл – Сіздің беделіңіз бен ықпалыңыздың айқын дәлелі. Қос елдің Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау қажеттілігі жөніндегі ұстанымы – ортақ. Қазақстан әрбір елдің аумақтық тұтастығы сақталуы керек деген ұстанымды қорғайды. Қазақстан мен Түркия халықаралық аренадағы тиімді ықпалдастығын жалғастыра береді. Қазақстан дипломатиясы Түркі мемлекеттері Ұйымының одан әрі дамуына баса мән бермекші. Осы бағытта Түркия тарапымен бірлесіп жұмыс істей береміз. Жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін күш-жігерімізді біріктіреміз. Осы тұста Қазақстанның халықаралық бастамаларына көрсетіп жатқан қолдауына, соның ішінде Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі Кеңесті дамытудағы Түркияның үлесіне ерекше ризашылық білдіремін, – деді Мемлекет басшысы. Түркия Президенті келіссөздердің нәтижелі болғанын атап өтті. 

– Қазақстан – аймақтағы экономикасы ең ірі ел және біздің негізгі серіктесіміз. Бүгін біз қорғаныс пен энергетикадан бастап, көлік, ғылым мен технологияға дейінгі кең ауқымды салалар бойынша пікір алмастық. Біз тау-кен, сирек кездесетін металдар бағытындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастырдық. Қазақстан мұнайын Түркия арқылы әлемдік нарыққа экспорттау мүмкіндіктерін талқыладық. Тарихи Жібек жолының қазіргі баламасы – Транскаспий көлік бағдарын пайдалану және дамыту жолдарын қарастырдық, – деді Режеп Тайып Ердоған.

Қазақстан Президенті Devlet Nişanı орденімен марапатталды

Ресми сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – Devlet Nişanı  орденімен марапатталды. Бұл орденмен бұған дейін Ұлыбритания патшайымы ІІ Елизавета, АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтон, Әзербайжанның экс-президенті Гейдар Алиев, Швеция королі XVI Карл Густав қатарлы санаулы қайраткерлер марапатталыпты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – Devlet Nişanı  орденін алу зор мәртебе екенін атап өтіп, Президент Режеп Тайып Ердоғанға және барша түрік халқына шынайы алғысын жеткізді. 

– Мен отандық немесе шетелдік орден және басқа да марапаттарды қабылдаудан бас тарттым. Алайда бүгінгі Сіздің шешіміңіздің мән-маңызы ерекше деуге болады. Бұл – қазақ-түрік ынтымақтас­тығы жылнамасындағы мағынасы терең тарихи оқиға. Сіз осы шешіміңізбен бабаларымыздың аманатына берік екеніңізді тағы бір мәрте көрсеттіңіз. Бізге асыл мирас болып қалған баға жетпес мұрамыз – достық пен бауырластық байланыстарды бекемдей түстіңіз. Бұл жоғары марапатты түрік елінің барша қазақ халқына көрсеткен ерекше құрметі деп санаймын.  – деді Мемлекет басшысы. 

Президент әріптесі Режеп Тайып Ердоғанды әлемдік деңгейдегі көреген, ықпалды, аса көрнекті саясаткер, өңірлік және жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға өлшеусіз үлес қосып отырған тарихи тұлға деп атады.

– Парасатты саясатыңыз бен ел мүддесін ілгерілету жолындағы табанды әрі қажырлы еңбегіңіздің арқасында осындай абырой биігіне шықтыңыз. Түркияның бүкіл дүниежүзіндегі беделі ешкімнің күмәнін тудырмайды. Сіздің басшылығыңызбен Түркияның қол жеткізген табыстары әлемнің әрбір түкпірінде мойындалатын болды. Түркияның әлем мойындаған жетістіктері, қарқынды дамуы, халықаралық қауымдастықтағы биік беделі мен зор ықпалы Сіздің атыңыз­бен тікелей байланысты. Бүгінде еліңіз экономикалық дамуы бойынша әлемнің жетекші 20 мемлекетінің қатарында. Сарапшылардың болжамы бойынша Түркияның болашағы – жарқын, ал дүниежүзіндегі ықпалы арта бермек. Сіздің көшбасшылығыңызбен тұғыры биік Түркия өзінің жаңа алтын дәуірінде биік белестерді бағындыра беретініне кәміл сенемін. Біз Түркияның Қазақстанның Тәуелсіздігін таныған алғашқы мемлекет болғанын еш уақытта ұмытпаймыз. Бұл егемен Қазақ елінің жылнамасында сақталатын өшпес тарихи дерек, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайып Ердоғанның қазақ-түрік қарым-қатынас­тарын нығайтуға қосқан сүбелі үлесіне жоғары баға берді.

– Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық қарқынды түрде дамуда. Былтыр еліңізге 800 мыңға жуық Қазақстан азаматы сапарлап келді, ал биыл бұл көрсеткіш 1 миллионнан асуы мүмкін. Халықаралық сахнадағы ықпалдас­тығымыз – белсенді. Біздің елдеріміздің жаһандық тұрақты даму және қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ұстанымдары – ортақ. Әсіресе, Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы тиімді іс-қимылдарымызды атап өткім келеді. Сонымен бірге екіжақты ынтымақтастықты еселеп, оны жаңа сапалы деңгейге көтеруге толық мүмкіндік бар. Бүгінгі келіссөз қорытындылары – соның айқын дәлелі, – деді Мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев қазір Қазақстан өзінің мойындалған мәртебесін нығайту үшін теңгерімді саясат жүргізіп, ауқымды әлеуметтік-экономикалық мақсат-міндеттерді жүзеге асырып жатқанын мәлімдеді. 

– Оның нәтижесі де жақсы деуге болады, экономикалық өсім – тұрақты. 2024 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім 5,1 пайызға өссе, биылғы жартыжылдықта экономикамыз 6,2 пайызға ұлғайды. Биыл жалпы ішкі өнімді 300 миллиард долларға жеткізуді көздеп отыр­мыз. Бұл – Орталық Азиядағы ең үлкен көрсеткіш. Алға қойған мақсат-міндеттерге жету үшін Қазақстан келесі 4 бағытқа басымдық беруде. Олар: цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту; көлік және транзиттік әлеуетті нығайту; ауыл шаруашылығы саласын жаңғырту; энергетика және өнеркәсіп саласында ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске қосу. Осы міндеттерді табысты жүзеге асыру ісінде Түркиямен ықпалдастыққа ерекше мән береміз, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Қазақстандағы ішкі ахуал тұрақты. Елімізде заң мен тәртіп тұжырымдамасына негізделген саясат белсенді түрде жүргізіліп жатыр.

– Саяси реформаларды табысты жүзеге асырудамыз. Біздің мемлекетіміз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасын ұстанады. Қазір елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы қарқынды іске асырылып жатыр. Бұл науқанның мән-маңызы терең. Тазалық дегеніміз, бұл – әрбір азаматтың болмысын өзгерту, санасын жаңғырту деген сөз. Еліміз – жасыл, халқымыз – адал, ниеті – таза болуы керек деп халқымызға түсіндіріп айтып жатырмыз. Ішкі саясатымыздың түпкі мақсаты – Әділетті Қазақстанды құру, «Халық үніне құлақ асатын» мемлекетті қалыптастыру. Қазақстанның сыртқы саясаты – сарабдал, көпбағытты және теңгерімді. Көрші елдермен қарым-қатынастарымызды достық, өзара түсіністік рухында дамытып жатырмыз. Дипломатиямызда Түркияның орны өте маңызды, ерекше деп айтуға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Режеп Тайып Ердоған екі ел арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаруға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өлшеусіз үлес қосқанын атап өтті.

– Қымбатты бауырым Қасым-Жомарт Тоқаевтың сындарлы басшылығымен Қазақстан өз аймағындағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың мекеніне айналды. Қазақстанның жетістіктерін біз әрқашан мақтан тұтамыз. Сондай-ақ Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымын институттандыруға қосқан үлесін жоғары бағалаймын. Түркия мен түрік халқының досы екеніңізді бірнеше мәрте көрсеттіңіз. Осы орайда мен Сізге Түркия Республикасының ең жоғары марапатын табыстауды үлкен мәртебе деп санаймын. Біздің мемлекеттік орденімізді елдеріміз арасындағы мызғымас достықтың символы ретінде қабылдайсыз деп сенемін, – деді Түркия Президенті. 

Көңілге ой салған сапар

Әлбетте, Мемлекет басшысының сапарлары, ең алдымен, ел мүддесін көздейтіні айқын. Мұндай сапарларда бұқараға айтылатын ақпараттар да, жария етілмейтін дүниелер де болады. Қ.Тоқаевтың Түркияға жұмыс сапарының баршаға айқын сипатын бәріміз естіп, білдік, көрдік. Ел елдің президенттері қорғаныс өнеркәсібі, ақпараттық технология, жасанды интеллект, қаржы, азаматтық авиация, мәдениет, білім, денсаулық сақтау және туризм салаларындағы ынтымақтастық перспективасы жөнінде пікір алмасыпты. Яғни, екі елдің басшылары талқылаған бағыттар сан қырлы. Біздің пайымдауымызша, мұндай әңгіме-дүкен кезінде болашақта пысықталатын бағыттар айқындала түседі. Айталық, Түркия қорғаныс өнеркәсібі кешенінде толайым табыстарға қол жеткізген ел. Олардың дәл осы саладағы бірер компаниясы Қазақстан нарығына да енген. Алдының жұмыс істеп тұрғанына он шақты жыл болды. Кейінгілері жаңа өнімдерін таныстырып та үлгерген. Мемлекет басшысының сапарларының бірінде заманауи әскери құралдардың кейбір түрін бірлесе өндіру жөнінде келісім де жасалған. Бірақ одан арғысын тарқатып айта берудің қажеті болмаса керек. Бұрынғылардан «Үй артында кісі бар» дейтін әдемі сөз қалған. Жаһандағы геосаяси ахуал құбылып тұрған қазіргідей турбулентті кезеңде кейде тілді тістеп қалу пайдалы болады. Сондықтан әр сапардың «Айдың арғы бетіндей» қырлары болатынын ескеру қажет. 

