Бұл күн – Тәуелсіздіктің тағылымын, ұлттың ұмтылысы мен жаңғыру жолын айқындайтын ерекше белес екені рас. Осындай маңызды сәт қарсаңында Ақмола облысы табиғатты қорғау ісінде жаңа кезеңге қадам басты. Өңірдің орман шаруашылығы қызметкерлері кәсіби мерекесімен қатар 85 бірдей жаңа арнайы техникаға ие болды. Бұл – мемлекеттің экологиялық саясатындағы іргелі іс пен табиғатты аялауға бағытталған нақты қолдаудың айқын көрінісі десек артық айтпаспыз…
3 миллиард теңгенің игілігі — орман қауіпсіздігі
Жаңартылған техника Ақмола облысының айналасында орналасқан 13 орман шаруашылығы мекемесіне таратылды. Жалпы құны 3 миллиард теңгеден асатын бұл жаңғырту шарасы жасыл орманды өрттен қорғау, табиғи байлықтарды сақтау және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісін жаңа деңгейге көтермек.
Жаңа техниканың қатарында 24 өрт сөндіру көлігі, 31 шағын орман патрульдік кешені мен 30 трактор бар. Барлығы да заманауи стандарттарға сай, өртке қарсы жұмыстарды жүргізуге, орман аумақтарын үнемі бақылауда ұстауға, сондай-ақ алдын алу шараларын тиімді ұйымдастыруға арналған.
Техника кілтін орманшыларға салтанатты жағдайда табыс еткен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңірдің жасылдануы жолында орманшылардың еңбегіне зор алғысын білдіріп, табиғатты қорғау және оның қорын молайтуға шақырды. Өңір басшысы өз сөзінде табиғатты қорғау елдің мәдениеті мен өркениетінің айнасы екенін атап өтті.
– Біздің облысымыз өзінің қайталанбас табиғаты мен бай жануарлар дүниесімен мақтана алады. Бұл – халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап келе жатқан баға жетпес асыл қазынасы. Орманшылардың еңбегі – сол аманатқа деген адалдықтың айқын көрінісі. Соңғы жылдары ауа райының күрделі болуына қарамастан, біз ірі өрттің алдын алып, жасыл желек орманды сақтап келеміз, – деді облыс әкімі Марат Ахметжанов.
Бір әулеттің 85 жылдық орман қорғау еңбегі
Мерекелік іс-шара барысында табиғатты қорғау саласына елеулі үлес қосқан орман шаруашылығының белді қызметкерлері марапатталды. Он қызметкер «Еңбек сіңірген орман өсіруші» және «Қазақстан орманын қорғаудағы мінсіз қызметі үшін» төсбелгілерімен наградталды.
Соның ішінде Кеңес уақытында орман шаруашылығы мекемесінің директоры болған Жанат Қожахметов ерекше назарға ие болды. Ол «Қазақстан орманын қорғаудағы мінсіз қызметі үшін» II дәрежелі медальмен марапатталып, жаңа техниканың кілтіне де ие болды.
Жанат Қожахметовтың отбасы — орманға қызмет етуді өмірлік борыш санайтын айтулы әулеттердің бірі. Оның әкесі мен бауырлары да орман шаруашылығында еңбек етіп, аймақтың жасылдануына сүбелі үлесін қосып келеді. Бұл әулеттің орман қорғау саласындағы жалпы еңбек өтілі 85 жылға жетіп жығылыпты.
– Соңғы жылдары мемлекет орман шаруашылығын дамытуға айрықша көңіл бөліп келеді. Бұл бізге зор жігер береді. Ұсынылып отырған заманауи үлгіде жасалған жаңа техника орман өртін ерте анықтауға және жедел оқшаулауға мүмкіндік береді. Бұл орманшылардың дер кезінде өз қызметін тиімді жүзеге асыра алуына зор ықпал етеді, – дейді тәжірибелі орманшы Жанат Қожахметов.
Ақылды жүйе – орманның сақшысы
Ақмола облысында табиғатты қорғау ісі тек техникалық жаңартумен шектелмегенін атап өткен жөн. Қазір өңірдің бес орман шаруашылығы мекемесінде – Ақкөл, Бұқпа, Кеңес, Краснобор және Куйбышев орман шаруашылықтарында тұтана бастаған өртті дереу анықтайтын арнайы цифрландырылған жүйе енгізілген.
Бұл жүйе спутниктік және бейнебақылау құралдарының көмегімен орман алқаптарын тәулік бойы бақылауға алған. Қауіп анықталған сәтте автоматты түрде дабыл беріліп, өрттің таралуына жол берілмейді.
Жиын барысында қатысушыларға «Бұқпа» орман шаруашылығы мекемесінің заманауи өрт сөндіру стансасының жұмысы да таныстырылды. Онда жаңа бақылау пульттері, GPS арқылы бағыттау жүйесі мен жедел байланыс құралдары орнатылыпты. Бұл цифрландыру мен табиғатты қорғаудың бір-бірімен үйлесім таба бастағанының нақты дәлелі екені сөзсіз.
Рух пен жауапкершілік мерекесі
Табиғатты қорғау — экологиялық іс-шара ғана емес, бұл – ұлттық жауапкершіліктің көрінісі, ұрпақ алдындағы аса үлкен парыз екені рас. Республика күні қарсаңында өткізілген осы іс-шара елдің табиғи байлығын сақтау ісіне бағытталған зор серпін бергенін атап өткен жөн.
Ақмола өңірі бүгінде тек аграрлық салада емес, экологиялық мәдениет тұрғысынан да елге үлгі тұтарлық игі істермен ерекшеленіп келеді. Өңірдің орманшылары – туған жердің тынысын сезінетін, табиғатты сақтауды қасиетті міндет деп білетін нағыз еңбек адамдары.
Олардың қажырлы еңбегі арқасында өңірдің орман қоры сақталып, экожүйенің тұрақтылығы нығайып келеді.
P.S.
Республика күні – елдің өткенін еске алып, ертеңіне сенім артатын айрықша күн. Ал сол сенімнің басты тірегі – осындай қарапайым еңбек адамдары екені айқын. Ақмолалық орманшылардың тынымсыз еңбегі табиғатты аялаудың, елдің болашағына адал қызмет етудің нақты үлгісіне айналған. Мереке күнінде орманшыларға тапсырылған жаңартылған техника, заманауи жүйелер және жаңа буын мамандары бәрі де бір мақсатқа, бір мүддеге қызмет етпек. Өйткені орман елдің өкпесі болса, ал оны қорғаған орманшы елдің жүрегі…
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы