in

«Таза Қазақстан»: орманды қорғау – ортақ міндет

Тұжырымдама толық жү­зеге асса, адамдар қоқысты сұ­­рып­тап тастауды меңгереді, қор­ш­а­ған ортаны ластайтын­дар­ға мүл­­де төзбейтін ұрпақ қа­лып­та­са­ды деп күтіліп отыр. 

«Таза Қазақстан» ак­циясы атқарушы би­лік­тің, биз­нес қауым­дастық­тар­дың, ха­лықтың күшін біріктіре оты­­рып таза әрі тұрақты ортаны құ­ру­­­ға үндейді. 

Бұл акция бір­неше бағытта­ғы жұмысты қам­тиды. Атап айт­сақ, аумақты та­залау – қа­ла­лар­ды, саябақ­тар­ды, орман­дар­ды және су қой­ма­л­арын қо­қыс­тан жүйелі түрде та­залау. Екін­ші­ден, көгалдан­дыру, ағаштар, бұ­талар отырғызу және жаңа жа­сыл аймақтарды құру. Бұдан бөлек, қалдықтарды бө­лек жи­нау, қайта өңдеу жүйе­ле­рін ен­гізу мен жас ұрпаққа эк­о­ло­гия­лық тәрбие беру мәсе­ле­сі қарас­тырылған. 

Осылардың ішіндегі ең маңыз­­дысы – сол ұрпаққа эко­ло­гиялық тәрбие беру болса ке­рек. Бес жыл тұжырымдама ая­сында тазаланған орман ал­қап­тары мен өзен-көлдері одан әрі қарай таза ұстау да маңызды. 

Бұл ретте Батыс Қазақстан об­лысында бірқатар іс-шаралар жү­зеге асуда. Бұл туралы бізге БҚО Табиғи ресурстар таби­ғат­ты пайдалануды реттеу бас­қар­ма­сының бөлім басшысы Фари­за Султашева айтып берді. 

– Негізгі мақсат – таза, қауіп­сіз орта қалыптастыру. Осы рет­­те 2024 жылы Орал қала­сын­да 100 бейнекамера орнаттық. Биыл 500 миллионнан астам қар­жы бөлінеді. Бұл ақшаға 300-дей бейнекамера орнатылады деп жоспарланып отыр. Бұл ка­­­­­мералардың бәрі де БҚО По­лиция департаментінің кезекші бө­ліміне тіркеледі. Қа­зір мек­теп­тер мен балабақшаларда эко­­логиялық мәдениетті қа­лып­­тастыратын ашық сабақтар мен кездесулер өтуде. Біз бұл жұ­­­мыстарды жалғастыра бере­міз, –  дейді басқарма маманы. 

Батыс Қазақстан облысы – ор­ман алқабына бай өңір. Ресми де­рек бойынша, 15 мың гектар­дан асатын орман алқабы бар. Бұл орман алқабын одан әрі ұл­ғайту мақсатында жылда жас тал егіледі. «Таза Қазақстан» ак­ция­сы аясында облыста 228 мың кө­шет отырғызылады деп кү­ті­ліп отыр. 

– Биыл «Таза Қазақстан» ак­циясы аясында әуежай жақ­та­ғы орман алқабында жас те­рек­тер ектік. Бұдан бөлек, сту­денттер мен еріктілерді жи­нап, орман алқаптарының бә­рін­де таазалық жұмыстарын жүр­гіздік. Біздің мекеменің жеті гек­тардай жерді алып жатқан тә­лімбағы бар. Ол жерде тал-теректің түрлері өте көп. Орман ал­қаптарына арналған түрлері балабақша, мектептердің ау­ласына егуге қолайлы, сәнді ағаш­тар да баршылық. Біз ол ағаш­тардың тұқымын егеміз. Кейін өскен соң ғана орман ал­қаптарына отырғызамыз. Биыл 155 гектардай ағаш ектік. Жал­пы, егілген ағаштардың 90 пайы­зы жерсініп өсіп кетеді. Былтыр  350 гектарға ағаш еккенбіз. Біз орман алқап­тарын қоқыстан та­залаймыз. Әрі қураған ағаш­тар­ды кесу, тазарту жұмыстарын жүргіземіз. Біздің мекемеде тек 44 орман инспек­торы жұмыс іс­тейді. Бұл әрине өте аз. Сон­дық­тан біз студент­тер­ді, эко­бел­сенділерді сенбі­лік­­терге жиі ша­қырып тұрамыз, – деп атап өтті БҚО Орман және жануарлар дүниесін қорғау жө­ніндегі мекеменің инспек­торы Құралай Шамұратова. 

Естеріңізге сала кетейік, Ба­тыс Қазақстан облысында ор­ман көлемін ұлғайту жоспарына сәйкес 5 жыл ішінде 56,57 мил­лион түп ағаш отырғызу жос­парланған.

Биыл «Таза Қазақстан» ак­ция­сы барысында өңірде үш бір­дей эко-пункт іске қосылды. Ол бөлімшелерде қоқысты сұ­рып­тап, өңдейді деп жоспарла­нып отыр. 

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА, Батыс Қазақстан облысы