Биыл генерал-полковник 85 жасқа толды. Жуырда Сәт Тоқпақбаевқа Мемлекет басшысының Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы берілді.
– Сәт Бесімбайұлы, «Халық қаһарманы» атағыңыз құтты болсын! Ел Тәуелсіздік алған елең-алаң шақта жауапты міндеттерді атқарғаныңызды жақсы білеміз. Сол бір күндерге қайта шегініс жасап көрейікші: не еске түседі?
– Рақмет! Бұл марапат маған ғана емес, менімен бірге Отанының Тәуелсіздігіне қызмет жасаған қауіпсіздік саласы мен қорғаныс саласындағы әріптестерімнің еңбегіне берілген жоғары баға деп қабылдадым. Өмірімнің ең күш-қайратқа толы, жылдар бойы жинаған білімімнің отаныма қажет кезі – Қазақстанымның Тәуелсіздік алған тұсына келді. Ұлттық қауіпсіздік саласы мен қорғаныс саласына мамандар қажет кезде білекті сыбанып кірісіп кеттім. Сол кезеңде маған үміт артқан халқыма, үлкен сеніммен жауапты міндеттерді сеніп тапсырған сол кездегі Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа, үзеңгілес болған әріптестерім мен шәкірттеріме алғысым шексіз.
Ал еске алу мәселесіне келсек, қызмет етіп жүрген кездердің әр күні тарих болды десем, артық айтқандық болмас. Өйткені ол жас мемлекетіміздің енді ғана аяққа тұрып, Тәуелсіз, Азат, Бостан мемлекет ретінде әлем картасына еніп, дүниежүзінің назарына іліне бастаған кезі еді. Менің замандастарымның әрқайсысы қайтсек Тәуелсіздікті тұғырлы етеміз, еңсемізді көтереміз, іргелі елге айналамыз деп өз міндеттерін атқарып жүрген кезең еді.
– 1993-1995-жылдары ҰҚК қызмет еткен тұсыңызда Сталиндік репрессия құрбандарын ақтауға еңбек еттіңіз. Манаш Қозыбаевты қауіпсіздік қызметінің архивінде жұмыс істеуге де мүмкіндік жасадыңыз. Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмысы қалай басталды? Ресей архивіне (КГБ) кіруге мүмкіндік болды ма?
– Республика Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып отырған кезімде біршама ғалымдармен бірге тарихтағы ақтаңдақтар (репрессия) ақиқатының астарын ашу үшін біршама еңбектендік. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі алдымыздағы мақсат – КСРО кезіндегі 1929-1930, 1935-1936, 1937-1938 одан кейінгі жылдарға ұласқан сталиндік зұлматтың қанды қылышына ұшырап, оққа байланып опат болып кеткен аяулы азаматтарымызды архив деректерінен іздеп табу болды. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің мұрағатынан олардың іс-қағаздарын көтеру, жазықсыз жапа шеккен, сотталған, атылған кісілердің атын қайтадан жарыққа шығарып ақтап алу науқаны басталды. Бұл науқанға өз басым белсене араластым. Сол кезде елімізде жалаға ұшыраған азаматтарды ақтап алатын «Әділет» қоғамы құрылды. «Әділет» қоғамының жетекшісі Тарих және этнология институтының директоры, академик Манаш Қозыбаев болды.
Облыстық Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің басқармасында қызметте жүрген уақытта 1980-жылдардың аяғында «По реабилитации жертв сталинской репрессии» деген комиссия құрылған болатын, соның төрағасы болдым. Ондағы мақсат – жоғарыда айтып өткендей, 1937,1950- жылдары жазаланған азаматтардың құжаттарын зерттеп, басаяғын жинақтап, ақтап шығу еді. Сол іске тездетіп кірісуді көздедік.
