Бұл тұрғыда Сыр өңірінде заманауи үлгідегі жаңа стадионның қажеттілігі көп жылдан бері сезіліп келеді. Бұған салынғанына 60 жылға жуықтаған орталық стадионның заманауи талапқа сай келмеуі басты себеп болып тұр. Соған орай Ел Президенті және Үкіметтің ерекше қолдауымен аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен былтыр Қызылорда қаласының сол жағалауында сәулетті жаңа стадионның құрылысы қарқын алған болатын.
Сыр спортына серпін беретін қаланың сол жағалауынан бой түзеген бірегей жоба өңір халқын зор қуанышқа бөледі. Келешекте түрлі деңгейдегі дүбірлі додаларды өткізуге негізделген «Қызылорда-Арена» стадионы жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылып отыр.
Қызылорда облыстық Денешынықтыру, спорт және туризм басқармасының мәліметіне сәйкес, аталмыш кещеннің жалпы құны 20,9 млрд теңгені құрайды. Жаңа стадион 11 мың орынға негізделген. Құрылыстың бас мердігері «ВД Строй Инжиниринг» ЖШС болып бекітілген. Стадионның жалпы ауданы 19 942,9 шаршы метрді құрайды.
Басқарманың мәлімдеуінше, бірегей нысанда жасыл алаңнан бөлек, бірқатар спорт түлеріне арналған залдар жұмыс істейді. Атап айтқанда, олимпиадалық спорт түрлеріне арналған бокс залы, дзюдо, грек-рим, еркін күрес секілді күрестің үш түріне арналған залы болады. Сондай-ақ фитнес, спорттық гимнастика, таеквондо және ауыр атлетика залдарымен қамтылады. Аталған спорттық залдар жыл он екі ай көлемінде спортсүйер қауым үшін сапалы қызмет етеді деп жоспарланған.
Бұл стадион халықаралық стандарттарына сай салынып жатқандықтан, әлемдік додаларды жоғары деңгейде өткізуге мол мүмкіндік береді.
Жаңа стадионның тағы бір ерекшелігі – УЕФА Классификациясы бойынша ІІІ санатты. Яғни, УЕФА аясында түрлі матчтарды, жолдастық кездесулерді өткізуге мүмкіндік артады. Аталмыш кешенді халықаралық деңгейдегі «Фелипс» компаниясының өнімдері арқылы жарықтандыру көзделген. Бұл – түрлі деңгейдегі мәдени-спорттық іс-шараларды және футбол матчтарын жоғары деңгейде өткізуге еш кедергі болмайды деген сөз. Бұдан бөлек, жанкүйерлерге арналған «Қайсар» футбол клубының жабдықтарын сататын арнайы дүкен және дәмхана жұмысын жолға қою жоспарланып отыр.
Стадиондағы жасыл алаңның жайы да ерекше маңызға ие. Яғни, жасыл төсеніш облыстың климаттық ерекшелігіне сай болуы назарға алынған. Соған орай жасыл алаң озық технологиялардың көмегімен төселетін болады. Бұл тұрғыда жасыл алаңға керекті шикізат көлемі дамыған озық мемлекеттерден жеткізілген. Осы ретте ойыншыларға қолайсыздық тудырмау мақсатында футбол алаңының астыңғы қабатына жылыту желілері де жүргізілген. Атап айтқанда, жасанды көгалдың астына 2 см болатын shockpad амортизациялық төсем қапталады. Осы орайда ерекше атап өтетін жайт, әзірше бұл технология Astana Arena және Қызылордадағы жаңа стадионда ғана енгізілген. Осылайша, заманауи үлгіде жабдықталған 11 мың орындық жаңа стадион халықаралық жарыстарды өткізуге толық мүмкіндік береді деп күтілуде. Аталған нысанды алдағы қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Жалпы, соңғы жылдары Сыр спортында серпін бар. Сәт сайын өңірдің спорт саласында орын алып жатқан игі бастамалар мен жағымды жаңалықтар соның айқын дәлелі. Келешекте де қаланың сол жағалауынан бой түзеген жаңа стадион талай сайыпқырандардың жарқын жеңісіне жол ашатынына көпшілік сеніммен қарайды.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы