Қазақстанның халық әртісі, театр және кино режиссері Талғат Теменов «Сырласу» бағдарламасына сұхбат берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Сұхбат барысында журналист режиссерден ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа тіл тигізген блогер Әлішер Теменовпен туыстық байланысы бар-жоғын сұрады. Талғат Теменов блогермен туыс емес екенін, алайда оның әрекетіне қатты ашуланғанын айтты.
«Менің атамның аты Темірғали болған екен. Бала кезде Темен деп еркелетіп, содан Темен болып кеткен. Қазақстанда Теменовтер санаулы. Мына Теменовтің қайдан шыққан Теменов екенін білмейді екенмін. Екіншіден, өзімнің бір ойым, менің атымды алған алаяқ па деймін. Ең сорақысы, бұл жігіттің рухани алаяқтығында. Хайп жинаймын деп, қасиетті құдыққа түкіргендігінде. Мұндай арсыздар өкінішке қарай, арамызда аз емес. Кезінде бұндайларды есекке теріс мінгізіп, ауылдан қуған. Өзгелерге үлгі болмасын деп», – дейді Талғат Теменов.
Режиссер қазір қоғамда мейірім, адамға деген құрмет азайып бара жатқанына қынжылатынын айтты. Ол жақында Талғарда болған оқиға осының бір көрінісі екенін атап өтті.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.