Екінші жағынан: олар қай жерде атылды соны білу керек болды. Халқымыздың бұрынғы ел басқарған, бетке ұстар азаматтары жазықсыз мың-мыңдап атылып кеткен. Міне, солар қай жерге жерленді, қандай себеппен ауыр жазаға кесілді, яғни не үшін жапа шекті. Осындай толып жатқан түрлі сұраққа жауап іздей бастадық. Архивте бұл сұрақтарға толық жауап беретін құжаттар табылған жоқ. Жойып жіберген сыңайлы. Кім атты, қай жерде атылды, қай жерге жерленді деген сұрақтар жауапсыз қалатын түрі бар. Мұндай құжаттар болмағаннан кейін мен бірнеше топ құрдым.
Бір топ 1936,1937,1938-жылдары кадрларда, басқа да маңызды орындарда жұмыс істеген адамды іздеуі керек. Қызмет орны арқылы анықтау тапсырмасы берілді ол топқа. Содан кейін «мынаны естідім… солай екен… болған екен…» деген қауесеттен тұратын мағұлматты тексеретін тағы бір топ құрдым. Газет-журнал бетіне шыққан ақпаратты егжей-тегжейлі зерттейтін тағы бір топ құрдым. Тікелей архив материалдарын тексеретін өз алдына жеке бір топ болды. Осындай жұмыс күні-түні жүргізілді. Еңбегіміз еш кеткен жоқ. Біраз мәселенің беті ашыла бастады.
Біздің небір марқасқа азаматтарымыз осындай азапты жылдардың құрбандары болып кетті емес пе… Мәселен, Сәкен Сейфуллин ісі Мәскеуде болды.
Мәскеуге хатты жазудай-ақ жаздық. Бірақ бізге құжаттардың түрін көрсетпеді. Іздестіріп жүріп сол кезде азаматтарды атқан адамның ізіне түстік. Деректер бойынша мекенжайын анықтап, тауып өзімен кездестік. Жай ғана білімі жоқ, кезінде НКВД-да жұмыс істеген адам екен. Бірақ кезінде кімді атып жатқанын білмеген көрінеді. Дзержинский мен Виноградов көшесінің бойында подвал болған. Еліміздің талай боздақтарын сол жерде, әр күні түнде атып отырған.
– 1937-1938 жылғы ақтаңдақтарды ғана емес, ашаршылық зұлматын да зерттеуге мүмкіндік туды ма? «Азалы кітап» қай жылдары шықты?
– Төраға болып жүргенімде академик Манаш Қабашұлы Қозыбаевты, Жовтисті, тағы басқа «Мемориал» қоғамының мүшелерін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивіне Мемлекет басшысының рұқсатымен кіргіздім. Олар он күндей сол архивте жұмыс істеді. Біраз деректер жиған сияқты. Көп ұзамай құжаттар ізімен жақсы бір кітап шығарды. Қайтыс болған адамдардың тізімін жазды. Сол кітаптың алғысөзінде Манаш Қабашұлы менің атыма алғысын айтыпты.
«Азалы кітап» деп аталатын ұлы жинақтың бірінші томы 1996 жылы жарық көрді. Кітаптың барлық шығынын «Әділет» қоғамы көтерді.
Менен кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне келген басшы менің аты-жөнімді кітаптан сызып тастағысы келіп біраз әуреленіпті. Әйтсе де әділет бар емес пе. Манаш Қозыбаев ағамыз: «Бұрынғы төраға Сәт Бесімбайұлының еңбегі ұшан-теңіз, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 60 жыл бойына жабулы келген мұрағатына кіргізіп, қыруар құпия құжаттарды көрсетіп, танысып шығуымызға жол ашты, мүмкіндік берді» деп қасарысып отырып алыпты. Соның арқасында әлгі «Азалы кітапқа» редакциялық ұжымның атынан шағын ғана алғыс жазылыпты.
– Қазақ үшін 1986 жылғы оқиға да үлкен қасірет. Сол жылдары қауіпсіздік қызметінде болдыңыз. Сол оқиғаның беймәлім тұстары туралы зерттеп-зерделенді ме? Көпшілік біле бермейтін құпиялар бар деп ойлайсыз ба?
– Жоқ. Бұлай деп ойламаймын. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы жөнінде талай мақалалар жазылды, біршама кітаптар жарық көрді, естеліктер айтылды, көркем, деректі фильмдер түсірілді. Жастар алаңға шығып, наразылықтарын білдіріп жатқан кезде мен алаңда болған жоқпын. Кеңседе, күндіз-түні қарбалас жұмыста болдым.
1986 жылдың 17 желтоқсанында кеңсеге кірдім, содан тек 2 қаңтарда үйге аз уақытқа барып қайттым. 17 желтоқсанда «Жастар алаңға бара жатыр» деген қауесет естідім. Ести салысымен 20 минуттай уақыт өткенде алаңда болдым. Бара жатып кей жастардың алаңнан қайтып келе жатқанын байқап қалдым. Сол екі арада бастық мені кеңсеге шақыртып, амал жоқ дереу кері кетуге мәжбүр болдым. Сондықтан да көп нәрсеге куә болдым деп айта алмаймын. Тек бірер күн өте жұмыс бабымен болған оқиға барысындағы істерді тексерумен айналыстым.
Желтоқсан оқиғасы кезінде Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы және Алматы облысы басқармасы бастығының орынбасары қызметінде болдым. Қызмет жауапты әрі ауыр. «Ауыр» дейтін себебім – сол кездегі Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті империялық жүйенің құрығының астында жұмыс істейтін. КСРО-ның ең сенімді, әрі дүниені шайқаған құдіретті құрылымы осы – Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті болатын. Бұл комитет барлық өзге министрліктерден жоғары тұрды, әрі үстем сөйледі, дегені жүріп тұрды. Басқарушы сатыда болды.
1986 жылғы 17-19 желтоқсан күні Алматы көшелері алай-түлей сапырылысқа толды. Жастар қолдарына сананы жігерлендірер патриоттық жазулар жазылған үлкен плакаттар, лозунгтар, Лениннің суреттерін ұстап, ұрандатып көшеге шықты. Республика алаңына жиналып митингі өткізді. Бір дүрлігістің бастауы еді бұл.
Дәл қай күні екені есімде жоқ, қателеспесем 21-23 желтоқсан күндері болар. Жағдай өте шиеленісіп тұрған. Таңертеңгісін – телефон безектеп қоя берді. Телефон шалған Қазақстан мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы генерал-лейтенант В.Мирошник екен. Сөзі зілдей ауыр, сұп-суық.
– Сіз не білесіз? – деп бірден дүрсе қоя берді. Қала және облыс бойынша өтіп жатқан елеулі оқиғалар туралы баяндай бастаған едім, сөзімді кілт үзді.
– Кеше Алматы Медицина институтында үлкен жиналыс өтіпті. Оқытушы профессорлар сөз сөйлепті. Сол мәжілісте Камал Ормантаев деген профессор алаңға шыққан жастарды жақтапты, бәріміз ұйымдасқан түрде алаңға шығуымыз керек депті. Бұл не деген сорақылық
– Ондай қауесетті естімеппін, – деп шынымды айттым.
– Сонда қалай! Мені қауесет жинайтын журналист деп отырсың ба! Шұғыл түрде мәселені қарап тексеріп, нақты ұсыныс түсіріңіз. Ұсынысты жазбаша түрде алып келіңіз! – деп тықсыра сөйлеп телефон тұтқасын ашумен тастап жіберді.
Бір қызметкерімді шақырып алдым. Институтта болған әлгі жағдайдың анық-қанығын біліп келуді тапсырдым.
Қызметкерім түстен кейін болған оқиғаны салақұлаш етіп жазып келіпті. Тура бір роман оқып шыққандай болдым. Осыншама ұзақтан қайырып, қағаз бен қаламды аямай түкпірлеп жазып келеді деп күтпеген едім. Институттың үш оқытушысымен сөйлесіпті. Біреуі – ғылым докторы, екеуі – ғылым кандидаты. Әлгі ғылым жолында жан алып, жан беріп жүрген сабаздарың, неге екенін қайдам, профессор Камал Ормантаевты жерден алып, жерге салыпты. «Нағыз ұлтшыл, жастардың құлағын көтерді, Республиканы қазақ ұлтының өкілі басқаруы керек» деп төгілдіргенде бар ғой кісі жаны түршігіп, «не деген қаскөйлік десеңші!» деп ойлайсың.
Тағы да тексерейін дедім. Бұл істің бетін ақырын уақытша жауып қойдым да, екінші қызметкерді кабинетіме шақырттым.
– Институтқа барып, жағдайды қайта анықтап келіңіз. Әркімнің айтқан сөзін тізіп жаза бермей, Ормантаевтың жиналыста сөйлеген сөзінің хаттамасын алып келіңіз, – деп пәрмен жасадым.
Кешкі сағат тоғыз шамасында жұмсап жіберген екінші қызметкер қайтып оралды. Жағдайды түгел баяндады. Төрт адаммен сөйлесіп, пікірін сұраған. Оның екеуі Камал Ормантаевты көптен бері біледі екен. «Алып бара жатқан дәнеме жоқ. Камал ағамыз жастардың келешегі туралы тебіреніп сөйлегені рас. Бірақ билікке қарсы көтерілейік, көшеге шығайық деген сөзін естігеніміз жоқ», – депті. Олардың пікірінше, профессор өз ісіне мығым, жоғарғы деңгейдегі маман, тәжірибелі ұстаз, халықтың жағдайын жақсы біледі. Ел ішінің жағдайына шынымен жаны ашитын, адамгершілігі мол, өмірлік тәжірибесі жастарға үлгі боларлықтай тұлға.
Бұл аз дегендей әлгі жиналыстың хаттамасын әкеліпті. Түпнұсқасын алдыма қойды. Хаттамаға көз жүгірттім. Тұжырып айтқанда – профессор төмендегіше сөйлепті:
«Медицина институтына түсетін қазақ жастарының біразы ауылдың балалары. Олар орыс тіліне шорқақ. Орыс тілін жетік білмейді. Сол себепті лекцияны (дәрісті) толық түсінбейді. Алғашқы уақытта сабақты терең ұға алмай ақсап жүреді. Біраз студент бірінші семестрдің аяғында өз ойын жеткізіп айта алмай, төмен баға алып, оқудан шығып кетеді. Сондықтан ауылдан келген студенттерді бір жыл қосымша дайындаған жөн. Орыс тілін жақсы меңгерген жастар көкірек көзі ерте ашылады».
Профессордың жиналыстағы сөзінің ұзын-ырғасы осы. Саясатқа қарсы ештемесі жоқ. Елді дүрліктіріп, бүйректен сирақ шығарып, атойлаған дәнемесі көрінбейді.
Сол арада профессордың сөзін, оған қосымша өз атымнан «К.Ормантаев – білікті ұстаз, отанымыздың патриоты, беделді азамат, зиялы қауым өкілі» деген пікірдегі бөлекше құжат жазып, екеуін бір папкіге салып, Төрағаның қолына апарып бердім.
Төраға құжатты мұқият оқып шықты. Оқыған сайын қанын ішіне тартып сұрлана түсті. Зығырданы қайнап, зәрлене ысқырып, басын шайқады. Қолындағы құжаттарға көңілі толмағаны сезіліп тұрды.
– Әй, қазақтар-ай бір-біріңе шық жуытпайсыңдар ғой. Бара беріңіз, – деп салқын қабақпен шығарып салды.
Бұл мәселе жайында Төраға менімен екінші қайталап сөйлескен жоқ. Камал Ормантаевпен Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің кісілері арнайы шақырып сөйлесті ме, әлде жазып берген құжатты қанағат тұтып, мәселені жылы жауып қойды ма ол жағы маған белгісіз. К.Ормантаевпен өзім таныс емеспін. Осы уақытқа дейін ол кісімен ұшырасып сөйлескенім жоқ.
1986 жылғы желтоқсан және 1987 жылғы қаңтар айларында Алматы қаласы және Алматы облыстық басқармасына 1 мыңнан астам сигнал келіп түсті. Осының бәрін қалт жібермей қадалып отырып, тексеріп шықтық. Әрбірінде көрсетілген деректі мұқият тексеріп, ақ-қарасына көз жеткізіп, ақиқатын ашу кезінде бірде-бір кісінің обалына қалған жайымыз жоқ. Менің тарапымнан еш адамның үстінен қылмыстық іс қозғалмады.
Бір жылда осындай 1056 сигналды тексеріппіз. Барлығына да ұлтшылдық жоқ деген қорытынды шығардым. Ұлтшыл болу үшін бір адамға зиян келтіретіндей әрекет жасалуы керек. Соны анықтаймыз, өмірбаянын түгел бастан-аяқ қарап шығамыз. Түсіндіре кетейін, мәселен бір адамды ұлтшыл деп айыптау үшін оның басқа ұлтқа, не сол ұлттың өкілдеріне қарсы істеген қылмысы анықталуы керек. Ең алдымен халыққа зияны бар бүлік шығаратын кісі ме, соны тексеріп қараймын. Бәрін дәлелдеп болған соң шұғыл шара тергеушілері қорытынды жазады. Сол қорытындыларды мен бекітетінмін. Шамам жеткенше тек әділдік жолында жұмыс істедім. Таза жүрдім. Жоғарыдағы тексерістер оны дәлелдеді.
Желтоқсан оқиғасының маңызын, қасіретін, тарихын, бағыт-бағдары мен көксеген мақсатын тарих таразыға салып бағалады. Бұл оқиға Тәуелсіздікке қол жеткізуді аңсаған, еркіндік пен бостандықтың ақ таңын күткен қазақ жастарының кеудесін кернеген кек пен ашу-ызаны, ар-намысты, жаңа дәуірге аяқ басу мен ұлттық рухты арқалап, азаттықтың туын көтеруге жасалған алғашқы қадамы еді.
Тәуелсіздіктің туын желбіретуге себеп болған бұл күн ұлт тарихында ерекше маңызды күн болғаны шындық еді.
– Тәуелсіздік алған жылдарға қайта оралсақ: күштік құрылымдардың қалыптасуына ерекше еңбек еттіңіздер. Тәуелсіздікті жаңа алған, қадамын тәй-тәй басқан мемлекет үшін бұл әрі жауапты, әрі қиын кезең еді. Сол бір тұста қандай жұмыстар атқардыңыздар?
– Тарихта алғаш рет коммунистік жүйе ыдырап, демократиялық Тәуелсіз мемлекет құрылды және осы мемлекеттің арнаулы құқықтық органы – Ұлттық қауіпсіздік комитетіне көп ұзамай Президенттің арнайы Жарлығымен төрағасы болып тағайындалдым.
Кадр мәселесі қиын еді. Көп қызметкерлер бұрынғы тарихи отаны Ресейге кетіп қалды. Өзіміздің мамандар әлі ысылып, қалыпқа түскен жоқ.
Еңсемізді көтеріп, егемендігімізді жариялаған күннен тура үш ай өткенде, яғни 1992 жылғы 16 наурызда Президент Жарлығымен Республикалық Ұлан әскери жасағы құрылды. Ерекше назар аудартарлық жайт – Ұлттық Гвардиямыз жеке ұсыныспен және ТМД елдерінде бірінші болып Қазақстанда құрылды. Бұрын Одақта, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінде ереже болған емес. Гвардияның ережесін жаңадан жазып, заң қабылдаттық.
Гвардиялық құрылымның әліппесі саналатын жалпы ережесін өзім жаздым. Ережені жазу барысында төзімім мен біліміме арқа сүйеюіме тура келді. Осы әліппені жазу барысында бәрі мен ойлағандай болмады. Әр тарауын, тармақшасын, тіпті әр абзацына ерекше назар аудара отырып жаздым.
Ұлттық Гвардия да бізде бұрын болмаған құрылым. Құрылымның ережесін жазып, офицер әріптестермен талқылап, қайта редакциялап, оны кітапша етіп шығардық. Одан кейінгі қолға алған істердің бірі – тіл мәселесі болды. Әйтпесе, іс-қағаздарының бәрі орысша болатын. Оның үстіне, ең басты мәселе – іс-қағаздарын түгелдей дерлік мемлекеттік тілге көшірдік.
Әуекүшінің 98 пайызы жұмыс істемейді. Мына Қарулы Күштердің көбі жаяу әскерлер екі жылға шақырылады. Бір рет те мылтық атпайды екен, керек десеңіз ең сорақысы киімдері де жаңа емес, әйтеуір тамақ ішеді. Екі жыл болады да кетеді. Құдды кезекті демалыста жүрген қызметкерлер секілді. Еш жаттығу, оқу, тоқу деген жоқ. Ұйқы, тамақ, ұйқы тамақ. Бұл не сонда, Қарулы Күштер ме?! Әрине жоқ. Бұл сарбаздар әскер деңгейін көркейтердей еш білім алмайды.
Танктердің барлығы тоқтап тұр. Артиллерия да сондай жағдайда. Әрбір сала 98-99 пайызға дейін жұмыс істемейді. Осыған сүйеніп мен Қазақстанда Қарулы Күштер жоқ деп айтамын. Жалақы мүлде төмен. Қазіргі нарыққа сай емес, – деп өзімді әбден мазалаған мәселелердің барлығын Президенттің алдында жайып салдым.
Қорғаныс саласын реформалау мәселесі күн тәртібінен түспеді. Себебі әскерлер Солтүстік Шығыста ғана орналасқан. Ал басқа өңірлер бос. Сондықтан да басқа өңірлерді әскер құрамымен толықтырып, төрт округ құрдық. Оңтүстік округінің орталығы – Жамбыл облысында, Батыс округ – Ақтөбеде. Семейде бұрынғы корпус болатын. Шығыс округі Семейде орналасты. Орталық округ Қарағандыдан орын тепті.
Міне, осындай істер атқардық.
– Қазір алғашқыдай емес, күштік құрылымдар қалыптасып, орнықты деуге болады. Дегенмен 30 жылдан астам уақыт ішінде біз мықты Армия қалыптастыра алдық па?
– Әрине, әрдайым жетілдіріп отырғаннан кейін мықты Армия қалыптасады ғой. Мен зейнетке шыққалы жиырма жыл уақыт болды. Армияның ішкі құпиясын білмеймін, араласпаймын. Ал сырт қарағанда ТМД көлемінде Отанын қорғай алатын Армиямыз бар деп санаймын.
– Соңғы жылдары әскерде әлімжеттік, буллинг, суицид мәселесі жиілеп кетті. Осы біз әскерімізді әлсіретіп алған жоқпыз ба?
– Олай деп ойламаймын.Дегенмен олқылықтар да аз емес екені рас. Президент те әскердегі кемшіліктерді біледі. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақындағы Жолдауында «Әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы – айрықша маңызды міндет. Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы Күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты» деп нақты тапсырма берді Қорғаныс министріне. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы қатаң орындалуға тиіс!
Әңгімелескен
Гүлзина БЕКТАС,
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ
ҚЫСҚА ДА НҰСҚА:
– Сізді қуантатын нәрсе не?
– Отанымның тыныштығы, ел бірлігі. Әлем алдындағы абыройы.
– Өткеніңізге өкінетін кездер бола ма?
– Мен өмірімді ел қатарлы өткіздім. Үлкен өкінішім болған емес.
– Саладағы қатаң тәртіпті отбасында қолданданған дұрыс па?
– Жоқ, әрине.
– Сіз үшін сөздің серті неде?
– Уәдеде тұру. Екі сөйлемеу.
– Ең маңызды құндылық қандай?
– Отанды сүю. Мемлекетшілдік.
– Әскери адамның бойында болуы керек қасиет?
– Әділеттілік.