Бірі техникасын тексеріп жатса, енді бірі медициналық бақылаудан өтуде. Жұмысқа кіріспес бұрын арнайы құрылғы арқылы әр қызметкердің қан қысымы, дене қызуы, тіпті қан құрамындағы алкогольдің бар-жоғы өлшеніп, нәтижесі автоматты түрде тіркеледі. Бұл – көлікке отырар алдында адамның қауіпсіздігін, жұмысқа жарамдылығын анықтайтын басты саты. Сол сәтте механиктер де қарап жатпайды. Әр көліктің жағдайын мұқият тексеріп, ең ұсақ тетігіне дейін қарап шығады. Жарық шамы жанып тұр ма, су шашу жүйесі дұрыс жұмыс істей ме, тежегіш дер кезінде ұстай ма – бәрі басынан аяғына дейін сүзгіден өтеді.
«Астана Тазалық» ұйымының баспасөз хатшысы Қымбат Бақыткелдінің айтуынша, мекеме құрамында 400-ге жуық арнайы техника бар екен. Біз барған күні 729 адам еңбекке шықты, оның 615-і күндізгі, 114-і түнгі ауысымда жұмыс істеді. Қаланы күні-түні аралайтын 342 техника – тіршілік тамыры іспетті: 188-і күндіз, 154-і түнгі ауысымда қызмет көрсетеді.
Жұмыстың басталуын сырттай бақылау – бір бөлек те, оның ішінде жүру – мүлде басқа дүние. Осынау қарбалас процестің артында үлкен тәртіп, темірдей жүйе, сағат сайын есеп беруді талап ететін қатаң жауапкершілік жатыр. Мұнда әр қимылдың өз уақыты, әр қозғалыстың өз ережесі бар – бәрі де қаланың тынысымен үндесіп, көзге көрінбейтін еңбектің үнсіз симфониясын құрайды.
Көшенің көркі – күнделікті еңбекте
«Астана Тазалық» ұйымының сары көлігіне отырып, жүргізуші Серік Бекмағанбетовпен бірге қала көшелеріне шықтық. Темір тұлпарымыз – су шашуға арналған арнайы техника. Жолға шығар алдында Серік ағаға қай көшелерге су себу керектігі туралы нақты нұсқаулық пен маршрут берілді. Бүгінгі бағыт – Байқоңыр ауданына қарасты Тәшенов және Республика көшелері.
Көлікке отырмас бұрын су толтырып алуға барамыз. Бұл жерде де кезек бар екен. Арнайы колонка жанында жекеменшік компаниялардың көліктері де сап түзеп тұр. Жүргізушілер бірін-бірі жақсы таниды, «Ассалаумағалейкүм!» деп қауқылдасып, әзілдесіп те қояды.
Цистернаға 7000 литр суды толтырып алып, біз де қозғалдық. Көлік салонының өзі шағын бір басқару орталығын еске салды. Панель толы батырмалар: бірін бассаң – сыпырғыштар айналады, екіншісімен су шашасың, үшіншісі шаң үрлейді. Кәдімгі бір көлік емес, жылжымалы тазалық фабрикасы дерсің.
Көлікке орнатылған GPS құрылғы нақты қай жерде келе жатқанымызды онлайн көрсетіп отырады. Егер маршруттан ауытқысаң немесе бір орында көп кідіріп қалсаң – базаға себеп-салдарын түсіндіріп, есеп беруге міндеттісің. Бұл да – тәртіптің бір шарты.
Жүргізуші Серік ағаның айтуынша, су шашушы көлікке бірден отыра салуға болмайды. Алдымен арнайы оқыту курсынан өтіп, техниканың қыр-сырын меңгеру керек. Өйткені бұл – қарапайым жеңіл көлік емес, көшенің әр метрін шын мәнінде күтімді қажет ететін тірі ағзадай сезетін күрделі техника. «Көлікті жүргізу де, тоқтату да, тазалықтың сапасын бақылау да – бәрі үлкен жауапкершілікпен атқарылатын іс», – дейді ол.
Асфальт жолмен алға жылжып, су шашып келеміз.
Су шашылған тасжол әп-сәтте салқындап, топырақтың жағымды иісі бірден мұрнымызға келді. Жаяу жүргіншілер мен көлік тізгіндегендер бізге қызыға көз тастап, жол шетіне ығысып жатты. Құдды қала бір сәтке тыныс алып, еңсесін тіктеп қалғандай күй кештік.
Әр маусымның өз қиындығы бар
Серік Бекмағанбетов – бұл қызметке бір жыл бұрын келген. Қаланың қай көшесінде қандай шұңқыр бар, қай жолда жиі кептеліс болады – бәрін жатқа біледі.
«Басында бұл істі жай ғана көлік жүргізу деп ойладым. Бірақ тазалықтың артында темірдей тәртіп, қатаң жүйе жатыр екен», – дейді ол күлімсіреп. Бүгінде көліктің әр бұрандасы мен тетігін шемішкеше шағады. Таң атпай тұрып, жолға шығуға, ауа райына қарамай жұмыс істеуге әбден дағдыланған.
«Қысы-жазы жұмыс бірдей емес. Әр маусымның өз қиындығы бар», – дейді Серік аға. Қыс мезгілінде көліктер тізбектеліп, колоннамен жүреді. Бірі қарды итеріп өтсе, екіншісі сыпырып алады, соңынан үшіншісі қарды жинайды. Бұл – нақты үйлесім мен бірқалыпты қозғалысты талап ететін командалық жұмыс. «Бір көлік сәл баяуласа, арттағы бәрі кідіріп қалады. Сондықтан үнемі сергек болуың керек», – дейді ол.
Ал жазда жұмыс басқаша: шаң басқан көшелерге су шашып, ауада қалықтап жүрген тозаңды басу керек.
«Ауа құрғақ болса, жол жиегіне шаң тез жиналады. Әсіресе, құрылыс маңындағы көшелер тез кірленеді. Су жетпей қалса, қайта барып толтыруға тура келеді. Бір күнде 3-4 рейске дейін шығамыз. Біз жүріп өткен соң-ақ артта қалып жатқан көшенің өңі өзгеріп сала береді – тозаң басылып, асфальттің түсі қоюланады. Сол кезде өзіңнің пайдаңды көзбен көріп, іштей риза болып қаласың», – дейді Серік аға жымиып.
Бір қарағанда, көлікке мініп алып, қажетті тетікті қосып, көшеге су сеуіп шығу – оңай шаруа сияқты көрінуі мүмкін. Алайда бұл істің де өзіндік қиындығы мен жауапкершілігі бар. Мұны шын мәнінде сол еңбектің бел ортасында жүрген адам ғана түсінеді.
«Су шашып келе жатқанда, кейде жол бойындағы жаяу жүргіншілер артына қарамай, алаңсыз өте шығады. Ондай сәтте біз үстіне су шашырап кетпеуі үшін міндетті түрде дыбыс белгісін беріп, ескертуге тырысамыз. Көлігін енді ғана жуып шыққан жүргізушілердің қабағынан ренішті байқайтын кездер де болады. Су тамшысымен бірге жол жиегіндегі ұсақ қиыршық тас көлікке тиіп кетпесін деп те барынша абайлаймыз», – дейді кейіпкеріміз.
Жанкешті тіршіліктің белгісіндей…
Тынымсыз тазалық қызметкерлерінің еңбегі көзге көп байқала бермейді. Алайда дәл солардың табанды тірлігі болмаса, бүгінгі Астананың келбеті басқаша болар еді. Біз жүргізуші Серік Бекмағанбетовпен кешкі алтылар шамасында базаға оралдық. Аулаға кіреберісте жұмысын тәмамдаған көліктер біртіндеп кезекке тұрып жатыр. Біреуінің суы таусылыпты, екіншісі майын тексертуге бет алған. Жүргізушілер шаршағанымен, бәрінің жүзінде әлдебір тыныштықтың табы бар.
Серік аға көлігін жаймен тоқтатып, қозғалтқышты сөндірді. Біраз отырды. Сосын баскиімін шешіп, маңдайын сүртті. Сұр түсті, шеке тұсында «Астана Тазалық» логотипі бар, жиегі тер сіңіп, ақшыл тартқан баскиімін – күні бойғы тынымсыз еңбектің белгісіндей, иесінің жанкешті тіршілігін үнсіз-ақ баяндап тұрғандай.
Көліктен түсе сала әріптестерімен аз-кем тіл қатып, механиктерге көлікті тапсырды. Ауладағы шағын үстел маңында бірнеше жүргізуші шай ішіп отыр екен. «Бүгін қай аудан қиын болды?», «Суға неше рет бардың?» – деген сұрақтар төңірегінде бір күннің есебі беріліп жатыр.
– Бізге ешкім «рақмет» демесе де ренжімейміз. Ең бастысы, көше таза, адамдар риза жүрсе болды, – деді кейіпкеріміз сабырлы үнмен.
Кешкілік базадағы қозғалыс біртіндеп саябырсыды. Күнұзақ дамыл көрмеген техника енді демалады. Ертең бұл сары көліктерді тағы да таң бозынан қауырт жұмыс күтіп тұр.
Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