Дегенмен Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға ресми сапарын Қазақстан ұстанымын бауырластарға толық мойындатудың үлгісі деп бағаладық. Әрі инвестициялық климаттың жақсаруы сапалы инвесторлардың қызығушылығын оята бастағанын байқадық. Енді бізге бұрынғыдай Қазақ жерінің асты-үстіндегі байлықты шикізат күйінде сата беретіндер емес, өңдеп, әлемдік нарықта сұранысқа ие өнім шығаратын инвесторлар көбірек назар аудара бастағанын көрдік. 

Айталық, Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған Хусейн Барлин S Sistem Lojistik компаниясының басқарма төрағасы қызметін атқарады. Бұл компания Ақтөбе халықаралық әуежайында логистика орталығын құрып жатыр. Президент компания бастамасына қолдау білдірді. Жоба «Қазпошта» акционерлік қоғамымен бірге жүзеге асырылады. 

Ал бұл жобаның маңыздылығы неде дейтін болсақ, логистикалық орталық әуекөліктері арқылы жүк тасымалдау ісіне араласуға мүмкіндік береді. Сөйтіп, «Орта дәліз» жобасының үш компонентін де игеруге жол ашылады. Бізде темір жол мен автомобиль жолы дамып жатыр, бұл бағыттардан өз үлесімізді аламыз. Ал әуекөлігі арқылы жүк тасымалдау мәселесінде кенжелеу қалғанымыз бар. Түрік инвесторы бұл бағытта ұпаймызды түгендеуге мүмкіндік береді. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев логистика инфрақұрылымын кешенді түрде дамыту өте маңызды екенін ескерді. Мұның бәрі транзит уақытын қысқартуға және экспорт инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік береді. 

Тағы бір мысал: Қазақстан басшысының қабылдауында болған кәсіпкер Сүлеймен Тирьякиоғлы Tiryaki Holding компаниясының атқарушы директоры қызметін атқарады. Tiryaki Holding – дәнді, майлы дақылдар, жем-шөп өндіру және экспорттау бойынша әлемдегі көшбасшы компаниялардың бірі. Компания Астана қаласынан бидай мен бұршақты терең өңдеу зауытын салуға шешім қабылдапты. Демек, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу кезеңіне де аяқ басып келеміз деген сөз. 

Ал Orzax Group компаниясы болса әлемдегі биологиялық белсенді қоспалар нарығында көшбасшылардың бірі саналатын компания. Президент компанияның басқарма төрағасы Селман Алимоғлыны да қабылдаған еді. Компания Түркістан облысында биологиялық белсенді қоспалар өндіретін зауыт салуға бекініпті. Бүгінде Orzax Group биологиялық белсенді қоспалардың 150 түрін өндіріп, әлемнің 60 еліне экспорттайды. Қазақстандағы өндіріс жобасына компания 40 миллион доллар инвестиция құйып, 500 адамды тұрақты жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.

Бұл мысалдар Қазақстанның ішкісыртқы саясаты, жасалып жатқан реформалар бір-бірімен жымдасқан, кешенді екенін, Президент айтқан 4 бағытпен үндесетінін көрсетеді. Инвесторлар осы осы бағыттарды ескеретін болса керек. Одан бөлек, ел ішінде қабылданған шешімдердің де сырттағы келісімдермен тікелей немесе жанама түрде үндесетінін пайымдадық. Айталық, бірер апта бұрын Президент туристік аймақтарды дамыту мәселесінде кеткен олқылықтарды түзеу­ге қатысты Үкіметке тапсырма бергені бар. Енді, міне Түркия азаматтарына визасыз 90 күн жүруге рұқсат етілді. Ал біз бұл шешімдер бір-бірімен үндеседі деп білеміз. Визасыз жүру «атажұртым» деп тұратын түркиялықтарды біздің елге қызықтыру үшін қажет болса, олар келгенде сапалы курорттық аймақтардың дұрыс жұмыс істегені де керек. Әйтпесе, былтыр Түркияға Қазақстаннан 800 мыңға жуық азамат барыпты. Көбі демалуға барғаны анық. Енді түркиялықтардың бізге де келгені қажет. Көрсететін жәдігерлеріміз бен қазыналы аймақтарымыз бар. Тек дұрыс ұсына білмек керек. 

Қысқасы, Президенттің мемлекеттік, ресми, жұмыс сапарларындағы кездесулер, жасалған келісімдердің бәрі маңыз­ды екенінен көз жетті. Әр келісімнің астарында мемлекет мүддесі болатыны сөзсіз. Түркия сапарында да осы мүдде ескерілгенін сездік. Ал мемлекет мүддесінің үлкен-кішісі болмайды.  

Амангелді ҚҰРМЕТ,

Астана-Анкара-Астана